Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 58 минут бұрын)
Астана-Шымкент рейсінде жолаушының алтыны ұрланды деген күдік бар

Астанадан Шымкентке ұшқан FlyArystan әуекомпаниясының жолаушысы ұшақтан түскеннен кейін сөмкесінің жоғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, сөмкеде құжаттары мен алтын бұйымдары болған.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 7 мамырда болған рейсте орын алды. Жолаушының айтуынша, ұшаққа отырған кезде қол жүгін қоятын орын болмаған. Сол себепті бортсерік оның сөмкелерін жолаушы отырған орыннан (4C) артқа, 5B орындығының жанына қойған.

Қонудан кейін жолаушы сөмкесінің тұрған жеріндегі пакеттің жыртылғанын байқаған. Кейін үйіне жеткенде, ішінде құжаттары мен алтын әшекейлері бар кішкентай қызғылт сөмкесінің жоғалғанын анықтаған.

Жолаушының талабы

Жолаушы оқиға бойынша тексеру жүргізуді, 5A және 5C орындарында отырған жолаушыларды анықтауды және ұшақтағы, әуежайдағы, отырғызу және ұшып-қону аймақтарындағы бейнекамера жазбаларын тексеруді сұрады.

Полицияның жауабы

FlyArystan баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, жауап ала алмадық. Алайда, Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі арыз бойынша тергеу басталғанын хабарлады.

«Астана әуежайындағы Көліктегі полиция басқармасы ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жария етілмейді», - деп хабарлады ведомство.

Оқиғаның басқа да мән-жайлары әзірге ресми түрде нақтыланбады.

Жаңалықтар

Жарнама