Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Абылайдың Самарқанға жорығы (І нұсқа)

Абылай хан өзіне-өзі емін-еркін келген соң «атажұртым Бұхараны аламын» деп, үш жүздің баласы қазақтың «сен тұр, мен атайын» деген батырларын жиып, аттанды. Мұнан барғаннан әуелі Түркістан барып, оған өзінің бел баласы Сыдық сұлтанды ие қылды. Шымкент, Сайрам барып, оған Ғабдалрахман деген сартты қойды. Ташкент барып, оған Мырзахмет деген сартты қойды. Ташкентті кеше орыс алар уақытысында бір Мырзахмет деген және биледі. Бұл Мырзахмет қартайып алжып өлсе, жаңадан өлді. Абылайдың қойған Мырзахмет дегені мұнан көп бұрын өткен кісі. Онан Созақ үстіне барып түнеп жатқанда, Қоңырат елінде бір байдың келіні ұл тауып, атын Абылай қойған екен. Бұл Абылай да өсіп-өніп, бір тайпа ел болыпты. Абылай хан онан өтіп, Самарқан шаһарының бет алдына, Жұпар қорығына барып түсіпті. Сол түні қасындағы қариясына:

— Бүгін сәуе көр! — депті.

— Мен де қарап жатпайын, жұрт билеген хансың ғой, өзің де көр! — депті.

Ертең таң атқан соң қария мен хан бас қосып отырып, көргендерін айтысыпты. Әуелі хан айтыпты:

— Бүгін түнде түсімде бір жолбарыс шатырымның алдына келіп шөкті, басын бір көтермеді, төмен салды да жатты.

«Бұ не қылғаны?» деп қарап едім әлгі жолбарыс дегенім аю болды. «Жаңа жолбарыс еді ғой, қалайша аю болып қалды?» деп қарап едім, қасқыр болды. онымен те тұрмады, қоян ба, қарсақ па, сол сықылды болған уақытта оянып кеттім, — дейді.

Онда қария айтты:

— Мен көргенімді айтсам, Бұхарадағы тамам әулие Самарқан дарбазасының түбіне келіп шөкті. Ол Самарқанды саған алғызбаймын деп келгені. өзің көрген жолбарыс — өзінің бақ-талайың. Бақ-талайыңның жетіп жығылған жері осы болғаны. Енді мұнан былай бақталайың көтерілмейді.

«Баяғыдан бері Абылай жүріп-жүріп сарттан өліпті» деген атқа ұшырамай, ұрыспай, соғыспай, осы жерден тып-тыныш қайта ғой. Қарасаң, аю болғаны — сенен соңғы баланың заманы, «аю заманы» деген заман болады. Аюдай алысып өтеді. онан қарасаң, қасқыр болғаны — немере ұрпақтарың заманы, «қасқыр заманы» деген заман болады, қасқырша жұлысып өтеді. онан қарасаң, түлкі болғаны — шөберең заманы, «түлкі заманы» деген заман болады. Түлкіше жортып жүріп жан сақтайды. Онан қарасаң, қоян болғаны — онан соңғы заман қоянша қара кебек қылып, қорғалап жатып, жан сақтайды. Онан соң заманның не боларын Құдірет өзі біледі. Қарсақ болар, күзен болар, ең аяғы тышқан, бақа-шаян, құрт-құмырсқа болып дүние сөйтіп тозып таусылады дағы, — дейді.

Сонан соң хан бұл сөзге құлақ қойып, Самарқан шаһарына елші жіберді:

— Ұрысым, соғысым жоқ. Әулиелерді зиярат қыла келдім. Осы жерден қайтамын, — деп.

Самарқан, Бұхара жұрты қорқып тұр екен. Мұнан бұрын қосыны қазақ болып он үш патша шаһарларды алған екен.

Қосыны қазақ болды дегенше, бұ дүниепаз сарттарға азап болады екен. Абылай ханнан бұл сөзді естіген соң Самарқан халқы қуанып, тарту-таралғысымен келіп ханды көріп, Абылай хан сонда: «Самарқанның көк тасынан басыма қойдыратұғын, жазу ойдыратұғын тас қазып аламын!» — деп, ұста жинап, тас қаздырды. Сонда Абылайдың бақатысына шыққан тасты Самарқан халқы көріп, ханнан сүйінші сұрады: «Бұл тас әмір Темірден соң ешкімге шықпаған тас» деп. Сол тасқа атын сол жерде ұсталарға жаздырыпты: «Абылай ибн Сүйеніш хан» деп.
Сол сапардан қайтып, Ташкентке келіп Мырзахметтің қызын алып «енді ұрыс, соғыс жоқ» деп, орта жүз бен Кіші жүздің батырларын рұқсат беріп, жерлі жеріне, мекенді суына қайтарыпты. Үш айдан соң өзі Ташкенттен Арқаға қарай шығыпты. Қасында біраз төлеңгіт пен үйсін, дулаттың жалға етектері бар. Мұны Шымкенттегі Ғабдалрахман сарт естіп, Тұрбат, Сұлтанрабат, Қарабұлақ, Маңкенттегі егінші сарттарды жинап алып, қосын қылып Абылай ханды қамапты. Сонда дулат халқы қашып кетіп «жалға етек дулат» атаныпты. Боза ішіп, дулағаннан басқа өнері аз, тұзсыз көженің күшінен біткен жасық халық қой. Ханның қасындағы төлеңгіттердің бірсыпырасын қырып тастапты. Ханның өзіне қол тигізуге бата алмапты. Сонда хан Арыс деген өзеннің бойында бір қырдың басында тұрып, жолдастарын тарқатып жібергеніне пұшайман болып, бармағын шайнады дейді.

Сонда бір қария айтқан екен:

— Етек пенен жең болған,
Ежелден саған ел болған
Орта жүзден кісің жоқ.
Найзасының ұшы алтын
Кіші жүзден кісің жоқ.
Бұған қарап тұрғаннан
Басқа ісің жоқ, — депті.

Сонан соң Абылай сол Арыстың бойында бір қорғанға түсіп, алпыс сегіз жасында жұма күні дүниеден қайтып, сол жер осы күнде «Хан қорғаны» атаныпты. Сүйегін теңге салып, Түркістан шаһарындағы хазірет сұлтан Алғарфин әулиенің күмбезіне алып келіп қойыпты.
Естірткен күні жұма күні екен. Сарыарқаға қырық күн бұрын естіліпті. «Бүгін қырқы» деп ордаға жиылып, бала-шаға, үй-іштеріне жұма күн жиылып есіттірген екен. Артынан қасындағылары келген соң «қай күні өлді?» деп сұраса, үйіне есіттірген күні өлген екен. өлмесінен қырық күн бұрын өлді деген хабарды Арқаға келіп қалғаны. Абылай хан өлгенде Созақ деген кентте Жалаң аяқ Адұрдұр [Ашдүр, Әздер Е.Қ.] үш күн, үш түн жылаған екен. Маңайындағы сарт-сауан:

— Тақсыр, бір қазақ өлді деп, мұнша неге бүліндіңіз? — дегенде:

— Есіл Абылай Сарыарқада өлмей, сарттың қорғанында өлді-ау! Енді хандық қорғанда қалды. Сол үшін жылаймын, — деген екен.
Айтқанындай, содан соң қазақ ортасына хандық жоқ, сарт билеп кетіпті.

Бес қойға алған өгізді
Тегін дерсің деп еді,
Егін егіп, тарының
Сөгін жерсің деп еді,
Жалаң аяқ сарттарды
Бегім дерсің деп еді, —

деп ноғайлыдан шыққан Мөңке бидің айтқаны дәл келіпті де тұрыпты. Мұнан соң «балапан басына, тұрымтай тұсына» деген заман болды.
Баяғы атам заманындағы Бұхарекеңнің «қала салады, орыс алады» деген жерлеріне Абылай ханның немересі Кенесары заманында салынып, Кенесары, Наурызбай барымташыдай шеттеп, жырмалап жүріп, екі мыңға анық толмай-тұғын жігіт-желеңмен оған бір тиіп, бұған бір тиіп, басы-көті сегіз жыл бір ауылға болса да хан атанды.

Ерей мен Есіл басы тау болыпты,
Кәпір көп, мұсылман аз, қау болыпты.
Саржан мен Қоңырқұлжа құда болып,
Орыс пен Кенесары жау болыпты.
Төскейде мал жатады қау болғанда,
Жігітке кедейлік жоқ сау болғанда.
Ұшқан құс, жүгірген аң өте алмады,
Орыспен Кенесары жау болғанда, —

деп бұрынғы ақындардың өлеңінде айтылған.

Оқуға кеңес береміз:

Жәнібек батырдың түсін Абылайдың жоруы (І нұсқа)

Абылайдың бір жорығы (ІІ нұсқа)

Абылайдың бір жорығы (ІІІ нұсқа)


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама