- 06 ақп. 2017 00:00
- 232
Экономиканы дамыту үшін жедел технологиялық жаңғыру жүргізу қажет - Жұрынов
Бұл пікірді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов білдірді.
«Елбасының бұл жолғы Жолдауы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлуге қатысты үндеуімен байланысты өрбіді. Онда Президентіміз 5 бағытта басымдық жариялап отыр. Оның біріншісі жедел технологиялық жаңғыруға қатысты. Бұл баяғыдан айтылып келе жатқан жайт. Бірақ, мұны ендігі уақытта жаңа деңгейге көтеріп отыр. 2020 жылға дейінгі индустриалды-инновациялық стратегиямызды құрдық. Енді оны жаңа белеске көтеріп, жедел технологиялық жаңғыртуымыз керек», - деді ол.
Академия президентінің пайымынша, өндіріс ошақтарына мемлекеттің экономикасына пайда келтіретіндей жағдайлар жасамай қоғам алға қарай дамымайды. Өйткені, қоғамды дамыту үшін қаржы керек.
«Президент Қазақстанға экономикалық пайда әкеліп отырған бірнеше бағыттарды атады. Ол - тау-кен, мұнай-газ өндіру және мұнай химиясы салалары. Бұл екі сала біздің экономикамыздың үштен екісін беріп отыр. Одан кейін ауыл шаруашылығы саласы бар. Біздің жеріміз бай, ауыл шаруашылығына, мал шаруашылығына қолайлы. Енді соны игеру үшін білім керек, ғылым керек. Бұл саладан да Қазақстан Азия елдерінің арасында білімі мен ғылымы дамыған мемлекет», - деді Жұрынов.
Сонымен қатар ол шағын және орта бизнесті күшейту қажеттігін атап өтті.
«Біз демократия керек дейміз. Демократия болуы үшін халықтың 60-70 пайызы орта буынға енуі керек. Оның айлығынан басқа да табысы, отбасында қоры болуы тиіс. Шағын және орта бизнес 60-70 пайыз болған кезде, олар өздерінің партиясын, кәсіподағын құруы мүмкін. Міне, сонда демократия болады. Кедей елде ешқашан демократия болмайды. Оны мың жерден Конституцияға жазып қойсаң да», - деді ол.
Жұрынов жемқорлықты жоймай бірде-бір заң жұмыс істемейтіндігін де баса айтты.
«Жалпы, Жолдауда жақсы-жақсы жаңалықтар айтылды. Енді оны тиянақты орындай алсақ, қоғам алға жылжиды», - деді академик.