Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Балжыңгер (І нұсқа)

Ертеректе байлық-берекесі шалқыған, сән-салтанаты келіскен Байсары деген бай өтіпті. Мекені Өр Алтайдың салқын сабат аясына біткен Марқакөлдің шүйгін жағасы болса керек. «Бірі кем дүние» деген емес пе, Байсарыда тұяқ жалғар, шаңырағына ие болар ұл болмапты. Бірақ, оның есесіне ақылына көркі сай, жұрт аузына ілінген Айымкүл есімді жалғыз қызы бар екен. Жоққа жүйрік жеткен бе, Байсары бай барға қанағат етіп, жалғыз қызы Айымкүлдің тілеуін тілеп, бетінен қақпай өсіріпті.

Жылжып жылдар, сырғып күндер өтіп жатады. Айымкүл айдай толысып бой жетеді. Байсарының ақылына көркі сай қызы туралы тамылжыған тәтті сөз аяқ жетер жерге жайылады. Содан өзіне теңдес өмірлік жар іздеген небір нәнталап жігіттер қыз көруге Байсарының үйіне күн құрғатпай ағылып келіп-кетіп жатады. Батыры бар, байы бар, шешені мен көсем бар, бірінен-бірі мойын оздырған қыз көрушілер Айымкүлді көріп, көңілдері толып, сөз сала бастайды.

Осы кезде Байсары дал болады. Бірінен-бірі иық асырған өңшең мықтыларға не деп уәж айтарын білмей қиналады. Жалғызын құтты орнына қондырып, көңіл орнықтыруды ниет қылған Байсары енді қартайғанда дұшпанымды көбейтіп, артыма зиянымды тигізбесем неғылсын деп уайым етеді. Мұның бәрін іштей ұғып жүрген Айымкүл әкесіне сөз салады: «ұям үйде болғанмен, өрісім түзде болған соң шара бар ма?! Шара болмағандықтан да, табиғаттың дегеніне көніп, перзенттік өтінішімді білдіруге бел будым. Әкем маған күйеу таңдап қиналмай-ақ, ерікті өзіме берсе екен. Маған атақ-даңқ та, байлық-береке де, сұлулық-салтанат да таңсық емес. Оның бәрі бір басыма бұйырған. Сондықтан әкем аяқ жетер жерге жар салып, хан-қара, би-төре демей, күйеу таңдар тойын жасап берсе екен», — дейді.

Байсары жалғыз қызының бұл тілегіне қарсы болмайды: «Тәңірі маған ұл бермеді. Бірақ ұлдан кем емес қыз берді. Оған да шүкірана! Айымкүлім бой жетіп, перзенттік еншісін сұраған екен, бердім ұлықсатымды! Аяқ жетер жерге жар салыңдар! Күйеу таңдар тойға қамданыңдар!» — деп ризалығын білдіреді.

Содан күйеу таңдар тойдың межелі күні де келіп жетеді. Марқакөлдің жағасына жер қайысқандай жұрт жиналады. Тойға киіз туырлықты жалпақ қазақты былай қойғанда, Ұрым мен Қырымнан, Бағдат пен Мысырдан, Шын мен Машыннан, Үнді мен Хорасаннан үміткерлер келген. Бірінен-бірі асып түскен сән-салтанат көз тұндырады.

Бір мезгілде кернейлер тартылып, дауылпаз қағылып, ортаға әлекедей жаланған жаршылар шығады. Жұртшылыққа алқа-қотан жасатып, еңселілеу орынға алтын тақта қойдырып, Айымкүлге жол ашады. Көрген жанның көңілін үйіріп, көлде жүзген аққудай сызып келіп тақтаға отырған Айымкүл баста деп белгі береді. Жаршылар саңқылдай жөнеледі.

— Уа, халайық, халайық! Ай мен күндей Айымкүлге қарайық. Ұрым мен Қырымнан, Бағдат пен Мысырдан, Шын мен Машыннан, Хорасан мен Үндіден келген қонақ бар. Ен даланың еркін өскен жігіттері және бар. Барлығында бір мақсат — айдай сұлу Айымкүлдің сынынан сүрінбей өту. Бір ғана шарт бар, әркім өзін, елі мен жерін таныстырып, ең басты қасиетін айтып өтсін!

Жаршылардың хабарынан кейін үміткерлер бірінен соң бірі ортаға шығып, қойылған шарт бойынша өздерін таныстырып, ең басты қасиеттерін айта бастайды. Бірі жеті атасынан бері ел билеген әулеттен шыққанын айтады. Екіншісі төрт түлік малына жер қайысқан бай екенін тілге тиек етеді. үшіншісі алтыны мен күмісін түйеге теңдесе, алды-арты түстік жерге созылатын керуен болатынын көлденең тартады. Келесісі бұл
дүниеде қарсыласы жоқ батырлығын айтып, кеуде қағады. Енді бірі жеті қат жер астының, жеті жұрттың тілін білетін ғұлама екенін ескертеді. Тіптен, тағы біреуі қара суды теріс ағыза алатын сиқыр өнерін меңгергенін айтып өтеді...

Айымкүл әрқайсысына ізет көрсетіп қойып, айтылған сөздерді іштей бір сын ғып отырады.

Бір мезгілде қарапайым киінген, есік пен төрдей кер ат мінген бір жас жігіт ортаға шығады. Күнұзынғы сән-салтанатқа көзі үйренген жұрт гу ете қалады. Батырлар менсінбеген, байлар теңсінбеген шырай танытады.

— Ен даланың төсінде еркін өскен елім бар. Сол елдің қатардағы қарапайым бір перзентімін. Есімім — Қастер. Жау алмайтын, жұт шалмайтын дәулетім бар, ол — мен үшін ойланбай жанын қиятын достарым. Қашсам құтылатын, қусам жететін қанатым бар, ол — астыма мінген пырағым — Балжыңгер! — дейді жас жігіт.

Айымкүл ойланып қалады. Ойлана отырып: «рас-ау, мал өлер, дүние тозар. Сол өлер мал, тозар дүниені қаперіне ілмей, достарын мақтан еткен пейілі қандай кең еді, жүрегі қандай ақ еді!» — деп іштей күбірлейді. Жай ғана күбірлеп қоймайды, назары тоқтаған осы бір кер атты жігітті сынамақ болады. Сынына толса, тағдырдың жазуы осы шығар деп тәуекел етпек.

Сол жерде Айымкүл ақ орамал көтеріп, жұртшылықтан сауға сұрап, кер ат мінген Қастерге шарт қояды: «Сөзің ұнады, жігітім. Енді ісіңді сынағым келеді. Алайда сынаушы жалғыз мен болсам, әділдікке қиянат келтірер едім. Сондықтан істің сыны екеуімізге бірдей ортақ болсын. Мен қазір осынау қауымның көз алдында алтын оқалы, жез түймелі күдері тон тігуге кірісемін. Күдері тон толық тігіліп біткенше астыңдағы
кер атпен Марқакөлді айналып шығасың. Егер үлгерсең, мен сендікпін!» — дейді.

«Уәде — серт, мақтан — дерт» деген, сол жерде екі жақ та сертке тәу етіседі. Қастер кер аттың айыл-тартпасын тартып, үзеңгіге аяқ салады, Айымкүл ине-жібін қолына алады...

Содан Балжыңгерге қамшы басқан Қастер Марқакөлді көбелей шауып жөнеледі. Аспантаудың аңғарына сұғына кірген айна көлді айналып шығу оңай болмайды. Із түспеген шалғынды кешіп, сыңсыған орманнан өтеді. Көлге төне біткен құз-жартастарды басып, қарлы шыңдардан асады. Қара қорыс батпақтарды жалдап, арқырап аққан ақ жал толқынды өзендерден өтеді. Шыға шықса, қарлы боранға оранып, ойға
түссе, қара тұманға тап болады. Мұның бәрі аздай-ақ, орман-тоғай, тау-тастың арасынан ақырып аю шығады, шабынып жолбарыс кезігеді, күркіреген қабыланмен беттеседі... осының бәрінде де Қастер мінген Балжыңгер нағыз ерге серік пырақ екенін көрсетеді. Көлді көбелеп, қияны жебелеп, қуса жетіп, қашса құтылып, шапқан сайын ширыға түседі. Содан, күн мен түннен жаңылып, батысы-шығыс, шығысы-батыс болғандай бір мезгілде көз ұшынан Байсарының ауылы көрінеді. Шалғынға шашқан жұмыртқадай ағарып, алқа қотан қонған ауылдың
қарасы көрінгенде Балжыңгердің белі көтеріліп, созыла шабады. Сол бетінде жұлдыздай ағып келіп, Қастер тізгін тартқанда, Айымкүлдің қадап үлгермеген соңғы түймесі қалса керек.

— Сыныма толдың, Қастер. Егер сенің сыныңа мен толсам, тойыңды жасай бер! — дейді Айымкүл.

— Сен де сыныма толдың, Айымкүл! Қадалмай қалған жалғыз түйме — ердің басшы, әйелдің қосшы екенін мегзегенің деп білемін! — дейді Қастер.

Сол жерде жиналған жұртқа Айымкүл тіл қатады:

— Ардақты ағайын! Алыстан келген қадірлі қонақтар! Қысқа жіптей күрмеуге келмейтін қыз дәуренімнің қызығына куә болдыңыздар. Ең алдымен кіндік қаным тамған туған жердің атынан, сонан соң алтын бесік елімнің атынан алғыс айтамын. Жеңдім деп желігудің, жеңілдім деп жасудың қисыны жоқ. Мен — жалғыз, сіздер — көпсіздер. Бәріңді бірдей құрметтесемде, біріңді ғана таңдағанымды айтқым келеді. Тағдырымды кер ат мінген Қастерге тапсырдым... «Тойдан — тобықтай белгі» деген, барлықтарыңызға қалы кілем, нар түйе, тай тұяқ баста ған үш тоғыздан сый тартамын. Бәсекелес емес, бауырлас болып тарасаңыздар екен! — дейді Айымкүл.

Айымкүл мен Қастердің сынына да, сырына да жұрт көңілі толып, риза болады. Екі жастың көңіл қосуы ұлан-асыр тойға ұласады...

Осы оқиғаға куә болып, ер жігіттің даңқын шығарған Балжыңгердей пырақты көзімен көрген күйші «Балжыңгер» атты күй шығарады.

Ел ішіне «Балжыңгер» күйінің үш нұсқасы кеңінен тараған. Күйді жете меңгерген, аңызын да жақсы білетін домбырашылар бұл үш нұсқаны бір күй етіп тартады. Күйді тарту барысында мынау «Балжыңгердің аяғы», мынау «Балжыңгердің шабысы», мынау «Балжыңгердің желісі» деп, күйдің сарынын тараулап, жіктеп отырады.

«Балжыңгер» күйінің аңызы ғана емес, әуен-сазы да драмалы тартысты бейнелейді. Бірде мамырлап, бірде ширығып отыратын күй сарыны адам сезімінің күрделі сырына бойлағандай.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама