Photo: Ayazhan (https://www.pexels.com/@ayazhan-3173683) / Pexels
- 29 мам. 2026 12:00
- 55
Атыраудағы қанды қырғын: Марқұм әйелдің соңғы хабарламасы сотта жарияланды
Атырауда бір отбасының мүшелері қаза тапқан қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасуда. Бұл жолы марқұм Нәсіп Өтешқалиеваның туған інісі Тілекқабыл Өтешқалиев куәлік етті.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алғашқы таныстық пен соттағы кездесу
Куәгердің айтуынша, ол күдікті Сұлтан Сәрсемалиевті алғаш рет жиені Ақбаянды алып қашқан кезде көрген. Кейін олар өздері үйге келгенде ғана тағы бір рет кездескен. «Мен оны сотта екінші рет көріп отырмын. Ешқандай жанжал болған жоқ. Мен оны танымаймын, сотқа дейін тек бір-ақ рет көрдім, оның ата-анасын ғана білемін», – деді Тілекқабыл Өтешқалиев.
Соңғы байланыс және күдікті аудиохабарлама
Сотта куәгер соңғы рет туыстарымен қарым-қатынас туралы да айтып берді. Оның сөзінше, қыркүйек айында Мақсот Қарабалинмен WhatsApp арқылы және телефонмен сөйлесіп тұрған, алайда кейін байланыс үзілген. Туыстары соңғы рет 2025 жылдың 19 қыркүйегінде Атырауға барған. Ал Мақсот Қарабалин сол кезде ауылда қалып, шаруашылықтағы малға қараған.
Ерекше назар аударылған жайт – 7 қараша күні Нәсіп Өтешқалиеваның атынан жіберілген аудиохабарлама. Бұған дейін сотта марқұм әйелдің 4 қарашада көз жұмғаны айтылған болатын. «Мен онымен соңғы рет аудиохабарлама арқылы сөйлестім. 1 қарашада ол хабарласып, хал-жағдайымызды сұрады. Кейін 7 қараша, жұма күні одан дауыстық хабарлама келді. Ол жылап тұрып, жағдайымыздың қалай екенін сұрады. Осыдан кейін сөйлеспедік», – деді куәгер.
Дауыстық хабарламаның құпиясы
Сотта куәгерден Нәсіп Өтешқалиева 4 қарашада қайтыс болған болса, 7 қарашада оның атынан аудиохабарламаны кім жібергені сұралды. «Наурыздың телефонынан әпкем Нәсіптің дауыстық хабарламасы келді. Біздің ойымызша, телефондарды бір-біріне жақындатып, алдын ала жазылған аудионы жіберген болуы мүмкін», – деп түсіндірді ол.
Куәгердің айтуынша, осыдан кейін отбасы мүшелерімен байланыс толық үзілген. Ал олардың малы сатылып жатқаны туралы ақпарат тараған соң туыстары іздеу жұмыстарын бастаған.
-
Әлеуметтік желіде жарияланған суреттердің жасанды интеллект арқылы өңделгеніне күмән тудырғаннан кейін Бостандық ауданы әкімдігі қызметтік тергеу жүргізуде.