Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Бала — бауыр етің

«Әлмерек батырдың әйелі босанып, ұл тауыпты» деген қуанышты хабарды естіген Сырымбет батыр серігінің сергігеніне шаттанып, балаша ебелектейді.

— Көңілі жарым боп, шердің шелі торлап жүрген мұнды ер еді, мына мерейіне ортақтасып, құтты болсын айтайын, — деп, ауылынан ізгі ниетпен аттанады.

Қарт батыр суыт жүріспен абыр-сабыр болып абдырап, дүрлігіп жатқан Әлмерек ауылына келеді. Осы тұста ел тізгінін ұстап, іс-әрекеттеріне билік айтып жүрген Әлмерек бидің ақ ордасына атының басын тірейді. Қарт батырды ауыл жігіттері аса қошаметпен қарсы алады да, қолтығынан демеп аттан түсіреді. Сол сүйемелдеген күйі даңғарадай кең, сарайдай далиған он алты қанат ақ боз үйге бастайды. Төрдің төбесіндегі шайы көрпенің үстіне жеткізеді.

Нұрлы жүзі гүл-гүл жайнап, жанарынан қуаныш сезімінің сәулесі төгілген Әлмерек би орнынан ұшып тұрып, айбынды қартқа:

— Төрлетіңіз, қадірлі батыр! — деп, елбіректей сыйлы орын ұсынады. Шаттығын жасыра алмай, балаша жайраңдайды, қолтығынан сүйемелдеп, төрдің төбесіне шығарады. Оюлы текемет, сырмалы сырмақтың үстіне жайылған жұмсақ көрпеге жайғасқан Сырымбет батыр да жайдары күлімдеп, биді төл басысымен құттықтайды. Ердің, елдің меселін өсіретін ақ тілеуін ақтарады:

— Ел тілеуі — ер, ер тілеуі — ел. Тоғысқан мұратымыз осы еді ғой әуел бастан. Сен елдің Әлмерегі едің арынды. Бірақ көңілің жарым еді. Құдай тілеуіңді беріпті, қолыңа қонған балапаның қыран болсын! Көкейің көлдей толып, мұратыңа жетіпсің, енді жанынды сол жебесін. Ұл — үрім-бұтағың, өмірлі болсын, артынан шұбырып үбірі мен шүбірі ерсін! Өзің құсап, еңіреп жүріп елін қорғасын!

Бүкіл өмірін елін жаудан қорғауға сарп еткен қарт батырдың ақтарыла айтқан адал ниетінен меселі өскен Әлмерек би:

— Атағы Алатаудай аспандаған, айбары Сырдың суындай тасқындаған, халықтың тас қорғаны саналған Сырымбет еді- ңіз, әруағыңыз жебеп, айтқаныңыз келсін! — дейді жүрегі елжіреп. Қарт батыр сәл ырғалып қойып, ойын түйіп алады да, әрі қарай толғайды.

— Бала да бір алтын тағың, басыңа қонған бағың. Оған ата-анасы үміт артады, түйсігін халық айтады. Бір бала әкесімен жанаса туады, бір бала талабымен таласа туады. Бір бала шөлдегі бұтадай шөжіп, бойы өспей табандап, аласа туады. Бір бала дара дарақтай дарқандығын танытып, кем-кетікке қайыр қып, қараса туады дейді. Мұны айтып отырғандағы тілеуім: балаң жанаса туса — арқа сүйерің болсын. Қараса туса — ой түйерің болсын. Таласа туса — таудай талабы болсын. Тек тайталасып, тауаныңды қайтармасын. Алдыңдағы ағыңнан айырмасын!
Жанынды шыжғырып, отқа күйерің болмасын, көгеріп өнген арқасүйерің солмасын!

Қарт батырдың ықыласын жиналған тілеулес жұрт қостайды. Шалқыған ойы толғандырған Әлмерек бидің өзі де отты сезімін ірке алмайды:

— Менің тілеуім: асып та тұрмасын, тасып та тұрмасын, құрбы-құрдасымен қатар жүрсін, ел-жұртының қадірін білсін. Шапқан жауды қойдай қырып, бөрідей шулатсын! Іске асырса екен деп, менің ұрпағымнан күтетінім осы, Сыреке!..

— Жаратқан мұратынды қабыл етсін. Елдің адамысың ғой, тілеуіңе жет! — деп бата жасаған Сырымбет батыр бетін сипайды. Ел биі әрі ақылман абызы Әлмеректің тұңғыш ұлы Бабаға айтылған ақ тілеулер осындай екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама