Автоматтандырылған кітапханалық жүйелер мен ақпараттық технологиялардың колледждегі ақпараттық білім беру деңгейіне әсер етер ықпалы
Автоматтандырылған кітапханалық жүйелер мен ақпараттық технологиялардың колледждегі ақпараттық білім беру деңгейіне әсер етер ықпалы. «Ақпаратты меңгерген адам - әлемді билейді» М.А.Ротшильд Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін ақпараттандыру еліміздің даму стратегиясының негізгі бағыттарының бірі, себебі ХХІ ғасыр – білім беру жүйесін ақпараттандыру ғасыры. Ел президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылдың қаңтарындағы Қазақстан халқына жолдауында айтылғандай, үстіміздегі жылы білім беру сапасын модернизациялау жалғасатын болады. Яғни, барлық білім беру мекемелері, сонымен қатар барлық жұмыс орындары мен халыққа қызмет көрсету орындары толық компьютерленетін болады.Сондықтан компьютерлік технологияларды орта буын мен жастардың түгелдей меңгергені абзал. Жолдауда айтылғандай алдағы жылдары білім мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейі жүзеге асырылады. Әрбір Қазақстан азаматы дүниежүзілік білім мен ғылым стандарттарына сәйкес білім алуы тиіс және осының барлығы тікелей жаңа инновацияларды ендірумен, жаңа технологияларды меңгерумен байланысты болып отыр.
Жолдауда айтылғандай: «Сапалы білім Қазақстанның инновациялық дамуы мен индустриялануының негізі болуы тиіс». Тәуелсіз елімізді өркениетті әлемге танытатын, дамыған елдер қатарында терезесін тең ететін күш – білім және білімді ұрпақ. Бүгінгі таңда барлық адамзат алдында тұрған басты мақсат – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Білімді ұрпақ – егеменді елдің берік тірегі. Білім беру жүйесінде жаңа технологияларды пайдалану - заман талабы.
Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде ой-өрісі жаңашыл, дүниетанымы жоғары, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлғаны дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау. Кәсіптік білім беретін оқу орындарының алдына қойған міндеттерінің бірі «іргелі білімді кеңінен меңгерген, бастамшыл, еңбек рыногы мен технологиялардың ауысып тұратын талаптарына бейімделген командада жұмыс істей білетін жаңа тұрпатты маман даярлау». Жаңа заман компьютер дәуірі болғанымен қазіргі таңдағы жан-жақты білім мен тәрбие берер мәдени орындардың бірі, рухани азық іздеген, білімге ұмтылған жас ұрпақтың, ұстаздардың табылар жері – кітапхана.
Қазіргі кітапханалар – ақпараттық, мәдени-ағартушылық, ғылыми-зерттеушілік мекеме. Кітапханашы тек қазіргі заман талабына сай технологияны біліп қана қоймай,сонымен бірге оны сауатты түрде қолданады. Әрбір оқушы жеке тұлға, оның жан-жақты дамуына мүмкіндік жасап, ықпал көрсету біздің кітапханамыздың алға қойған мақсаты. Бұдан жарты ғасыр бұрын дүние жүзі кітапхананы тыныш, жайлы, кітап сөрелері мен каталог жәшіктері орналасқан және оқырман залында кітапқа үңілген оқырмандарға толы ғимарат есебінде көретінбіз, ал бұл күнде кітапханаларда монитор алдында отырған компьютерлі оқырмандар залы пайда болды. ХХІ ғасырдағы қоғамдық өзгерістер, қазіргі мәдени шаралар – адамзаттың ашық ақпараттық қоғамға өтуі кітапханада үлкен өзгерістер енгізуде. Компьютер көмегімен білім алушылар электронды кітапханаларға шыға алады, электронды кітаптар оқиды, электронды беттерді парақтайды. Мәдени шаралардың бастылары–қоғамның ақпараттануы, коммерциялануы, демократиялануы, компьютерленуі бір сөзбен айтқанда заңды түрде цивилизациялануы кітапхана жұмысын жаңа деңгейге көтереді. Ақпаратсыз білім де, ғылым да дамымайды. Сондықтан білім мен ғылымның ошағы саналатын кітапхананың маңызы жылдан жылға артып келеді.Бүгінгі күні оқырмандар талабын қанағаттандыру, рухани байлығы мен жалпы қабілетін дамыту және жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру міндеттерін іске асыруда кітапханалардың алар орны ерекше. Білім алушыларға білім беруде жаңашыл технологияларын қолдану инновациялық бағытта жұмыс жасау заман ағымына сай талап етілуде. Сондықтан бүгінгі кітапханалар алдына пайдаланушыларға сапалы қызмет көрсету, жаңа технология, бағдарламаларды енгізу, кітапхана қорын насихаттау, ақпараттық ресурстарды құру міндеттері қойылып отыр.
Ақпараттық-коммуникативтік технологияны тиімді пайдалану - білімнің артуына әкеледі.Саналы да сапалы білім алушы – ұлт келешегі. Зымырандай зулаған алмағайып заманда білім сапасын арттыру, білім алушылардың білім, білік дағдыларын жетілдіру маңызды мәселе ретінде қойылып отыр. Кітапхана жұмысын автоматтандырудың негізгі мақсаты-кітапхана қызметін жетілдіріп, ашық ақпарат кеңістігіне ақпарат түрлерін еркін пайдаланып, ақпарат және кітапхана-библиография қызметін кеңейту, ақпараттарды оқырманға тез және ыңғайлы түрде жеткізу,сонымен қатар кітапхана жұмысына жаңа ақпараттық технологияны енгізу. Мұнда оқырмандарға ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсету замана озық технологиялардың көмегімен жүзеге асып отыр. Ақпаратты дер кезінде тарату, қабылдау және тиімді пайдалану кітапхананың негізгі міндеті болғандықтан, кітапхана қызметінде жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Кітапхана бүгінгі күн талабына сай жабдықталған және компьютерлендірілген, әрі оқу процесінде қолдану ісі жақсы жолға қойылған. Техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарына қойылатын басты талап, білім алушылардың оқулықтар мен электрондық басылымдармен нормативке сай қамтамасыз етілуі болып табылатын болса, колледж әкімшілігі кітапхана қорын сапалы толықтыруда электрондық оқулықтарға аса зор көңіл бөледі. Колледжде анықтамалық-библиографиялық жұмысты замануи технологияға сәйкес жүргізу бағытында 2013ж. колледж кітапханасына «КАБИС» (Қазақстандық автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйе) бағдарламасы алынды.Наурыз айынан бастап «КАБИС» бағдарламасы бойынша кітап қоры электронды каталогқа енгізілді. Бұл бағдарламаның мақсаты-қордағы кітаптардың электронды нұсқасын жасақтау, компьютерлік-ақпараттық коммуникацияға негіздеу.
Ақпаратты қызмет көрсетудің жаңа түрлерінің бірі электронды каталог болып табылады. Электронды каталог-ақпарат іздеудегі басты құрал. Электронды каталогты қолдану кітапханадағы оқырмандарға қызмет көрсетудің мүмкіндігін кеңейтеді, электронды каталогты пайдалану арқылы кітаптар, мақалалар қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі электронды басылымдарды жылдам таба алады, табылған әдебиеттер тізімін басып шығаруға болады. Қазіргі заман талабы бойынша, білім беру жүйесін ақпараттандырудағы негізгі талаптардың бірі – оқу процессінде электрондық оқулықтарды жасау және оны қолдану. Колледждегі ақпараттандыру үрдісі дамып келе жатқандықтан электрон оқулықтардың қажеттілігі күн санап артып келеді.Оқулықтарға қарағанда электрондық оқулықтардағы көрнекілік өте жоғары. Ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану тиімділігін арттыру мақсатында электрондық оқулықтарды пайдаланып, білім алушылармен бірге слайдтар мен презентациялар жасауға болады. Электрондық оқулықтарды қолдану барысында білім алушылар ақпараттық материалмен тікелей жұмыс істейді, модульдерге кіріп түрлі тапсырмалар орындайды. Білім алушының білім, білік дағдыларын арттыру мүмкіндігімен қатар өз бетінше ізденуге, білім аясын кеңейтуге толық жағдай жасалады. Электронды оқу залы 7 компьютермен, принтер, сканермен жабдықталып, жергілікті жүйелікке Интернет желісіне қосылған. Соңғы жылдары колледжде электронды оқулықтарды дайындау дәстүрге айналды. Қазіргі уақытта оқытушылардың электрондық оқулықтары жинақталуда. Мәселен: Электронды оқу залында әр оқушы өзіне қажетті материалдарды қарап, электронды оқулықтарды еркін пайдаланып, рефераттар, көрнекіліктер және Интернет жүйесін пайдалану арқылы өз білімдерін терең де, сапалы дамыта алады. Электронды оқулықтардың дәстүрлі оқулықтардан артықшылығы:біріншіден, жаңалығы, екіншіден, оқушы оқулықта берілген тесті сұрақтары бойынша сол пәннен білім деңгейін анықтай алады,уақытын үнемдейді. Электронды оқулықтар, бейнетаспалар тізімі залда ілінген. Электронды оқу залында «Электронды оқулықтар» атты толық мәтінді оқулықтар қоры жасалды.
Электронды оқулықтарды пайдалану үшін 6 компьютер және электронды каталог үшін 2 компьютер бөлінген. Кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы секілді, біздің колледжде де пәндер кабинеттері мультимедиялық жабдықтармен қамтылған. Қоғамдық пәндердің барлығына арналған мультимедиялық презентациялар (сызбалар, кестелер, графиктер, бейнефильмдер)оқу материалының толық баяндалуына үлкен үлес қосады. Ақпараттық технологияларды сабақ барысында қолданудың тиімді тұстарын атап көрсетсек, олар: - оқушылардың компьютерлік сауаттылығын арттырады - өздік таным әрекеттерін ұйымдастыру арқылы ізденіс белсенділігін,шығармашылық қабілеттерін дамытады. - оқушылардың өздік жұмыстарына өзіндік баға беру іс-әрекетін қалыптастырады. - білім алушының пәнге деген жеке қызығушылығын оятады; - танымдық қабілетін қалыптастырады; - этнопедагогикалық тәрбие береді; - білім алушыны шығармашылық жұмысқа баулиды; - оқытушының уақытын үнемдейді; - оқулықтан тыс, қосымша мәліметтер береді; Еліміздің өркениетке бет бұрып, болашаққа алшаң басып келе жатқан шақта, мамандарды заман талабына сай, қай салада болмасын ел тізгінін ұстауға лайық, халық қамын ойлайтын азамат етіп тәрбиелеу міндетіміз. Қазақстанның болашағы жастардың қолында десек, сол жас ұрпақты адамгершілік қасиеттерге баулып, эстетикалық талғамы жоғары, елінің нағыз патриоты етіп тәрбиелеу баршамыздың міндетіміз. Олай болса жаңалықтың әдемілік, әсемдік жаршысы ретінде қолданылып жүрген көрнекті ақпарат құралдары мәнді болсын.
Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің
кітапхана меңгерушісі
Ибраева Ардақ Қадыржанқызы