- 15 қыр. 2015 00:00
- 232
Айдаһар қатын
Бұрынғы заманда араб жұртында керуен басы Байбатыр деген жаһан кезуші бір адам бар еді. Оның пайда үшін дүниеде бармаған жері жоқ еді. Бір күні болғанда, Байбатыр тағы керуен басы болып, өз шаһарынан бөтен шаһарға бармақ үшін мың түйе, жүз жолдасымен аттанып кетті. Неше күндер бойы жол жүріп келе жатса, бұлар келіп бір шаһардың үстінен шығады. Бұлар жанына қонып шаһардың ішін қараса, ішінен бір адам табылмайды. Біраздан соң бұлардың алдынан бір сұлу қыз шығып, жылап, сырын баян етіп, бастан кешкенін айтады.
— Бұл шаһардың патшасының қызы едім. Бұл қаладағы адамымызды, малымызды бір айдаһар жұтып қойды. Бір жаман үйге жасырынып, жалғыз өзім қалдым. Мен сізге тиемін, осы шаһардағы алтын-күмісті сіз қажетіңізге жаратыңыз, сөйтіп, сіз осында патша болып тұрыңыз, – дейді. Керуен басы қызды көріп қызығып: «Бұл шаһарға патша болып тұрайын. Мен тұрсам, көп халықты жинап аламын», – дейді. Қыздың айтуы бойынша неке қиып, осы шаһарда тұрақталады. Бұл тұрған соң шаһарға адам жиыла бастайды, тек молда көбейіп кетеді.
Арада бір жыл өткен соң, керуен басының жолдастары айтады:
— Сізге не болды, қатты жүдеп кеттіңіз?
Керуен басы айтты: «Өзім де жүдегенімді білемін, бірақ не қыларымды білмеймін».
Патшаға жолдастары айтады: «Осы қатыныңызды сіз түнде аңдып жатыңыз. Қайда кетер екен?»
Патша жолдастарының айтуы бойынша түнде өтірік ұйықтаған болып жатады. Қатын хан ұйықтады деп, ақырын сыпырылып далаға шығып, жанында бір ну қара ағаш бар еді, қатын соған барып кірді. Ол ағаштың әрбіреуінің биіктігі қырық құлаш еді. Қатын басына шығып, айдаһар болып ысқырады, көктен жаңбыр жаудырып, тілін жерге салып жібергенде, қырық құлаш мұнарадан тілі жарты құлаштай жерге тимей тұрды. Хан артынан шығып қарап тұрды, мұны көріп ханның жаны қорқып кетті де үйіндегі төсегіне кеп жатады. Бір уақытта қатыны келді бұ да келіп төсекке жатты. Хан қатынының айдаһар екенін біліп, қорқып жатты. Сонда қатыны сұрады: «Сен неғып жатырсың?» Патша айтты: «Өз-өзімнен тоңып жатырмын». Сөйтіп жатып таң атады. Патша тұрып жолдастарына айтады: «Енді бұдан қалай құтыламыз?» – дейді. Жолдастары: «Бұған бір темір үй жасатыңыз есігі жабылса, ашылмайтын қылып, сіз қатынды алдап, соған кіргізіңіз де есікті жауып жіберіңіз. Қатын темір үйдің ішінде қалады, сонда құтыларсыз. Ондай қылып құтылмасаңыз, тез арада бізді жұтар, бізден басқа да екі жұртты жұтқан екен», – дейді.
Хан уәзірінің айтуы бойынша, бір темір үй жасатты, есігі жабылса, ашылмайтұғын етіп, үйді салып болған соң, қатынына айтты: «Жүр, менің жаңа салдырған үйімді көр, жау келіп, басыма қиын-қыстау іс түскенде жататын үйім», – деді. Қатын үйге алдымен кіріп кетеді. Хан артында қалып, есікті жауып жібереді. Жабылған есік ашылмайды, от жағып, темір үйді қыздырады, қатын сол үйдің ішінде отқа жанып өледі.
Керуен басы шаһардағы алтын-күміс, қазынаны алып, мал, мүлікті алып, өз шаһарына елімен көшіп келеді. Аман-есен әйелімен қосылады, ақырында мұратына жетеді.