Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Айнам қалды

Күйші Соқыр Есжан жас кезінде көрші ауылдағы бір байдың Ақбикеш деген қызына ғашық болады. Ақбикеш те Есжанды ұнатқанымен екі жастың қосылуына әлеуметтік жағдай кеселін тигізеді. Ақбикеш — өнер иесі, өз ауылындағы белгілі домбырашылардың бірі. Ол Есжанмен ойын-тойда кездескенде бір-біріне домбырамен ғана сыр шертіседі екен.

Арада екі жыл өтіп, түрменің уақытын бітіріп, еліне қайтқан Есжан жолшыбай Ақбикештің ауылына соғады. Онда үлкен той болып жатады. Бұл Ақбикештің ұзатылар тойы екенін Есжан білмейді.

Есжан бір үйде жиналып отырған ауыл жастары мен қарттарының үстіне барады. Бұлар — «Ақбикеш аулымыздағы он саусағынан өнері төгілген домбырашымыз еді, енді ол бізден кетіп, сіздерге барғалы отыр, ең болмаса, соңғы рет Ақбикештің тартқан күйін тыңдап қалалық, қызымызға рұқсат етіңіз», — деп, құдалардан рұқсат алып, оңаша үйде Ақбикешке күй тарттыру үшін жиналып отырғандар екен.

Ақбикеш біраз күй тартып, домбырасын тізесіне сүйеп, қол орамалымен маңдай терін сүртеді. Осы кезде Есжан да үйге кіріп, босағадан отыра кетеді. Ақбикеш тағы да күй тартуға ыңғайланып, үйдегілерді көзбен бір шолып өткенде есік алдында отырған Есжанға көзі түседі. Есжанның жүдеу сиқына қапаланып, мұңайған Ақбикеш:

— Келесі күй «Айнам қалды» аталады, — деп домбырасын тарта беріпті. Күйді беріле тыңдап отырғандардың бірі:

— Мына домбыраның үні шынында да «айнам қалды, айнам қалды» деп қақсап тұрған сияқты. Осыншама көп жасау дайындағанда қол ұшындай айнаны сандықтың бұрышына тастай салуға болмады ма екен? — дейді жанында отырған екінші бір кісінің құлағына сыбырлап.

Сонда Ақбикештің әлгіндегі қимылын сезіп қалған екінші қарт:

— Жоқ, олай болмас. Менімше, осы отырғандардың ішінде Ақбикештің ұнатқан жігіті, айнасы қалып бара жатқан болар. Қыздың соған арнап, домбырамен айтып отырған назы шығар, — дейді.

Шынында да, бұл күй Ақбикештің Есжанды көріп мұңайып тартқан, ескерткіш есебіндегі «Айнам қалды» атты күйі екен дейді халық арасында.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама