Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 55 минут бұрын)
Астана тұрғыны жаңа Конституцияны сынап, 15 тәулікке қамалды

Астанада жаңа Конституцияға қатысты пікірін білдірген кәсіпкер Кантемир Алмышевті полиция 15 тәулікке қамауға алды. Бұл туралы Ulysmedia.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кеше, ақпанның 20-сы күні кешке Алмышевті жұмыс істеп отырған барбершопынан полиция бөлімшесіне алып кеткені белгілі болды. Ол әйеліне полицияға бара жатқанын ғана үлгере хабарлап үлгерген. Оған дейін ол полицияның үйіне келгенін бейнежазба арқылы жариялаған еді.

15 тәулікке қамауға алынды

Бүгін оның 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынғаны туралы ақпарат шықты. Otkir Kurek-тің мәліметінше, оған «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік жаза қолданылған. Алайда, нақты қандай себеппен жазаланғаны айтылмады.

Бұған дейін оның әйелі күйеуінің ұсталғанына әзілкеш Нұрлан Сабуровты қорлаған деген күдік себеп болуы мүмкін деген болжам жасаған.

Конституцияға қатысты сын

Бұған дейін Кантемир Алмышев Threads әлеуметтік желісінде жаңа Конституцияға енгізілген түзетулерді сынаған бірқатар жазба жариялаған болатын.

Астана полициясы әзірге бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ulysmedia.kz тілшісі Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен пікір сұрады.

Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдум наурыздың 15-іне белгіленген.

Жаңалықтар

Жарнама