Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ата салтым – асыл қазынам

Ата салтым – асыл қазынам
Бектұрқызы Айғаным, 264 мектеп-лицейінің  2 сынып оқушысы
Омиралиева Айгуль Данкибековна
264 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі. Қызылорда қаласы. Қазақстан Республикасы

Кіріспе

Зерттеу жұмысының өзектілігі: Қазақ - көне дәуірден бастау алатын күрделі де бай тарихы, сан қырлы мәдениеті, өзіндік игі ғұрып-дәстүрі бар, пейілі өзінің байтақ даласындай кең де қонақжай халық. 
Қазақ «қазақ» деген атын осы кезге дейін қазақи салт-дәстүрлерімен, ырымдарымен, той-мереке, әдеп-ғұрыптарымен талай елді таң қалдырып келеді. Тәуелсіз елімізде ата-бабамыздың қалдырған асыл мұрасын қадірлеп, жоғалғанды жаңғыртып, қайта жаңартатын ендігі болашақ ұрпақ-біздің қолымызда.


Жұмыстың мақсаты:
Қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері, ырымдары өте көп. Ата-бабаларымыздан сақталып қалған салт-дәстүрдің бірі – «Ерулік». Осы дәстүрдің тарихын, мән-мағынасын терең зерттеп, оның халқымызың салт-санасында алатын орнын айқындау, ұрпаққа паш ету.


Жұмыстың міндеттері:

1. Қазақтың салт–дәстүрлерінің бірі - «Ерулік»тарихына зер салу.
2. «Еру», «Көрші», «Айрылысар көже» салттарын ажырата білу.
3. Еруліктің отбасы тәрбиесіндегі маңызына тоқталу

Негізгі бөлім

2. 1 Қазақы салтың – ата-дәстүрің

Қазақ – көне дәуірден бастау алатын күрделі де бай тарихы, сан қырлы мәдениеті, өзіндік игі ғұрып-дәстүрі бар, этнографиялық ахуалы әр қилы, пейілі өзінің байтақ даласындай кең де қонақжай халық. Халқымыздың бітім-болмысын зерттеген этнограф ғалымдардың атап өткеніндей, қазақ – жайшылықта тәубешіл, жаугершілікте тәуекелшіл, зерделі де ойшыл, сабырлы да төзімді, шыдамды да жомарт, елгезек те еліктегіш, кеңпейіл де кішіпейіл, ерегескенмен ерегесетін, доспен дос бола алатын, әділдікті бағалай білетін халық. Қаз дауысты Қазыбек бидің сөзімен айтқанда:
«Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм-тұзды ақтай білген елміз» – деген.
Ата дәстүрін ардақтау – қазақтың халық педагогикасының ұлттық ұжданы.
«Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, халық атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келесі ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелейді. Ата дәстүрі бойынша ең әуелі әкені, содан соң атаны, ата-бабаны құрметтеп, солардың алдында ұрпақтық қарыздарды өтеу – кейінгі ұрпақтың міндеті. Ол ұрпақтық борыштар: ананың ақ сүтін, еңбегін өтеу, ата дәстүрлерін құрметтеп, одан әрі ол дәстүрлерді жалғастыру, адамгершілік қағидаларды қалтқысыз орындау болып табылады. Тәуелсіз мемлекетімізде ата-бабамыздан қалған қазынаның бірі салт-дәстүрлерді ұмыту мүмкін емес. Ендеше осы елдің ертеңі жасөспірімдерге салт-дәстүрімізді насихаттай отырып, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан тәрбие көзін мақсат ету. Әр жұмысты ұлттық негізде құра отырып, халқымыздың тамаша салт-дәстүрінің бірі – «Ерулік» жөнінде кейінгі ұрпақ жан-жақты білуі тиіс деп ойлаймын.


Қазақстан – ұлан-байтақ территориясы бар әлемдегі ең үлкен тоғыз мемлекеттің бірі. Жоңғар шапқыншылығынан бұрын қазақтар ең көп санды түркі халқы болған секілді. «Қазақ көп пе, масақ көп пе» деген түрікмен мәтелі осыны меңзейді. Халықтың өз ата қонысында азшылыққа айналуы – қазақтар секілді өз тарихында әлденеше рет жойқын қасіретке ұшырап, тағдырдан көп теперіш көрген елде ғана болатын жәйт. Кең-байтақ атамекеннің әрбір қарыс сүйемін сан ғасыр бойы ата-бабамыз сыртқы жаудан сом білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қан төгісіп, жан берісіп қорғап, ұлтжандылық, отансүйгіштік рухын бойға сіңіруді келер ұрпаққа аманаттаған. Алайда тіршілік тезінен өткен, жастарды ұлттық үрдіске тәрбиелеуде маңызы бар көптеген дәстүрімізден де жазып қалғанымыз белгілі. Өмірдегі бар сүреңсіздік, адам бойына көлеңке түсіретін бүкіл жаманшылық атаулы ата салтына, елдік дәстүріне солқылдақтықтан екені белгілі болып отыр. Ұлттық тәрбиеден қағажу қалып бара жатқан жастардың отаншылдық сезіміне де кесірі тиетінін өмір дәлелдеп береді. «Ата салтың – халықтық қалпың» дегендей, өз жұртының қадір-қасиетінен мәлімет беретін ғұрып қасиетпен, оған мейлінше құрметпен қарау – ұлтымызға, елдігімізге сын. Тындар құлаққа, көрер көзге, сезінер жүрекке танымал, басқа елдерде жоқ дәстүр өрнектері, ортақ мұралары, тұрмыс-тіршілігіндегі керемет салт-ғұрпы мақтаныш сезімін тудырып, жұртшылықты жалпы отаншылық пен елжандылыққа тәрбиелеуде маңызды міндет атқармақ. Қазақ халқының рухани тіршілігінде, қарттарды құрметтеу, үлкендерді сыйлау, балаларға жанашырлық, жастарға қамқорлық ету, ата-ананы ардақтау, әйелдерді аялау ізгі дәстүрге айналған. «Қасқа қатал, досқа адал болу» – қазақ халқының негізгі мінез-құлқы. Қазақ халқы тарихтан бері өте меймандос халық болған. Сондықтан меймандостықтан әдет-ғұрпын айта келсек.

2. 2 Ерулік – көшпелі қазақ халқының салты

Қазақ этнопедагогикасының үлкен бір саласы қазақ халқының салт-дәстүрі болып табылады. Халықтың игі әдеттері дағдылана келе әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлерге халықтың өмірінде қалыптасқан салт-дәстүрлер салт-сана болып қалған. Халықтың салт-дәстүрлері, рәсімдер мен жөн-жоралғылар, ырымдар мен тыйымдар, түрлі сенімдер өмірде қолданыс тауып келеді. Оның бәрі дамып, толысып, жаңарып отырады. Қазақ халқының салт-дәстүрлері осы ұлттың мінез-құлқын, қасиеттерін көрсетеді. Кейбір салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар сол халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезі, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып келеді. Қазақ «Ат тұяғын тай басар» деп кейінгі ұрпақтың ата салтын бұзбауын, ұмытпауын талап етеді.


Салт – кәсіпке, сенімге, тіршілікке байланысты әдет-ғұрып, дәстүр. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады. Уақыт өткен сайын салтқа өзгеріс еніп, өзгеріп, қоғамға байланысты бейімделіп келеді. Жаңа қоғамдық қатынасқа сай келмейтін дәстүрлер ығысып, өмірге қажетті жаңалары дамып отырады.


Дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын, тарихи қалыптасқан нормалар мен үрдістер. Ол – қоғамдық ұйымдар мен халықтың мінез-құлқының, іс- әрекетінің рухани негізі. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан мәдениеті дамыған ел дәстүрге де бай. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әдептілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады.


Қасиетті қазақ халқының салт-дәстүрлері өте көп. Соның ішінде қазіргі кезде ұмытылып бара жатқан салт-дәстүріміздің бірі – «Ерулік» туралы ізденіп, соны сіздерге ұсынып отырмын. Ата-бабаларымыз ұлттық дәстүрінде жолы түсіп, үйіне ат басын тіреген жолаушы – құдайы қонаққа мал сойып, кең дастарқан жайып, дәм-тұзын татқызатын. Жаңа қонысты бетке алып, ауыл тұсынан өтпекші көш адамдарына ақ жаулықты аналар зереңдері толы ақ қымыз, шұбат, айран ұсынған. Түстендіріп не қона жатқызып сыйлы мейманға лайық кәделі қонақасы берген. «Көш көлікті, көрікті болсын» десіп аттандырған. Ауылға, үйге қоңсы қонған отбасына ерулік атаулы дәмдестік сыйлы дастарқан жайылған. Жаңа ғана шаңырақ көтерген жас жұбайлар да көрші-көлемін шақырып, «Тана тағар» атаулы алғашқы қонағасын ұсынған.


Ертеңгісін сәлемдесуге келген «Таңғы ас – Тәңірден» ырымымен дәм татқызбай жібермеген. Осы ретте айта кетерлік жәйт – қазақтың дастарқанды киелі санауы. Дастарқан таза ұсталған, жиегі жиылмаған, үстіне ыдыс-аяқтан, тағамнан өзге нәрсе қойылмаған. Дастарқан басында отырғандарға бейпіл сөз айтуға, ұрыс-керіске, насыбай атып, шылым шегуге, үстінен аттап өтуге тыйым салынған. Кез келген қазақ азаматы жол - жөнекей жаяу-жалпы шаршаған жолаушыны кездестірсе, ерулі атына мінгізген не астындағы атына мінгестірген. Тұлдырсыз жақыбайды көрсе, есіркеп, иініне біркиер, «Дұшпанкөз» киімін жапқан.
Ерулік – көшпелі қазақ халқы көші-қонды аса келелі іс санады. Көшу- қазақтар үшін салтанат есептелді. Қазақ санасында көше алмай жұрттан қалудан үлкен қорлық жоқ. Қазақ қауымы көшкен күні – еруде кимейтін жақсы киімдерін киеді, көштегі жүк артқан түйеге кілем-кілемше, сырмақтарын оң бетіне қаратып жауып, салтанат етеді. Еру отырған ауылдар жанына келіп, қонған ауылды жабыла қарсы алып, «Қоныс жайлы болсын» айтып, олардың жүгін түсірісіп, үйін тігіседі және «ерулік» апарады. Бұл ерулікке дастарқан көтеріп, шай апару, сабалап қымыз апару, тіпті қой сойып апару істері де болады. Бұл көшіп, шаршап келген туыс- жұрағаттарына жасалған сый-құрмет және қамқорлық еді. Бұл істер ағайын арасында «еруге қару» ретінде алма- кезек болып отырады. Мұны қазақтар «ағайын берекесі»деп атайды.

Көшіп келе жатқан көш еру отырған ауылдар үстінен өткенде тоқтамаса да адамдары дәм татады. Олар ат үстінен сусындап кетеді. Қазіргі кезде жаңадан көшіп келіп қоныстанған көршіні бұрыннан тұратын адамдар үйіне шақырып қонақасы береді. Бұл жаңа адамдарды бөтенсіретпей өз ортасына тартудың, сыйласудың үлкен белгісі. Мұның әлеуметтік, қоғамдық мәні де бар. Мысалы, жаңа көшіп келген үйде отын, су болмайды. Оны әкелуге біраз уақыт керек. Міне, кең ойлап, терең толғайтын қазақ салты мұны да ұмытпаған.


Еру – «Еру отырған ауыл көшіп келіп керегесін жаймай, жаппаның астында жатқан ауылға ерулік бермесе үлкен ұятқа қалатыны ертеден келе жатқан салт». Көшіп бара жатқан үй ұзақ жолда өздері де, ат-көлігін де тынықтыру үшін жолда отырған бір ауылдың жанына келіп 1- 2 күн аялдайды. Үй тікпей абылайшылап (шаңырақты уықпен көтеріп отыру) немесе жаппа тігіп (керегелердің басын қосып) отырады. Көшулердің мұндай аялдауын «еру» дейді. Осындай кезде ауыл адамдары келіп, сәлемдесіп, жөн сұрасады. Оларды «ерулікке» шақырып, қонақ етіп, риза қылып, жолға шығарып салады. Егер еру көштің иесі 4-5 күн отыратын болса, «ерулікке-қарулық» деп бір қойын сойып, ауыл үлкендерін шақырып, батасын алады. Бұл салтта еліміздің бірлігі мен адамгершілік, сыйластық белгісі жатыр.


Көрші – қонысы ортақ, етене араласып, күнделікті жүзбе-жүз кездесіп, аман-саулық сұрасып жүретін кісілер. Қазақ халқы «көршіні Құдай қосады» дейді. Жаңа орынға көшіп келісімен ерулік беріп, қоныс тойын жасау дәстүрінде де ең әуелгі ниет-көрші қолаңдармен танысу болған. «Адам күні - адаммен» демекші, күнделікті өмірде әркім-ақ көршіні қажетсінеді. Өйткені, бір іс туып қиналғанда, бір нәрсе қажет болғанда ең алдымен көршілерден көмек сұрап жатамыз. Көршімен сыйластық - елдің сыйластығын, көршімен татулық-қоғамның татулығын ұқтыратындықтан, ислам діні көршімен жарасымды сыйластықта болуға шақырады. «Алыс туыстан жақын көрші» артық деп бекер айтпаған.


Айрылысар көже - көрші қонғанда «ерулік» беріп, қыстай немесе жаздай бірге отырған, сыйласқан отбасылар қоныс аударып бөлінген жағдайда олар енді «айрылысар көжеге» шақырады. «Көже» деп сыпайылап атағаны болмаса сыйлы, сыбағалы табақ тартылады. Олар бір-біріне ризашылығын білдіріп, «ұрыспай айрылған ұялмай қосылар» деп тағы да аман-сау қосылуға тілек білдіреді. Бұдан олардың бірін-бірі сыйлау, қимастық көңілдері көрінеді. «Айрылысар көже» – адалдық әрі әдемі дәстүр.


2. 3 Қонақасы – қазақтың бөлінбеген еншісі

Меймандостық – қазақтар үйіне келген әр қандай мейманды (оның қайсы ұлт болуына қарамай) таныса да, танымаса да жылы шыраймен құшақ жая қарсы алып, сыйлап күтеді. Өзінің аяулы асын қонақасыға береді. «Қонақасы – қазақтың бөлінбеген еншісі» болып есептеледі. Қонақ келсе «қой сойып, қол қусыру» – қазақтар үшін аса абыройлы іс және жалтартпайтын міндет. Өте қадірлі қонақтарға тай сойылып, қонақасын беріп аттандырады. Сойылатын малды алдымен қонақтар отырған үйдің босағасына әкеліп, бата тілейді. Қонақтар бата жасаған соң мал сойылып, ет асылады. Ет піскенше меймандарға кең дастарқан жайылып, дастарқанға құрт, ірімшік, бауырсақ, жент, сары май қойылып, қаймақтаған шай құйылады. Шайдан соң жаздыгүні болса қымыз, қыстыгүні болса езілген құрт беріледі. Осы кезде әдетте үй иесі жағынан домбыра шертіліп, күй тартылып, ән айтылады. Ет піскен соң қолға су құйылып, ет тартылады. Қонақтар алдына қойылған қойдың басы, жамбасы, сүбесі тағы басқа жіліктерден жасалған табақ тартылады. Қонақтың ең сыйлысы бастың оң езуінен бір кесіп жеп, оң құлағын кесіп табаққа қойып, басты үй иесіне қос қолдап қайтарады. Мейман күтуде малдың он екі жілігінің өз алдына мәртебесі бар. Жасы үлкен сыйлы қонақтарға бас пен жамбас, күйеу мен келінге асықты жілік пен төс тартылады. Балаларға тіл, құлақ, бүйрек, жүрек беріледі. Тамақ жеп болған соң ас қайтару, яғни бата тілейді, қонақтардың қолына су құйылады. Міне, қазақ халқының мейман күту дәстүрі осындай!

Ерулікке, қонақжайлылыққа қатысты мақал-мәтелдер:

*Салт-дәстүрін ел бұзбас, Уәде – сертін ер бұзбас.
*Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа.
*Ант бұзған оңбайды, салт бұзған сорлайды.
*Қонақ келсе құт келер.
*Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал.
*От жағылмаған үй – қора, Кісі келмеген үй – мола.
*Саналы ел салтын сақтар.

Қорытынды

Ата салтың – асыл қазынаң

Жалпы, бұл ғылыми жұмыста бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен ережелерін жасағандардың бірі – қазақ халқы. Оның тәрбие-тәсілдері мен тәжірибелері өте көп. Халықтың ғасырлар бойы жасаған зор еңбектерін жазып шығу үлкен еңбек. Сол жұмыстың бір тамшысы ретінде ұлттың тәрбие ісіндегі салт-дәстүрдің бірі «Ерулік».
Ата дәстүрі бойынша әрбір ұрпақ қазақтың тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, өсиет-өнегелерін өзіне үлгі-өнеге тұтуға тиіс. «Ерулік» салт- дәстүрін зерттей келе менің көңілге түйгенім және ұққаным – оның адам өміріндегі алатын орнының маңызды екені, тәрбиелік мәнінің зор екені Мен оның адамды ізгілікке, қонақжайлыққа, мейірімділікке, сыйластыққа баулитынына көз жеткіздім.
Бұл болашақ ұрпағынан зор үміт күтіп отырған халқымыз үшін маңызды. Біз өз ұрпағымызды білімді де тәрбиелі, өнегелі де ізетті, мейірімді әрі қайырымды, қонақжай етіп тәрбиелегіміз келсе, халықтық салт-дәстүрге, оның ішінде ерулікке ерекше мән беруіміз керек.
Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени салт- дәстүрлерімізді ұмытпауымыз керек.
Ата тегін ардақтау дәстүрі, көбінесе отбасында, мектепте, балабақшада сөз болып отырса, кейінгі ұрпақ қазақтың салт-дәстүрлерін бойына сіңіріп, тәрбиелік мәнін білер еді деп ойлаймын.

Іздену жұмысымды мына өлең жолдарымен аяқтаймын:

Туған соң адам боп, Бауырласқан тәніміз,
Білімсізден жаман жоқ. Бұзылмаған антымыз.
Ел дәстүрін білмесең, Кең даланың ежелгі,
Жұрт айтады «надан» деп. Қазақ дейтін халқымыз.
Ата-бабаң ардақты, Өзге ұлттай біздің де,
Жамандыққа бармапты. Бар дәстүр мен салтымыз.
Ардақ тұтып үлкенді,
Ата жолын жалғапты.

Ұсыныс:

Бала тәрбиесіндегі ата-бабаларымыздан қалған ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттайтын балаларға арналған қазақ фильмдері, мультфильмдер, суретті кітаптар, бейнетаспалар, электронды кітапшалар шығарылса деп ойлаймын.

Әдебиеттер тізімі:

1.Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. С.Кенжеахметұлы. Алматы. «Ана тілі»1994ж

2. Жеті қазына. С.Кенжеахметұлы. 1-кітап. Алматы. «Ана тілі»2003ж.

3. Қазақ мақал- мәтелдері. Алматы. «Қазақстан» 1990ж

4. Қазақтың салт-дәстүрлері. Алматы.

5. Халық тағылымы. Ә.Табылдиев. 1992ж

6. Қазақ этнопедагогикасы.Алматы.1999ж

7. Балдырған, Айгөлек, Мөлдір бұлақ журналдары.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама