Балдырдан үйреніңіздер
(хикаят)
Мыңдаған жылдар бойы июлдің қарғысы болып келген күн, енді оның алғысына айналады.
Академик Иоффе
Үш мың шақырым жер артымда қалды. Мен Қарабұғаз шығанағы жағасындағы үш қат тақтайдан салынған үйде тұрамын. Қарабұғаз суын сақылдата қайнатып, қоюландыра түсу үшін таңертеңнен кешке дейін рақымсыз безбүйрек күн мігірсіз жұмыс істейді. Каспий теңізін айналып шығатын ұзақ жол бойындағы ең жарқын нүктені еске түсіру үшін шұғыл ойлануыма со күн кедергі жасап отыр.
Енді ойлап тұрсам, тұтас бір әлем улап-шулап өте шығыпты да тек жадымда және көмескі қарындашпен жазылған парақтар бетінде қалыпты.
Бакуден кейін таң атарда пойыз зулаған күйі Берікейдің жұпар иісті тоғайларын жарып өтті. Батыста, Хұнзақ пен Ведено жағында, романтикалық аңыз-әпсаналардың сағымына оранған ауылдар жағында, асқар таулар, ауыр мыстай болып, жалтылдап жанып тұрды. Солардың баурайына барып, "Дағыстан оттары" зауыты тығылыпты, бұл жер астынан атып шығып жатқан газбен жұмыс істейтін Одақтағы бірінші зауыт еді. Зауыт өзінің әйнек балқытатын пештеріне сол газды жағады. Әйнек жасауға қажетті шикізат — мирабилитті зауыт Қарабұғаздан тасып әкеледі екен.
Мен Бакуде Қарабұғаздағы химиялық комбинат салынып біткенше, мирабилитті Дағыстанда өңдейтін болып, күнілгері болжап қойғанын есіттім. Бірақ қайда? Әлі жұмыс істеп көрмеген газ зауыты тәрізденіп, жері газға малынып жатқан осы арада, Берикейде ме, әлде солтүстікте ме, Чир-Юртте ме?
Жұрттың жалпы пікірі аса қуатты химия комбинатының құрылысы жобаланып қойған Чир-Юрттің пайдасына бейімделген тәрізді.
Дағыстан тауларының жарқылдаған көгілдір жүрегі — Сулақ электр станциясы токты соған жеткізіп беретін көрінеді. Бұнымен бір қатарда мазуты мен мұнайлы газы мол Грозный түтіндетіп тұр ғой. Махачкала порты да осы арада, оған теңіз арқылы Қарабұғаздан мирабилит жеткізіп тұруға болады, Ростовка, Новороссийскіге баратын рельс жолдары да, елдің орталығына және Қара теңізге шығатын жолдар да осы арада.
Махачкала тас болып қатып қалған теңіз көбігінен салынған қала сияқты.
Жағалаулар мен ғимараттардың қиыршақты тастары, теңіздің баданадай тамшысы тәріздес слюданың түйіршектеріндей болып жалтырап тұр.
Теңіз қаланың дәп іргесіне жасыл да терең суын лықсытып апарып, қайтып жатыр.
Желкенді кемешіктердің қара бугшприттері семафорларға тиер-тимес деңгейде, вокзалдың аласа қоршауы үстінде тербеліп тұрады. Тбилиси-Мәскеу жүрдек пойызының вагондары он минутқа кемелердің каюталарына айналады. Олардың терезелерінде рейлер, құрал-саймандар, сары трубалар шатысып-мытысып жатады. Купелерге Каспийдің қатты желі лап етіп кіреді. Балалар, оңтүстіктің көк теңізінен буындары босап кеткен жолаушылар алдында, жаңа ғана ұсталып, суық пен йод иісі аңқып тұрған шыжымдағы шабақтарын бұлғап көрсетеді.
Махачкалада мен өзіме серік тауып алдым. Жолсерігіңізді әрбір қаладан іздеңіз, әйтпесе жаңа жерлер сізге кісіні жалықтыратын музей тәрізді әсер етеді. Серігіңіз жергілікті торғынның біреуі болуға тиіс. Ол сізді бейтаныс өмірге бір сүңгітіп алады. Кейде оны кір-қожалақ тесік қой бұл деп кейістік білдіргенімен, ол еркінен тыс өз қаласын мақтайтын болады. Несін айтасыз, байырғы тұрғындардың бір қасиеті сондай емес пе. Жаңа келгендер қасында тұрғанда әбден зеріктірген орындар байырғы тұрғын алдында өзінің түпкі табиғи мәнін ашады, соны бояулармен құлпырып шыға келеді. Аса қызғылықты заттар әлемі кенет әлдекімнің таңырқаған көзі алдында кеңінен ашылады да шаң басқан Махачкала өзенмен, жаңбырмен, үйдің шатырларына дейін теңіз толқынының тамшыларымен жуынып-шайынатын қала ретінде, ұлы мүмкіндіктер мен жүзеге асқан баянды табыстардың қаласы ретінде танылады.
Дағыстанның мұнар басқан таулары оның әктелген үйлеріне жақындап келеді. Ғазауаттың жырдағы тарихы, мусаватшылармен соғысу, таудан жазыққа жұмыла түскен Қазан революциясының тарихы, теңіз төңірегіндегі жел қалай шуласа, қала да тап солай дәл төбеңізден шулап жатады. Сіз Бүйнакскінің мойыл баулары қалай гүлдесе — бүкіл Одақта онымен тең түсетін баулар жоқ қой — жас республиканың да дәп солай гүлдеген, ашқылтым күшті иісін сезесіз.
Менің серігім жергілікті газеттің қызметкері, көзінен жиегі тасбақа сауытынан жасалған көзілдірігін тастамайтын, шашы ағара бастаған Красногорский деген кішкентай кісі болатын. Өзінін шыққан тегі — Минскден болса да, ол Дағыстанды отаным деп есептейтін. Және оны ел естімеген байлықтың жері деп әңгімелейтін, сөйтіп со байлықтың бәрін бір өзінің, Красногорскийдің әлсіз иығына салып, алып жүруіне тура келетін кісі сияқтанып, ауыр күрсініп қоятын.
Красногорскиймен бірге мен қала түбіндегі Тұралы тұзды көліне бардым және геолог Шацкийдің үйінде болдым.
Тұралы көлін — Үлкенін де және Кішісін де — жұрт жасанды Қарабұғаз деп атайды. Ғылым академиясы осынау көлдерде мирабилиттің судан бөлініп шегуін тездететін жаңа әдісті сынап көрді.
Қарабұғазда мирабилит кристалға айналып, су түбіне табиғи жағдайда шөгеді. Мирабилиттің "шөгуі" судың температурасы бес градустық жылылыққа дейін төмендейтін қыста болады. Мирабилит тең емес қатпарлар болып шөгеді де он сегіз мың текше метр шақырымдық орасан зор кеңістікті алып жатады.
Қысқы дауылды толқындар мирабилитті жағалауға шығарып тастайды. 1929 жылға дейін оны өндіру ісі теңіз шығарып тастаған өнімді қайтадан жуып әкетпес үшін, оны күшті толқын жететін жолақтан әрегірек ысырып тастап, мирабилиттің кебуіне жағдай жасап, сосын оларды түйеге артып, теңізге жеткізетін. Бұл жайт қашан Қарабұғаз тресі жұмыс істей бастаған 1929 жылға дейін тап осылай болып келді.
Трест, ескі өнеркәсіп иелеріне ұқсап, өнім өндіруді шығанақтың кірпияз мінезіне тәуелді етіп қойғысы келмеді: дауылды толқын шығарып тастаған өнімге шүкіршілік етіп қоя салмады. Трест, шығанақтың мирабилитті қолайсыз жағалауға жүз елу шақырымдық кеңістікке лақтырып тастай салатынына, оны балшықпен араластырып, үстіне балдырлар мен шіріген балықтарды тастайтынына, ал жазғытұрым оны қайтадан жалап-жұқтап, өзінің жыли түскен суымен ерітіп жіберетініне көніп отыра бермеді.
Мирабилитті өндіріп, кептіруге қолайлы, оны таза күйінде беріп отыруды қамтамасыз ететін өнімді шығарудың жаңа әдісі керек болды. Мирабилитті шығанақ түбінен экскаваторлар мен тұз сорғыштардың көмегімен өндіру және бассейндендіру әдістері дәп сондай жаңа әдістер болып табылатын. Әділетің соңғысының мәнісі — шығанақтың суын жеке бассейндерге насоспен айдайды, содан кейін ол осынау бассейндерде жатып буға айналады, содан кейін концентрацияланады да қысты күндері өте таза мирабилит береді.
Бұл әдіс Тұралы тұзды көлдерінде қайтадан тексерілді. Бассейндегі қабаты екі метр алпыс бес сантиметрлік су — қатпары елу бес сантиметрлік мирабилит берді.
Тәжірибелер ойдағыдай болды: алынған мирабилиттер саны алдын-ала жасалған есеппен дәлме-дәл болып шықты.
Мен Прокофьевтің геолог Шацкийге кіріп-шығу жөніндегі өтінішін ұмытқан жоқ едім. Ол қаланың шетіндегі кең өзен тәрізденіп, таумен ұласып жатқан көшеде тұрады екен. Бұл көшемен, жыртық башмақтарымен жылы шаңды көтеріп, сарғайған тырнақтарымен қара қанжарларының сабын тықылдатып, таулықтар жүріп жатады. Ер үстіне салынған тоқымалы қоржынның бір жағына сүт құйылған бидондарын, екінші жағына тепе-теңдік үшін жатқызылған құндақтаулы сәбилерді арқалап, есектер келе жатады.
Красногорский әрдайым қасымнан табылады. Ол бұ жалғанда Шацкийдің бар екенін біледі, бірақ оның жуырдағы ауруының себептерін және Қара Ада аралындағы тарихын білмейді.
Бізді көзі күлімдеген, қырынып таранған бір шал жадырай қарсы алды. Бұл Шацкий болатын. Оның әйелі мұғалима — армян әйелі, күллі өмірін жақын-жуықтарына қызмет етуге бағыштайтын әйелдер тобына жатады екен.
Прокофьев, Шацкий құлан-таза жазылып кетіпті, бірақ дәрігерлер осы уақытқа дейін оған геологиялық экспедицияларға қатысуға рұқсат етпейді екен. Қатты шаршаса не арқасы қозса болғаны, бұрынғы сандырақ идеялары қайта оралатын көрінеді. Сол себепті де Шацкийдің теориялық мәселелерді әзірлеуден қолы босамайды екен. Бұ салада ол қазірдің өзінде бірнеше қызғылықты жұмыстар жасапты, — деп түсіндірді.
Мен Шацкийге өзімді Қарабұғаз туралы мәселе қызықтыратынын айттым.
— Біздің уақытымыз сондай, — деп жауап берді ол, — біз алыста жатқан міндеттерді қоя білуіміз қажет. Қарабұғаз мені де қатты қызықтырады, бірақ дәл сізді қызықтырғандай емес. Мені ол энергияның жаңа түрлерін жаулап алу жөніндегі тәжірибені өткізуге бәрінен де қолайлы орын ретінде ғана қызықтырады. Прокофьевтің ғалымдығынан гөрі ақындығы басым екенін өзіңіз де білесіз. Біз қиялды ауыздықтап ұстауымыз керек. Қарабұғазда химия комбинатын салған жөн. Аса қуатты энергия көзінсіз оны сала алмаймыз. Прокофьев газдарды іздеп жүр, басқалары Қарабұғазбен көрші жерлерден көмір мен мұнай іздейді. Мұның бәрі тамаша, бірақ олар басты нәрсені ұмытты: Қарабұғаздың өзінің жаңа энергияның сарқылмайтын да азаймайтын бастауы екенін ұмытқан.
— Қандай энергияның?
— Күннің. Күннің не екенін білемін. Күнді жаулап алу ісіне гомеопатия әдісін қолдану керек. Гомеопаттар науқасты аса күшті улармен емдейді, бірақ микроскопиялық мөлшерде ғана. Күн де тек аз мөлшерде ғана игі әсер етеді. Шын мәнінде күн — өлім себуші. Егер ол қажетті мөлшерінен молырақ болса, сол жерді оңалмайтын етіп құлазытады. Ол жердің орасан зор кеңістігін күйдіріп жібереді. Бұның классикалық мысалы — Каспийдің ар жағындағы шөлдер.
Красногорский гәп күнде емес, сол араға судың жетіспеуінен деп қарсы дау айтты. Шацкий оны байыппен тыңдады.
— Су жеткілікті, — деп жауап берді ол мырс етіп. — Бәле, судың жиналуынан булануының тезірек болатынында. Біз барлық жағымыздан құрғап бара жатқан жерлер қоршауында қалғанбыз. Тепе-теңдік адам пайдасына шешілмейді. — Ол маған сығырайып бір қарады. — Біз бәріміз күздің жиегімен жүріп келеміз, бірақ оны өзіміз де білмейміз. Адамзат тіршілігінің бүкіл тарихи кезеңінде қанша тас көмір жағылса, кейінгі он жылда да соншама жағылғанын білесіз бе? Енді бір жүз, жүз елу жылдан кейін көмір қоры таусылады. Ақ көмір әлемдік шаруашылықтың энергиялық мұқтажының алпыс пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Апат қадамының дыбысын қиналмай-ақ естуге болады. Ол үшін тіпті абсолютті есту қабілетінің қажеті жоқ. Мұнайдың әлемдік қоры да жойылады. Энергетикалық қорлардың сарқылуы капиталистік елдер арасында міндетті түрде соғыс тудырмай қоймауға тиіс...
— Шура! — деді әйелі қатулы үнмен. — Ешқандай соғыс болмайды!..
— Капиталистер елдер арасындағы соғыс болмай қоймайды, — деп қайталады Шацкий. — Көмір мен мұнайдың соңғы қоры аяқтала берген кезде соғыс басталады.
— Шура, — деп бұрынғыдан бетер қатулана түсті әйелі, — ешқандай соғыс болмайды, сен оны жақсы білесің!
— Капиталистік әлем энергияның жаңа көздерін ебедейсіз, мүлде қолапайсыз түрде іздеуде. Бензинді спиртпен алмастырып жатыр. Америка "құрғақ заңды" елді маскүнемдіктен айыру үшін емес, барлық спиртті жанар май ретінде қолдану үшін ойлап тапты. Онда автомобильдерді бензиннің орнына Ямайкадан әкелетін ромдық спиртпен қоректендіріп келеді.
— Сіз ғалым ретінде, шынымен-ақ осыдан шығатын жолды көрмей отырсыз ба? — деп сұрадым мен.
— Ал күн ше? — деп сұрады өз ретінде Шацкий. — Күн! Жердің әрбір сантиметрі жыл сайын күннен жүз мың калория алады. Өсімдіктер күн энергиясының осы бір санынан тек оннан жеті пайызын ғана алады. Және олар өсімдіктерді тиісті үлесінен көбірек алуға күштеп көндіруге болады, сөйтіп фантастикалық өнім алуға болады деп ойлайды, бірақ мен бұл ақылға сыймайды деп білемін. Шамадан тыс алынған энергия өсімдіктерді өлтіреді. Біздің гомеопатиялық әдісімізді ұмытпаңыз. Дегенмен, ретті жерінде, сіз, жерге энергияның қаншама сұмдық мол қоры үздіксіз құйылып жатқанын, әлі де миллиондаған жылдар бойы құйыла беретінін көріп, біліп жүріңіз. Адамзат алға ең аз қарсылық көрсетіп жолмен жүріп кетті. Ол энергияның қоры болмашы аз ғана түріне тұра ұмтылады, энергияның үзілмейтін мігірсіз түрін, адамзаттың күллі тарихына жететін түрін ұмытып кетті.
— Ғажап! — деп сыбырлады маған, Красногорский.
Мен оның көзінен заңды мақтаныштың жарқылын байқап қалдым. Ол: "Қараңдар, біздің Дағыстанда қандай тамаша адамдар тұрады!" — деп айтқысы келген сияқтанды.
— Қарабұғазға кайта оралайық, — деді Шацкий сезін сабақтап. — Біз күннің энергиясын пайдалану аса қажетті деген жерге аялдап едік қой. Осыған мән берсек, Қарабұғаз -Одақтағы ең жақсы жер. Ондағы күннің жарқыраған шұғыласын айтыңыз. Егер Қарабұғаз шығанағы көлге айналып кетсе, онда ол алты жылда кеуіп қалар еді. Жалпы алғанда, сіз сол тұтас бір өлкенің қалай құрғап бара жатқанын көз алдыңызға елестете алмас едіңіз.
Шацкий терезеден кез алмай, ойланып қалды. Теңіз көрінбейді, бірақ теңіздің орнына қалың бу тәрізденіп, бозғылт теңіз ауасы көрініп тұрды.
— Мен "Буланған жер" атты бір шағын ғылми еңбек жазуды ойладым. Біздің күнмен арадағы қарым-қатынасымыз — қылмыс. Оның жер шарындағы энергиясының жылдық қоры жүз миллион киловат-сағат деп анықталған. Бұл жердің әрбір шаршы метріне бір-бір киловат-сағаттан келеді деген сөз.
— Бірақ күн машиналары-гелиоскоптар — жақсы нәтиже бере алмаған ба, қалай? — деді Красногорский.
— Бере алмайды да, — деп іле жауап қатты Шацкий. — Басқа жолдар керек. Біздің қолымызда химия бар. Оның мүмкіндіктері алдында күн энергиясын оптикалық принциппен аулау кейінге шегініп кетеді. Күн энергиясын химиялық жолмен аулап, алақанға қондыру, шоғырландыру, қоюландыру керек. Теңіздің қызыл балдырынан үйрену қажет. Олар теңіздің тереңіне өтетін күн шұғыласы мөлшерінің жиырма төрт пайызын пайдасына жаратады, ал біздің күн шуағына шомылып жататын жердегі өсімдіктер, өзім жоғарыда айтқандайын, пайыздың болмашы бөлігін ғана қажетіне асырады. Зәрулік бәріне де үйретеді.
Шацкий бөлмені бір рет кесіп өтті.
— Қапырық, қапас! — деді ол күбірлеп. — Осы араның кештері ай, кісінің демікпесін қоздырады. Күні бойы қақталған таулар түнімен жылу таратып тұрады. Мен теңізге баруды ұсынамын.
Әйелі оны бізбен бірге жіберуге шын көңілмен келісті. Біз теңізге келдік. Жұлдыздар ақ шырақтарын бірде кеңінен ашып, бірде сығырайта қысып, толқынды теңіз үстінде ұйықтап жатты. Жағаны ернеуімен, ақ көбікті асау толқынды кемерді қуалап, Тбилиси экспрессі зулап өтті. Оның қуанышты гудогі айдынды теңіз үстінен күндей күркіреп естілді, пойыз даланың жалтаң жазығынан таулар, шығанақтар, өзендер, жүзімдіктер бір-бірімен араласып шатасып жатқан алқапқа, Кавказдың жанға жай тапқызар калейдоскобына жеткенше асықты.
— Міне... — Шацкий салтанатты түрде теңізді көрсетті. Miнe орасан зор су тегістігі. Бұларға зорлықтың күшімен күн энергиясын жинаттыруға болады. Бұл іске ебін тауып, шөлдерді де бейімдеуге болады әлі. Күнді химиялық жолмен аулау дегеніміз, күн энергиясының химиялық реакцияны тудыратын қасиетін пайдалану. Осынау реакциялар сонымен бірге электр энергиясын тудырады.
Лабораторияларда қазірдің езінде күннің энергиясын химиялық процестер жолымен электр энергиясына айналдыратын фотоэлементтер атты приборлар бар. Фотоэлементтің күннің әсерімен шағын электр моторын айналдыратын төкті шығаруға қол жетті.
Қарабұғазды күн энергиясын аулау жөніндегі бүкілодақтық лабораторияға айналдыру керек, сонда ең бірінші кезекте тұтқын етіп алынған күн энергиясын сол шығанақтың сарқылмас байлығын өңдеуге жұмсаған жөн.
Біз қайтып келгеннен кейін, Шацкийдің әйелі менен бәсең үнмен ол түкке тұрғысыз бірдеңені қоқсытқан жоқ па деп сұрады.
— Оның көзінше Қара Аданы еске алудың керегі жоқ, — деді ол бізбен қоштасқалы жатқанда. — Ол соны біртүрлі ұмытып кеткен сияқты, бірақ Қара Аданың аты оның мазасын кетіреді. Мен онымен бірге сонда болдым ғой, — дегенді қоса салғанымен, соған өзі де қысылып қалды.