- 09 жел. 2019 00:00
- 202
Балқаймақ
Құрманғазы Жем бойынан қайтып келе жатып бір қараша үйге түседі. Үй жапан далада жалғыз болады. Үйдің қасында бір саулы інген боздап жүреді. Құрманғазы үйге кіргенде, бір бойжеткен қыз ибамен сәлемдеседі. Күйші алыстан келе жатқан жолаушы екенін, қатты шөлдегенін айтады. Қыз жалма-жан мосы ағашын көтеріп, күйе басқан қара шәйнекті асып, от жағады. Шайы қайнағанша далада жүрген інгенді көс-көстеп шақырып алып, сауады. Інген сүтін құйып қыздың берген шайы Құрманғазыға аса ұнайды. Шөлдеп келген жолаушы бір өзі бір шәйнек еңсереді. Әбден өзіне-өзі келгенсін Құрманғазы қолына домбырасын алады. Қыз да қонағының тыныға бастағанын біліп, енді бір таза ауа жұтсын дегендей іргенің көлеңке жағын түреді. Құрманғазы күй шертеді. Аяқтап болған кезде қызға қарап: «Сіздің берген шайыңыз әншейін шай емес, маған балқаймақтай болды. Осы күйімді сізге арнадым. Балдан тәтті шай бергеніңіз үшін күйдің атын «Балқаймақ» қойдым», — дейді.