Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жастардың оты жалындайтын жыл

Жастар-кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші, мәңгілік елдің болашағы.  Елдің кемел болашағы жастардың қолымен жасалады. Біз өз тарапымыздан еліміздің, мемлекетіміздің дамуына үлес қосуға міндеттіміз. «100 нақты қадам», Рухани «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы да жастардың ісіне, дамуына негізделіп жолданған.   Сондықтан бүгінгі басты талап та, қолдау да жастар үшін болып тұр.

Өз елімізді   әлемге таныту үшін аянбай еңбек ету керекпіз. «Менің қолымнан не келеді?», «Мен нені жақсы жасай аламын?» -деп ойлануымыз керек кезеңге келген сияқтымыз. Себебі, біз мәңгілік елдің-тәуелсіз ұрпақтарымыз!

Жастар жылы-Қазақстан жастары үшін алғаш рет бастау алған қуанышты оқиға болды. Мұның өзінен-ақ бізге берілген  көптеген мүмкіндіктерді байқауға болады. Бұл мүмкіндіктер өз болашағымыз бен ел болашағына тікелей байланысты. Жеке болашағымызды жоспарлай отырып, ел болашағын  қалыптастырамыз. Болашақ деген сөзді естігенде ең бірінші ойға келетіні - армандар, мақсаттар, жоспарлар. Біздер үшін жұмбақ, қуанышты сәттер, романтика десем болатын шығар. Алдымызға қандай істерді әкелсе де сапалы жасаймыз, жасай аламыз деген ойлар.

Елбасымыз Жастар жылының салтанатты ашылуында былай деген болатын: «Бұл-мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын-біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз»

Яғни, біздің армандарымыз бен мақсаттарымыз- еліміздің үміті, сенімі. Сол себептен арманымыз айқын болса, мақсатымыз мықты, жоспарымыз жалынды болмақ. Жастар жылында әрбір қайратты жас бар күш-жігерін салып аянбай жұмыс жасаса, бостандығымыз үшін күрескен ата-бабамыздың бізге артқан үлкен сенімі мен үміті, ата-анамыздың еңбегі ақталады деп ойлаймын.  Ал ата-ана, отбасың, туған мекенің- барлығы үлкен отаның-Қазақстан.

Мағжан Жұмабаев:«...Мен сенемін жастарға,                                                                                                                                                    Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда,- деп нық сеніммен жырласа, ақынның идеялас замандасы Міржақып Дулатұлы:

«...Халыққа,жастар, басшы бол!

Қараңғыда жетектеп. 

Терең судан өтер ме, 

Мын қойды серке бастамай?»-деп, халықты жарыққа бастайтын жастар екенін ашып айтады.

Елімізде мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мысалы,  жас мамандарды ауылға тарту мақсатындағы «Дипломмен ауылға», экономикалық және жұмыспен қамту бағытындағы  «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», білім беру саласындағы қосымша гранттар және шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» Халықаралық стипендиясы, «Жас отбасы», «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болудың мүмкіндіктері, Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бағытындағы бағдарламалардың барлығы еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр.  Бұның түпкі негізінде жастар қуаттансын, қайраттансын, серпілсін, нық қадам бассын деген ой тұр. Мемлекетіміз барлық жағынан мықты жастан мықты нәтиже күтеді. Олай болса, «Жастығымның жалыны, жүрегімнің ыстығы- туған Қазақстаныма!» дейтін мезгіл келді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан жастары білімді, жан-жақты дамыған әрі дарынды.Біздің еліміздің болашағы солардың қолында. Мемлекет басшысы ашқан Жастар жылы жас ұрпақтың өзекті мәселелерін шешуге күшті серпін береді, олардың өзін өзі танытуға мүмкіндік туғызады. Қазақстанның озық ойлы жастары ғылымда, IT технологиясында, мәдениет, бизнес пен спортта тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Қабілетті, жігерлі жастарға тиісті жағдай жасап, ынта-ықыласын арттыру керек» деген болатын. Мен бұл жолда әлемге қазақ әуенін қалықтатқан Димаш Құдайбергенді, Қазақстанның табиғатын насихаттаушы Данэлия Тулешованы үлгі етемін.  Бұл тізімге қосылатын аға-апаларымды көп деп білемін.

«Жасында тырысқан - қартайғанда қуанады» деген  ғұлама Махмұт Қашқаридың сөзі бар. Мемлекетіміз қолдап, жол көрсетіп тұрғанда алға ұмтылсақ, берілген мүмкіндіктерді пайдалансақ, болашақта  жетістіктерімізге қуанатын боламыз деп үміттенемін. Қоғамымызда дұрыс емес жағдайлар да бар, ол рас. Бірақ мен солардың ішінен тек жақсылықты, әдемілікті көргім келеді. Мектеп бітіруіме, шамалы ғана уақыт қалды.  Сосын арман жолыма аттанамын. Сол жолда жалындай лаулап, теңіздей тасып, бойымдағы бар біліміме білім қосып, қүш-жігерімді мақсаттарыма жету жолында жұмсағым келеді. Биылғы жыл-сондай мүмкіндіктер жылы.  Мен-өз ата-анамды, ұстаздарымды, елімді қуанту жолын таңдаймын. Мен үшін, менің құрбыларым үшін  асуларға қол созып, биіктерден көрінетін жыл. Жастар жылы- үміт, қуаныш, серпін, жарқын істер жылы деп түсінемін.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама