Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Балаларға арналған санамақтар жинағы

Саусақ санау

Басбармағым – бақаным,
Бас мұрасы атаның!
Сұқ саусағым – керегем,
Шаңырақты демеген!
Ортан саусақ – шаңырақ,
Кең жайылған тамыр ап!
Аты жоғы – түндігім,
Түсіретін күн нұрын!
Ең соңғысын сұрасақ,
Уық болсын шынашақ!

* * *     * * *     * * *     * * *

Ал, санаңдар!

Ал, санаңдар, санаңдар,
Бізде қанша адам бар?
Алдымда:
Атам, әжем,
Алдымда:
Әкем, анам.
Білмесеңдер, біліңдер,
Тағы саусақ бүгіндер.
Алдыма:
әпкем, көкем,
«Аман жүрсін інім», - дер.
Өзім барамын, інім бар.
Кіп – кішкентай күнім бар.
Қанша болдық бәріміз?
Шұнақ құлақ бес ешкі,
Қос лақты қос ешкі,
Төрт қозылы екі қой
Бәрі нешеу, айта ғой?
(Он тоғыз)

* * *     * * *     * * *     * * *

Бір дегенің – бесігінді түзедің

Бір дегенің – бесігінді түзедің,
Екі дегенің – Егеменді ел дедің.
Үш дегенің – ана тілім асылым,
Басқа тілден мәртебесін асырдың.
Төртіншіңіз төреліктен таймаған,
Нұрсұлтанды хан тағына сайлаған.
Бес дегенің – берекелі болғаны.
Алты дегенің – ұраның айбының асырған
Жеті дегенің – ту ұстадық жасылдан
Сегізінші салт-дәстүрін оралған.
Тоғызыншы атың кетті алысқа,
Тоқтар бастап қазақ ұшты ғарышқа
Он дегенің – орындалып ойдағың
Наурызыңды өз мәнінде тойладың.

* * *     * * *     * * *     * * *

Бір – білім ал

Бір – білім ал,
Екі – ерлік көрсет,
Үш – үлгі тұт,
Төрт – тәртіп керек,
Бес – бестік баға ал,
Алты – алғыс ал,
Жеті – жеңіс біздікі,
Сегіз – сенім керек.
Тоғыз – тоқу керек,
Он – оқу керек.

* * *     * * *     * * *     * * *

Ал санайық, санайық

Ал санайық, санайық,
Сан сырына қанайық!
Бір саусақты жұмайық,
«Бір саны», - деп ұғайық!
Екі саусақ жұмайық
«Екі сан» - деп тынайық!
Үшіншісін жұмайық,
«Үш саны» - деп шығайық!
Тағы бірін жұмайық,
Төрт санына ылайық.
Жұдырықты жұмайық,
"Бес болды» - деп ұғайық.
Оң қолдың енді біреуін,
Тағы да ептеп жұмайық,
«Алты сан», - деп ұғайық,
Екіншісін жұмайық,
«Жеті сан» - деп ұғайық!
Үшіншісін жұмайық,
«Сегіз ғой» - деп тынайық!
Тағы бәрін жұмайық,
Тоғыз санға ылайық.
Жұдырықты жұмайық,
«Он болды» - деп ұғайық.

* * *     * * *     * * *     * * *

Онға дейін санау

Бір дегенім – бесік,
Шықтық содан өсіп,

Екі деген – Елім,
Далам, тауым, көгім.

Үш дегенім – Үміт,
Үміт аптар жігіт.

Төрт дегенім – төзім,
Төзе білем өзім.

Бес дегенім – Бақыт,
Бағалайтын уақыт.

Алты деген – Ақыл,
Тыңдағаның мақұл.

Жеті деген – жалау,
Жүректегі алау.

Сегіз деген – сөзің,
Серт беретін кезің.

Тоғыз деген – тоқтау,
Елдің жоғын жоқтау.

Он дегенім – Отан,
Қорға оны, ботам!

* * *     * * *     * * *     * * *

Іскер тиін

Қалмау үшін ашығып
Қысқы азығын кеш қамдап,
Қамбасына тасыды
БІР,
ЕКІ,
ҮШ,
ТӨРТ,
БЕС жаңғақ.

Ұйқыдан ол асылы
Көрген емес кеш өріп.
Бүгін тағы тасыды
БІР,
ЕКІ,
ҮШ,
ТӨРТ,
БЕС өрік.

Ал, ал ...
Біздің Қанат па?
Қайта-қайта есінеп,
Алды ескерту сабқта
БІР,
ЕКІ,
ҮШ,
ТӨРТ,
БЕС рет.

* * *     * * *     * * *     * * *

Қошақанды қайрау

Қызыл-жасыл даланы
Кезгін келсе шамалы,
Татқың келсе басқа дәм,
Қошақаным, бас қадам

Оңға қарай БІР атта –
Бас қоясың бұлаққа.
Солға қарай БІР атта –
Тойындасың құрыққа.

БІР,
ЕКІ,
ҮШ,
ТӨРТ атта,
Жүгір,
Секір,
жортақта.
Тамақ өзі келмейді
үйден шықпас қорқаққа.

* * *     * * *     * * *     * * *

Торғай мен мысық
Көзі бірден түсіп,
Деп:
«Бұл әдемі ас болмай ма?»
Қадам басты мысық.
Бір ...
Екі ...
Үш ...
- Торғай,
Торғай,
ұш!

* * *     * * *     * * *     * * *

Бір, Бетің өте кір.

Бір,
Бетің өте кір.
Екі,
Бейбасқа жекі
Үш,
Ұмтыл алға түс.
Төрт,
Беске оқу - серт.
Бес,
Белестерден желдей ес.
Алты,
Антты бұзбау - ата салты.
Жеті,
Қойдың семіз еті.
Сегіз,
Қоздасын қой егіз.
Тоғыз,
Арам айуан - доңыз.
Он,
Торқадан артық тон.

* * *     * * *     * * *     * * *

Бір дегенім - белін

Бір дегенім - белін,
Екі дегенім- егін,
Үш дегенім - үкі,
Төрт дегенім - төл,
Бес дегенім - бекіре,
Алты дегенім - адам,
Жеті дегенім - жеміс,
Сегіз дегенім - сең,
Тоғыз дегенім - тоң,
Он дегенім - оң,
Он бір болады одан соң.

* * *     * * *     * * *     * * *

Б-дан басталады - бие де,
Е-ден басталады - егін де,
Ү-ден басталады - үлек те,
Т-дан басталады - төбе де,
Б-дан басталады - бесік те,
А-дан басталады - атан да,
Ж- дан басталады - жент де,
С-дан басталады - сең де,
Т-дан басталады - тон да,
О-дан басталады - оқу да,
Он бір ойға тоқу да керек.

* * *     * * *     * * *     * * *

Бір үйде он баламыз

Бір үйде он баламыз,
Бір-бір жастан арамыз.
Бір жастағы - Біржан
Екідегіміз - Елжан
Үштегіміз — Үсен
Төрттегіміз - Төкен
Бестегіміз - Бекен
Алтыдағымыз - Арқан
Жетідегіміз - Жетен
Сегіздегіміз - Сөкен
Тоғыздағымыз - Тойтан
Ондағымыз- Ойқан
Жастарымызды қосыңыз,
Қосындысы қанша осының?

* * *     * * *     * * *     * * *

Он - Отаның ардақты,
Ол - қорғаның салмақты.
Сені ақылды болар деп,
Бар тілегін арнапты.
 
Тоғыз - торғын тоғайың,
Бауыр, туыс, ағайын.
Ұстаздарың, достарың,
Шаттық толы маңайың.
 
Сегіз - деген салтанат,
Ел жиналар анталап.
Тәуелсіздік тойы бар,
Сайыс құрар бар талант.
 
Жеті - туған жеріміз,
Біз - туған жер төліміз.
Жиі барсақ ауылға,
Тола түсер кеміміз.
 
Алты - асау арғымақ,
Мінсең шабар арқырап.
Қиялдайды сондайды,
Бәйге сүйгіш әркім-ақ.
 
Бес - қолыңда бес саусақ,
Іске даяр тұр самсап.
Тас қамалды бұзамыз,
Жұдырықтай бір болсақ.
 
Төрт - атақты төрт түлік,
Төрт түлікке тоқшылық.
Жылқы, сиыр, қой, ешкі,
Өсір бәрін көп қылып.
 
Үш дегенің - үй,
Үйсіз оңбас күй.
Үй - туған ел бөлшегі,
Соны еске түй.
 
Екі дегенім - елім,
Атамекен жерім.
Ол - өзен, көл,кең дала,
Ол - тауларым менің.
 
Біздер санай білеміз,
Білмегенге күлеміз.
Біреу, екеу, үш, төрт деп,
Бес, алты... деп жүреміз.
 
* * *     * * *     * * *     * * *
Онға дейін санайық!

Қолға қалам алайын,
Қанша сан бар жазайық.
Қарап тұрмай, сандарды
Қайта-қайта санайық.
О
Дөңгелекке ұқсайды,
Доп сияқты, ұшпайды.
Досым нөлді О дейді,
Десем «бұл нөл», ұқпайды.
1
Біздің үйде бір тауық,
Бір жұмыртқа жүр тауып.
Бір сиыр бар қорада,
Бәтіш тәтем жүр сауып.
2
Екі аяқпен жүремін,
Екі көзбен көремін.
Екі қолым бар менің,
Екеу құлақ, білемін.
3
Үйімде бар үш қалам,
Үшеуін де ұштағам.
Үш досымды салдым мен,
Үш балыққа ұқсаған.
4
Төрт дөңгелек арбада,
Төрт аяқ бар малда да...
Тауыса алмай бидайды,
Төрт тышқан жүр қамбада.
5
«Бестік» деген бағаны,
Бақыт күнде алады.
Бәрі жақсы көреді,
«Беске» оқыған баланы.
6
«Алақай!» дер келді күн,
Алтыдамын мен бүгін.
Алты жасқа келмекші,
Алғы аптада енді кім?!
7
Жеті саны киелі,
Жұрттың бәрі біледі.
Жеті жасқа жеткендер,
Жығылмай-ақ жүреді.
8
Сен де, мен де баламыз,
Сегіз санын саламыз.
Сегіз деген екі төрт,
Сегіз жаста ағамыз.
9
Тоғыз жасқа келгенім -
Тоғыз жылды көргенім.
Тоғыз жаста тәнті еткен,
Талабымды көр менің!
10
Он жыл, он жас - он деген,
Он жас кіші ол менен.
Онды жаза аламыз,
Он - тұрған бір нөл менен.
 
* * *     * * *     * * *     * * *

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама