Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 16 сағат бұрын)
Әй, қыз

— Әй, қыз, шанышқы әкел!

Даяшы терезе көзіндегі тапал орындықта отыр. Жанында қолын қусырып түрегеп тұрған қыз ба, келіншек пе, өзінен егделеу біреуге әлдене айтады. Анау ауық-ауық сол жақ бетінің ұшын үзе шымшып қойып қызара күлімсірейді, сонсоң, қалың ерінін жымқыра тістеп, қайта жымияды. Екеуінің де алдарына байлаған күләңкөр алжапқыштары бар. Қыз әр сөзден кейін бір күледі. Сөзін күлкісімен бедерлеп, безеп өткізетін тәрізді. Менің жаңағы тұрпайы сұрағыма қыз жалт қарады. Оның да сұрқай өңі көгеріп жүре берді. Осы отырған жеріңде қайтсем екен дегендей басымнан бақайыма шейін барлап шықты. Кенет, бір нәрсе ойына түскендей танауынан бір күлді де, қараң-құраң қозғалып орынынан тұрды. Ирек-ирек екі шанышқыны әкеп тастай салды:

— Пажалстаңыз!

— Бәрі осыдан, — Сұңғат басын шайқап тамағын кенеді, — әй, қыз дегеннен басталған... Қайтсін енді, байғұс қой, байғұс... Мен елең ете қалдым: Сұңғат — анау-мынауды әңгіме көрмейтін жігіт. Қызметі де ұсақ-түйек емес: аудандық газеттің білдей редакторы. Ескі жолдас. Әйелінің ауруханада жатқанын айтып, самолеттен түскен бойда маған қонақ үйден орын сайлатты да, осында, асханаға шақырып әкелген беті.

— О не? Айт, қызық па? — деп елпілдедім мен, туған ауылына жақындаған сайын ұшқалақтана беретін белгілі бала мінез-бен, — бірдеңе болған ғой, шамасы. Қызық болса...

— Қайдан қызық болсын! Сендер осы елге екі-үш жылда бір соққанда қызық іздеп келесіңдер ме? Қызық... қызық. Қызық емес, қасірет бұл, трагедия! Білдің бе, тра-ге-ди-я! — Сұңғат реніш білдіреді.

— Мейлің ендеше. Өзің біл! — Сұңғат алдындағы асын жартылап жеді де, бетіме қарап күліп жіберді. Қолын сүртіп, тәрелкесін ысырып қойды.

— Былтыр күзде... ол енді ұзақ әңгіме... Дәл осы жерге біреу келді. Ол отыра бергенде шегесі босап қиюы қашқан ағаш орындық ойбайлап қоя берді. Айналасына алара бір қарады, бірақ ешкімге көзі түскен жоқ. Столды жұдырығымен түйіп қап, қарлыға айқайлады:

— Бұл елдің асы қайда? Мен онда да әйелді ауруханаға салып қойғам.

— Анау столда, — Сұңғат ең шеткі столды мұрынымен көрсетті, — отырдым. Даяшы екі-үш тәрелкені бірден әкеп, жаңағы адамның алдына жайды. Қасық беруді ұмытып кетіпті. Қонақ, тағы айғай салды:

— Әй, қыз , қасық әкел! Өй... — деп түсініксіз бірдеңе айтты. Неге екенін білмеймін, мына қыз соған қатты шамданды. Жалпы, әйел халқы ұрсысуға таптырмайтын халық қой, қонағының бурыл шашына, аса маңызды түр-келбетіне түкірген жоқ, боратып бақты. Қазіргідей емес, терісінің бір тарылып жүрген шағы болса керек, отағасыны омырып жеп барады. Қасық, аяқтың салдыры да көбейіп, асхананың іші ың-жың боп кетті.

— Фиадал! «Әй, қыз! Әй, қатын!» Жаман үйренген!

Міне, барлық шатақ осыдан шықты. Жаңағы күж-қара атып түрегелді. Көкірегі көріктей боп кеуіп, ыс-пыс етеді. Налығаны, қорланғаны сондай, жылап жіберер ме екен деп ем. Еркек қой, жыламады. Ыза, күйініштен сасып қалды. Жуан, мыртық саусақтары қалтырап, жөн жоқ, жосық жоқ, айналасын, үсті-басын қармайды: ілінер ештеңе таппайды. Бір мезгілде өз көкірегін өзі дүңк еткізіп түртіп кеп қалды:

— Мен... мен пиадал ма? Мен пиадал екемін ғой, солай, а?! Бұрын нағып байқамағансыңдар, а?! Мен... он жасымда соғысқам Сәбет үкіметі үшін! Халық үшін қан төккем мен! Ылғи көк мұрын! Оқыдық деп! Білеміз деп! «Пиадал!» Әй, қыз! «Жаман үйренген!» Иә, мен жаман үйрендім, Сәбет үкіметінің арқасында...

Бәкең (аты Бәйкен екен) күйіп-пісті. Сары күздің шуақты күндерінің бірі еді. Сары жапырақтар ойқы-шойқы алақандарымен әйнекті сипап-сипап алады. Комбензондарына саз-балшық, ақ кіс шашыраған екі-үш әйел, бір еркек кеп есік жақтағы ең шеткі столға дабырласа отырып жатыр. Екі даяшы, манағы күйі, бізге анда-санда бір қарап қойып әңгіме соғады.

— Әбед уақыты жаңа басталды ғой, — Сұңғат сағатына қарайды, — асықпа, шәй ішіп алайық. Қыздар, бір шәйнек шәй болса...

— Содан?

— Содан... қай жерге келіп едім, әлі... иә, Бәйкен ақсақал күйіп-пісті. Асханада ол күні де кісі көп болмайтын. Бәріміз жабылып күж-қараны әрең бастық. Біреулер: «Көргенсіз, әкеңдей кісінің бетінен алып», — деп қызға ұрсып жатты. Біреулер «Осы күнгі адамның жаны тырнағының ұшында тұрады-ау, оның несіне кейиді, содан пиадал бола ма», — деп күбірлесті. Бәкең сәл саябырлағанмен, басыла алмады. Ескі орындықты шиқылдатып олай бір, бұлай бір ауытқып, ойқанып тыншымады. Ақыры столды жұдырығымен тағы бір салып, атып тұрды:

— Мен... мені халық алдында масқара ғып. Әскарбит етіп... көрр-сетем мен сендерге!

Осыны айтты да, торсаңдап барып есіктен шықты. Сендер деп кімдерді мегзегенін түсіне алмай аң-таң қалдық. Даяшыларға шығар. Кеңсеге келсем, диванда Бәкең отыр. Менің де асханада болғанымды аңғармағаны бірден сезілді: ғұмырында бірінші көрген кісіше амандасты. Кіріп келгенімде диванда отырған күйі қопарыла қолын созды, тұрған жоқ. Сосын қалтасынан орамал алып терін сүртті. Сосын ентікті. Сосын бетіме қарап кешіре, еркелете жымиып алды. Сосын:

— Ал, бала, мені білетін шығарсың? Мен Бәкеңмін, яғни Байкең, сен жаңадан келдің ғой, осы ел біледі. Біз де халыққа еңбек қылған адамбыз? Іһімм... Іімм, — деді. Өз есімінің маған қалай әсер еткенін көру үшін бетіме қайта үңілді. Сыр бермедім. Білмеймін, естігенім жоқ деуге, өзінің атақ, даңқына шексіз сеніп үйренген шал адамды аядым ба, ұялдым ба, белгісіз, әйтеуір:

— Білем ғой, Бәке, — деп ыңғайына жығылдым, — бұл ауданда Сізді білмейтін ит бар дейсіз бе.

— Хһа-хһа-аһ-аһ, айтады екенсің өзің де! Бәсе-е-е!

Бәкең қатты риза болды. Ғұмырымда бірінші рет білем дегеніме мен қуандым. Бәкең маған қарап тағы қарқылдады.

— Хһа-хһа-хһа.

Сосын басын шайқап көзін уқалады.

— Қайда істейсіз, Бәке? Қазіргі жұмысыңыз не? — деп сұрадым.

— Істегенмін ғой, бала, мен істегенмін...

— Білем ғой, — білмесем де білетін сияқты болам, — қазіргі...

— Қазіргіні қайтесің. Жұмыстың не шұрайын қылғанбыз, бала. Несін сұрайсың. Пішен бригат, одан ушетшік, одан мелиция, одан басқарма, сәбет... Туһ! Әтте-ең, соңғы кезде оқыған-соқыған деп айтады бір кәйкі бастарды әкеп... шеттерінен есер. Сәбет үкіметін өздері орнатқандай ие бола қапты...

Мен Бәкеңнің қызмет істемейтін адам екенін сезе қойдым. Барынша жұмсарып, еппен, орағытып сұрақ бердім:

— Соңғы жұмысыңыздан қашан ауыстыңыз?

Алдымда үюлі жатқан нөмірдің материалдарын столдың шетіне ысырдым. Бүкіл өмір-тарихын баяндап болып, арызын сонсоң айтады ғой жұрт. Мына адамның да сөйтпей тынбайтынын біліп отырмын. Бәрібір айтатын болғасын, тезірек айтсын деген де баяғы. Сұрағымды естігенде Бәкең кіржің ете қалды.

— Қашан қалдың демейсің бе одан да!

— Мейлі, солай-ақ болсын, қашан қалдыңыз?

— Қай қалғанымды сұрайсың? Қызметтен бе, прездумнан ба? Қызметтен дейсің бе? Одан қалғаныма төрт жыл болды. Байқайсың ба, төрт жыл. Мен онда сәбет едім... әділдік жоқ қой, әділдік... Қайда барсаң, көретінің — заңсыздық... Қайда барсаң, әскәрбит етеді.

Бәкеңнің жүзінде жаңағы жылылықтың жұғыны жоқ. Сөйлеп, сөйлеп кеп бір тоқтайды, тоқтаған сайын жұтынады, жұтынған сайын қылғына түседі. Өңі шамның түтін шалған тұрбасы құсап қара күңгірттеніп бара жатыр. Аумақты көзінің ақ еті екінді бұлтындай шарпылып, албырай жанады. Оң жақ ұртындағы бармақтай қара сүйел түйенің құлағынан жаңа ғана суырып алған тас кене тәрізді, көк сұрланып, тырсылдай көрінеді. Бәйкен баяғыдан, сол төрт жылдан бергі көрген «заңсыздығын» айтып тауыса алар емес. Ағытып отыр. Төрт кластық білімі бар Бәкең кезінде қыруар жұмыс атқарыпты. Отызыншы жылдары «Еңбекші» тозы алғаш құрылғанда соны басқарады. Кейін біреулердің «заңсыз», «әділетсіз» әрекеттерінен пішен бригадке түседі. Соғыс жылдарында қайта көтеріліп, Дыңғызыл советіне қарасты Ворошилов атындағы колхозға басқарма боп тағайын-далады. Одан кейін милиция, сәбет... қойшы, әйтеуір, істемегені жоқ. Осыдан төрт жыл бұрын пенсияға шығарылыпты Бәйкен айтқан көп сөзден, көп «заңсыздықтан» менің ұққаным осы болды. Оның пікірінше, бір кезде өзі істеген орында отырған адамдардың бәрі бұзық, арам, жүлік, ақылсыз, «заңсыз» адамдар. Шетінен көз бояушы, парақор, жағымпаз, жауыз, пайдакүнем. Қоғамның соқыр ішегі іспетті, бөлек, иір, артық бұлтық.

— Бәлкім, бәрі болмағанмен, кейбіреуі рас та шығар, — деймін мен, — оны тексеру керек қой?!

— Ә-әй, сендердің осыларың-ай, — Сұңғат қабағын жиырып, таңдайын қағады, — кейбіреуі рас шығар. Ал рас! Рас болса қайтеміз?! Шын ал. Бірақ сол шындықта ешқандай эфект... Кім тыңдайды оны? Айтып, жазып отырған Бәйкен. Соңғы төрт жыл ішінде ол арыз түсірмеген мекеме қалды ма? Арызқойдың аты — арызқой. Домалақ арыз. Әй, сендердің осыларың-ай. Арыз бір жазса — арыз; екі жазса — арыз. Үшіншіде алдына «домалақ» деген эпитет қосылады. Сонсоң-ақ бітті емес пе шаруасы?! Оның арызы сондай. Жылқы фермасының меңгерушісі сауынға бие бермейді. Бәкең сол үшін төрт-бес парақ арыз жазады. Және арызын ылғи үш жана ғып қолмен (қырда машинка жоқ) көшіреді: бірін сол, бие бермеген колхоздың председателіне, екіншісін парткомына, үшіншісін, баяғы соры қайнаған аудандық газеттің редакциясына жолдайды. Уфф! — Сұңғат алақанымен маңдайын сүртеді. —...Мен, өзің білесің, Махамбеттен ауыстым ғой. Теңіздің редакторы Махамбетке, менің орыныма барда да, оның орынына мен келдім. Газетшіден, басқа қалмаса да, қағаз қалады ғой, менің әріптесім де біраз папке мұра қалдырған екен. Ішінде бір папкеге бірден ден қойдым. Ол шағын қоңыр папке-ді. Сыртында, шетіне ала үлкен әріптермен бір ұқыпты қол Бәйкен-папке деп жазыпты да, сол екі сөздің әр әрпін көкесінің көз құны қалғандай бояп, астын рельсше иретілдіріп екі сызыпты. Мен Бәкеңмен әңгімелесе отырып, осының бәрін бір-бірлеп есіме келтірдім. Бәкең осының бәрін газетіңе бас, әшкереле, масқарала дейді. Асханадағы қыздың үстінен тағы бір арыз жазып әкеліпті. Қай уақытта жазғанын білмеймін, бес парақ дәптердің екі жағы бірдей. Сонымен екеуіміз бір жарым сағат сөйлесіп, ақыры, ренжісіп айрылыстық.

— Сен газет жазатын адамсың, партияның оң көзі болуың керек, — дейді маған.

— Ал болдық. Сонда қайтеміз?

— Жоқ, сен болған жоқсың.

— Оны немен дәлелдейсіз?

— Еңбекшінің жалбысына немқұрайды қарайды екенсің.

— Ақсақал айтарыңыз осы болса, түсіндім, рұқсат, бара беріңіз.

— Әлі сөйлесерміз.

— Иә, тиісті орында... — дедім мен қартты ептеп сескентем бе деген оймен. Бәйкен бетіме зәрлене бір қарады да, торсаңдап барып есікті аржағынан жапты. Мен айтқан «тиісті орынға» — аудандық партия комитетіне, шамасы бұрынырақ қимылдайын дегені болар, менің үстімнен сол күні арыз түсіріпті. Келгелі екі адамды қызметтен шығарып, үш қызметкерге қатаң сөгіс жариялап едім, соған шейін біліп, тізіп үлгеріпті. Қойшы, әйтеуір, не басыңды ауыртайын, содан бері Бәйкен-пәпке үшеу болды. Пәпкелер күннен-күнге өсіп келеді, қалыңдап келеді. Парт-контрольдың адамдары қызметімді тексерді. Райкомда да әңгіме болды. Бірақ жұмысым дұрыс. Барымша адал атқарып, жатырмын. Уфф!

— Сонда не керек екен о кісіге? — Сұңғат қолын бір сілтеп күрсініп қояды.

— Не керек дерің бар ма. Талай жыл әкім болған адам, жұрт Бәке, Бәке деп әбден елеп, елпілдеп үйреткен. «Отардағының орыны» ашиды да. Әйтпесе шаруа күйі жақсы. Не жетпейді? Биліктен басқа? Кісіні қызметіне қарап құрметтеуге дағдыланған обывательдер енді Бәйкеңді қайтсін.. Қиын ғой...

— Қызық екен, — деймін мен.

— Қызық! Қызық! — Сұңғат мұны әдейі қайталап, кекей, жирене айтады, сонсоң бір танауынан ғана мырс етіп күледі. Онысы, қолында мұрын орамалы болса, сіңбіріп отыр екен дерлік. — Көрер ме еді өзін?

— Көрсең көрерсің, асықпа! Жоғарғы жақтан келіп жатқан журналист бар дегенді естісе, өзі-ақ табар сені.

— Әй, қыз, ақшаңды ал!

Терезе көзінде сары жапырақтар арбаң қағады. Даяшы манағыдан да гөрі бейілдірек жылжып кеп, есебін айырды. «Колхозшылар үйі» атанатын шағын қонақ үйіне кіре бергенімде есік алдында отыратын әйел мені біреудің күтіп отырғанын айтты. Мен бөлмеме кірерімді де, кірмесімді де білмей тұрып қалдым...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама