Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Айығу

I

Біздің жақтың көктемі ерте оянады. Февраль айының орта шенінде-ақ күн кәдімгідей жыли бастайды. Қалың қардың астынан тышқанның көзіндей жылт-жылт еткен мөлдір тамшылар көрінеді. Суға еріген қанттай қар қарайып, оның салмағы да арта түседі. Көбінесе ымырт жабыла, батыстан жылы самал еседі. Ол қалың қарды түнімен кеміріп, таң атқанша тып-типыл қылады. (Біз, бұл жылы самалды — «алтын күрек»,— деп атаймыз). Ертеңгісін күн қыза бастасымен-ақ, бел-белес, күллі атырап ойпаң-тойпаң болады да қалады. Жер қабырғасындай кең адырдың ойыс-ойысын қуалай қоймалжың сулар асығыс ағып, үлкен сайларға тұмсық тірейді. Сай табанын тілгілеп, сарқырай жөңкілген бұлаққа қамыс шығыр орнатып, шырқ көбелек айналдыру қандай қызық!..

Әсіресе, биылғы көктем ғажап; март айының аспаны көкпеңбек. Осынау биіктікте шөкім-шөкім ақша бұлттар үлп-үлп етеді. Жер қыртысы батсайы жасыл барқыт жамылған. Әуелеп ұшқан тырналардың сүйкімді әуені жүйе-жүйеңді шымырлатып жүрегіңді еріксіз елжіретеді.

Бүгін жексенбі. Таңғы мезгіл. Бозторғайлар төбемізде тынымсыз шырылдайды. Ыю-қыю бір топ ауыл балалары қырға шығып доп ойнап жүрміз. Бір кезде ауыл жақтан «қағанақ бас» Ысқақ дейтін бала ала құйын боп жетіп келді де, осы түнде болған қолайсыз жағдайды хабарлады.

— Ойбай, колхоз қоймасына ұры түсіпті.

— Оны кімнен естідің?— деп, бәріміз Ысқақты қаумалай түстік.

— Бектай жәкем айтты.

Осы бір жайсыз хабарды естіген біз ойынымызды тастай сап, жапа-тармағай колхоз қоймасына қарай жүгірістік. Қылмысты зерттеу жұмысы аяқталған ба, әлде жұрт түгелдей есітіп үлгірмеген бе, әйтеуір қойма алдында адам аз.

— Ауаныстан қағылдық-ау!—деп, бір бүкіш қара кемпір кемсең-кемсең етіп, жылармандық халде тұр.

— Колхоз болып, қазанымыз енді қайнағанда бұл несі екен найсаптардың, түге! — деп, мосқал сары қатын да кемпір сөзін қостады.

«Немді күзеттің» дегендей қойма күзетшісі Құрбан шалға қадала қалдық; үстінде көнетоз шапаны бар. Тақиясының астынан аппақ шашы көрініп тұр. Белін кендір жіппен шандып буып тастаған. Екі қолын артына сап, ерсілі-қарсылы теңселіп жүр. Кіртиген көздерінің жанары сөніп қалғанға ұқсайды. Өңі құп-қу. Бурыл тартқан селдір сақалы пышақтың жүзіндей оқыс қайқиып кеткен.

Мен оны іштей қатты аядым.

Лаймен пақсалап соғылған қойманың көше жақ қабырғасы үңірейіп тұр. Ұрылар адам сыйарлықтай етіп тескен екен. Паңдана басып, тесік маңына бір қызыл әтеш барды.

Шашылған дәнді қуатты тырнақтарымен көсеп-көсеп жіберді де, «қыт-қыттап» төңірегіндегі тауық атаулының бәріне жар салды.

Бесінші класта оқитын Жұмабек дейтін шымшық көз кек көйлекті бала бар кінәні Құрбан шалдың өзіне артты.

— Өй, бұл көкнәріпаз қияли кісі. Күзетшілік қолынан қайдан келсін? Бір рет ол көкнәріге сілейе тойып алыпты да есегіне мініп, базарға қарай аяңдапты. Кәйіп сүріп келе жатып, есектен мұрттай ұшыпты. Сосын, мертіккен аяғын емдеп, ауруханада бір ай жатты емес пе?..

Бұл әңгімеге сенер-сенбесін білмей, балалар аңтарылып қалды. Әр қайсысы әр түрлі болжам айтып, кішкентай жиын біртін-біртін гуілдесіп кетті.

— Құрбан атам кінәлі емес.

— Енді кім кінәлі?

— Көкнәріге тойып алып, үйқтап қалған ғой ол.

— Әрине, солай.

— Колхоз астығын ұрлаған қай оңбаған екен?

— Сырттан келген қарақшы бар дейсің бе, өзіміздің ауылдан болар.

Қандай себеппен екенін кім білсін, Шарипаш көпке білдіртпей, жиыннан сытыла шығып, өз жөніне тайып отырды. Мұны көрген балалар пыш-пыш сөзді одан бетер үдете түсті.

— Шарипашты көрдің бе, зытып барады.

— Қоймаға түскен осы қыздың әкесі ғой деймін.

— Әй, рас, бір кезде оның әкесі баукеспе ұры болған деседі жұрт.

— Көп былжырамаңдар!—дедім мен, қатуланып.

Мен қатты намыстандым. Намыстанбағанда ше! Шарипаштың үйі біздің үймен көрші тұрады. Ол менің сырлас жолдасым. Екеуміз бір класта оқимыз. Былтыр пионер лагерінде де бірге болдық. Мына майтабандардың көкіп тұрғаны не осы?

— Шарипаш, тоқташы!

Мен соңынан жүгірдім. Ол тоқтады.

— Сен неге қашып барасың?

— Жамандықты тамашалау қайбір жақсылық дейсің? Одан да үйге барып «Төртінші блиндажды» оқығаным артық емес пе?

— Тосыннан кетіп қап сен жұртты қатты күдіктендірдің ғой?

— Қалайша?

— Сенің көкеңе пәле таңып жатыр.

ІІІарипаштың түсі өзгеріп кетті. Еріндері дірілдеп, кірпігінің астынан ыстық жас ыршыды. Ол кілт бұрылды да аяғын жылдам басып, үйіне қарай тартты.

Мен не істерімді білмей, аңырып тұрып қалдым.

«Бекер айтқан екем, қап!»

II

Күңгірлеген дауыстан оянып кеттім. Әкем ертеңгілік намазын оқып отыр екен. Таңғы сәуле оның арқа жонында мол түсіп тұр. Кең жайылған жолақ жайнамазға қайта-қайта құлаған ұзын сырық әкемнің құж-құж әжімді желкесінің ұңғыл шұңғылы көзіме одырайып оғаш көрінеді. Құс басқан өкшесі, етсіз сіңірлі тірсектері бәрі де аянышты маған. Кәріліктің қырауы түскен бұл басқа қай байдың сегіз өрме қамшысы тимеді? Мал соңында жүріп күстенген бұл аяққа қай сайдың, қай адырдың шөңгесі кірмеді?.. Өңшең жалшы бас қосып, жуырда ғана ел болды. Колхоздасып, жаңа өмірдің табалдырығын аттады... Әй, әке-ай, күніне жүз жығылып, жүз тұрғанша, сауатыңды ашсаң қайтеді? Жасы алпыстан асқан Жұмабектің әжесі де кешкі мектепте оқып жүрген жоқ па?!.

— Төрем, құлыным, жаным тұрсайшы!..

Мейірбанды жүрек шыңырауынан суырылып шыққан осы бір биязы ана сөзі мені әлсін-әлсін рақат бесігіне бөледі. Мен қайта ояндым. Әкемнің күңгірлеген «рахмотулла, рахмотулласынан» гөрі, қадірмен анашымның үні қандай инабатты, әсерлі, жылы!.. «Төрем, құлыным, жаным!..»

Үй іші күн сәулесіне толы. Сәуле қуалап, ұшып жүрген шыбындардың ызыңында тіршілік нышаны бар. Ашық терезеден ескен көктем самалы ұйқымды шайдай ашты. Кеше ойнап жүріп, шалбарымның тізесін жыртып алып едім, соны уайымдап, тұруға ерініп жатырмын. Тақия, бәтеңкең, көйлек-ыштаның мұздай жап-жаңа болса қандай жақсы! Онда, тіпті, түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмайтын едім. Әдемі тігілген сәнді, таза киімдерді таң атқанша төрге іліп қою обал-ақ емес пе! Киініп ап, тетелес өз құрбыларыңның алдынан ойқастап бір рет өтудің өзі үлкен мәртебе ғой, шіркін!..

Айран ұйытатын, қолында үлкен, қызыл қауағы бар апам үйге кірді. Ішіне ыстық сүт құйылған қауақты сәкі үстіне жайғастырып қойды да, маған назар аударды ол:

— Ө, көзіңнен айналайын мөлдіреген. Менің төрешім ояныпты ғой. Шалбарыңның тізесін тігіп қойдым. Тұра ғой, жаным. Тамағыңды ішіп, сабағыңды оқы да, әкеңе баршы. Колхоздың қос өгізін бір күнге сұрап алған екен, ойда жер жыртып жүр. Ас жемей кетіп еді, қарны ашқан шығар сорлының. Көже апарып бер... Мен де қозғалайын. Жаңа әлгінде бригадир келіп кетті. «Арық тазалауға барыңдар»,— дейді. Тұршы, қалқам!.. Көйлегіңді отқа жылытып берейін бе?..

Үзіліп-үзіліп шыққан ана сөздері менің тұла бойымды қайта маужыратып, ұйқы сарайын кеудеме қайта орнатты.

Біркелкі майда қоңыр дыбыс құлағымның түбінде ыңыранып тұрып алды. Көзімді ашсам, өзіміздің тарғыл мысық екен. Керіліп-созылып төсектен тұрдым-ау, әйтеуір!..

Айнала жым-жырт. Апам жұмысқа кетіпті, Шелектегі көжені, орамалға түюлі нанды қолыма алдым да есікті бекітіп, далаға шықтым. Егістікте қос айдаған әкеме қарай аяңдадым.

Жолшыбай Құрбан шалдың кенже ұлы Қанаш кездесті. Арқасында қапшығы бар, артынып-тартынған.

— Ей, қайда барасың?

Ол күмілжіп, мұңды пішінмен жыламсырай сөйледі.

— Атамды нәшәндіктер қамап қойды. Соған азық-ауқат, таза жейде, кәкір-шүкір апара жатырмын. Ағам болса күні-түні түзде. Трактормен жер жыртып жүр. Шешем байғұс науқастанып қалды. Екі-үш күн мектепке барған жоқ. Мұғалім ағайлардан, жүдә, ұят болды...

Атаңды айыптағаны шатақ екен,— дедім мен, ауылдас жолдасымды мүсіркеп,— қандай кінә тағады?

Қанаш қапшығын жерге қойып, ауыр күрсінді.

— Ұйқтап қалғансың дей ме, дұрыс күзетпегенсің дей ме, о жағы маған беймәлім... Тіпті, тергеушілер менің атама «ұрылармен жәмпейлес емессің бе?» деген сұрақ та қойыпты... Мәселе шатақ бауырым...

— Істің ақиқатына жетпей, адамды жәбірлемес болар. Атаң адал болса, ертең-ақ абақтыдан шығады, — дедім мен, пүшәймендік халге душар болған досымды жұбатқансып, — нағыз ұрылар ұсталып па қалай?

— О жағын анық білмедім. Шарипаштың көкесін тергеуге қайта-қайта шақыртып жүр екен ғой.

— Ол рас, кеше о кісіге колхоз шабарманы повестке тапсырып, қолын қойдырып алды. Өз көзіммен көрдім.

Қой, мен ертерек ауданға жетіп, шаруамды реттейін,— деп Қанаш қапшығын иығына салып, жол жүруге оңтайланды,— өзің қайда барасың?

— Қостағы әкеме көже апарам.

— Жақсы!..

Оның ойнақы бұл сөзінде үлкен қызғаныш бар екенін аңғарып қалдым. Ол — ауданға. Мен — қосқа. Біз жөн-жөнімізге кеттік. Мен толғанып келем; «Шарипаштың әкесі Науқанбайға өте обал. Рас, жігіт шағында ұрлық жасаған шығар... Кәзір ол кісі қой аузынан шөп алмайды ғой... Адал адамды рәсуәлап, тергеуге алғаны несі?.. Құбыжық қыртысты бұл қырсық. Шарипаштың көңіл гүлін, әрине, семдіреді... Ал Құрбан шалдың жазығы не?..»

Батыс жақтан тымырсық, қою қарақошқыл бұлт ойқастап шыға келді. Дулығасы көк сүзген бұлттың алпамсадай тұлғасы біртін-біртін ұлғайып, зорайып, тұтас бір кеуде боп, мықшыңдап бері келе жатыр. Додаланған қалың бұлттың қап-қара жүзінде жалқау нажағайлар әлсін-әлсін жылт-жылт етеді. Жырақтағы күн күркірі құлаққа мүлде шалынбайды. Бұлт сақалы тарамыстанып, жер сыйпап келеді. Русландай, бұлтқа қарсы Күн күміс үзенгісін шаужайлап барады...

Мен аяғымды асыға бастым.

III

Біздің үй биыл қыстаудан ерте көшті. Жазғы қонысымыз — Күркілдек өзенінің бойы. Әкем салған жартылай жер үйге кеп орналастық. Шынын айту керек, мен әкемді өте жақсы көремін. Ол кетпенмен ескен бейнетқор адам. Класта мұғалімім; «Дәуқараев!»—деп, тізім шақырғанда «мен» деп, орнымнан мақтана тұратынмын. «Өзі түймедей-ақ қой»,— десіп, парталас құрбыларым мені ажуалап мырс-мырс күлетін-ді. Несіне шамданам? Түймедей болсам да түйедей алып Дәуқараның баласы екенім рас... Шынтуайтқа келгенде, менің әкем балуан кісі еді! Әкемнің бір ерлігі есімде. Мен онда төрт-бес жасар боқмұрын бала едім. Біз Қарақамыстағы нағашыларымыздың аулынан жаяу артынып-тартынып көшіп келе жаттық. О шеті мен бұ шеті алшақ, долдана аққан Шыршық өзенінен өту керек болды біздерге. Паром жоқ. Арбакеш саудегер өзбек жігіті лып етіп жетіп келді де, әкеме қолқа салды. «Он бес сом берсең, арғы бетіне өткеріп тастаймын». «Менде бар болғаны бес-ақ сом. Балам мен кемпіріме қанша аласың, жігітім?» «Бес сом» жарайды. Арбаңа мына сандықты да сала салайын?» «Болмайды әмекі. Судың ағысын кердің бе? Атым зорығады». «Оу, мұсылманның баласысың ғой». «Жо-жоқ!» Әкейім отыра ғап, дәу қара сандықты арқасына арқанмен шандып байлады да «биссмилла» деп, ағыны жойқын суға күмп берді. Сандық ішінде кәкір-шүкір көп дүниесымақтар бар еді. Арба үстінде отырған апам: «Я сақтай гөр!»—деп, күсті саусағымен бетін баса қалды. Мен болсам, әкемнің батылдығына масаттана, миығымнан күліп қоям. Су екпіні бар пәрменімен сандықтың оң бүйірін қаққылағанда, қақпақтай зор иық компастың тіліндей қылп-қылп етеді. Саудагер өзбек: «Өлесің, қазақ, өлесің, қазақ»,— деп, атын борбайлап, ыржақтап күліп барады. Балағынан су сорғалап, маң-маң басып, әкем жағалауға әрең шықты...

Міне, менің әкем қандай!

Сөйтіп, біз жаңа қонысқа көшіп келдік. Ерте егілген әңгелек, жүгері, асқабақтардың жасыл құлақтары түнгі жауыннан соң едәуір ұзарған сықылды. Қиярдың алды гүлдей бастапты. Колхоз берген жиырма бес соттық жерге түгелдей әртүрлі егін салған жәйіміз бар. Егістің өсіп-көктеуі әзірше жаман емес. Маңымыз өзен, көл, шалғыны мол саз. Сымпылдап ұшқан сұқсыр үйректерді көріп, еріксіз шалқаясыз. Әттең, көрші-қолаңдар бізден шалғай қоныстанған. Елден ерек жапан далада жалғыз үй боп, жарбиып отырысымыз мынау. Кейде шырпы, тұз таусылған жағдайда бір жарым шақырым жердегі көрші үйге шапқылаймын. Ол заттар кейде ол үйлерден де табыла бермейді.

Күн арқан бойы көтерілген. Қара қазанды от жалап тұр.

—Апа, ет асасыз ба бүгін?—дедім мен, ешкі, лақтарды көгеннен ағытып жатып.

—Ет жоқ қой, шырағым. Сүт қатып, күріш ботқа жасап берейін, жейсің бе?

— Палау, күріш көже, ботқа... Осы бір күріш-ақ. Әбден шекеме тиді ғой!—деп аузымды бұртиттым.

Апам қазан түбін шақыр-шұқыр еткізіп қырнап жуды да, пияз салып май шыжғыра бастады. Көзінің астымен маған сүзіле бір қарап, іш пікіріме үңілгендей шырай білдірді. Аз-кем кейістік білдіріп, өзінше мені ұрысқансыды.

— Өйтіп кәсәпаттанба, шырағым, жұрттың аузы бұған да жетпей жүр.

— Жұрттың аузы жетпеген затқа біздің аузымыз қалай жетті? Осыдан аз күн бұрын тым кембағал едік қой?

Апам жүзін жылытып, жұмсақ тілмен сөйледі.

— Тоғайдағы Ұрқия әпкеңді білесің ғой?

— Білемін.

— Сол әпкең бізге екі пұт күріш сәлемдеме жіберіпті Шәлтікбай қайнағадан...

Соңғы кезде үш мезгіл жейтін тамағымыздың дені күріш болатын. Ал, күріштен жасалған палау қандай тамаша! Бірақ біздің үй сараң боп барады. Кеше түсте палау жеп отыр едік, ас үстіне домбырашы Үсен жәкем кеп қалды. Мұндайда біздің қазақ «енең сүйеді екен» деп, қонақ алдына ас тартушы еді ғой. Бірақ менің апам олай жасаған жоқ. «Ойбай, кеп қалды!— деді де, тамақтың бетін дастарханмен жауып, жалма-жан ыдысты жүк-аяқтың астына ысыра салды. Бұл әбестікке зығырданың қалайша қайнамас! Алдыңгүні диірменшінің бәйбішесі: «Балам науқастанып қалып еді, бір кесе күріш берші»,— деп жалынып-жалпайса да, апам: «Жоқ»,— деп міз бақпай, аузын қу шөппен сүртті. Адамның ер жетіп, ой-парасатының толысуы, қиял-арманының шарықтауы, әрекет қимыл процесінің дамуы табиғи жақсы-ақ нәрсе! Ал, бағзы біреулердің есейе келе өтірікші, сараң, қу, залым, қатал, арам пиғылды болуы несі екен осы? Айла мен қаталдық әскери қолбасшыларға майдан шебінде керек-ақ шығар. Ал тыныштық заманда мұның қажеттігі қанша?..

IV

Мен сабағымды апыл-ғұпыл дайындадым да, орнымнан тұрдым. Күркілдекке барып бой сергітіп, балық аулап қайтуды мақұл көрдім. Кетпенмен саздау жерді қопара бастадым. Үлкенді-кішілі қызыл күрең шұбалшындарды темір құтыға салып, бетін тарс жаптым. Қармағымның ағаш сабы олқылау екен, отынханаға барып, солқылдақ, қатқыл шыбық іздедім. Қураған бұталарды әрі-бері аударыстырып жүріп, үлкен бір бөз қапқа тап болдым. Біреу, екеу, үшеу, төртеу!.. Төрт қап. Міне, қызық! Ішінде не бар екен?.. Күріш!.. Жүрегім су ете қалды. Ұрқия әпкемнің бізге жіберген сәлемдемесі екі-ақ пұт күріш емес пе еді? Ал мынау, тіпті, көп қой?! Масқара- ай!.. Менің көз алдымнан тоналған колхоз қоймасы елестеп өтті. Абақтыдағы Құрбан шал, оған сәлем-сауқат апара жатқан мұңды Қанаш есіме түсті. Мүмкін, сезіктеніп, тергеуге алынған Науқанбай жәкем де жапа шегіп, тас түрмеде жатқан болар? Бәлкім Шарипаш та Қанаш сықылды аудандатып, папасының қамын жеп жүрген шығар?..

О, әке, әке! Сен де осылай ма едің? Менің тұлымымды сипаған сенің қабарған қатқыл алақаның қандай лас еді!.. Менің балғын бетіме тиген сенің аузың, алуан пәле бұғып жатқан арамдықтың зынданы екен ғой! Менің сәби арыма, кіршіксіз жаныма, азаматтық ожданыма тапа-тал түсте, дүйім жұрттың көзінше пышақ салғаның, барып тұрған зұлымдық!.. Өлексе беріп бөлтірігін асыраған қанды ауыз қара көк жал қасқырдан айырмаң қанша сенің?.. Сүйе білген бұл жүрек жек көре де біледі!.. Мен сені кешірмеймін, әке!.. Ешқашанда!..

V

Үшінші күн дегенде ғана барып ес жинадым. Басымның айналуы, бойымның қызуы әлі басылмағанға ұқсайды. Жүрегім лоблып, көзім қарауытады. Астымда қалың төсек, тергі бөлмеде жатырмын. Тұруға дәрмен жоқ. Бас жағымда — сусын, май шелпек, кілегей және күріш ботқа... Күріш ботқаны көргенде жиіркене көзімді жұмып, қыш кесені әрмен қарай ысырдым. Тесіктен шықылықтап ұшып кірген қарлығаш балапандарына жем беріп жатты. Арандай ашылған үш-төрт сарыауыз өршелене шиқылдап үйді басына көтереді. Өз семьясын адал еңбегімен асыраған сүйкімді, бейнетқор қарлығашқа дән риза болдым.

Ауызғы үйде апам мен әкем шай ішіп отырған тәрізді. Самауырдан аққан судың шорылы, шылп-шылп еткен ауыз, қылқ-қылқ еткен өңеш дыбыстары құлағыма кеп жатты. Оқта-текте күңгір-күңгір шыққан сөз бері қарай келе жатқан трактордың гүріліндей біртін-біртін ұлғая түсті.

Әкем қызына сөйледі:

— Ұрлық жасағаным рас!.. Кім үшін?.. Сендердің қу тесік тамақтарың үшін!..

— Көппен көрген ұлы той деген емес пе, қара су ішсек те өлмейтін ек қой,— деп, апам кеңкілдей жыламсырады.— Мойында, бір қателік өтті де... Байболғыр-ау, Елтайым үшін жасашы осыны!...

— Өй, өзің бір сорлы екенсің ғой.

— Жалғызыңнан өз басынды артық санасаң, мейлі ендеше.

Әкем ауыр күрсінді.

— Халі қалай өзінің?

— Денесі ыссы. Асқа тәбеті жоқ. Әлденелерді сандырақтап түнімен ұйқы көрмейді.

— Тәуіпке қаратсақ қайтеді?

— Тәуібі құрысын. Айтпашы со пәлені.

— Енді не істе дейсің?

— Бар дерт — күріште! Күрішті тапсыр колхозға!

— Балаң екеуің мені жардан құлатқыларың келген екен ғой. Жарайды!..

Олар дабырлай сөйлесіп, тысқа шықты.

Жуырда ғана Қанаш екеуміз қасқа жолда кездесіп едік-ау. Дәл сол жерде, бәлкім, тағдыр бізді тағы да кездестірер. Әрине, мен оған «қайда барасың?» — деген сұрақ қоям. Ол: «Қырмандағы атама шалап апарам»,— дейді. Мен «Жақ-сы»..— деп іштей қызғаныш білдіремін. «Өзің қайда барасың?» — десе ол, мен не деп жауап қайтарам?.. О, қандай жиіркенішті!

Мен төсектен тұрып, терезе алдына бардым. Үстінде жүгі бар бір өгізарба үлкен жолды шаңдатып бара жатты. Қап үстінде жарбиып әкем отыр. Дәп намаз оқыған кездегі қалпынан аумайды.бірақ бұл жолғы бет бұрысы құбыла жақ емес, — колхоз басқармасының кеңсесі.

Шаң сұйылып, арба алыстаған сайын, менің көңіліме ұялаған уытты дерттің тоз-тозы шығып, үлкен бір дарқан, жақын өмір жақындап келе берді. Жүрегімді барымталап, өзегімді өртеген ар-намыстың ащы түтіні біртін-біртін ыдырай бастады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама