Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Атаның әңгімесін еске алғанда...

Меркі өңіріндегі бұрынғы Большевик, қазіргі Тілеміс ауылының тумасы Фатиха Медетқызы Сүйіншәлиевамен аз ғана сұхбаттасу үлкен ләззат сыйлады. Бастапқыда жай ғана әңгіме төңірегінде өрбіген сұхбат бір әулеттің қасиетті қара шаңырағының инабатты келіні, бүгінгі ақ тілеулі анасының көкірегі тұнған сыр екен, тыңдаушыларын күмбірлеген күй сазындай еріксіз тебірентіп, құлағымызды түріңкіреп, жақындай, ұмсына түсуге мәжбүр етті. Сондағы шертілген сыр мынау еді.

— Өткен қайта келмейді, өшкен қайта жанбайды дейді баз біреулер. Дегенмен, жақсының атын естен шығармау, жақсылығын ұмытпай, ұрпағына айтып жеткізу арқылы жақсының нұрын тасытатыны қандай керемет. Өмірімнің сол бір қайталанбас әрі мән-мағынаға толы кездері көкірегімде сайрап тұр, ешбір көмескі тартқан тұсы жоқ. Сол күндерді ұмытсам, басыма қонған бақ-талайыма өз қолыммен қиянат істегенім болар еді!... — деп толғана әңгімесін бастаған Фатиха анамыздың сексенге таяп қалған шағында осы әулетке жаңадан келін болып түскен кезінен сыр шерте бастағаны сол еді, әсерлі әңгімесін сабақтай отырып, жүзі шырайлана түсті.

Тегінде, «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» деп жатамыз ғой. Адам баласының сыртқы келбет-пішінінің сұлулығы ғана емес, жан жылуы, ішкі жан-дүниесінің әсемдігі оның жас шамасына қарап емес, жүрек жылуының қуатына қарап өлшенетін болса керек... Алыста қалған арайлы күндерінен суыртпақтап сыр айтып отырған бір әулеттің анасынан көзімді ала алмай, оның тартымды әңгімесіне ден қойып, бар болмысыммен әсерленіп, қай кезеңнен сыр шертсе, сол мезетті өз басымнан кешіп отырғандай күйде болдым, ерекше бір жылылық пен шуақты жан-тәніммен сезіндім. Тымық кеште айтылған тәтті сырдан тебіренбеген жүрек жүрек пе?!

Ортаншы ұлы Қайраттың шаңырағына, отау үйге жиналғандар мәре-сәре, мәз-майрам. Үлкен ұлы Қалидың тұңғыш немересі — атын өзі қойған Айсәуле есімді шөбересінің келу құрметіне бас қосу қуанышына жиналып отырғанбыз. Қайраттың даладан келген ұлына:

— Аташка, хал жақсы ма? — деді әжесі.

— Құдағи-ау, немереңізге неге аташка дедіңіз? — деймін, таңданғаннан қас-қабағым екі жарты шеңберге айналып кетсе керек.

— Өзің бір сұрақ қойғыш құдағи екенсің, «московский корреспондент» құсап, — деп маған зілсіз ғана әзілдеп, төңірегін бір күлдіріп алды. — Тыңдасаң, айтайын. Қонақсың ғой, оның үстіне шөберемді арнайы әкелген сауапты ісіңнің өтеуі болар, — деп әжуасыз әзілін де қосып қойды.

... Жеті жасар баланы «аташка» деуімнің себебі бар. Ата-анасы да ұлдарының атын қоярын қойып алса да, келіндер жағы ауыздары барып атай алмай, Шоник деп жүр ғой. Бұлар түгілі, жетпістің жетеуіне келген мен де әлі күнге атамның атын атап көрген емеспін...

Мен үлкен шаңыраққа келін болып 1952 жылы түстім. Отағасы Зайлағи Сүйіншәлиев — шыққан тегі Батыс Қазақстанның Шыңғырлау ауданы, Ащысай деген жерден. Меркі аудандық «Коммунизм туы» газетінде 10 жыл редакторлық қызмет атқарды. Белгілі журналист еді. Сонау бір кезде, 1929 жылы туған жерден әке басына төнген қауіп-қатерден отбасының тыныштығы бұзыла бастаған соң амалсыз түн жамылып ауа көшкен мезгілде үш жасар бала екен ол кісі... Мен келін боп түскенде Әсия, Мәнсия, Мәреш есімді үш қайынсіңлім болды.

Атамыз Сүйіншәлиев Шындәулет совнаркомда қызмет атқарған аса сауатты әрі іскер адам болған. Ел іргесін қаласқан азамат арапша да, орысша да сауатты еді. Кәмпеске кезінде байдың баласы деп қудалап, қызметінде тыныштық бермеген. Тіпті қара басына қатер төнген. Бір күні қызметтес досы Ораз Исаев хабар жіберген көрінеді. Сол түні қай жаққа кетсең де, кеткенің жөн депті. Ұстап әкету қаупі бар екенін айтады. Содан екі жасар ұлын тумаластарына тастап, бір баламен түнделетіп тарантас арбамен Шыңғырлау стансасынан бір жүк пойызына отырып, бассауғалап үш адам (атам, енем, 3 жасар баласы Зайлағи Сүйіншәлиевтер) азын-аулақ киім-кешек, азықтарын алып, әуекелге белбуып, бас ауған жаққа кете барады...

Қанша жүргендерін кім біліпті, ол кездің жүк таситын пойызы қай бір мандытып жүреді дейсің? Күндердің бір күнінде елсіз далада пойыз тоқтап тұрғанда «осы айдаладан ешкім іздеп келе қоймас» деп, пойыздан түсіп, бәйбішесі Ғайнижамалды, жалғыз ұлдары Зайлағиды ертіп, Меркінің Қарасу деген ауылына келеді. Онда Асқаров Құлназар дегеннің үйін паналайды. Қоржын тамдары бар, дүкен ұстаған адам екен. Содан ел-жұртпен жақсы араласып, осы ауылдағы Торғай деген ақсақалдың үйінде тұрады. Ол кездегі үйлер қоржын там етіп соғылады ғой. Бәйбішесінің аты Кәттай болатын.

Екі отбасының балалары қатар ержетіп, бауыр басып, кейін ол кісімен құдандалы болады. Атамыз ауданда басшы қызметке тұрып, осы жердің азаматтарымен жора-жолдас болып кетеді.

Кейіннен әлдекімдердің көрсетуімен тағы қудалау басталған көрінеді. Атамыз отбасын алып көршілес қырғыз еліне қоныс аударады. Ош облысына қарасты Бәткен ауданынан бір-ақ шығады. Ол жақта да жақсы қызмет атқарған көрінеді. Күндер өтіп, өмір жалғаспай ма? Баласы Зайлағи мектеп жасына келгенде бірінші сыныпқа қырғыз мектебіне барады. Бала қырғыз тіліне бейімделіп бара жатқанын көріп, әке ойға қалады...

Тектілік, тектілігін етпей қоймайды. Әуелде бас сауғалап, жан сауғалап жүрген азамат, енді ұрпағының болашағын ойлап, тәуекелге бел буады. Қордай деген жерге көшіп келіп, онда милиция басшысы қызметін атқарады. Одан Меркіге келіп қызмет істеп жүрген кезінде қайтадан қудалау басталып, партбилетін алып қояды. Қырықтан асқанында отан соғысына аттанады. Берлинді алуға қатысқан. Берлинді алғаны үшін, т.б. толып жатқан медальдары болатын. Соғыстан кейін де шаруашылық басқаруға қатысып, еңбектен қалған жоқ. Барлық жерде беделді, ел алдында азамат ретінде де абыройлы адам еді.

... Атамыз өткен өмірінен әңгімені көп айтып отыратын. Жүзі жылы, сымбатты, келісті мұрты жарасқан келбетті, бойшаң адам болатын. Маған, келініне «балам, балам» деп өтті өмірден. Келін деп атаған жоқ. Бүйірлі сары самауырмен шәйін құйып беріп, бірауық шер тарқата айтқан әңгімесін тыңдайтынмын.

Ата-енемді қатты қадірледім. Енем сөзге шешен, қаталдау адам болды. Бойшаң емес, қараторы еді. Оралда рабфакта оқыған кездерінен әңгіме айтса, Алма Оразбаеваны есіне алатын. Өзі де оқыған жаңашыл адам екен. Біздің елге келген кезінде көрген адамдардың айтуынан, суреттерінен көргенімде шашы қиылған, жанары өткір адам екенін білетінмін.

Ата 1957 жылы туған жеріне, Шыңғырлау ауданына барып қайтты. Туыстарына қалдырып кеткен баласын іздестіріп көрген екен. Таба алмапты. Дүрбелең жайлаған кезеңде елдің шырқы әбден бұзылса керек. Балапан басына, тұрымтай тұсына тараған заманда тума-туыс бытырап кеткенге ұқсайды. Білетіндер аманаттап кеткен сәбиінің шетінеп кеткендігін айтқан көрінеді. Жыл аралатып, туған өлкесіне барып тұрды. Бір барған сапарында Мағырып деген замандасын іздейді. Кемпірі қайтыс болып, бала-шағасы өсіп-өніп, тұс-тұсқа кеткен екен. Еңсені езген жалғыздықта науқастанып жатқан Мағырыптың үйіне барса, атамыз атын атап, кіріп келгенде ол кісі басын көтеріп, «Сен Шындәулетпісің? Саған еткен қиянатым маза беретін емес. Сен мені кешір, Тапсырма солай болды...» деп еңіреп жылапты...

Ел бүлінсе, несі жақсы дейсің. Ел басына күн туып, ер сыналар заманда адамдықтың туын көтере алмағандар болды ғой. Несін жасырамыз...

Ол уақыттың келіндері әңгімеге араласпайтын. Әйтпесе, талай-талай көкейде қалған сұрақтарыма жауап алмас па едім?!...

Атам 1965 жылдың 26 сәуірінде аурып, қайтыс болды. 1964-те туған жеріне соңғы рет ат ізін салып, науқастанып оралған. Қатты аурып жатқанда досын еске алып, «Ораз Исаевтың кемпірі тірі екен, әттең, іздеп бара алмадым. Бір де бір суретін сақтай алмадым сол кезде...» деп өкінішін білдіріп еді...

Немеремнің атын атай алмай, «аташка» деуімнің сыры осы еді...

— Сонда, балаларыңыз Сізбен ақылдаспай қойды ма, баласының атын?

— Ақылдасты. Атамнан бері төртінші ұрпақ дүниеге келіп, шүкір Аллаға, атамның фамилиясын алып келеді. Ал, атамыздың аты атаусыз қала бере ме деп, Қайратым мен келінім Нәзира екеуі ұлына ат қоямыз деп жүйелі әңгіме айтқан соң, қарсы болмадым, бірақ немеремді «Аташка» деп атаймын. Атамның атын қалай атайын? — деп, әңгіме басталғалы қимас шақтарына ойша барлау жасап отырған Фатиха ана мейірім шуағын төге күлімсіреп, әсерлі әңгімесін тұжырымдады.

Үш қыз, төрт ұлды дүниеге әкеліп, аман-есен ержеткізген Фатиха анамызға: болса да «корреспондент» деген ат қойған екенсіз, тағы бір сұрақ беруге рұқсат етіңіз дедім де, өзінің ата-бабасы жайында әңгімелеуін өтіндім.

— Өз өмірімді айтар болсам, сол дәуірден бөліп алар ештеңесі жоқ. Анам маған «Сенің атыңды Фатиха деп атаң Нартбай қойып еді. Атың қасиетті. Жан-жағыңа кешірімді бол. Ешкімге ренжіме» деп ақылын айтып отыратын.

Есіме алсам, бес жасар кезімнен бастап әкемнің бейнесі көз алдыма еміс-еміс келеді. Әкем Медет Нартбаев қазіргі Тілеміс ауылында алғаш техниканы меңгерген үш шопырдың бірі екен. Әлі есімде, әкем түскі асқа келе жатқанда ауылдың бүкіл баласы құйындатып алдынан жүгіріп шығушы едік. Әкем тоқтай қалып, бәрін кузовқа отырғызып алатын. Мені өзінің қасына алады. Кабинада отырып, әкем түскі асын ішкенше ұйықтап қалатын кездерім есіме түседі. Соғыс басталғаннан бір жеті өткенде менің әкем мен әріптестері бір күнде машиналарымен бірге майданға аттаныпты. Соңғы хатын Украинаның Харьков қаласынан 1943 жылы жазған екен. Онда «майданға оқ-дәрі алып жүргелі тұрмын. Аман оралсам, хат жазамын» депті. Бұл соңғы хаты.

Мен әке бейнесін жадымда суреттерінен ғана сақтаппын. Кейін «Адам тағдыры» атты кинофильмдегі Бондарчук ойнаған әскери адамның образында әкемді көкейіме сақтап жүретінмін. Әкем майданға алынғанда әскер отбасы ретінде бізді үкімет қамқорлап еді. Әкемнің ағасы Сақұл әкеміз броньмен әскерге алынбай, Ұзынағаш ауданында райком секретары болды. Қырық жетінші жылы жаламен «халық жауы» аталып, ұсталып кетті...

...Былай болып еді. Ұзынағаштан көшіп келген беттері болатын. Оны-мұны жүктері буулы күйінде, әлі шешіп үлгерген жоқ.

Бір топ бала мектепке кетіп бара жатқанбыз. Пар ат жеккен тарантас арба келіп тоқтады қасымызға. Қызыл жағалы үш адам отыр екен, «Сақұлдың баласы бар ма іштеріңде» деп сұрады. Балалар мені көрсетіп «анау, Сақұлдың қызы» деді. Мені арбаға отырғызып алды да, үйіңе алып бар деді. Әкем аулада кітап оқып жататын еді. Шешеміз «кісі келді, шәй қой» деген. Мен құдықтан су алуға үйді айналғанымда әлгі келгендердің бірі менен қалмай, ізімді аңдып жүрді. Үй-ішін, әлгі буулы дүниелерді тінткілеп, ештеңе таба алмады, бірақ Сақұл әкемді кетерінде өздерімен ала кетті. Сақұл Әкеміз болса, «бұл жаңсақтық болар, мен ақталып қайтып келемін» деп кетіп еді. 3-4 жылдан кейін ақталып келіп қызмет істеп жүрген кезінде 44 жасында қайтыс болды. Кейін білдік, түрмеде — Челябинскіде радиациялық сынаққа қатысты жұмыс істеген көрінеді. Фрунзе қаласына апарып қаратқанымызда «ақ қан ауруына шалдыққан» деп диагноз қойды...

Менің анам соғыс жылдары 27 жасында жесір атанып, таңның атысы, күннің батысы қызылшадан бел көтермейді. Елде жоқшылық. Ашпыз. Сақұл әкемнің әйелі Ранда шешеміз екі үйдің баласына бидай талқаннан быламық пісіріп береді. Ыдыс жоқ, ағаштан ойып істелген астауға әлгі быламықты құйып, ортамызға әкеледі. Жалғыз ағаш қасық. Кезектесіп ішеміз. Үлкендеу балалар быламықтың бетін қалқып, буын шығарып ішуге ақылдары жетеді. Кішірек біздер қасықтың кезегі тиісімен ортасынан көсіп алып, талай аузымыз күйген. Сонда да сол тағамның дәмі ауыздан кетпейді. «Ақ бадырақ» дейтінбіз қуырған жүгеріні. Мата дастарханға шашылған табақ-табақ қуырылған жүгеріні таласа-тармаса теріп жейтінбіз...

Әулеттің өнегелі анасы Фатиха әже екінші шөбересін алдына алып, мейірлене иіскеді. Сәбидің алақанына нан ұстатып, титімдей қолынан нан жеді. «Жақсы ырым, жұмақты нәсіп етсін» деп жатырмыз.

— Иә, иә деп, — күрсінді, — ендігі әңгімені сұратпай айтып берейін, жақсы ырым дегеннен ойыма оралып отырғаны...

Сақұл әкеміз Ұзынағашта ауданды басқарып жүрген кезінде Жамбыл Жабаев қайтыс болды деген хабар келген соң, ерлер жағы атпен, әйелдер тарантас арбамен барған көрінеді. Жамбыл ата шыт шапанымен жатыр екен, дейді. Белбеуін шешіп, қалтасынан шыққан үш сом ақшаны үш балама тәбәрік болсын, Жамбылдың жасына келер, деп ырымдап алыпты әкеміз. Жамбыл атаны өз қолымен арулап қоюға қатысқан екен.

Сақұл әкеміз де, оның балалары да дүниеден ерте өтті. Рәнда шешеміз балаларын жоқтап отырып, «әкелерің Жамбылдың жасына келсін деп ырымдап тәбәрік әкеліп еді, жарты жасына да жетпедіңдер-ау» дегені есіме түсіп отырғаны... Бәрі де пешенеден.

Фатиха әженің екі шөбересінің де әкелері — сүйікті немерелері шет елде қызмет істейді. Бүкіл әулеттің, алыста жүрген ұрпақтарының тілегін тілеп, жолдарына қарайлап отырған әулет анасының бата-тілегін жаратқан қабыл еткей!!!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама