- 27 нау. 2017 00:00
- 248
Астанада балабақшаға жолдама беру басталады
2017 жылдың 10 сәуірінен Астана қаласында мемлекеттік балабақшаларға жолдамалар www.astana.kz порталы арқылы электрондық түрде берілетін болады.
Астана қалалық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл бағытта қызметті алушыларға 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін келесі әрекеттерді орындау керек:
1) электрондық-сандық қолтаңбаны алу (ол үшін ХҚО «Азаматтарға арналған үкімет» КАҚ жүгіну қажет);
2) өтінім берушінің электрондық-сандық қолтаңбасы (жеке кабинетке кіру) арқылы www.astana.kz жүйесінде тіркелу;
3) өтінім берушінің жеке кабинетінде байланыс мәліметтерін көрсету немесе өзгерту (электрондық пошта, ұялы телефон нөмірі) қажет. Байланыс мәліметтері сіздің кезегіңіз келгені жайлы хабардар ету (хабарлама, ескерту хат) үшін керек.
Жолдамалар кезекке сәйкес қолданыстағы балабақшалардағы бос орындарға беріледі.
Егер өтініш берушілердің балалары 2015 жылы дүниеге келсе, олар үшін 10 сәуірден, тиісінше 2014 12 сәуірден, 2013 18 сәуірден, 2012 21 сәуірден, 2011 25 сәуірден бастап мемлекеттік балабақшаға жолдаманы алуға мүмкіндік бар. Әрбір туған жыл үшін мемлекеттік балабақшаларға жолдамалардың берілуін күту мерзімі пайдаланушыларға ескертпе жолданған сәттен бастап 15 жұмыс күнін құрайды. Жолдама берілген күннен бастап 5 күн ішінде мектепке дейінгі ұйымға ұсынылуы тиіс.
2015 жылы туған балалар үшін 1240 бос орын, 2014 жылы туғандар үшін 2233 бос орын, 2013 жылы туғандар үшін 1340 бос орын, 2012 жылы туғандар үшін 1111 бос орын, 2011 жылы туғандар үшін 386 бос орын бар. Жалпы Астана қаласы бойынша 6310 бос орын бөлінеді.
Егер бала үш жасқа толып, мектепке дейінгі мекемеге кезегіңіз келмесе, онда мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшадан; төрт жастан бастап шағын орталықтардан орын алуыңызға болады (мекенжайлары, телефондары және алу тәртібі инфографикаларда көрсетілген). Бос орындар туралы барлық ақпарат e.astana.kz жүйесінде орналастырылған. 2017 жылғы 27 наурыздан бастап 7 сәуірге дейін Қарталы көшесіндегі №61 мектепте жеңілдікке ие азаматтар арасында балабақшаларға бос орындар бөлінеді. Бұл санатқа ҚР БҒМ 25.02.2016ж. №58 бұйрығына сәйкес келесі тұрғындар кіреді: заңды өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандар саналатын балалар; ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар; жетім балалар; көп балалы отбасылардан шыққан балалар; әскери қызметшілердің балалары; арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, оның iшiнде қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлердің балалары», - делінген ақпаратта.