- 30 жел. 2019 00:00
- 210
Қазан
«Қазан» күйіне қатысты ел ішінде мынадай бір сөз бар. Ықылас өз кіндігінен Түсіпбек, Мақұлбай, Ақынбай деген үш ұл көрген. Үшеуі де әке өнерін шашау шығармай, бойларына дарытқан қобызшылар болған.
Осылардың ішінде үлкені болған соң ертерек шаруаға араласып, ағайынға бас-көз болғаны Түсіпбек. Еті тірі Түсіпбектің қотанына мал бітіп, саудасы сәтімен жүріп, әжептәуір дәулет иесі болған адам.
Бір жылы Арқа байлары мен серіктесіп Ірбіт жәрмеңкесіне кіре тартады. Өзімен бірге «әрі серік боласыңдар, әрі ел-жер көресіңдер» деп, әкесі Ықылас пен інісі Мақұлбайды ертіп алады.
Ірбіт жәрмеңкесінде саудасы сәтімен жүрген Арқа байлары іргеде тиіп тұрған Қазан қаласының қазыналы дүкендеріне соға жүруді ниет етеді. Бірге келіп, бөлек қайтудың қисынын таппаған Түсіпбектер де амалсыз Қазандатып қайтпақ болады. Осы сапар Қазан қаласына жеткенде Мақұлбай тосын бір дертке шалдығып, дүние салады.
Сонда Ықылас:
«Қазанға мен барғаным,
Мақұлбайдан қалғаным!..» —
деп, өзінің жоқтау күйін тартып еді дейді.
Бұл күйі кейін ел ішіне «Қазан» деген атпен тарайды.