Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Аялы алақан

«Социалистік Қазақстан» газетінің Қостанай облысындағы тілшісі болып бір жыл жұмыс істегенде. газет үшін хабар-ошар, очерктерден басқа бітірген шаруам — «Табылған теңіз» атты повесть жаздым. Оным «Арқалық» деген атпен Қостанай облыстық газетінде біршама жарияланды.

Кейін Алматыға келген соң соны машинкаға кайта бастырып, Жазушылар одағына барайын. Әбу аға Сәрсенбаев консультант екен. Сәлемдесіп, қолжазбаны сол кісіге тапсырдым.

Араға біршама уақыт салып, алдына қайта барып едім, қолымды үн - түнсіз алып, орнынан тұрды. Бір түрлі кемсендеген сияқты. Күдіктеніп қалдым. «Жаратпаған екен-ау» дедім.

Сөйтсем, мойнымнан құшақтап тұрып, арқамнан қақты дерсің.

Сен жай журналист пе десем, жазушы екенсің ғой. Әдебиетімізге жаңа бір жас талант келді, соған қуандым, — десін Әбекем.

Көп ұзамай сол повесть Әбдіжәміл Нұрпейісовтың илеуінен өтіп, «Жұлдыз» журналында басылды.

Арада талай жылдар өтті. Мен «Қазақ әдебиеті» газетінің, бас редакторымын. Кабинетке Әбу аға келді.

— Астрахан облысына жүріп бара жатырмын. Саған материал .ала келемін. Басасың ғой?

— Жақсы болса, басамыз.

Уәдесінде тұрды. Алып келді.

Астрахан облысында қазақтар кеп екен. Қарны ток, көйлегі көк. Бірақ қазақша мектеп, театр жоқ. Бұл үлкен мәселе. Өзі Ресейге қарайтын облыс. Құрманғазының бейіті сонда. Басындағы белгі жұпыны. Тамағы ток болғанмен ұлттық рухани азығы жоқ болса, ол қазақ қайда барады?

Әбу Сәрсенбаев осыны аса бір жанашырлықпен, жан күйзеліп аяушылықпен жазған екен.

Жақсылап жарияладық.

Содан соң Қазақстаннан тысқары жүрген ағайын арасындағы жансыз тамырға қан жүгіре бастады. Мектептер ашылып, бұл жақтан ол жаққа қазақша оқулықтар, әдебиет, кітаптар жіберілді.

Осыдан екі жыл бұрын Астрахан облысындағы Алтынжар деген жерде ұлы Құрманғазының басына ақ ордадай күмбез тұрғызылып, ол орасан жиын-той ретінде салтанатпен ашылды.

Ашылуына мен де қатыстым. Сонда Әбу ағаны еске алдым.

Отанды, ұлтты, әдебиетті, оның болашағын сүю үшін көп айқайдың керегі жоқ. Әбекеңдікіндей тынымсыз, жанашыр, табанды әрекет керек.

Қазір көзі тірі жүрген ақын-жазушыларда Әбу Сәрсенбайұлы маңдайынан сүйіп, басынан сипамағаны кемде-кем.

«Жақсы адам қартайса — қазына» деген осы. Тоқсаннан асып көз жұмған Әбекем қазына еді.

1999 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама