Аралбай батыр (І нұсқа)
Бірде Үмбет, Мәмбет, Тілеке үшеуі аттарына мініп, сәукеле сынды қалпақ киіп келе жатады. Үшеуінің де сақалдары белуарларына түскен. Үшеуі де сексенге жақындап қалған екен. Сонда бұларға бұлақтан су алып келе жатқан үш қыз жолығады.
Қыздардың біреуі шалдарға естіртіп: «Осы шалдардың да қыздарда үміті бар ма екен?» — дейді. Мұны шалдар естиді. Сондықтан да аттарының басын бұрып, қыздарға тиісе сөйлейді. Жаңағы сөзді айтқан қыздың қолтығына ақ жамау салып қойған екен. Соны көрген Үмбет:
— Қыздарым, ақ шап, қызыл құнажын жоғалтып едік, соны іздеп келеміз, көздеріңізге түспеді ме? — дейді. Сонда әлгі қыз тоқталмастан:
— Ата, жаңа ғана ақ шап, қызыл құнажынды бір кәрі бұқа қуғаннан қуып мына сайға түсіп кетті, — депті. Сөзден тосылған шал қай ауылдың және кімнің қызын екендерін сұрап алып, шалдар сол айтқан үйге түседі. Келе жатқанда:
— Мына қызды маған алып беріңдер! — деп бұйыра сөйлейді. Батырларды ауыл ерекше күтіп, етке тойғызып, қымызға бөктіріп, қайтарларында бұйымтай сұрайды. Бұл кезде қыздар жеңгелеріне шалдармен сөз қағысқанын айтып қояды.
Бұйымтай сұраған адамға Тілеке батыр (кенжесі):
— Сіздерге құда түсе келдік, — деп сөзді төбеден ұрғандай айтып салады. Мұны естіген ауыл адамдарын күбір-күбір, сыбыр-сыбырға басып, бағана сөз қағысқан қыздан мән-жайды аңғарып, құда түсер күйеудің осы үш шалдың біреуі екенін аңғарады. Ауыл адамдар ойласа келіп:
— Құда болуға ниет еткендеріңіз жақсы екен. Күйеу бала қай құралпылас? — дейді.
Тілеке:
— Күйеу бала біздің ініміз болады, — деп ағасының күйеу екенін жасыра қояды. Бірақ ауыл адамдары үш шалдың бірі екенін қыздардан біліп алған. Олардың алдына орындай алмас шарт қояды. Егер орындай алмаса, өзінен-өзі қалады, ал орындап кетсе, амал жоқ құда болады. Сол бойынша әлгі кісі шартын қояды.
— Егер нағыз құда боламыз десеңіздер, қалың малға тоқсан тоғыз торы ала, айғырымен жүз жылқы әкеліңіздер. Ол жылқының ішінде қара ала, сары ала, жирен ала деген болмайды, тек торы ала бие болсын. Және мұны тауып келу уақыты да қысқа, бір аптаның іші ғана. Бұдан кешіксеңіздер малдарыңызды қабылдамаймыз, — дейді.
Тосын сұрақтан сасып қалып, Тілеке Үмбетке қарайды. Ол «қайтпа, болады» деген ишарат білдіреді. Тілеке:
— Құп, болады, — дейді. Ауыл адамдары сөздерінен қайтпастан:
— Шарт орындалса, қыз сіздердікі, құда болғанымыз болған, — деп шынайы пейіл білдіреді. Осы уәде бойынша батырлар аттанып кетеді. Былай шыға бере олар дай-дай болып айтысады. «Мұншама торы ала жылқыны қайдан табамыз?» деседі. Сонда Үмбет байсалды бейнемен:
— Саспаңдар, бауырларым, осы барған соң жігіттерді сайлап, менің сайыма барыңдар, сүттің кілегейін қалқып алғандай тоқсан тоғыз биені айғырымен таңдап алыңдар да, сонан кейін құданың аулына алып барыңдар, — дейді.
Ырым-жырымын жасап, бұлар барғаннан кейін амалсыз қызын береді, сол жерден некесі қиылады. Шарт бойынша той жасалып, қызды алып қайтады. Сол кезде Үмбет жетпіс жеті жаста екен.
Арада біраз уақыт өтіп, Үмбеттің жас тоқалының аяғы ауырлап, ақыры ұл табады. Бұл кезде Тілеке батыр жаугершіліктен оралады. Жеңгелері алдынан шығып:
— Батыр қайным-ау, жеңгең босанды, ұл туды, сүйіншісін бер, — дейді. Сонда батыр:
— Тұра тұрыңдар, мен баланы көрейін, ойымдағы шықса, алып келе жатқан олжамды түгел сендерге үлестіріп беремін, егер ойымдағы болмаса, жеңгемді де, баланы да өлтіремін, — деп қатулана түсіпті. Жеңгелерінің ес-түсі шықты. «Сүйіншіні неге сұрадық, сүйіншісі құрсын, батырдың ойынан шықпаса, абысын мен нәрестенің қанын мойнымызға жүктейтін болдық- ау!» — деп күйзеледі. Бұл туралы ауылда өсек те жоқ емес-ті.
Батыр үйге кірісімен бесікте жатқан баланың құлағын ұстап көрді. Баланың құлағынан күн көрінетіңдей, өте жұқа екен. Жүзінде күлкі ойнаған батыр:
— Жарайсың, жеңгем, тұманым сейілді. Міне, шалдың баласы осындай болуы керек. Ал, жеңгелерім, айтқан уәдем бойынша осы алып келген олжамды бөлісіп алыңдар! — депті.
Үмбеттің бес баласы бар еді. Ең үлкені — Алыбай, Құлтай, Жанбай, Көлбай. Тоқалдан туған баланың атын Көлбайға ұқсастырып Аралбай қояды. Міне, сол Аралбайымыз өсе келе батыр Аралбай, елші Аралбай болады.
Оқуға кеңес береміз: