Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Әйел махаббаты

 — Иә… шын сүйе алатын тек әйел ғана.

Мопассан. «Орындық тоқушы әйел».

— Құдай-ау, біз көріспегелі он шақты жылдан асып кетіпті ғой!

— Иә, Бәтимаш, ол кезде біз қыз едік… Бес биенің сабасындай толық, етжеңді келген қара торы әйел Бәтима өзінің бір кезде қыз болғанына шынымен таңырқай сәл аңырып қалды да, диванда шалқайып жатқан күйінде, сағынып көріскен досы Зияны құшағына қыса түсті.

«Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген осы екен-ау, қазіргі түріміз мынау, — деп қойды.

— Сені айтпаймын, — деді аздан соң Зияға күле қарап, бойың өсіп, бет бейнең ашаңданып, денең толысыңқырағаны болмаса, сол уылжыған қалпың, әлі кыздан арықсың. Мектепте жоғарғы кластарда оқып жүргенде өзімізді бойжеткен санаушы едік, бала екенбіз онда. Студенттік жылдар ғой, шын дәурен сүрген кезіміз. Бір қалада оқымағанымызды айтсаңшы… Сенімен бірге осы Алматыға келмегеніме әлі өкінем.

— Онда Бәкеңе кездеспейтін едің ғой, — деді Зия ойнақылана.

— Солай екен-ау. Бірақ Бәкең болмаса Сәкең кездеспес пе еді?

— Кім дейсің?

— Сәкең… Әйтеуір біреу дегенім ғой.

Аз үнсіздіктен соң:

— Қалжың ғой бәрі де, — деп қосып қойды Бәтима ақталған түрімен.

Мектепте он жыл бойы бірге оқып, құлын-тайдай бірге ойнап, бірге өскен құрбылар енді он екі жыл өткен соң бір-ақ кездесіп, осы азғана уақыт ішінде соншама өзгергендеріне іштей таң қалысып, бірінен-бірі көз айыра алмай ұзақ отырды. Кеше ғана тұлымдары желбіреген қыз еді-ау екеуі де. Енді міне…

Құшақтасып, күлісіп, біраз мауқын басқан соң екі әйел үй, тұрмыс, тіршілік жайын сөз етіп кетті. Екеуден-екеу отырып қою шайды тартып алған соң әңгіме тіпті қыза түсті. Таусылар емес.

— Зия, — деді бір кезде Бәтима кенеттен, көптен көкейінде жүрген сұрағы есіне жаңа түсіп, — осы сен күйеуіңнен неге айырылыстың? Қанша сұрасам да хаттарыңнан ештеңе біле алмадым. Анығын айтшы?

Зияның жүзіндегі күлкі лезде тарады да, бет пішіні ойлы, қамырықты қалыпқа ауысты.

— Мінезіміз үйлеспеді, — деді көзін бір нүктеден алмаған күйі. — Келісе алмадық.

— Тағы соныңда айттың. Түсінбедім сені. Естуімше, ол соншама атақты адам болса да, жібектей есілген биязы, үлкенді аға, кішіні іні деп тұратын мейірбан жан көрінеді. Білетіндердің бәрі солай дейді. Ал сен тіпті бала кезіңнің өзінде аса ұстамды едің. Тұрмыстарың да жаман болған жоқ. Сонда неменеге келісе алмадыңдар?

— Келіспедік, — деді Зия Бәтима айтқан сөздерді естімегендей, қимылсыз күйінде.

— Той қарсаңындағы хаттарың менде әлі сақтаулы, не деп жазып едің сонда! «Өмірлік серігім болатын адамға кездестім! Бақытымды таптым!» деп…

— Бәтима, — деді Зия жалынғандай дауыспен. — Мені тағы азаптағың келіп отыр ма? Сенен неше рет сұрадым, осыны сөз қылмай-ақ қояйық деп…

Сағынып кездескен құрбысынан мұндай ренішті сөз күтпеген Бәтима тосылып қалды.

— Өзгергеніміз ғой, — деді аздан соң жәбірленген кейіппен. — Сыр жасырушы ма едік бұрын… Бірақ менің анық білетінім — сен оны әлі ұмытқан жоқсың. Ұмыта алмайсың…

— Кімді? — Зия селт етіп Бәтиманың аузына қарады.

— Кімді болушы еді, Арыстанды-дағы. Сол кісіні жамандаған бір адам көргем жоқ. Өзі де құдай берген жігіт қой, жұлдызы жанып-ақ тұр. Бұл — бастағаны ғана, әлі жас, отыздың ішіне жаңа енді. Доктор… профессор! Не керек, Зия, бақытыңды басқа тептің.

— Бақытымды… — Зия ауыр күрсініп алды. — Бақытымды басқа тептім ғой шынында да…

— Құдай маңдайыңа жазған қосағың емес пе еді Арыстан!

— Туу, Бәтимаш-ай, тағы да Арыстаныңды әкелдің бе!

— Зия денесін суық қарығандай, құшақтасқан қолын жазып, Бәтимадан алшақтаңқырап отырды. — Сенің маңдайыңа жазылған Арыстан еді дедің бе? Айтайын енді.

Ал тыңда, кім екен…

Мен өмірімде ондай адамды көрген емеспін. Ол ешкімге де ұқсамайтын. Толқынды, қалың қара шашін шалқасынан қайырып қоятын. Желкесіне дейін жететін, арты көтеріліп, күдірейіңкіреп тұратын, онысы өзіне ерекше өң беретін. Ол сұлу емес еді, бірақ сымбатты-тын. Аяғын салмақпен басып, жайымен, ойланып жүріп келе жатқанда жұрттың бәрінен еңселі көрінетін.

Оның көзі… Сен сондай көзді көргенің бар ма? Тыныш жатқан, терең қарасулар болады ғой, соған ұқсас еді, тіпті теңеу таба алмаймын. Күлмейтін, үнемі бір қалыпта, тұңғиық, селт етпеген күйінде тұратын да қоятын. Мен кейде Короленконың соқыр музыкантының көзіне ұқсататынмын. Біздің қыздардың бірі оның көзі өлген адамның көзіндей деп еді.

Рас, кейде жанарынан жылт еткен от көрініп қалатын. Онысы ерекше көңілденген кездерінде болушы еді. Әйткенмен бұрынғы қалпына тез түсетін. Оның көзі неге сондай болды екен деп жиі ойлаймын, әлде бақытсыздығынан ба, әлде ой үстінде жүргендіктен бе…

Ол консерваторияда оқитын.

Институтымыздағы көркемөнерпаздар үйірмесін басқарушы төсек тартып жатып қалыпты да, уақытша соның орнына келіпті.

«Аты Төлеген екен, Жібегін іздеп жүрген көрінеді», — деп күлісті алғашқыда қыздар.

Ол композитор еді.

Жүрек толқытар сырлы әндері ауыздан-ауызға көшіп жаңа тарай бастаған кезі. Атағы шықпаған, бірақ әнін естіген, өзін білетін адамдар тегіс оның болашағынан үлкен үміт күтетін.

Жүріс-тұрысымен, сөйлеген сөзімен Төлеген қыздардың бәрін де баурап алды. Алғашқы күні ілме сөз, қақпа қалжыңдар жайына қалды. Орынсыз бірдеңе айтып қоймайық деп ойлана, имене сөйлейміз. Қыздардың әрқайсысы-ақ Жібек болғысы келеді. Маған да ұнады Төлеген. Бірақ менде әйелдің, әлі өмірді білмейтін, әлі ләззаттың дәмін татпаған парықсыз әйелдің такаппарлығы бар еді. Кезекті репетициядан тараған соң қыздардың бәрі у-шу болып ананы-мынаны айтысып жатқанда мен сөздеріне көп араласпай, әрнені қиялдап, өзімнен-өзім отырамын. Төлегеннің көзі маған алғашқы күні-ақ түсті. Мен аңғармаған, аңғарсам да елемеген қалып таныттым.

Өзің білесің, менің біраз даусым болатын. Бізде жақсы әнші қыздар да бар еді. Кейбіреулері радиодан да айтатын. Әйткенмен Төлеген басқалардан гөрі маған көбірек ілтифат білдірді. Мен ән салғанда аузыма қарайтын да қалатын. Аздан соң мұны біздің қыздардың бәрі де байқады. Сондықтан мен Төлеген масаттанбасын деп, оның әндерін оншама ұнатпайтын сияқтандым, ал басқа қыздар үйде ауыздарынан тастамайды, — өз жазғаныңды өзің қайта-қайта тыңдағаннан асқан азап жоқ деп Төлеген өз әндерін айтқызбайтын, — бірақ кейде ыңылдап қосылып кеткенімді аңғармай қалушы едім.

Бір күні Төлеген жаңадан шығарған әнін үйретті. Ән бәрімізге де ұнады, ал мен оның сөзі мен сазына елітіп мас болғандай едім. Жігіт ғашығына өзінің жүрек сырын ашатын. Қызғаныш деген сезімнің дәмін алғаш сол жерде таттым. «Сірә, Төлеген бұл әнді сүйген қызына арнаған болар», деп ойладым. Төлеген: «осы әнді сіз орындамайсыз ба?» дегенде қуанғаннан не істерге білмедім. Өзімнің сертімді ұмытып та кетіппін. Сол кезде мен шын бақытты екем, Бәтимәш! Бірақ адам бақыттың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі дейді ғой, бақ қонғанын мен де білмеппін.

Келесі репетицияда Төлегеннің әнін жеке өзім айттым. Сөзі мен әуеніне беріліп кеттім білем, ән салып тұрғанда ештеңені көргем жоқ. Тек соңын қайырғанда ғана Төлегенге көзім түсті. Маған қадала қарап қалыпты. Бетіне адам көз тоқтата алмастай еді.

Сол күні киноға шақырды.

Қайтар жолда ұзағырақ жүріп қалыппыз. Түн де тамаша еді. Жапалақтап қар жауып тұрды. Жер де аппақ, көк те аппақ. Анда-санда, үстіне қонған қар салмағын көтере алмай күтір етіп сынған бұтақ дауысы естіледі. Екеуіміздің қалайша тез ұнасып кеткенімізді білмеймін. Қол ұстасқан қалпымыз ақша қарды жалдап, мүлгіп жатқан көшелерді бойлай көп жүрдік. Сөйлескеміз жоқ, құр жүрдік те қойдық. Жауып тұрған кіршіксіз таза қармен қала оттары шағылысып, аспан самаладай жарық. Жоғарыға қарасаң қалбалақтап келе жатқан ұлпа, ірі қар түйіршіктері көрінеді.

Кенет Төлегенге еркелегім келіп кетті.

«Қарап тұр, — деймін, «сенге» көшіп алғанымды өзім де аңғармай, — мен қазір ана бір түсіп келе жатқан қарды қағып алам!»

«Қайсысын?» — дейді Төлеген. Жауып тұрған қар түйіршіктерінде сан жоқ. Қайсысын екенін өзім де білмеймін, бірақ:

«Әне біреуін» — деймін көкке қолымды созып. Сүйдеймін де алақанымды жайып тұрам. Менің қолыма жаңа бір түйіршік түссе балаша екеуіміз де мәз боламыз.

«Үстіңді қара, аппақ» — дейді Төлеген бір кезде. Қарасам, палтомның омырауын, иығын ұлпа аппақ қар қаптап алған, Төлегеннің үсті-басы да сондай.

«Тоңған жоқсың ба?»

«Жоқ», — деймін.

Төлеген менің бір жерімді ауыртып алмайын дегендей үстімдегі қарды жайлап, сипай қағады. Қолының жылуын бүкіл денем сезінгендей. Мен де оның иығындағы қарды түсірем. Сөйтіп тұрғанда кенет Төлеген мені қатты құшақтап алды да…

Зия сол сәтті басынан жаңа ғана өткізгендей ерні балбырап, көзі күлімдеп аз отырды да:

— Бәтима, — деді құрбысының иығына қолын салып, — алғаш сүйіскенің есіңде ме, ең алғашқысы?

— Кіммен, Бекеңмен бе?

— Жалпы дегенім ғой… Бекеңмен болса да.

— Қанша жыл өтті содан бері, қайсы бір қызықтар есте қалды дейсің.

— Немене, Бекеңе дейін болып па еді біреуің?

— Бекеңе төртінші курста кездестім ғой. Оған дейін қай қыз сау жүруші еді. Өйтіп-бүйтіп долбарлап ретін келтірді ғой Бекең де. Сол жас сыптай жігіт кезінде қазіргісінен де ебедейсіз еді сорлы. Өзін онша ұната да қойғам жоқ, әйтеуір біреумен бас қосу керек болған соң… Қазіргі кезде махаббат дегеннің өзі… Қозы мен Баянның заманы өтіп кетті ғой. Бірақ Бекеңді кейін қалай жақсы көріп кеткеніме таң қалам. Енді сол малтабарымды ешкімге айырбастамас едім.

— Балаларың да…

— Е, кімде бала жоқ дейсің. Оларды қойшы. Бекең менің жүрегімді балалары арқылы емес, өзінің көнбістігімен жаулап алды ғой. Әлі күнге сол күйінде, тұр десем тұрады, жүр десем жүреді. Суретін көрдің ғой. Қазіргіден сидалау келгені болмаса, жігіт кезінде де нағыз маубастың өзі еді. Ал сенің Төлегенің просто молодец екен. Қызды алғаш киноға шақырған күні сүйіп алу деген…

— Бұл біздің соңғы сүйісуіміз еді, — деді Зия әңгімесін қайта жалғап, — алғашқы және ең соңғы. Оның демі оттай ыстық еді, ал ерні… мені өртеп жібере жаздады. Буындарым босап, еріп бара жаттым. Сол сәтте Төлегеннің өзі қыса құшақтап тұрмаған болса құлап қалар едім деймін. Кейін, Арыстанмен бірге жүрген кездерімде мұндай ләззаттың дәмін де татқан емеспін. Бірақ өзімді өзім алдап, оны сүйем деп жүре бердім. Кейде шын солай сияқты көрінетін де. Арыстан ол кезде аспирант еді, ал Төлеген…

Төлеген тағы сүймек болғанда бір-ақ жидым есімді. Өзіме оны қаншама жақындатып алғанымды тез аңғардым. «Масқара-ай, таныспай жатып… ақындар, өнер адамдарының бәрі жүргіш келеді дейтін, әрине, мен мұның алғашқы қызы емеспін. Сол көп қыздың біріндей етіп мені де тастап кетеді». Басыма жалт етіп келген ой осы болды. Сол сәтте мен дөрекілеу бір қимыл көрсеттім. Төлегенді кеудесінен итеріп жібердім білем, әйтеуір сытылып шықтым…

Содан бастап өзім де әлі күнге дейін анық түсін-бейтін бір іс басталды. Төлеген күнара, кейде тіпті араға күн салмай келеді. Мен көбіне шықпаймын. «Уақытым жоқ» деймін, жалғыз-ақ ауыз сөз. Ал Төлеген мұңайып тұрып-тұрып кетіп қалған соң бөлмеге келем де төсекте жатып алып оны ойлаймын: «Жаңа шықсам ғой, қазір қол ұстасып анадағыдай жүретін едік, мүмкін тағы да…» Сол сәттің қайталануын аңсаймын, жан-тәніммен беріле аңсаймын.

Бірақ неге екенін білмеймін, үнемі өз сезіміме қарсы әрекет етіп отырдым. Кейде шығушы ем. Киноға, не театрға барамыз. Ондайда сыртта ұзақ қалмауға тырысам. Төлегенді бойыма жуықтатпаймын, тіпті қол ұстасып та жүрмейтін болдық. Үнемі көкейімдегі сөздерді емес, басқа бірдеңе айтам. Ол — әңгімеге мүлде қатыссыз болып шығады.

Төлеген менімен сырласып, әңгімелескісі келуші еді. Өзінің армандарын, ойларын айтатын.

«Консерваторияны бітірем, — дейтін ол, — содан соң сен де мединститутты бітіресің…»

Ештеңе аңғармағандай ары қарай іліп әкетем:

«…Содан соң мен өзіміздің ауылға қайтам, ал сіздер атақ, даңқ алу үшін Алматыда қала бересіздер…»

«…Атақтың да, даңқтың да керегі жоқ, — дейтін ол менің бұл жолы да әңгімені басқа жаққа бұрып жібергенімді байқаған соң мұңайып, — шын мәнісінде құнды шығармалар жазсам болғаны; ал мен көп жазам, және тек жақсы туындылар ғана. Концерттер ме, симфониялар да, опера да, балет те…қазіргілерімнің бәрі жаттығу. Көп іс, өте көп іс тындырар едім, тек… сен менімен бірге болсаң…»

Ол арманшыл еді. Тіпті көп армандайтын. Кейде шалқып кететін. «Мен мықтымын, — дейтін. — Бәрінен де күштімін. Әлі көрерсің, бәрін де ұрып жығам». «Мақтаншақ!» — деймін мен іштей. Ал кейде өнер жолының қиындығын әңгімелейтін. «Әй, осы менен ештеңе шықпас» деп те қоятын. Қазіргі музыка жайлы ойларын айтатын, кейде тіпті тым алысқа сілтеп, маған мүлде бейтаныс қай-қайдағы бір композиторлар жөнінде хикаялап кететін. Мұның бәрі мен үшін тым қызықсыз, іш пыстырар нәрселер еді. Ал ол табиғатында сөзге сараң болғанымен, бір шешілсе ұзаққа тартатын. Әрине, мұндайда менің көңілім басқа жақта жүреді.

Төлегеннің өзімді сүйетініне көзім анық жетті. Мен шексіз бақытты едім. Бірақ оған қанағаттанбадым. Төлегенді тағы да да қинай түскім келді, — бұл маған қызық еді. Сол кездерде оның қандай күйде жүргенін ойласамшы… Өзімнің мерейімнің үстемдігін сезінген соң менің тентектігім шектен шықты. Консерватория студенттерінің жатақханасы алыс. Қаланың шет жағында, «Атты әскер» көшесінде, — қазір басқаша аталса керек. Мен Төлегенді ұзағырақ ұстауға тырысамын. Көбіне әдейі істеймін. Транспорт тоқтап қалған кезде талай жаяу кетіп жүрді. Өстіп кеш қайтқан бір күні жатақханаға жақындаған жерде екі-үш бұзақы жабылып, бар киімін сыпырып әкетіпті. Өзін соққыға жығыпты. Әйтеуір тірі қалған. Осы жол оған қаншалық қымбатқа түскенін кейін ғана білдім. Ол тақыр жетім еді, әкесі де, шешесі де, туған-туысқандары да жоқ, ешкім қаражат жағынан, көмектеспейтін. Және о кезде жағдай қазіргідей емес. Ақша тауып киім алғанша ай бойы жолдастарының бірінің ескі пальтосы мен костюмін киіп жүріпті.

Осы уақыт ішінде маған бірер рет қана қатынады. Ұялған болуы керек, тіс жармады. Бар болғаны: “Бір үлкен дүние бастадым, бітіріп тастайтын едім, жағдай келіспей, созылыңқырап барады, уақыттан да таршылық көріп жүрмін” деді.

Арыстанмен сол Төлеген келмей жүрген шамада таныстым. Бұл екеуі дүниенің екі шеті сияқты еді. Біріне-бірі мүлде ұқсамайтын. Төлеген көркемөнерге табынса, Арыстан әдебиет, музыка дегендердің бәрін еріккеннің ермегі санайтын.

«Бұрын ғой, — дейтін ол, — біздің елімізде Толстой да болды, Тургенев те, Пушкин де, Чайковский де болды. Бірақ Россия артта қалған мешеу мемлекет еді. 1905 жылы жапондардан қалай жеңілгенімізді тарихтан оқыдың. Орыс армиясы мен флотын Толстой сақтап қала алмады, таза масқара болдық. Ал қазір ілгері дамыған ғылым мен техниканың арқасында Советтер Одағы дүние жүзіндегі ең қуатты, ең алдыңғы қатарлы державаға айналып отыр».

Маған Арыстанның батылдығы ұнады. Киіп-жарып жүретін. Және артық-ауыс сөз айтпайды. Қыз көңілін немен алдарқатуды біледі. Әйткенмен оны «сізден» беріге жақындатпадым. Мен Төлегенде қызғаныш сезімін тудырғым келді. Білсін дедім онсыз да өмір сүре алатынымды. Бір жексенбіге екеуін қатар шақырдым. Үнемі кешігіп жүретін Төлеген бұл жолы ерте келді. Арыстан біз есік алдына шыққан кезде бір-ақ жетті. Мен тіпті екеуін таныстырсам ба деген ойға кетіп тұр едім. Арыстан бөгет жасады.

«Кешіріңіз, — деді ол Төлегенге қарап гүр етіп, — бұл кісі бізбен бармақ еді». Сөйдеді де мені қолтықтап алып жүре берді. Төлегенге ызам келді. «Неге ол да өстіп алып кетпейді?»

Бұл ойынымның істі насырға шаптырғанын кейін білдім. Бір ай бойы Төлеген көрінбей кетті. «Үлкен дүниесін» аяқтай алмай жатқан болар» деген кекесінмен өзім іздеп бармадым. Ақыры бір күні одан хат алдым.

Зия диваннан тұрды да, жатын бөлмесіне барып бір көк конверт әкеп құрбысының қолына берді. Бәтима аузы ашық конверттің ішінен ескіріп сарғайыңқырған төрт бүктеулі қағазды алып жазды. Арасында бірнеше жерден сынған фото бар екен.

— Сол ма?

Бұл — Зияның өз суреті болып шықты. Сол жылдардағысы. Қалың қызғалдақ ортасында тұр, шашына да, омырауына да гүл қыстырған, қолында да гүл. Сәл еңкейіңкіреген, езуінде күлкі ойнайды. Өзі де гүл рәуішті.

Бәтима суретке қарап қалған еді.

— Бұл — өмір жолы қызыл гүлге толы сияқты көрінетін кездегі суретім ғой, — деді Зия естілер-естілмес.

— Қойсаңшы, қайғы түбіне бата бермей, бетіңе әжім түсіп отырған жоқ, жассың, сұлусың. Тек ден сау болсын, әлі қасқа мен жайсаңның талайына кездесесің.

— Білмеймін, — деді қабақтарының арасы қосылыңқырап, ойланып қалған Зия, — осы күйімде кетем демеймін, бірақ ол күндер оралу қайда. Енді мен үшін ең тәтті минуттар — өткенді қиялдаған сәттерім ғана болмақ. Жарайды, оқи ғой. Ішіңнен оқы, мен сенімен ілесіп отырам, — бұл хаттың әрбір үтіріне дейін жатқа білем.

«Зия!

Саламатпысың.

Осы сөзден кейін нүкте қойдым. Өйткені енді қайтып сенің даусыңды естімейтінімді жақсы білем. Мен кетіп барам.

Қатты соқтың ғой, не айтайын саған. Адам өз қолын өзі кесе ала ма. Саған ауыр сөз айтарлық дәрмен жоқ менде. Абайдың бәріміз де білетін бір өлеңінде қаншама тереңдік, қаншама сыр барын осы қазір ғана жүрегіммен сезінгендеймін.

…Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да.

Сорлы асық сарғайса да сағынса да,

Жар тайып жақсы сөзден жаңылса да,

Шыдайды риза болып жар ісіне,

Қорлық пен мазағына табынса да.

Мен адамның ең асыл, ең асқар сезімдерін музыка ғана толық жеткізіп бере алады деп ойлаушы ем. Әрине, сөз құдіретін білем, дегенмен де. Ал мына сөз…

Шыдайды риза болып жар ісіне…

Шыдадым ғой мен де. Бақытты едім, сол кездердің өзінде. Әншейін ғана сенің даусыңды естіп тұрудың өзі маған қаншама қуаныш әкелуші еді. Қорлық пен мазағыңды көріп жүрсем де сенің сол даусыңды ести бергім келетін. Бірақ амал бар ма… Осылай болуға тиіс шығар. Мен бұдан ары Алматыда қала алмадым.

Осы соңғы айлардың ішінде сүйеніш іздедім, — таппадым. Маңдайымнан сипайтын жан жоқ. Қайғы-қуанышымды бірге бөлісе ме деп едім сені. Ал сен мені қиыншылық көріп жүргенде жебеудің орнына жерледің.

Өтіп кетті ғой соңғы ісің. Дәл бұлай аяқтаймыз деп еш уақытта да ойлаған жоқ едім.

Сені алғаш көргенде-ақ арманым, аңсағаным өзің ғой деп ем. Сол ән саған арналған еді. Өз әнімді сенің аузыңнан естігенде төбем көкке жеткендей болып ем. Мен емес, сенің өзің шығарып, маған арнап айтып тұрғандай көріндің. Содан соң бір сәт бақыт құшқандай да болдым…

Бірақ…кеудемнен итеріп тастадың ғой…қолыңның дағы әлі тұр. Алайда саған өкпелеуге қақым бар ма… Кешір. Қазір ойлап отырсам сол кезде үлкен бейбастақтық жасаған екем. Кешір мені…

Мені ұнатпаған шығарсың. Әйткенмен сен тым қатаңдық жасадың. Мінезің қатты екен. Неткен қызсың! Мен сені жарым дер едім, жаным дер едім. Ал сен…тасбауыр екенсің. Ән де, менің жүрегімді жарып шыққан ән де жібітпеді-ау.

Бірақ…сезімнің шынымен-ақ соншама алдамшы болғаны ма?! Сен қаншама теріс мінез көрсетіп жүрсең де ішкі бір дауыс маған үнемі сыбырлап тұрушы еді. «Сен оған ұнайсың…ол сені сүйеді» деп. Мен көңіліме қатты сендім. Сенің көзіңнен, кейбір қимылдарыңнан маған деген жылы сезімнің ұшқынын аңғарып қалушы едім. Әлде солай болып қана көрінді ме? Солай болғаны ғой, әйтпесе бүйтер ме едің.

Қатты соқтың. Қорладың ғой. Қайтейін… Бірақ алдамшы сезім құрғыр көзі көріп тұрғанға әлі сенбейді, «Зия сені сүйеді» деп сыбырлайды. Дәл бүгін онысына сене алар емеспін, осы уақытқа дейін сеніп ем. Алдандым ғой. Жат біреудің құшағында кете бердің-ау…

Қош, сау бол. Сенің шексіз бақытты болуыңды тілеймін, одан басқа не келеді менің қолымнан. Қош, сау бол, жаным. Ақ тілегіммен тілеймін тағы да, бақытың тасысын.

Артық-ауыс кеткендерім болса кешірерсің, бәріміз де пендеміз ғой, әлсіздік жасаған шығармыз.

Төлеген.

15.V951».

Бәтима хатты оқып болған соң Зия әңгімесін жалғастырды.

— Менің басыма алғаш оралған ой «қайда кетеді, неге?» болды. Бір сұмдықтың келгенін білдім. Басым зеңгіп, айналып қоя берді. Трамвай аялдамасына жүгірдім. Әлі тұрмын. Трамвай жоқ. Енді такси ұстамақ болдым. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген ғой, такси де табылмады. Өтіп жатыр, өтіп жатыр, өтіп жатыр, бәрінде де кісі бар. Ақыры біреуі тоқтады-ау. Жол бойы шоферді асықтырумен болдым. Бұл да бір жайбасар екен, ештеңемен ісі жоқ, қалыпты жүрісімен тарта береді. «Бұдан жылдам жүруге тыйым салынған, — дейді, — авария жасауымыз мүмкін».

Консерваторияның жатақханасы қай жерде екенін шамалағанмен, Төлегеннің қай бөлмеде тұратынын білмейді екем. Енді кіріп-шығып жатқандардан сұрауға тура келді.

«Төлеген деген жігітті білмейсіз бе, — деп сұрадым қорапқа салынған флейтасын құшақтап, тық-тық басып келе жатқан әдемі қыздан, — қай бөлмеде екен?»

«Төлеген…Ол қазір мұнда тұрмайды ғой!»

«Енді қайда?»

«Ім-м, осы жақында оны…а-а, не… пәтерде болу керек… анығын білмеймін. Жетінші бөлмеге барыңыз, бірге оқитын балалары сонда жатады».

Бір қоңқақмұрын қаражігіт шықты.

«А… Төлеген кіміңіз еді?» — дейді ол менің сұрағыма жауап берудің орнына.

«Жай…танысым еді».

«Өте өкінішті, — дейді ол қолының сыртымен аузын көлегейлеп есінеп, — кешіктіңіз. Төлеген кеше кетіп қалды».

Төбемнен жай түскендей болды. Қоңқақмұрын жігіттің бұдан соңғы айтқан сөздерін естігем жоқ, үйге қалай келгенімді білмеймін.

Ертеңіне қайта бардым. Қайда кетті екен, адресін біліп хат жазбақпын. Жеткенше не айтатынымды да ойлап алдым. «Төлеген,— дермін деймін, — өзіңнен басқа ешкімім де жоқ. Сенсің менің қалғаным». Еркелей, наздана жазғым келеді. «Төлеш, неткен төзімсіз жігітсің, менің шалдуар қалжыңымды да көтере алмағаның ба? Қызғаншақ екенсің ғой. Кім ол сенің қасыңда! Дүниедегі барлық жігітке сені айырбастармын ба?!» Қайғыны ұмытып, бір сәт бақытқа қайта кенелдім.

Есік қаққанда кешегі қоңқақмұрын қара жігіт тағы шықты.

«А, — дейді ол, — алды-артыңызға қарамай тұра жөнеліп едіңіз, қайтып келдіңіз бе?»

«Төлеген қашан кетті?» — деп сұраймын.

«Алдыңғы күні», — дейді ол жайымен.

Осы кезде менде күмән туа қалды. «Әрине, Төлеген кеткен жоқ, оқуын тастап қайда барушы еді. Арманы емес пе еді композитор болу. Әзілдеп жазған ғой. Қазір осы бөлмеде отыруы да мүмкін. Мені сынайын деген шығар».

«Кеше кетті деп едіңіз ғой!»

Қоңқақмұрын жігіт сәл аңырап қалды да:

«А, — деді тағы, кеңсірігінен мырс етіп, — мен ол сөзді айтқаннан бері бір күн өтті емес пе?».

Арқамды ызғар қарып бара жатты. «Есімнен адасатын шығармын, — деп ойладым. — Кетті деп тұр емес пе, демек, кеткен…»

Әйткенмен, әлі де үміт бар еді.

«Кетсе қайда кетті?» — деп сұраймын.

«Бейхабармын, — дейді қоңқақмұрын жігіт міз бақпаған күйінде, — өзі де білмеді-ау деймін, қайда бет алғанын. Новосибирск жақтағы бір қазақ аулында ағайындарым тұрады дегенін естігенім бар. Жалпы, тұйық жігіт еді, ешкіммен сырласпайтын».

«Өте жақсы жігіт еді, деді менің бас-аяғымды көзімен шолып өтіп, — бірақ қиқарлау болатын, өз айтқанынан басқаға көнбейтін. Соңғы кездерде шырт етпе, ашуланғыш болып кетті. Дегенмен сөзге келісіп стипендиядан да алынып қалды. Қыс бойы қалай күн көргенін білмеймін, сірә, жексенбі күндері әр жерге барып қол жұмыс істеп ақша тауып жүрсе керек».

«Қабілетсіз жігіт емес еді, — дейді сәлден соң маған қадала қараған қалпы. — Тек жазғандары… былай… і-і… нелеу келеді. Ақыл, кеңес ретінде достық сын да айтып көрдік. Адам бір алжасса қайырылуы қиын ғой, көкке шапшып жерге түсті… тыңдамады. Ақыры соның түбіне жетті».

«Сонша сұрайтындай кіміңіз еді, — дейді, — жерлесіңіз бе?»

«Жоқ, — деймін, — жігітім.»

«Жігітіңіз бола тұра жайынан ештеңе білмегеніңіз қызық екен!»

Аздан соң:

«Бүгінгі кеш әдемі екен, — дейді, — кино көргіңіз келмей ме?»

Рахмет айтып кетіп отырудан басқа ештеңе қалған жоқ. Мен сөйтіп жоғалттым Төлегенді. Жоғалған нәрсе табылуы да ықтимал ғой, табам ба деген үмітте болдым. «Алматыға әйтеуір бір келер, сонда маған қалайша соқпай кетеді». Көшеде үнемі жан-жағыма қаранып жүремін. «Мүмкін кездесіп қалармыз». Кездеспеді. Бірде кітапханаға бара жатқанда автобус аялдамасындағы жұрт ішінен теріс қарап тұрған біреу жылушырап қоя берді. «Төлеген!» — деп ойладым. Дауыстап жібере жаздадым. Жүрегім лүп-лүп соғып, қан басыма шапшыды. Жақындап келіп қарасам, баяғы қоңқақмұрын жігіт екен.

Өстіп бір жыл өтті… Екі жыл өтті… Азаппен үшінші жыл тағы өтті. Осы үш жыл бойы Арыстан менің соңымнан қалмады. Әйткенмен оған жылы шырай берген емеспін. Енді маған келмеңіз, мен басқанікімін деп талай айттым. Міз бақпайды. Көбіне сөзді басқа жаққа аударып жібереді, немесе бәрін қалжыңға айналдырады. Өзінің жолдастары, лабораторияда бірге істейтін қыздар жайлы ананы-мынаны айтып біраз тұрған соң киноға сүйрейді. Қанша дегенмен мен де пендемін ғой, бірте-бірте жіби бастадым. Төлеген саған жоқ, оны ұмыт деп өзімді-өзім азғыратынды шығардым. Бірақ мұным үшін Төлеген мені қатты жазалады. Өзі жоқ болса да әндері соңымнан қалмады. Ара-тұра радиодан айтылатын. Ал жастар жағы аузынан тастамайды. Кештерде де, жиын тойларда да… Төлегеннің өзіме арнаған әнін естігенде не болып кеткенімді білмеуші едім. Өткен күндер көз алдыма келе қалатын. Қар жауса үйде отырмаймын. Жылы киініп алып сыртқа шығам да, баяғыда Төлеген екеуміз қыдырған жерлерге барып жалғыз өзім жүрем. Сол арман болған түнге ұқсас талай кешті өткіздім, бірақ қасымда Төлеген болған жоқ. Талай рет сол кезде Төлегенге еркелегенім есіме түсіп, аспаннан жауған қар түйіршіктеріне алақанымды тосып тұрдым, бірақ мені ешкім де құшақтап сүймеді.

Ақыры мен мединститутты бітіріп, іргедегі Жамбыл ауданына қызметке кеттім. Уақыт озған сайын Төлегенді кездестірем деген үмітім жіңішкере берген еді, енді үзілді. Бақытымды шынымен жоғалтқаныма көзім жетті. Адам неге болсын көндігеді екен, көндіктім. Көндікпегенде не істейсің…

Арыстан маған жексенбі сайын автобуспен келіп қайтатын. Ақыры мен Төлегенді ұмыттым деп өзімді өзім сендірдім. Аз уақытқа ұмытқандай болдым. Арыстанның құшағына құладым. Той аяғы тарқар-тарқамастан Арыстан кандидаттық диссертациясын қорғады да, Новосибирскіге ауыстық.

Арада төрт-бес жыл өтті. Күйеуге шыққаннан соң алғашқы айларда Төлегенді қайта ойлап жүрдім де, бірте-бірте ұмыттым. Шындап ұмыттым. Арыстан жас та болса атақ, абыройы зор, мәртебесі биік. Басына бақ, мансап үйірілген ғұлама шалдардың өзі оны жоғары бағалайтын. Жас деп әлпештейді, болашағы зор деп сыйлайды. Мұны мен де мақтан етемін. Тек араласып жүрген, дос-жар саналатын адамдардың бәрінің де Арыстанға ұқсастығы мезі қылған. Бұлардың көпшілігі дүние қызығынан бейхабар, есеп машиналарынан басқа ештеңеде шаруасы жоқ, өз ісіне берілген фанатик жандар-тын.

Арыстан екеуміз бақытты сияқты едік. Жұрт қалай тұрса, біз де солай тұрып жаттық. Адал жар болдым. Бір арманым сәби көру еді, тағдыр жазбаған екен. Әйткенмен, бұл — Арыстанның ойына кіріп шықпайтын. Төлеген сияқты оның да мен түсінбейтін мінезі көп еді. Бірақ бір ғажабы, нешеме жыл отассақ та, шүйіркелесіп, сырласып сөйлесе алмаймын. Бойында әлденендей дүлей күш бар сияқты, адамды езіп, жаныштап тұрады. Шынымды айтайын, мен одан қорқатын едім. Обалы нешік, екеуміз өте тату тұрдық. Шыныаяқ шылдырап көрген емес. Сөйтіп жүргенде бір күні…

Сен жындыхананы көргенің бар ма? Қаланың шет жағында тұратын клиенттеріме бара жатып қасынан өтіппін. Дүниеде мұндай сұмдық болады деп ойлаған да жоқ едім. Сыртқы ағаш дуалын жинап тастап, кірпіш қабырға қалағалы жатыр екен. Аула биік шойын шарбақпен қоршалған. Ар жағында адамнан гөрі тағы аңға көбірек ұқсас, үсті-бастары алба-жұлба кісілер жүр. Біреулері отыр, біреулері киімдерін сыпырып тастап, тақыр жерде күнге қыздырынып жатыр. Көбі беталды ыржалақтап, өздерімен өздері болып жүр. Екі-үшеуі мені көріп атам заманғы частушкаларды айта бастады. Менің зәрем ұшып кеткен-ді. Осы араға жақындамай, айналып жүретін болғам. Бірақ көп ұзамай аңдаусызда тағы да үстінен шығып қалыппын. Тезірек жанынан өтіп кетуге тырыстым. Кенет өзіме бүйірден біреудің қадала қарағанын сездім. Жалт бұрылып едім, — үсті-басында сау тамтық жоқ, шашы ұйпа-тұйпа, сабалақ біреу шарбаққа жабысып, қимылсыз сілейіп тұр екен, көзі өңменімнен өтеді. Мен жалт қарағанда ол баж етіп, қолымен бетін басты да, теріс айналып кетті.

Ес-түсімді білмей үйге келдім де, диванға құлай кеттім. Бұл — Төлеген еді.

Дегенмен, көзіме сенбедім, анығын білейін деп үш-төрт күннен кейін қайта бардым. Бас дәрігері — қартаң адам — менің Төлегенге келгенімді естіген соң үндемей аз тұрды да:

«Ол кіміңіз болады?» — деп сұрады. Кімім дейін, «Жай танысым еді» — дедім.

«Е, онда жөн, — деді. — Өзінің туған-туысқаны жоқ жігіт еді. Осыдан алты-жеті жыл бұрын-ау деймін, бір жамағайындары әкеп тапсырды. Шөп шауып жүргенде далада ұйықтап қалған екен дейді. Содан ай туғанда бір-ақ ояныпты… Алғашқыда айқайлап, өлең айтып тыныштық таппаған екен, кейінірек мүлде тіл қатпайтын болыпты. Осында өткізген жылдарының ішінде бірде-бір рет тентектік көрсеткен емес. Үндемейтін де. Тек кей-кейде қолын ербеңдетіп, сірә, батыс классиктерінің шығармалары болу керек, әлденедей бейтаныс әуендерді ысқырып кететін және бір бастаса, құдай сақтасын, жуық арада қоймайтын. Біздің жұмыстың жайын білесіз, бірақ оған көп күш қолдана бермейтінбіз. Сау кезінде өте ақылды жігіт болған сияқты… Дегенмен, сіз кешіктіңіз, ол бүгін таңға жақын дүние салды».

Мен теңселіп кеттім білем, дәрігер қолымнан ұстай алды. «Бүйтіп жүргенше өлгені жақсы болды, — деді ол, — сондықтан қуануыңыз керек.»

«Қапа болмаңыз, — деді тағы да дәрігер, мені бекіте түскісі келіп, — бұл фәниге кімдер келіп, кімдер кетпеген, бәріміз де өлеміз. Бірақ байғұс соңғы үш күн ішінде қатты азаптанды. Әлдекімдерді атап шақырып, әлде-біреулермен күбірлеп сөйлесумен болды. Көптен бері қойып кеткен ескі әдетіне басып, ыңылдап әлденедей бір мелодияларға салды.»

«Дегенмен, — деді дәрігер аздан соң, — танысыңызды ақырғы рет көріп қалғыңыз келсе асығыңыз, әлі жерлей қоймаған шығар.»

Мен не өлі емес, не тірі емес, дәрігердің соңынан ердім.

Ол созылып, тыныш қана жатыр екен. Сол баяғы күйі, сол баяғы менің Төлегенім. Бірақ түсі суық. Жағы сорайып, танауы қусырылған, сұп-сұр. Мен жақындап, кеудесіне айқастырылған қолын ұстауға да қорықтым. Шап беріп «Сенсің мені өлтірген!» дейтін сияқты көрінді.

Әйткенмен, Төлегеннің сүйегін алып, қолдан қоямыз деуге батылым жетті. Үйге келген соң Арыстан екеуіміздің арамызда үлкен жанжал шықты. Мен өз айтқандарымды істедім. Төлегенді жер қойнына тапсырған күннің ертеңіне өзіме осыншама бақытсыздық әкелген қаланы да, Арыстанды да тастап, Алматыға тартып отырдым.

Қара көлеңке бөлмені меңіреу тыныштық кернеді. Екі әйел біріне-бірі тығылысып, қимылсыз, үнсіз отыр. Тек қабырғадағы ағаш қорапты үлкен сағаттың бір қалыпты, самарқау соққан тықылы ғана естіледі.

— Сүйегіне барғанда алдым жаңағы суретті, — деді аздан соң Зия тыныштықты бұзғысы келмегендей, сыбырға жақын үнмен. — Төс қалтасынан шығыпты. Сірә, кезінде біздің қыздардың бірінен қалып кетсе керек. Өзім жат біреудің құшағында жатқан кездерімнің бәрінде де суретім Төлегеннің төсінде тыныстапты. Мен арам денемді сатып, алдамшы сезімге елітіп жүргенімде оның осы жансыз суреттен басқа сүйеніш ештеңесі болмаған… Ал менде қазір көңіл жұбатуға оның суреті жоқ. Тек бір жапырақ қағазға жазған хаты мен әні…

— Әні… — деді Бәтима сұрауға да қорыққандай, тұтығыңқырап. — Ол қандай ән?..

Зия сағат тықылына құлағын тігіп сәл отырды да, Бәтимаға студент кезінен бері жақсы таныс бір әнді нәзік дауыспен жайлап бастап, қайырмасына келгенде ары қарай соза алмай өксіп жылап жіберді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама