Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 41 минут бұрын)
Астанада «Үш бәйтеректің» басына шыққан қыздар желіде сынға ілікті

Астанадағы журналистер аллеясында орналасқан қазақ әдебиетінің үш алып тұлғасы – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтің мүсіндеріне жас қыздардың бірінің «мінгені» желіде қызу талқыға түсті.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға куәсі болған журналист Дүйсенәлі Әлімақынның айтуынша, жас қыздардың бірі Бейімбет Майлиннің мүсінінің мойнына шығып, аяқтарын салақтатқан.

Әдепсіздік пен надандық

Журналист жастардың бұл әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бөліскен. Ол өз жазбасында: «Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім. Кенеттен мынадай келеңсіз іске куәгер болдым. Ашу қысып қасына жетіп барып «бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме?» десем, көздері адырайып, «что, что» деуден ары аспады. Еш ұялу, кешірім сұрау жоқ. Бұл басыну ма әлде надандық па?» деп жазды.

Бейнежазба желіде тарағаннан кейін көпшілік қыздардың әрекетін қатты сынға алып, оларға тиісті шара қолдануды талап етті. Желі қолданушылары мұны қазақ халқының мәдениеті мен тарихына көрсетілген құрметсіздік деп бағалады.

Құқық қорғау органдарына жүгіну

Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты пікір білдіруге уәде берді. Оқиғаның мән-жайы анықталып, кінәлілер жауапқа тартылуы мүмкін.

Бұл оқиға қоғамда мәдени құндылықтарды дәріптеу мен жастар арасында рухани тәрбие мәселесін қайта көтерді.

Жаңалықтар

Жарнама