Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Арманы - ұлттың тәуелсіздігі еді

Атырау облысы, Мақат ауданы, Доссор поселкесі
Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі
Үрпеков Серго Оңғарбайұлы
«Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» мамандығының ІІІ курс студенті
Ғылыми жетекшісі: Байтубетова Карылгаш Каримжановна
Тарих пәні оқытушысы

Қазір біз Отанымыздың тарихын  жалтақсыз зерттеп, тіліміздің, діліміздің, рухани мұраларымыздың тамырын терең тануға кірістік. Осы тұрғыдан алғанда, халқымыздың ғылымын өркендетуге, білімі мен әдебиетін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, аласапыран жылдарда қазақ елінің болашағын ойлаған, алыптардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы ойып орын алады.

Сейчас мы приступили к глубокому исследованию истории, языка, духовной культуры Родины. Среди выдающихся личностей, думающем о будущем казахского народа, большой неоценимый вклад в развитие науки, литературы и знания, оказал Ахмет Байтурсынулы.

Зерттеудің мақсаты:  

Халқының азаттық алып, еркін ел болуын аңсаған Ахмет Байтұрсынұлының сол мақсат жолында жасаған қызметін, адамгершілік, ұлтжандылық  қасиеттерін тереңірек зерттеу, ұрпақ жадында мәңгі өшпестей етіп есте қалдыру.

Тәуелсіздік-қасиетті де қадірлі сөз! Осы қасиетті сөз бізге оңай келмегенін жақсы түйсінеміз. Тәуелсіздік үшін ата-бабаларымыз қолына қару алып та, қалам алып та болашақ ұрпағына аманаттап қалдыру үшін күрес жүргізгенін де білеміз.

Жалпы, тарихтың ойлы-қырлы беттерінде халық жүрегінде сақталып, жадында жатталып қалатын есімдер болады. Ал менің осы жұмысты жазуыма және рухани сана-сезімімнің қалыптасуына айрықша әсер еткен тұлға-Ахмет Байтұрсынұлы. Мен осы Ахмет Байтұрсынұлын пір тұтамын. «Қайтсем халқыма пайдамды тигіземін, қалай ғана ұйқысынан оятамын, қайтсем қара халықтың көзін ашамын» - деген мақсатты ойларын үнемі жадымда сақтаймын. Абай атамыз «Болмасаң да, ұқсап бақ»-дегендей, мен де туған халқының рухани дүниесін көтеруге көп күш жұмсаған қоғам қайраткері-Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерімен, шығармаларымен қаруланып, жігерленіп, оның ізін жалғастырып, қазақ халқының дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыру үшін және руханиятын кеңейту мақсатында осы тақырыпты таңдап алдым. Ол бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған, қазақ халқының саяси, әлеуметтік, мәдени, рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.

Осы еңбегімде Ахмет Байтұрсынұлының Қазақ елінің тарихындағы мәдениетін, өркениетін дамытуға қосқан үлесін ашып көрсетуге, қазақ халқы, ұлты үшін еткен еңбектеріне шолу жасауға тырыстым. Ахмет Байтұрсынұлы туралы өздерінің еңбектерінде К.Нұрпейісов, М.Қозыбаев, К.Көшербаев, Ө.Айтбайұлы, Т.Омарбеков. Ә.Нысанбаев т.б жазады. Осы жұмысты жазу барысында Ахмет Байтұрсыновтың өзінің еңбектерін негізге ала отырып, «Ақжол», «Тіл тағылымы» т.б. еңбектері мен шығармаларын пайдаландым.

Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ халкының XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, ақын, аудармашы, педагог-ағартушы, публицист, қоғам  қайраткері, лингвист, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі.

ХХ ғасыр табалдырығын қазақ халқы жерінен айырылып, шаруашылығы күйзеліп, білім нәріне қанбай, санасын ұйқы  басып, елдігінен айырылып, мемлекеттік қалпын жоғалтып, дауыл алдындағы тымырсықтай түнеріп аттады. Сол тұстағы қазақ қоғамында өткенді аңдап, алдын болжаған озық ойлы азаматтарды, жалпы «халқым, ұлтым» деген адамды ойландырған басты ой арнасы үш мәселеден бастау алады. Жер-ата-қоныс ғасырлар бойы сыртқы даудан қорғауда сан ұрпақтың қаны тамған, бүкіл тіршіліктің тірегі, одан айырылу ел ретіндегі тарихтың сахынасынан кетумен тең еді. Оқу – ұлттық сананың ояну негізі болса, одан ана тілі нәр алмау халық ретіндегі сан ғасырлық салт-сананың жиынтық болмысынан айырылу, сөйтіп, ұлттық алтын тамырдан қол үзіп, оянудың жолын қараңғы түнекке апарып тіреу еді. Ал патшалық отаршылдық саясаттың қыспағынан бірліктен айырылған, өзін-өзі билеуден қалған ел ұлы дамудың өркениетті жолына ығысып, құлдықтың құрдымына қарай жол тартқан болатын. Міне, осынау жойылудың осынау құрбандықтың үш үлкен мәселесі қазақ азаматтарын бірігуге, күш біріктіруге, сөйтіп, саяси күрес жолына шығуға жұмылдырды.

Дана өз заманасынан озық туады, тозық елді озық етемін деп халқының алдына шығып, өрге сүйрейді, жолында тұрған кесапаттарды өңменінен түйрейді. Ол отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы халықты ояту үшін халықты оқыту керек екенін түсінді. Осы жолда газет шығарып, мақала жазып, ұйқыдағы ұлтын оятып, замана аңғарын түсіндірді, өлең жазып, мақсат-мүддесін танытты.

1911 жылы Орынборда жарық көрген «Маса» - Ахмет Байтұрсынұлының төл өлеңдерінің топтамасы...Халық тағдырына жаны күйіп, оны ұйқысынан оятуға, серпілтіп, жігерлендіріп, алға жетелеуге күш салған азаматтың үні естіледі.

Ол күрескен кесапаттар – надандық, қараңғылық, кертартпалық, отаршылдық, қазақ халқының тілі, діні, ділі. Осы надан, қараңғы, ұйқыда жатқан халықты маса болып ызыңдап шағып оятуға бар күш-жігерін жұмсайды.

«Ата-бабаларымыз аңсаған азаттық пен тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе – соны ертеңге жеткізу, келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақстанның осы тәуелсіздігін аманаттау» деп Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев айтқандай, қазіргі біздің осындай бейбітшілікте өмір сүріп, өзіміздің тілімізде сөйлеп, дінімізді ұстануымыз, басқа елге тәуелді болмай, еркін өмір сүруіміз, «ұлтым-арым, халқым-жаным» деп өткен осындай арыстарымыздың арқасында. Сондықтан әрқашан да ұлы тұлғаларымыздың аруағына тағзым етуіміз керек.

Қазақ интеллигенциясының  Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов т.б. дара тұлғаларының саяси өмір сахнасына шығуы Қазақстанда қоғамдық-саяси, мәдени ойдың дамып, нығаюына елеулі үлес қосты. Олар қазақ даласында тұңғыш дербес саяси партия «Алаш» партиясын құрды. Бұл партия халықтың алдыңғы қатарлы бөлігінің  көзқарасын білдірді. Негізінен ағартушылық, саяси оқиғаларды және олардың халық өміріне әсерін түсіндіру жұмыстарына баса көңіл бөлді.

     “Алаш” туының астында

     Куә болсын Арымыз!

     Көркейтуге Алашты

     Құрбандық біздің жанымыз!

Жасасын, Алаш, жасасын! – деп С.Торайғыров өткен ғасырдың басында “Алаш” қозғалысы жайлы тебірене жырлап, тек жеке басының пікірін ғана емес, сол кездегі қазақ қоғамының көңіл-күйін білдірді. Тарих бетін парақтасақ, ұлт  тағдырын, халық қамын жете ойлаған Алаш арыстары қызыл империяға қарсы қаймықпай күресіп, тәуелсіздік үшін жандарын құрбан еткен болатын. А. Байтұрсынұлы осы «Алаш» партиясы басшыларының әрі көсемінің бірі болды, Қазақ АКСР-ін құруға елеулі үлес қосты. Қазақ АКСР-і қүрылған соң үкімет құрамына кіріп, оқу-ағарту халық комиссары болып жұмыс істеді.

А.Байтұрсынұлы тілтану мен әдебиет зерттеу жөнінде бірқатар еңбектер жазды. Қазақ жазуына реформа жүргізудің қағидаларын белгілеп, бірінші қазақ әліппесінің авторы атанды. Қазақ жазуына реформа жасаудың ол ұсынған жобасы прогресшіл зиялылардың арасында қолдау тауып, 1924 жылы ресми түрде қабылданды. 1929 жылы ешбір негізсіз тұтқындалып, түрмеде отырды, соңынан Архангельскіге жер аударылды. 1934 жылы М. Горький мен оның әйелі

Е. П. Пешковалардың араласуымен, Халықаралық Қызыл Крест ұйымының көмегімен босатылды. Алаш қозғалысының көсемі ретінде "халық жауы" деп атылған А.Байтұрсынұлының есімі де, шығармалары да көпке дейін жұртшылық үшін жабық болды. Тек тәуелсіз Қазақстан жағдайында ғана ақынның шығармалары жарық көрді, мұралары зерттеле бастады. 1937 жылы тұткындалып, ату жазасына бұйырылды. 1988 жылы ақталды.

Қостанайда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Мемлекеттік университеттің бастамасы бойынша (сол кездегі ректоры марқұм Зұлқайнар Алдамжаров) Ахаң күндері өтті. Қостанайдың ең мәртебелі көшелерінің біріндегі «Советская» деген сөз алынып тасталып, «Ахмет Байтұрсынұлы көшесі» деген сөз салтанатты түрде шегеленді. Бұрынғы облыстық атқару комитеті ғимараты алдындағы алаңда тұрған бір ғасырдай сананы билеп, өзіне жарты әлемді бас идіріп келген Лениннің мүсіні тұғырынан алынып, орнына Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш орнатылатындығы жазылған белгі тас қойылды (кейін ескерткіші орнатылды).

Осындай ел игілігі үшін күрескен ірі тұлғаны тарих та, халқы да ешқашан ұмытпайды.

Түйін: «Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біз осы мемлекетті көздің қарашығындай сақтауымыз керек» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтып кеткендей, Ахмет Байтұрсынұлы абақтыға жабылып, атылғанымен, оның артына қалдырған асыл сөздері мен арман арқалаған ойлары ел жадында, халық жүрегінде мәңгі сақталады. Кейінгі ұрпақ оның істерін жалғастыруда, оның армандаған тілектері жүзеге асырылуда. Себебі, ұлы даланың біз сияқты перзенттері Қазақ елін қазірде өркениетті елдер қатарына қосып, мәдениетінің жоғары дәрежеде дамуына өз үлестерін қосуда.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама