Шөлдеген шағала
Таңат бүгін ұйқыдан әдеттегісінен ерте оянды. Кешегі таңырқатқан ахуал түнемелік ой қудалауына салып, мазасын кетірді. Сумаңдаған сұрақтар түн түнегін түрген отшашулардай әбден алаңдатты. Балалық әуестікті тіршілік тәжірибесінің тақуа тұспалы тырп еткізбей тұмшалап тастады.
Түс әлетіндегі тосын жәйт мұның жұдырықтай жүрегіне шым-шымдап күш түсірді. Шілденің ми қайнатар аптабы қыбырлағанды көлеңкеге тықсырған. Күннен қорғайды деп көйлек-шалбарын, телпегін де бірыңғай ақ түстен киінгені жағдайды жеңілдеткен жоқ. Жүзі алаулап, маңдайы тершіп кәдімгідей ентіге бастады.
Қалқасы бар сәкі ернеуіне жайғаса бергені сол — кенет көктен сорғалаған ақ бауыр шағала сарай мен қора аралығындағы қуысқа қойылған су толы ваннаға күмп берсін. Сол қалпы шойын жақтауына соқтыға-моқтыға қанаттарын кергілеп, шомылған кейіп байқатты. Салқын суға мойнын ұмсындырып, қызған төсін малындырып сабаттайды.
Әншейінде үп еткен жел, қоға сытырынан-ақ ытырына жөнелетін табиғи үргедектік қалайша жайына қалған?! Жаз атаулы күн күйдірген ыссылығынан қашан жаңылып еді?! Ендеше мынау жалғызсыраған шағаланың айдың-күннің аманында тілімдей астауды сағалағаны қалай?!
Бала көңілі алабұртып, бейшара құсты бекерге күстаналап тұрмағаны анық. Қызық, думан дүрмекпен аққуға да мылтық кезеп жүргендер бар емес пе? Кептер қуалаған есерсоқтардың қолына түссе, мына ғаріп шағаланың қанаты қырқылды дей бер...
Тырналар сияқты тізбегін бұзбай ұшатын әдет-шағалаларға бітпеген дағды. Шашырауы да, шоғырлануы да шалт теңіз «аңшылары» керемет көреген. Су астындағы балық атаулының бұлтың қағуы назарынан тыс қалған емес. Сондайда шырқау биікке шығандап, орам-орам толқынды көктей өтіп, атқан оқтай құлдилағанда қимылына көз ілеспейді. Ендігі сәтте қалақша тұмсықтары қышқашқа айналып, іліккен балықты жемсауына қылғытып бір-ақ тыншиды. Құс ындыны ашылғанда, тоят тауып болмайтын қомағайлығына дауа болмасын әшкерелеп те алады.
Осы жолғы құс құбылуының айып-төркіні адамдар ашкөздігіне үкім іздейді. Табиғатпен санаспайтын да, бас пайда үшін азаппен таласатын да, жаратылыстың ең ақылдысы да адамдар болып шығатыны неліктен екен?! Мынау тау-тас, қара жерден басқасы бұғып қалған, жалын шашқан шілдеде өзекті сағалаған бейкүнә шағала қапелімде тыныштығынан айрылды. Оқыс зіркіл-гүрсілден құлақ тұнып, шытынаған ұшқыннан көз қарығады.
Су астындағы сүңгуірге ұқсап сүлік түстес қорғаныш киіммен тұмшаланған төртеу қайраңдап қалған зіңкиген кемені отқұймамен тілгілеп жатыр. Дүниедегі ең бейбіт кәсіп иесі балықшы қауым үшін бұл әрекет тұщы етіне ащы таяқ тигендей. Сыр мен Әмудің арқыраған ағысы тербеткен теңіздің тайдай тулаған толқындарында ойнақтаған айдын айбаты бұл күнде жағалауда шөккен түйедей, белгісіз обадай мүлгиді.
- 1 -
Бармақтай жүрегінің қан тармағы жарылардай болып, қолағаштай кеудесі бір уыс мақта сынды бүріскен бейбақ құс әуелде қос қанатын тіктей алмады. Қырындап, қалбаң-құлбаң тіктеліп барып, зеңгір көкке көтерілді. Зобалаң туған шағаладан басқа айналадан өзгеше әбігер білінбейді. Тартылған теңіз табанынан тұтамданған тұзды тозаң жерге желімдей жабысып бедере қалған. Ойнақшыған бұлт та жоқ. Күн қызуы аспан астын қайнаған ауамен қуырып барады...
Әрине, құс адамша ойлай алмайды. Бәрібір оларға да жандауа түйсік маза бермейді. Экологиялық лаңды алдымен солар сезінген шығар. Шалқып жатқан теңізді бұлардың да аңсайтыны анық. Бозамық тұзды шаң қанаттарына кірігіп, мақпалдай қауырсынын кеберсітіп тастайды. Су көрсе, қона қалып, сабаттау — кейін пайда болған үрдіс.
Әлгі әлем-тапырық шаң-шұң, от бұрғы жарқылынан шошынған шеттеуік шағала жанұшырып аспан кезгенде, төменнен оймақтай суатты көзі шалып, көз алды бұлдыраған күйі топшысын бүкті. Құныққан жандардан бас сауғалаған оның тағы да тойымсыздық құрбаны болмасына кім кепіл?! Бақытына қарай, бейбіт те періште пейілге тап келді.
Таңат бұрынғыдай көзін уқалай-муқалай бірден сыртқа ұмтылмады. Дәліздегі қолжуғыштан қайтты. Үй-ішіндегілердің азанғы қам-қарекетін шолып тұр. Әнекей, атасы бүгежектеп сарай жақта жүр. Әжесі сәждеден басын көтермейді. Шешесі таңғы дастархан қамында. Әкесі жұмысқа ертелетіп кеткен. Қарындасы көрпеден бас қылтитады. Ол жым-жырт көріністен тез оқшауланып, аулаға асықты.
— Таңатжан, атаңды шайға шақыр! — деген ана үні іркілтсе де, екі көзін қора беттен айырмайды. Есіл-дерті ондағы қанаты тобарсыған шағаланың қандайлық күйде екендігіне ауған. Бала қиялы «Құстардың қара шаңырағы іспеттес аспан мен айдын сияқты жер беті ұлпадай ұяға айналып кетсе ғой, шіркін?!» деген тәтті арманға да ойысады. Бұлтпен тілдесіп, теңіз өпкен пәруайын-пәсан қанатты мүсәпірлік наласына қалай душар болды?Астаудағы судан сая іздегенің қай сасқаның? «Суған кеткен тал қармайды» дейтін кіріптарлыққа сені қандай күш итермеледі екен?!
Қораның бәкене терезесінен барлап еді: кергі томарға қонақтаған шағала кешегі бүріскен күйінен тапжылмапты. Үрпигені соншалық, бозторғайдан бетер шұқырайып кеткен. Қайткенде де құс жанары құпиясын ұстатпайды. Мал төліндей жаутаңдау нышаны бұлардан табылмайды. Моншақтай қарашықтарында белгісіз суықтық, бәлкім, әсіре сақтық ұшқыны қылаулайды.
Жұбан қарт немересінің дегбірсіздену себебін бірден ұғынды. Қапалы құс қораға ентелеген екеуді жақтырмаған кейіпте оқыс қозғалақтап, томар үстіндегі тепе-теңдігін әзер түзеді. Көпті көрген қарт ақылы Таңаттың санасына сіңе қойған жоқ.
— Балам-ау, көгершіннен басқа құс қолға үйренуші ме еді? Шағала деген теңіздің ерке сылқымы ғой. Қамау көрмеген құс құсаланып-ақ құриды. Жайына жібер, обалына қалма!
- 2 -
Таңат алған бетінен қайтпады. Алдымен шойын астаудың түбіндегі саз қабыршақтарын қырғышпен шықырлатып қопсытты. Кірпіш басуға дайындалған саз ерітіндісі шерлі шағаланың қанат қауырсындарын шатастырып тастаған екен. Қос шелек суды күн көзіне қойып, жылығасын сазға батқан шағаланы шайындырып алмақ. Оған дейін монтиған құсты сулы таза шүберекпен сүртуге кірісті. Бала алақаны жұп-жұмсақ болғанымен, сазды шөгінді қатқан балық қалашындай етіп жіберген қанат қол тиген сайын сыздайтын тәрізді. Шағаланың сұлқ түскен тұрқы «Ешкі қырыққан сайын бір өледі» дейтұғын ежелгі уәжді еске салады. Суға малшынған құс денесі дір-дір етіп, қорқынышын баса алмай әлек. Ау тараштаған балықшыға ұқсап, ұйысқан қауырсындардың біртіндеп ара-жігін еппен аршимын деп Таңаттың тұла бойы терге малшынды.
Атасы күлімдеген күйі төрге озды. Немересінің шөлдеген шағаланы өбектеп, араша түскеніне іштей тоғайды. Алғашқы мүшелге аяқ басуы ізгілікпен өрнектелгеніне бек қуанышты. «Адал болады, адам болады екен, құлыным!» деп сақалын сәндеп саумалап, тәубе тілегін ешкімге дабыра қылмастан көңіл түкпіріне ұялатты. Таңаттың атыс-шабыс, дырду жайлаған көксандыққа таңылмай, шапағатты табиғаттан табуға зейілі жеткеніне таңырқаулы.
Он үш жасар арманшылдың ойына не келіп, кетпей жатыр?! Шағаланың түбіттей жүнін төгілдіріп, майда тарақпен тарағысы да бар. Қора аузына желдеткішті жақындатып, самал леппен құс үстін құрғатуды да бөтен көрмейді. Осылай жасамаған күннің өзінде бала мен құстың пәк болмысы қожайын мен пірадар жігінен ажырап үлгірген-ді.
Әлгіндегідей емес, суы сорыққан, үсті-басы құрғай бастағандықтан ба, қанатын бір жазып, бір жиырып томар таяқты селкілдетіп жіберген құсқа алақанын еркін созды. Теңіз тотысы адами жан жылуынан тыныштық табын сезінгендей оң-солын шола бастады. Көз қиығындағы жаңа ортаны тану нышаны секемденуді ұмыттырып жібергендей.
Бұл өзгеріс Таңатты шағаладан айрылып қалмау амалын ойластыруға мәжбүр етті. Бастапқыда зымыраған бетінде шойын суаттың кедір-бұдыр жақтауына соғылғанда, қолтық асты қанталап, топшысы ісініп кетіпті. Әуелі өне бойын құрсап тастаған саздан арылтқанына риза боп арқаны кеңге салған. Енді қора ішінен қалайда тормен бөлектеп ұстау керек. Қанатты атаулыға аспан асты кеңістігінен басқаның бәрі тарлық етеді. Ең жеңілі, торғайға дейін қарлығаштың немесе қарағұстың ұясына бұл жалғанда еш маңайламас. Жарға жаппай жыбырлатып ұя салу шағалаға жараспайды. Оның төсеніші ну құрақ. Жайдақ шалғынға қонақтай бермейді.
Түскі ас үстіндегі үй-ішілік әңгіме құсқа қамқорлық жайын біраз қаузады. Атасы ауылдағы балықшы інісінен табылса, жылым торын, болмаса ау алдырып беретін болды. Әкесі құрылыс дүкенінен жіңішке сайғау іздестірмек. Балға-шеге қай үйден де табылмай ма, ол жағына алаңдаған жоқ. Әжесі той-домалақтан жиналып қалған жыртыс қиындыларынан аспалы желпіншек жасап беруді келініне міндеттеді.
- 3 -
— Бұл жай қаңғалақтаған құс емес, шырағым. Босағамды пана тұтқанын жақсылыққа жоримын. Иншалла, шаңырағымыздан қорғансызға ғана емес, көпке сүйеу ұрпақ шығатын тәрізді. Кездейсоқтық дей алмаймын. Таңатжан биыл он үшке толады.
Рабиға әженің сүтті шайды одан сайын қоюландырған терең тәлімі енді бірыңғай келіні Бануға бағышталды.
— Біздің тұқымның қаны тұщы. Алдамшылардың қызыл шоқтай қызғанышынан тіксінем. Сол үшін, кім не десе о десін, қора мен сарай аралығына қызылды-жасылды желпіншек тартып тастаңдар.
Бану енесінің адамдар арасындағы қараулық туралы сарқыла сөйлеуінен секем алып, желкілдеп өскен жас құрақтай Таңаты мен Нұраянына сырттай еміреніп көз тойдырды. Дастарханды тез жиыстырып, ене тапсырмасын жеделдетіп орындауға кірісті. Қызыл, жасыл, сары түсті шүберектер қиындысы жауыннан кейінгі кемпірқосақтай керіле қалды. Әже ырымынан қызарақтаған Таңат мына көріністен бағдаршамға ұқсастық тауып, мырс етті.
— Енді қолға ала таяқ ұстайтын шығармыз. Қайдағыны шығарып, — деп күмілжіді.
Сәлден кейін үйдегі кеңес ұмыт қалды. Қайтадан шағаланы төңіректеді. Әзірге есікке амалдап ескі шілтерді іліп қойды. Құс кеудесін тіктей бастапты. Ешкімді жолатқысы жоқ. Кешеден бері нәр татпағанымен, қимылы қунақ. Қанаттылардың сырт көзге аш-тоқтығы білінбейтін жұмбақ қасиетіне баланың зердесі жетпеді. Әуелде тамақтандырғанның жөні осы екен деп базардан бір дорба бидай әкелді. Уыстап шашып еді, шағала дәнге селт етпеді. Тауықтардай терімшілеуге тұмсығы құрғырдың шанышқыдай жалаңдауы бөгет сияқты. Болмағасын көмеш нанды бөлгіштеп алдына қойып еді, оған да жоламады.
Баладан маза кетті. Арашалаймын, асыраймын деп жүріп шағаланы аштан өлтіріп алса, өкініші естен кетпес. Қатарына күлкі болмаса жарар еді. Таңат ой торына мықтап шырмалды. Амал жоқ, үлкендер кеңесіне құлақ түруге тура келді. Атасы басын шайқады.
— Қайдам, үй құсы емес қой. Дән-пәнге мойын бұрмас. Уай, Санжар, осы күні базарда майда балық сатыла ма? Торта-порта табылса, шағаланың қалайтыны сол болар. Таңатжанға баға алмайсың десем, келіспейді, жүдә, — деп тығырыққа тірелген немересін аяп та кетті.
Өзі де ұлдан кіндіктен жалғыз Санжар ұрпақ жалғар тұңғышының меселін қайтармады. Судан шықса жаны қоса жоғалатын балық мынау қазандағыдан басқаға күмәнмен қарататын күйіп тұрған күн астында сатылушы ма еді? Шыбын қаптаған жабық дүкенде тек тұздалып, ысталған балық қана көзге шалынады. Жотасынан май төгілген жайын кеспелері мен тіл жалатқан ақбалық еріксіз арбайды. Алыпсатарға сазан, дөңмаңдай, ең кемі шортан мен тұқы, тыран мен камбала керек. Олар қылағайға қол былғамайды. Ал тісті дегенің көзден бұл-бұл ұшқан. Аудан, жылымнан сүзілген бойда сырт аймақтың «сырттандары» ақша сыртылымен жер асырып жібереді.
- 4 -
Санжар шынымен сасайын деді. Баласының талабы салғаннан пәс болғанын қаламады. Ойын десе, ішер асқа қарамай, үй көрмей кететін бозөкпелер аз ба?! Таңаттың үйге айналып, оның үстіне табиғатпен достасуы жайшылықта іздегенде таптырмас сәттілік қой. Демек, қалайда майда балықты іздеп табады.
Жұмысынан сұранып қаладағы балық өңдеу зауытына төтеледі. Бастығы ауылдас аға болатын. Қосжардан мұнда анда-санда тірі балық та жеткізіліп тұратын. Былайғы уақытта сәлем-сауқатқа елпілдей қоймайтын, тілдесу нүктесін қашық ұстайтын Бекет бала мен шағала туралы өтінішке жібу көңіл білдірді.
— Не дейді, шағаланың да үйді паналағаны ма?! Теңізіне қожалықтан айрылған балықшының кебі енді құстардың басына төнгені ме? Ойпырмай, дүние не болып барады?
Мұның да ішінде бір қыжыл қайнап жатыр. Жағалауды кешіп жүріп қисапсыз байлықты қалайша талан-таражға салуға болады? Өзі бастап, өзі аяқтаған бұқпа сырдың айтылар жері бұл емесіне түзету енгізіп, әңгіме ауанын дереу басқа арнаға бұрды.
— Інішектің ниеті тамаша! Қанша айтқанмен, балықшы ауылдың немересі ғой. Бұл бастамада ерекше ықыластың ұшқыны жатыр. Өзің білесің, қазір балық біткен уылдырық шашып, аулауға рұқсат жоқ. Тоңазытқышта жем жасауға жинап қойған аздаған айнакөз, торта бар еді. Жібітіп шағалаға беруге жарайтын шығар. Содан бір торқалтасын босатайын, — деп кісілік танытты.
Не дегенмен қолы ашылуымен көңілі толмас күңкілі қатар жүретін көпті көрген азамат білте шамдай сөнуге айналған үміт отын маздатты. Санжар жолшыбай керекті сырықтарын да іле кетті. Балаға бәйек болуда кейде әкелердің аналардан бетер аласұрып, тез күйзелетінін Санжар осы жолы айқын сезінді.
Дорба толы тортаны көргенде, Таңаттың қуанышы қойнына сыймай, алақанын шапаттай берді. Анасы тоң балықты қанжылым суға салып, жігін ажыратты. Сәлден кейін қабыршағы жалт-жұлт еткен қызыл қанат қол басындай торталар табаға сұранып тұрғандай тәбет шақырды.
Әкесі екеуі қораның күнгей қапталынан құсқа арнап күрке тәріздендіріп қалқа соқты. Атасы бағана автобус жүргізушісінен ауылдағы Төлеш деген бригадирге сауал айтқан. Ертеңгі сапарда бұйымтайы қолға тимек.
Тағы бір қажеттіліктің ұмыт қалып бара жатқаны ойға оралды. Шағала түгіл тауықтың өзі түнемелік қамап қойғанда болмаса, қонақтап аяқ талдырғанды қолай көрмейді. Шексіздікке үйренген кереге қанат шағалаға түбінде басқаша жағдай жасау керек.
Бала жадында өңірге белгілі қолөнер шебері Зият қарттың сиыр мүйізінен бедерлеген теңіз сұлбасы қылаң берді. Ендеше қораның ішінен кішігірім шұңқыр ойып, соған даладағы ваннаны орнатса, айналдыра құм төксе, шамалап жоңышқа төсесе, шағала бойын жазып кетері хақ.
- 5 -
Таңат күні ертең қала іргесіндегі қайтқан теңіз ұлтанынан қапқа қиыршық құм толтырып, бақалшақ теріп, шөлдеген шағалаға жасанды жағалау жасау қамына кіріспекке бел байлайды.
О, тоба, бүгін де түнгі ұйқы ұбақ-шұбақ көш бойында бір қалғып, бір оянған жолаушыдай күй кештірді. Түсінде бір топ шағала мұны күн аптабынан қанаттарымен көлегейлеп айнала ұшып жүрді. Аспандағы жөңкіген бұлттар біресе шымылдық, біресе ақ отау тәрізденіп құбылады. Шағалалар шаңқылынан құлақ тұнады. Қорадағы жалқы құс бұл таныс дауысты есітіп қалмаса екен деген қауіптен шошынған Таңаттың ұйқысы шайдай ашылды. Бірден қораға ұмтылды. Фонарь сәулесі бұрышта шүңкиген шағаланы жанап өтті. Әйтеуір аман екен. Қараңғылықты қақ жарған жарықтан тайсалған түрі бар.
Дала түні тыныштық жамылғысына ұқсайтынын дөп басқан балалық қиял жұлдыздардың жымыңдауын тылсым тілімен қалай сөзге айналдыруға болатынын ойланып, шақшадай басын шарадай қылды. Көкейге кептелген ішкі дауыс «Құс жолы» дейтұғын аңыз сілеміне де ілестіріп әкетеді.
Шынымен-ақ қызық құбылыс. Айсыз түнде ағараңдап жататын құс жолы дегеніміз аспандағы сырғанақ сияқты ғой. Әлде аналардың ақ түбіттен тоқылған шәлісіне ұқсай ма? Әйтеуір, көк жүзін күндіздің өзінде бормен сызғандай етіп кескіндеген дыбыстан да жылдам ұшақтар қолтаңбасынан әлдеқайда көзге ыстық көрінеді. Жер бетіндегі «Ұлы Жібек жолы» секілді адамзаттық қарым-қатынастың бір белдеуі менің де туған жерімде сырын бүгіп жатыр-ау...
Ал әйгілі құс жолы ешқандай меншікке телінбейді. Тырналар әнін, көш құрау сәнін кім қадірлемейді?! Шіркін, шағалалар да сондай бір танылмаған қасиетімен ерекшеленсе ғой?!
Ұйқы жайына қалды. Тәтті ойлар шырын жалатқандай. Әдетте, түн әлетінде жасы ұлғайған адамдар ғана сыртқа жиірек шығатын шығар деп шамалайтын Таңат көңілді алаң жайласа, беймазалық қақпасы данаға да, балаға да бірдей айқара ашылатынын ұғынды. Ұйқыны жалғастырудан гөрі таңның ертерек атуын тағатсыздана күтті.
Таңға салым көзі ілініп кеткен. Көршінің тарғыл мысығы шарбақтың қаңылтырмен қымталған тұсынан кеулеп өтіп, қора есігіне барып қалған екен. Соның салдыр-гүлдірі оятып жіберді. Таңат ит талаған марғаудың тышқан аулап та қарық қылмағанын келемеждеп те қояды. «Дәмесін қара өзінің! Шағаланың шаппадай өткір тұмсығы сені жолата қояр?! Сөйтсе де мияулағанының өзі мүләйімсіп, әзір астың атасына айналған қауқарсыздан сақтанбай болмас деп пікір түйген бала шарбақтың қуыс-қолтықтарын сазбен, құммен таптап бітеп тастады.
Бүгін тоғыз жасар қарындасы да ертелетіп, ағасының қасынан шықпай жүр. Құсқа қамқорлық оған да ой салыпты. Таң атпай жатып ақыл қосып үлгірді.
— Аквариумдағы балықтарды жұтатын шығар, ә ?! Біздің сыныпта үйінде балық өсіретіндер бар. Солардан сұрастырсам қайтеді?
- 6 -
Таңат қарындасының тауып айтқан ұсынысын бөтен көрген жоқ. Егер шағаласы түскір өлі тортадан алса, онда, амал жоқ, мына Нұраянның сөзі жөн болады. Демек, таныс балалардан аквариум ұстайтындарды осы бастан сұрастырып қою керек. Ол қарындасын арқадан қағып: «Жарайсың, тапқыр екенсің!» — деп көтермеледі. Нұраянның жүзі жайраң қақты.
Түске таман ауылдан жылым тор, ау салынған бір қапшық сәлемдеме жетті. Атасы сөзінің жерде қалмағанына мәз.
Үйдегілер Таңатқа бөгет болмауға тырысты. Артық-кем ақыл-кеңестің де енді керегі шамалы еді. Қораны құсқа бейімдеп жабдықтауға не керектің бәрі бар. Амал жүрмей тұрған жалғыз кедергі — қанаттының екі аяқтыдан шошынуын сейілту. Бала да істің ыңғайына қарап әрекет жасамақ. Мана шағаланы жалаң қолмен сипағанда, абайсызда тұмсығына шоқытып алған. Бұл жолы қолғабы қасында. Бүркітшілердің шынтаққа дейін қорғайтынын ескеріп, сақтық үшін жеңіл былғары курткасын киді. Бет-ауызды жауып тұратын бас киімді де ұмытпады.
Жылым тор мол екен — қос қабаттап қабырға мен есік арасына шел қалдырмай торлап болды. Кешегі болжамдаған жобасын іске асырды. Ауладағы шойын жақтаулы ванна шұңқырға қона кетті. Қыста қалған көкшулан пішеннің бір бауын босатып, айналдыра жайып тастады. Велосипедпен ызғытып отырып, теңіз жақтан шағыр тас қиқалары жылтыраған шеге құмнан бір қабын әкелді. Бақалшақ пен саудыраған ұлу тастарды да едәуір жинады.
Кешке дейін көп шаруа тындырды. Әсіресе, шомылуға арналған үй ваннасы шүпілдеген суға толғанда, шағала кәдуілгі шаңқылына басты. Біраз уақыт бауырын батырыңқырап, қанаттарын қиялай тарағыштап су астына жіберді. Таяз екені шолтаң етіп білініп қалды. Тереңдігі әлденеше құшақ шалқар айдынға не жетсін?!
Жоқ, бұл турасында қораны құс кетегі дей алмастай. Таңат мұндай қоршаған ортаға құрмет мысалын бұрын-соңды көрген де, естіген де емес. География, биология сабағында да айтылмаған. Бір сәт балалық жан дүниесін мақтаныш сезімі биледі. Бойын рахат күші кернеді.
Бала қашанда анаға үйірсек. Таңат шешесіне шағала жарақатына байланысты ойын жеткізді. Үйдегі дәрі-дәрмектің қолайлысын реттеді. Шағаланы құшағына ендіре отырып, қолтығындағы еті ашылған тұстарға сормақта тартты. Құс алғашында тыпырлағанымен, май сіңген жылы да жұмсақ мақта денедегі тітіркенуді тарқатып жібергендей. Мойнын созып баланың иығына төсегендей болды. Таңат та сескенуді елестірмей, шағаланың мамық қатпарлы бүйірін сипалады. Сол әсермен топшының дүмпиген бунағын ісік қайтаратын бальзам жағылған дәкемен таңып тастады. Құс шынымен тыншу тапты.
Қызықтың көкесі алда екен. Шағаланы тамақтандыру қиындау болатын түрі бар. Ұсынған тортаны тұмсығымен жанап өтті де қойды. Қаншама аштық қысса да, көмекейге қылқ еткізе салуға асықпайды. Таңат бес-алты айнакөзді легендегі суға шаршы ұялатып орналастырды. Пішен үстіне де екі-үшеуін жайып тастады. Теңіз исін сағынған шағала адам аяғы басылды дегенше табан астындағы балықты құнжыңдайтыны сөзсіз.
- 7 -
Таңат бұдан әрі құс жанында аялдай берудің артықтығын ұғынды. Есікті жауып, кілт салар көзден бақылағанды жөн көрді. Мақұлықта да мінез болатындай. Әлгі әзірде түйлігіп тұрған шағала шамалыдан соң қодиланып балыққа бас салды. Судағысын бір-ақ талмады. Шөп үстіндегісін шанышқымен түйрегендей етіп көмейіне қылқ еткізді. Екі күннен бергі нәр татуы ғой, тортасы, шабағын қосқанда он шақты балықты жемсауына жөнелтті. Қауы, үпілдірігі аралас пішенге бауырын төсеп, аунақшып жан рәйісін тапқандай.
Құс қамаған қораға таза ауамен бірге табиғи жарық та керек. Есікті ашып тастауы мұң, шағала су толы ваннаға сырғыды. Тұп-тура айдында жүзгендей мамырлап қалыпты. Ішке саф самалды ілестіріп, күн сәулесі қиғаштады. Сырттай қарасаң әп-әдемі көрініс. Қос құлаш жерде жағалауға тән жарасымның бәрі бар. Шарайнадай мөлдіреген су, сусылдаған құрақ, шеге құмға өрнек салған бақалшақтарға теңіз тірлігінің шолғыншысы шағала қосылғанда, ашық аспан астындағы дап-дайын экологиялық парк тәрізденеді. Ендігі жетпей тұрғаны — қайық. Жүдә, тамаша!
Жақсы әсер жаңалық сияқты: көргенді рахаттандырып, естігенді желпіндіріп жібереді. Ағасының далада ұзағырақ іркілгенін байқап қалған қарындасы жүгіріп жанына келді. Бірден қора ішіне үңіліп, су бетіндегі қалқыған құс қимылынан көз айырар емес. Жылым торына бетін тақап, әлдене деп сыбырлайды. Шыдамай дауыстап жіберді.
— Қарашы, Таңат! Үсті кір көйлек сияқты әбден умаждалыпты. Жұмсақтау киім щеткасымен тазаласа қайтеді. Қанаттарындағы сыбасты массаж тарағымен кетіруге болады.
— Жай сөйле. Үркітіп жібересің. Маңына жолау оңай деймісің. Қарамайсың ба, қолғап киіп шаққа жақындадым. Шағала қызғаншақ болады екен, Нұраян. Торға қарай ұмтылса, қайтесің? Абайла! — деп қарындасын қақпайлайлаған ағасы оның нәркез жанарындағы әлсізді аялау ұшқынын көріп елжіреді.
Өздері де ата-ананың қанат-құйрығындай бауырлардың жүрегінен жаурағанды жылытардай бір тұтам от әрқашан табыларын шағала қайдан сезінсін?! Бәлкім, жаратылыс толқыны рух ырғағын денемен емес, деммен де білдіретін шығар. Солай болса, құстардың қай-қайсысы да адамзат арман арқылы ғана шарлай алатын аспан әлемінде еркін самғауымен әр кез озық тұрмақ!
Көңілі орныққан бала тағы да бірдеңелерді ойлап тапты. Қорадағы электр желісін пайдаланып, бір тармағына магнитофон қосты. Жеңіл ойнақы сазбен шағаланы арбап көрмек. Бұрышқа түнгі жарық шырағданын ілді. Түнде көлдің бетін ай сәулесі күлгін түспен көмкергенде, қопақ арасында теңіз күзетшісіндей болып саптаса қалатын құс қатарын жұлдыздар ғана қызықтар еді. Ұрланып жүретін аңшылар ғой құс думаны мен тыныштығын тас-талқан ететін.
Таңат жалғыз шағаланың осындай екіұдай егесті жағдайдан аулақ болуын күйттеуде. Есіл-дерті — адасса да ауласына аман қонған қанаттыны қолдан келгенше күтім жасап, аспандап ұшқан шоғырына қайта қосу.
- 8 -
Бекет аға жарады. Тор қалтадағы майда шабақ, торталар аптаға жетеді. Құстың қолтығындағы жарақаты жазылса, топшысының ісігі қайтса, күн жұбатып несі бар? Босатады бейкүнә шағаланы! Олжа десе — обал, парыз десе — сауап болмағына ары араша.
Үйдегілер кешкі асқа шақырғанда барып табиғатқа сырттай сыр ашқан бала дастархан басына жарқын жүзбен оралды. Жұбан қарт төбедегі төртеуі түгелденгендей райда сөз сабақтады:
— Шағалаң қалай, Таңатжан? Жуасыды ма, өзі? Қораны тіпті түрлендіріп жіберіпсің. Жағалау исі аңқиды. Айтпақшы, тортаны қайтті, жұтты ма?
Таңаттан бұрын Нұраян тақпақтай жөнелді. Құдды мұғалім сауалына жауабын жұптап отырған оқушыдай көрген-білгенін шапшаңдатып баяндап жатыр.
— Шағала аққуға ұқсайды екен ғой. Тауықтардай тырнауық емес. Кептер мен қарлығаш әдемі болғанымен қасына жақындатпайды. Шағаланың құттай судың бетінде жүзгені керемет. Тек балықтарды жұтқан кезде сүйкімсіздеу, — деп алғашқы әсерін ортаға салып үлгірді.
Қарындасының байқампаздығына таң қалған Таңат жылым торының мықтылығын айтып, қарт көңілін аулады. Кешеден бері шағала ерекшеліктерін кімнен сұрастырсам деп жүрген. Сәті келген мүмкіндікті пайдаланып:
— Ата, теңіз жағасында туып-өстіңіз. Біздей бала болған кезіңізде құстарға құмартып көрдіңіз бе? Балықшы тірлігін жақсы білесіз. Шағала өзі қандай құс? — деп кейінгі буын көкейіндегі сауалды көлденең тартты.
Жұбан қарттың ой үзілісі ұзаққа бармады. Ұзақ сонар әңгіменің шетін шығарғандай жөткірініп алды. Мұнарланған алыс кезеңді бері жақындату оңайға түспеген секілді. Таңаттың тосын сұрағы басқаларын да құлықты тыңдаушыға айналдырып жібергендей. Бәрі де аңтарылып, ата аузынан шығар сөз легін тағатсыздана тосып отыр.
— Мынау бір дұрыс жұмыс болды. Шаңырағымызға шағаланың жеткені бекер болмас. Бәлкім, дәметкен ата-баба рухы дермісің?! Шөберелеріне мейірімі түскенінің белгісі шығар. Таңатжанның ықыласы тектен-тек емес. Балалық шақ тәтті бір дәурен ғой. Балықшылардан естуім бойынша, шағала сырты сұлу болғанымен, іші суық құс тәрізді. Жағаға тасталған балыққа қарға-құзғын үймелегенде, соларды қуалап арамтер болуы қызғаншақтық емей немене?! Әйтпесе, тірі балық тұмсығынан түсіп қала ма? Тойымы жоқ болғаны ғой. Оған қоса сұғанақтығы да бар. Ертешілдігіне дау жоқ. Құлқын сәріден балықшы құрған ауларға түскен балықты бір шоқымай көңілі көншімейді.
Қарт жіпсіген маңдайын сүртініп аз-кем тыныстады. Өткен күн мен бүгінгінің беттесуі куәгер қолында таразы басын теңселтеді.
— Шағаланың шаңқылы толастай бере арсыз адамның күлкісіндей шықылықтап кетеді, — деп Санжар да құс жайында қара жаяу еместігін сездіріп жатыр. Таңат терең күрсініп қойды. Шағалаға деген ықыласы бірте-бірте кеміп бара жатқандай. Сонда бірнеше күннен бергі бейнеті түкке тұрғысыз құс үшін жасалғаны ғой?! Олай деп ұнжырғасы түсетін болса, мұның табиғатты аялағаны қанекей?! Қаталаған жолаушыға қай қазақ бір ұрттам суын сатып беріпті?!
- 9 -
Салыстыра келгенде, бұл да сондай пірадардың бірі ғой. Ал шағаланың айдын қорғаны болып, пірлі жағалауға қарау ойлы қарғаны жолатпауы неліктен жағымсыздыққа жатады?! Дария мен теңіздегі, көлдегі Жаратушы қазынасын ақы-пұлсыз қорғаштауда шағаладан озған, бұлардан асқан қай қарауыл бар? Балық қорын емес, құлқынын қорғағандар мұның қасында кім, тәйірі?! Ертешіл, еңбекшіл болса, несі айып?
Жоқ, ол шағаланы сұғанақ, қызғаншақ деуге үбдірім қарсы. Шынтуайтына келгенде, шағала паң, сұлу құс. Қылқалам ұстағандар тулаған толқынға, айдын төсіндегі желкенді қайық пен алып кемелерге зеңгір көктен қанат бұлғаған өзге қай құсты бейнелеп еді?! Аспандағы жөңкіген қазбауыр бұлттар шағаланың мамық ұясы іспетті емес пе?
Таңат бірінші рет түн баласы көз ілмей шықты. Шырт ұйқыда жатқандардың алаңсыздығына ренжулі. Таң құлан иектеніп атқанда ол қораны ашып, шағаланы тамақтандыруға кірісті. Тізбедегі торталарды бұрынғыдай ыдысқа емес, ваннаның ішіне салды. Пішенді жаңалап, төгілген құмды қопсытып қойды.
Ұлының назары түсіп кеткенін байқаған Санжар мұны жаңа дерекпен серпілтті. Түнемелік кітаптарды ақтарып, көңіл жұбатарлық мәтінді тапқан.
— Таңатжан, шағала тіптен де қолайсыз құс емес. Оның басы мен тұмсығы қара, мойны қызыл белдеулі түрі аса бағалы деп есептеледі. Аппақ қардай торғын түсті түрлерімен тек аққулар ғана таласа алады. Жалқы жұмыртқасы да даралықтың белгісі. Күз әуенін шағала қиқуынан бөлектеу мүмкін емес. Ол — тереңдік пен шексіздік арасындағы қанатты көпір. Демек, су мен нудан нәрленген шағала табиғатын сен дөп бастың! Оны жатсынбадың, ол да сені бөтен көрмейді, — деп суырылды.
Бала жанарындағы ызалы жаспен ұқтырған наласы шұғылалы шаттыққа ұласты. «Шағала ретсіз адаспайды. Шатаспаңдар, адамдар!» деп бар дауыспен жар салғысы келеді. Қонақ құс күн санап әлденді. Қолтығындағы, топшысындағы дәке де алынды. Жарақат орны шұбарланып біткен. Торталар да таусылды. Аквариумның шынашақтай балығымен шағаланы қор қылғысы келмеген Таңат еркіндік шолғыншысын бұдан әрі қапаста қамаудан саналы түрде бас тартты. Бұл шешімін жанұя болып тегіс құптады.
Шөлдеген шағаламен қоштасу қай-қайсысына да оңай тимеді. Айрылмас достың қайырылмас сапарға аттанып бара жатқаны тәрізді көңіл де босаңсыды. Рәбиға әже саусағындағы күміс сақинасын құс аяғына салды. Кеңіген жерін Санжар ептеп жұмсартып иіп жымдастырды. Нұраян шағала мойнына қызыл лента орауды қиылып өтінді. Анасы Бану оған шашақ қосып сәндеді.
Ұзатылар қызға ақ жол тілегендей қоштасу сәтінде Таңат құшағындағы шағаланы соңғы рет сипалап, қанатынан сүйді де, кептер ұшырғандай етіп көпке ұмсындырды. Кеңістікті сағынған құс біразға дейін жоғарылап барып, өзін паналатқан тұрағын бірнеше қайтара айналып ұшып, бірте-бірте көк жүзіне сіңіп бара жатты. Бағыты — теңіз. Жағы сембеген сәбидей болып қиқулап барады. Қоштасудың бәрі осындай қимастық сазын шертеді.