Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 12 сағат бұрын)
Бандыны қуған Хамит

(Ұзағырақ әңгіменің бір бөлімі)

I

1921 жылдың күзі еді.

Хамит қызмет қылып жүрген оязда бандылар шыға бастады. Бір жерде екі кісі, бір жерде үш кісіден құралып, винтовка, алтыатар, қылыш, бомба асынған бандылар, күшігін алдырған қасқырша кезіп, елдің тағы да үрейін ала бастады. 1919 жылғы Колчак әскері мен қызылдың әскері қаптап ерсілі-қарсылы шабуылдасып, қашқылықты-қуғылықты әскердің шалығы тиген ел соғыс дүрбелеңі басылған соң, "уһ!" деп дем алғандай болып көрінді 1921 жылдың күзіне "банды" деген бәле шыға бастаған соң, момын шаруа тағы да тыныш ұйықтай алмауға айналды.

Бандылар бүгін бір жерде көрінсе, ертең барып күндік жерден шығады. Таңертең, я түнде бір ауылға жердің астынан шыға келгендей жетіп, құтырған қасқыр тигендей, қатын-баласын шу еткізе түседі. Мылтық атып ауылдың иманын үйіреді. Момын жұртты малынан, жанынан түңілтеді. Жақсы ат, жақсы киімдерін қолша алып кетеді. "Тығулы мылтықтарың бар, оқтарың бар,тез тауып бер" деп қолына түскен еркекті қып-қызыл ала қылып тепкілеп, мылтық дүмдерімен мыжғылайды. Қатын-баланы да сабайды, жәбірлейді. Үйді талқандайды. Елде жүрген милиционерді аңдып, ұстап, қарсылық қылғандарын өлтіріп, мылтықтарын алып, өлікті мыжғылап, боршалап кетеді.

Елдегі бірен-саран коммунистерді өлтіріп, отап, бөлшектеп кетеді. Кей елде болаткомның төрағаларын да өлтіріп кетеді. Кей елде атқа таласқан, дүниеге таласқан адамдарды атып кетеді. Жалғыз қазақ арасында ғана солай емес, орыс поселкаларының да коммунистері қолдарына түссе, әлгідей қылып кетеді. Өздері көп ұстатпайды. Көбінесе орман ішінде жүреді. Дәйекті мекендері жоқ. Тұрақсыз жел тәрізді. Құтырған құйын тәрізді. Қазір мұнда болса, енді біраздан соң жоқ болады, тағы да бір жерді барып шулатады. Бірақ жұрттың бәріне бірдей тие бермейді. Жалпы елге, әсіресе орыс поселкаларының халқына талдап тиеді. Совет өкіметіне салық ретінен наразы болып жүрген кейбір бәйшікеш мұжықтармен астыртын сөздес болып, байланыс жасап жүргендері де сезіледі. Және кейбір қазақ, байларымен де астыртын жақындасып жүргендері байқалады.

II

Хамит күндегісіндей таңертең сағат сегізде тұрып, терезеден қарап, күзге салымғы жаңбыр артынан ашылған күннің ойнаған алтын шұғыласы Хамитке өте көңілді әсер етуші еді. Суық сумен беті-қолын, ұстарамен шашын тегіс қырғызған басын, мойнын жуып, айнаның алдына келіп орамалмен беті-қолын сүртініп, мойнын ыспалап тұрды. Түнде қағаз қарап отырып, кеш жатқан еді, ұйқысы қанбаған тәрізді. Айнаға бетін тақап үңіліп қарап, көздерін алартып төңкеріп, көзінің қызарғанын, азырақ қанталағанын көрді. Сонсоң басын кейінірек алып, оң жақ иығына, сол жақ иығына бүркітше мойнын бұрып, жұмыр мойнының жуан күшті сіңірлеріне қатты ұстап, қолымен түйгіледі. Сонсоң екі қолын алдына, содан соң жоғары, екі жағына созып жұлқынады. Бар денесін керіп, жұлқынып, гимнастика істей бастады.

Ылғи дене қимылдатып жарысып ойнау, ауылда жүргенде де оның дене табиғатының керексініп тұратын әдеті еді. Денесін тәрбиелеп, дене саламаттығын күту оқып жүрген күнінде школдан үйренген әдеті еді. Оқуды қойғаннан кейін де, ылғи ертемен тұрғанда енді осы гимнастиканы істеуші еді. Ол Омбыда циркте өзінің жерлесі балуан Қажымұқанның күресін көріп Мұқанмен жақындасқан еді. Сол Қажымұқанмен танысып, жақын болуы да оның дене тәрбиесін күшейтуге тиген себептің бірі еді. Пәтер жатқан үйінде айна болса, гимнастиканы сол айнаның алдына келіп істеу әдеті еді. Оңаша болса, көйлегін тастап істеуді жақсы көруші еді. Солқылдақ, көк шыбық асыл темірдей бүктетіліп, иіліп, жазылған сұлу денесіне өзі сүйсінуші еді, Қамшының өріміндей жиырылып серіпкен сіңірлі күшті көк еттерінің, сандары мен білектерінің бұлшық еттерінің гимнастика қылғанда бұлтылдап, ойнап, жиырылып, серіпкендеріне көңілденуші еді.

Сол айнаға қарап, екі бүйірін таянып, тіп-тік болып, жүресінен отыра беріп, қайта тұрғанда, пәтер иесінің әйелі, ноғай қатыны Хамиттің арт жағындағы есікті ашып:

— Шайыңыз даяр болды! — деді.

Хамит шайға отырып, бір стакан шай ішіп бола бергенде политбюроның поштабайы кіріп келді:

— Сізді тез бастық шақырады! — деді.

Хамит өзі сол политбюрода қызмет істейді. Бастық тек асығыс, тығыз жұмыста ғана Хамиттың өзінің мерзімді уақытында баруына қарамай поштабай жіберіп шақырушы еді. Хамит асығып жөнелді.

Политбюрода бастық (начальник) ұзын бойлы, әскер киімді арық, құба жігіт, латыш, өзінің оңаша бөлмесінде Хамитпен сөйлесіп, ертемен келген бір қағаздарды көрсетті.

— Енді бұған өзің бармасаң болмайды. Өзің барып, жай қазақ болып жүріп бәрін біліп кел. Тез қимылдамасақ болмайды. Сенімен қатар, сенен басқа бес кісі Шиелі поселкасына барып, сенімен байланыс қылып отырсын. Жоба жаңағыдай болсын, — деді.

Хамит:

— Сейсембаевтың өзі келіп ештеңе айтты ма? — деді.

Бастық:

— Өзі ештеңе айтқан жоқ, енді отырма! — деді.

III

Хамит жөнелді.

Сейсембаев ояздық атқару комитетінің нұсқаушысы еді. Ояздық атқару комитеттен Борлыкөл елінің болыстық атқару комитетінің бір шатақ жұмыстарына барған. Қайтып келе жатып, Шиелі поселкасының ар жағында он-он бес шақырымдай жердегі, бұрын би болған, белгілі, ақсақ. Ақан дегендікіне қоныпты. Іңірде ас пісіп, Сейсембаев, ақсақ Ақан және үш-төрт ауыл кісілері табақты жаңа алдына алып, еттің буын бұрқыратып турай бергенде, үйге сол ауылда жүрген белгілі банды Кудря кіріп келіпті. Кудря жұрттың айтуынша және істеп жүргендеріне қарағанда, өзі балуан, жасаулы мылтықтан тайсалу дегенді білмейтін, талайларды өлтірген. Міне, сол Кудря қасында ешкім жоқ, алтыатарын қолына ұстап, үйге кіріп келіп тұра қалыпты:

— Кәне, мынау отырған исполкомның нұсқаушысы болса, тысқа шықсын! — депті.

Сейсембаев жылап қоя беріп, ақсақ Ақанның артына тығылып құшақтап жалыныпты. Сол жерде ақсақ Ақан араға түсіп, Кудряны тоқтатып, Сейсембаевты аман алып қалыпты. Сейсембаевқа білдірмей, біреу политбюроға мұны құпиялап баяндапты... Бұл уақиға жұртқа жарияланып жайылғаннан кейін бір тікен тілділер: Сейсембаев сонда ішкиімін былғап алыпты, деп келемеждеп те жүрді...

Міне, енді Кудряның ізін, кімдермен байланыс қылатынын астыртын жансыз жүріп біліп, ұстауға әрекет қылуға политбюро Хамитты жұмсап отыр. Кудряның шарлап жүрген ізінің ұшығын қазақ арасынан оңайырақ табуға мүмкін ғой деп ойласып, Хамиттың баруын мақұлдады.

Хамит кешікпей керек-жарақ саймандарының бәрін түгелдеп алып, бес орыс жолдаспен жүріп кетті.

Ақмолаға баратын үлкен жолмен жүріп келіп, Шиелі поселкесіне таянғанда Хамит жолдастарымен жүріс-тұрыстың, байланысып, хабарласып отырудың жобасын жасасып әбден ақылдасып алып, жолдастарын қоя беріп, өзі бұрылып қазақ ауылына кетті.

Хамит ұзынша бойлы, жауырынды, тіп-тік сұр жігіт. Қырша мұрынды, шүңіректеу қаракер тобылғы көзді, қырқып жүретін сақалы, мұрты бар. Жасы жиырма бес-жиырма алтылар шамасында. Сом, сұлу денесі ылғи сіңір мен шиырылған күшті көк ет еді. Бар денесі серіппелі көк темірден құйып жасағандай. Түйіліп жазылған қиғаштау қасы мен шұңғылдау көзі Хамитта зор қайрат, үлкен қайсарлық бар екенін көрсетеді. Бет-аузы бүркіттің бетіндей. Қыран бүркіттің түрпілі саусақтарындай, күшті темірдей жұдырықтарын түйіп, кәрін тігіп, кіжініп:

- А-а!.. Қандай қылайын! — деп төніп келсе, жөпшенді кісінің аруағы ұшып кететіндей азамат. Хамит салт атты. Үстінде мұздай қазақша киім. Басында қоңыр елтірі тымақ. Аты сұлы жеп жүрген, мейіздей қатқан, сұлу Құбақан ат..

Ол күні қазақ ауылына қонып, елеусіз отырып, сөзден сөз туғызып бандылардың жайынан әңгіме қылса да, қонған үйдің иесінен де, ауыл жігіттерінен де мандымды сөзге жарымай ілгері жүріп кетті.

Ақсақ Ақан аулына барып қонды. Одан біраз көзге қанып аттанып, бандының ар жақ шеттегі Ақмоламен шектес елдер жаққа кеткен дыбысы сезіліп, солай жүрді.

IV

Күн шайдай ашық, жылы еді. Аспанда бұлт жоқ. Жел де жоқ. Хамит жалғыз, бір ескілеу жолмен келеді. Айнала қалың иірім-иірім орман. Бойлап, таласа, жарыса шыққан қайың мен қарағай. Және әредік қалың қайың, қарағаймен жарыса шыққан теректер де көрінеді. Қайың мен терек ағаштардың жапырақтары шалғырт тартып, сарғая бастаған.

Хамит осы орман ағаштарының ішімен, ескілеу жолмен жүріп келеді.

Хамит төңірекке қарап, қалың жылқысын түстеп түгендеген жылқышыша, ағаштарды аралап келеді. Иірім-иірім орманның ара-арасы далаңқай ашық. Далаңқай жердің шөптері бурыл тартып бозарған. Кейбір шөбі, шалғыны қалың жерлер шабылған. Әр жерде, анда-санда үюлі тұрған шошақтар көрінеді. Кей жерлерде қыстаулар көрінеді. Қыстау маңында жайылып жүргені мал. Көз көрімде, анда-санда, ағаш араларында отырған киіз үйлер де көрінеді.

Жазғытұрымдағыдай орман іші де, шалғынды далалар да, ауыл маңдары да у-шу болып жатқан жоқ. Сымпылдап ұшып, шаңқылдаған, бұтақтан-бұтаққа қонып шатты дауыстарымен сайраған түрлі құстардың ән-күйлері де естілмейді. Май айында көк ала жібек кілем жайғандай, қызғалдақ, сарғалдақ, қызыл- жасыл гүл шашақтарымен түрленген көкорай далаңқайлар көркінен айрылған. Сол далаңқайлардан ұшып, аспанға, көкке шығып қалықтап, мың түрлі күйге салған, құбылтып жырлаған боз торғайлардың да жырлары қазір естілмейді. Жазғытұрымдағыдай әуеге, көкке, гүл исіне, жапырақ исіне мастанған адам мен мал дауыстары да көп естілмейді.

Қызыл ала жасыл түрлі далалар, көк орайлар солып, бурыл тартқан. Көк жасыл ормандардың жапырақтары шалғырт тартқан, селдірей де бастаған. Ормандар да, дала да, жан-жануарлар да — бәрі қазір солғын тартып, күзгі салымғы күнге жай ғана шуақтап тұрған тәрізді.

Жазғытұрымғы жасыл орман мен көк жібек далалардың тұрмысы шаттықпен екпіндетіп, құтыртып салған, жан қыздырған көркем күй тәрізді болса, қазіргі, күзге салымғы сол орман мен далалардың тұрмысы, жай ыңырсытып, ырғалтып салған ән тәрізді. Алыстан созылған сарын тәрізді. Жазғытұрымғы тұрмыс екпіндетіп жан қоздырып қосылып салынған көп кернейдің күйіндей болса, қазіргі, күзге салымғы тұрмыс, көркем скрипканың, яки нәзік қылды қобыздың сызылған сарынындай...

Уақыт түс мезгілі еді. Хамит бүлкілдетіп күнге қарсы жүріп келе жатыр.

Құбақан ат бүгіліп, шұлғып тастап келеді. Анда-санда орман арасынан тұра қашқан қояндарға, далп етіп, ұшқан әредік құстарға селтілдеп, пысқырып та қояды. Құбақан аттың пысқырғаны Хамитке жақпай келеді. "Ат қиналарда, бір тықыр таянғанда пысқырушы еді!" деген сезім Хамиттің ақырын ғана ой түкпірінде қозғалады...

Хамит орманға, далаңқайларға, күзге салымғы жер үстінің, барлық жаратылыстың қазіргі тұрмысына қарап, ат үстінде кеудесін керіп дем алды. Күрсініп қояды. Ішінен: шіркін тұрмыс осы-ay, деп өзінің Ақмола уезінің оңтүстік шетіндегі қырдағы туған елі есіне түсті. Шешесі есіне түсіп, сағынғандай болды. Былтыр аулына барғанда шешесінің құшақтап жылағаны есіне түсті.

Шешесі жылағанда өзінің күліп:

— Қой, апа ұят емес пе? Неге жылайсың? Мен қыз ба едім? — деп шешесінің құшағынан ақырын ғана босанғаны есіне түсті...

Хамиттың ойына: әттеген-ай, неге сөйттім екен, көбірек құшақтап тұрмас па еді, деген өкініш келіп еді, өзін-өзі ақтап, онысына ішінен жауап бергендей болды:

— Бірақ өйтпесе бола ма? Жылаған шешесімен бірге жыласа, жігіттің жігіт болғаны қайсы, өйтсе, кісі уәдеден шыға ала ма? Жылаған шешемен бірге жылап, жігіт үйден ұзақ уақытқа алыс жерге кетсе, баласының жылағанын көрген соң, үйде қалған ананың көзінен жас кете ме, көкірегінен сағыныш, қасірет кете ме! — деді.

Тағы да бала күнгі тұрмыстары есіне түсті. Тағы да тереңдетіп күрсініп қойды. Күзге салымғы кездегі, туған ауылды ойлады. Сол, күзге салымғы көшкен ауылдың қалған жұрты есіне түсті. Ескі сарайға, қалған жұртты көрсе, оның көңіліне аяныш, мұң кіретін еді.

Хамит тағы да ат үстінде көкірегін керіп дем ала бергенде, Құбақан ат оң жағына селт етіп, жалт қарады. Хамит та қарады.

Он жақтағы иірім-иірім ормандардың арасымен бір атты кісі келе жатыр екен. Таяу қабырғалап келеді екен. Орманның күзетші қызметкері тәрізді. Орыс, астында жарау көк аты бар.

Манадан бері ешкімге кездеспей, елсіздеу жерлермен келе жатқан соң, Хамит тілдесуге салт атты орысқа бұрыла жүрді...

Екеуі амандасты. Хамит қазақша сөйлеп еді, ол орысша сөйледі. Бірақ, түрі қазақ сияқтылау...

Хамит орысшаны әдейі тілін доғалдап, қателерін көбейтіп сөйледі.

— Е, құда пошол ызнакім? — деді.

— Лесничество "түлкілі қарағай", — деді орыс.

Хамит қолымен ымдап:

— Сенікі какой торе? — деді.

Анау:

— Лесник, — деді.

Хамит:

— Ал, Лашнек!... Төре, — көрушы... жақсы, — деді.

Сөйтіп екеуі шала орысша тілмен жөн сұрасып, жөндері бір болған соң, серіктесіп бірге жүре берді.

Лесниктің үстінде қара шинелі бар, басында құлақшын, құлақшынның бауын байлаған, аяғында қалың ұлтанды қара етік. Сақал-мұртын қырған, жасы отыздың ішінде шамалы қара торы жігіт, еңгезердей, ұзын бойлы, жауырынды, қолында шыбыртқы қамшысы бар, көк аттың үстінде тіп-тік қаққан қазықша отырып келеді.

Аты жарау, әлекедей жалаңдайды. Дүрсілдетіп, жерге тұяқтарын қадай басып, желе аяңдайды. Лесник қазақ жігіттерінше анда-санда қамшымен көк атты сипай қамшылап қояды.

— Өзі бір, қазақ сияқты орыс екен!.. — деді Хамит, ішінен.

Екеуі жол қысқаруына бір-біріне ермек серік болды.

Екеуі қатарласып жүріп келеді. Маңайда, көзге көрінерлік жерде ел көрінбейді. Хамит бұл жақты аралағаны осы болғандықтан, жермен танысып алуға айнала иірім-иірім ормандарды, көрінген алаңдарды, далаңқайларды, ойпақ, жырашықтарды ішінен белгілеп отырды.

Бір-екі иірім орманның қабысқан арасымен жүріп келе жатқанда Хамит сол жақтағы бір теректердің қып-қызыл болып қызарған жапырақтарына қарап келе жатыр еді, аты қымсынып қалды. Жалт қарап еді: Хамиттің атының тізгінінің бір жағы лесниктің қолында тұр екен. Екінші қолымен лесник Хамитке алтыатар мылтығын төсеп тұр. Хамит сасып қалды. Не қыларын, не дерін білмей:

— Ой, ышто такой?.. Торе?.. — деді.

Хамиттің қолында дәнеңе жоқ. Мылтығын Шиеліге кеткен жолдастарына тастап кеткен. Лесник деп келе жатқан орыстың жыланның көзіндей қадалған көзін көріп, сұп-суық тастай болып қатып қалған бетін көріп, аузы үңірейіп, өлім көздеп түп- түзу төніп тұрған алтыатар мылтықты көріп, Хамиттің жүрегі су ете түсті, бар денесі мұздай болып кетті.

Лесник деп келе жатқан жолдасы:

Түс аттан, әйтпесе , атам! — деді.

Қас қаққанша неше түрлі ой басына кіріп-шығып, Хамит орыстың көзіне қадала қарады.

Қадалған жау:

— Түс, шапшаң! — деді тағы да.

"Банды ма?.. Ұры ма, не қылады?" деген жұмбақтар Хамиттің есіне сасқалақтап кіріп шығады. Хамит аттан түсті. Жау мылтығын төсеген бойымен Құбақан атты алып, қозғалып төрт- бес қадамдай тұрып:

— Шеш киімдеріңді! — деді.

Хамит мас кісіше тұрып, сыртқы шекпенін, оның ішінде шолақ тонын шешіп тастап бешбентшең тұрды.

Жау мылтығын төсеген бойымен:

— Шеш киімдеріңнің бәрін, етігіңді де, бешпентіңді де шеш! — деді.

Хамит созалаң отырып, аяғындағы қазақша саптама етікті бір-бірлеп шешті. Тымағын тастады. Хамиттің басына неше түрлі асығыс ойлар бір кіріп, бір шығады. Аяғындағы етікті бір-бірлеп шешіп отырып, ішінен: "япырмау, шынымен-ақ осының қор қылғаны ма, бұл менің атыма қызыққан ұры болса, атымды алып неге кетпейді?.. Киімдерімді шешіндіріп тұрғаны, мені өлтірейін деп тұрғаны ғой... Бұл анық, банды ғой!.. Бұның мені андып жүріп ұстағаны ма? Мына киімдерімді өзіме шешкізіп қан қылмай, былғамай алайын деп тұрғаны ғой?... Атылатындардың көбі шешіндіріп атылушы еді ғой.. А-ай! Аңқаулық-ай!.. Қарусыз жүріп, айдалада танымайтын орысты маңыма жуытып, қор болдым-ау! Бұда жалғыз, мен де жалғыз... Бұдан қарап тұрып өлгенше, не де болса ылаж қылып өлейін..." деген ойлар аласұрып Хамиттің басын ыстық шыбыртқымен тілгіледі. Етігін шешіп тастаған соң, Хамит түрегеліп, сандалған кісіше теңселіңкіреп, ілгері бір басып, бешпетінің түймесін ағыта бастады. Жауына қарап, аттың басын ары қаратып, өзі бұрылып ат үстінде мылтығын төндіріп, жыланша қадалып қарап тұрған түріне қарап, көзімен екі арасын мөлшерледі. Бешпетінің түймелерін ағытып шешіп тастай беріп, көйлек сыртынан киген желеткешең, шалбаршаң бойымен, аш жолбарысша ышқынып атқыды...

Мылтық, гүрс етіп зу ете қалды.

Хамиттің екі құлағы шың ете түсіп, қолы мылтыққа тиді. Орыс ат үстінде жұлқына, мылтықты жұла жөнелді.

Хамит аш күзенше жабысып, екі қолымен бірдей мылтықтан ұстап ырғи тартып, жан ұшырып жұлқыласып таласты. Орыс екі аттың тізгінінен бірдей айрылып қалып, Хамитпен айқаса атынан құлап түсті. Мылтықтың сабы жаудың қолында. Сап жағы қолға берік ұсталады. Және мылтықтың аузы Хамит жақта. Жаудың саусағы және бір қимыл етіп қалса мылтық тағы да атылмақ. Атылғанда мылтықтың аузы Хамитке тура келіп қалса, Хамит табанда құлайды. Осының бәрі Хамитке айдан айқын. Мылтықтың сабы жаудың оң қолында, саусақтары мылтықтың астындағы баспалдақ тұтқа теміріне кірген бойымен айқасып қатып қалғандай, Хамит та жаудың мылтық ұстаған оң қолының басымен қабат мылтықтың ортан белінен, шаппасын үстінен бастыра ұстап, баспалдақ тұтқасына іліктіріп қолымен де қатып қалған. Және жолай ұстаған бойымен мылтықты жаудан жұлып ала алмаған соң, мылтықтың аузын өзіне қаратпауға жаудың қолын бұрды. Екі ат осқырынып, иелеріне біраз қарап елеңдесіп барып тұрды. Аздан соң өз беттерімен жайылып тұрды. Айнала төңірек аламан, шұбар ала орман. Маңайда тірі жан білінбейді.

Анандай жерде Хамиттің киімдері жатыр. Екі жау көздеріне қан толған жолбарыстарша ырылдасып, шайнасып алысып жатыр. Екеуінің біреуі өлетіні айқын болды. Оны екеуі де әбден біліп, екеуі де өзді-өзі өлмеске жанталасты. Бар күшін, бар тәсілін жұмсап, тістесіп, шайнасып, тырнасып, алысып жатыр. Екеуінің де екі қолы мылтықта қарысып қатып қалған. Бір-бір қолы біресе шыпылдасып, мылтық ұстаған қолдарына жабысады, біресе жан-дәрмен қойғыласып, жұлысып, тағы да мылтықты ұстаған қолдарына таласады. Хамит бір қолын мылтыққа жабыстырған бойымен екінші қолын босатып алып, бандыны жанбасқа мінгізіп алып кеп жерге соқты. Жау сонда да мылтықтан қолын айырмады. Хамиттің білегін тістеледі. Хамит бос қолымен бандының жағына қойып жіберіп, жұлып қалды. Жаудың басындағы құлақшынын жұлып алып тастады.

Хамит бандыны басып жата алмады. Бандыға әлі еркін келмеді. Бандының күшті екені көрінді. Банды ышқынып, Хамитті көтере түрегеп, үйіріп, сілкіп. Хамитті соқты. Хамит та басқызбады.

Сөйтіп екеуі біраз кезек жығысып жүрді. Айдалада шаң бұрқ-бұрқ кетеді. Өлімге бас байласып алысқан екі жау тіктесіп, шайнасқан жыртқыш аңдарша ырсылдасады. Киімдері жыртылып, боршалана бастады. Бірін-бірі тістелесіп, шайнасқан жерлерінен, мылтықтың темірі тиген жерлерінен, беттерінен, қолдарынан, білектерінен қан шыға бастады. Жерге кезек-кезек жығылып, аунап түрегелген сайын, беттері көгеріп қан шыққан жерлеріне топырақ жабыса бастады. Бірақ, екеуі де өлгенше мылтықтан айырылғысы келмейді.

Бандының қасында Хамиттің денесі бала тәрізді ғана болып көрініп жүр. Банды еңгезердей. Жалпақ алақанды. Сіңірлі қолдары темірдей тиеді. Хамиттің қолдарының, білектерінің төрт- бес жерін банды тістеп, шайнап, екі жерінің терісін жалбыратып тастады. Қан екеуінен де ағып жүр. Бандының қолдарынан Хамит екі-үш тістеді. Банды шекпеншен болған соң, басқа жерлерінен тістеуге болмады. Бір уақытта бандыны Хамит тағы да бұрып әкеп жықты. Енді тұрғызбауға тырысып бар күшін шақырып, нығарлап, бос қолымен алқымынан алып, буындырып қысты. Банды бос қолымен Хамиттің буындырып жатқан қолын қайырып айырмақ болды.

Аяқтарымен жер тепкілеп, ышқынып, Хамитті соққылады. Бірақ жаудың шалғылаған аяқтарына Хамит ұрғызбады. Хамит құшырланып келіп бандының құлағынан қапсыра тістеп, қыршып, жұлмалап қатып қалды.

Банды ышқынып, тістеніп, құшырланып қасқырша ырылдады. Құлағы жұлынып бара жатқанда шыңғырып атқыды. Атқыған бойымен Хамитті көтере түрегеліп, бос қолымен Хамитті көзге қойып жіберді. Хамиттің көздерінің оты шашырап жарқ ете түсті. Тұныққа үлкен таспен қойып қалғанда шашыраған судың жарқ ете түскен шашырандысындай болды. Жұлынып аузында кеткен бандының құлағын жерге түкіріп тастады. Қан аққан құлағының орнын, бос қолымен сипай берген бандының іліккен жерінен ышқынып тұрып, бос қолымен қойып-қойып жіберді. Бір қойғаны бандының ішіне тиді, бір қойғаны жүрек кезінен тиді. Екеуінде де банды ыңқ-ыңқ етті. Екеуі енді тіктесіп сіресіп, таласып, ұстасып тұрды. Банды екі иығынан дем алады. Хамит те ырсылдап жүр.

Екеуінің қол-басы мал қасаптаған адамдардікіндей қып- қызыл ала. Енді Хамит бандыны шаршатып бірдеме қылуға үміт қылды. Банды тез қимылдап Хамитті бұрап кеп соғып баспақ болды.

Екеуі тағы да бірін-бірі бұрасып, бүгіліп кеп жерге түсті. Ит жығыс жатып, енді тыпырлап кеп итше ырсылдасып тістерімен шайнасты. Бір уақытта бандының қолы азырақ әлсірегендей болып, мылтық босаңқырап, Хамиттің қолына дендеп ұсталыңқырағанда, Хамит ышқынып кеп жұлқынып, қолын кейін сілтеп қалды. Мылтық есік пен төрдей жерге ұшып түсті. Енді екі жау мылтықсыз қалды. Енді бағанадан да қатты жанталасып, бірін- бірі езгілеп бұрап кеп соғады. Бірін-бірі басып жата алмайды. Бет-ауыздарынан, қолдарынан аққан қан екеуін де әбден қып- қызыл ала қылды. Бірақ, бандының жұлынып қалған сол жақ құлағынан қара қан көбірек ағып, мойнына, жыртылған шекпеніне молырақ тамып жүр.

Мылтық есік пен төрдей жерде жатыр. Екеуінің де бір көзі мылтықта. Екеуі де босанып мылтыққа жүгіргісі келеді. Бірақ, бірін-бірі жіберетін емес. Банды бір кезде Хамитті сүйрелеп отырып мылтыққа апарды. Бірақ екі қолы Хамитта, ышқынып, жұлқынып-жұлқынып мылтықты ала алмады. Енді Хамит бандыны сүйрелеп мылтықтан қашықтатпақ болды. Оны банды сезіп жұлқынып, Хамитті мылтыққа қарай сүйреледі. Екеуі едәуір сөйтіп жүріп, ақырында Хамит бандыны мылтықтан жүз қадамдай жерге апарды.

Екі ат жайылып жүр. Бір жерде Хамиттің киімдері жатыр.

Бір жерде бандының құлақшыны жатыр. Маңайда ешкім жоқ. Анадай жерде мылтық жатыр. Ешкім келетін емес. Елсіз, аламыш орманды айдала. Екі жау әбден шаршады. Екеуінің де пара- парасы шықты. Екеуі енді өз жандарын қорғау үшін бірін-бірі тірідей жемей қоятын болмады.

Бір уақытта оңтайланып алып Хамит бандыны иіріп, дөңгелетіп жүріп, шалып кеп алып, ырғап тұрып еңкейте кеп соқты. Апыр-топыр жылдам, жолбарысша ырғып, тіземен түйіп нығырлап езгілеп жатыр. Жұлқынып ытқып босанып шығып, мылтыққа қарай атқыды. Жан ұшырғандай банды да Хамитпен бірге тұра ұмтылды. Тұра ұмтылып, Хамиттің мылтықты бұрын алатынын көріп тұра қалып, жалма-жан қойнының бір жерінен қолын сұғып жіберіп, қол басындай бір кішкене мылтық-браунинг суырып алды. Шапшаң екі қолымен атуға оғын дайындады. Ол екі арада Хамит ұшып барып, тоқтамай, құйғытып шапқан бойымен келіп, ат үстінен жерден теңге алған қырдың жігіттерінше, мылтықты жылдам еңкейіп алып кетті. Екпінмен жүгіріп бара жатып, мойнын бұрып, сасқалақтап бірдеме қылып тұрған бандыны көрді... Шапшаң бұрылып көздеп тұра қалды. Хамит атқанша, банды атып жіберді.

Хамит селк етті. Иығының үстіне отқа күйген бізді сұғып алғандай болды. Таң болды. Банды браунингпен атып жібергенше, оның қолында тағы да мылтық бар екенін Хамит білмеді. Хамит та атып жіберді. Наган дауысы шаңқ ете қалды. Тиген жоқ. Банды жата қалып атты. Дыз етіп, оқ Хамиттің жанынан өтті. Хамит бандының қолындағы браунинг екенін біліп, жерді алыстатайын дегендей секіріп қашты. Банды тағы да атып қалды. Оқ Хамиттің аяғының астына кеп тырс ете түсті. Хамит тағы да он шақты қадамдай кейін жүгіріп барып, ағаш арасына кіріп, бір қайыңның айыршасына наганды асып көздеп тұрғанда, банды тағы да атты. Ол Хамитке жетпеді.

Хамит асықпай көздеп тұрып атып жіберді. Банды шоршып аунап түсіп, кейін қарай жорғалай жөнелді. Хамит шапшаң наганның оғын санады. Әлі де төрт оқ бар екенін көріп, көңілін тоқтатып, енді өзінің атын қолға алуға атына қарады. Енді түрегеле сап, ағаш ішіне кіріп бара жатқан өз атына қарай жүгірген бандыны көріп, Хамит бандының атынан жүз елу қадамдай бүйрек тұрған өз атына жүгірді. Банды атына бұрын жетіп еді, аты ұстатпай сасқалақтап, атын ағашқа қамады. Хамит жүгіріп өз атына келді. Хамиттің аты ұстатпай, далаңқайға қарай желе жөнелді. Ол екі арада банды атын ұстап мініп алып, Хамиттің атына қарай тұра ұмтылғанда, Хамит та жүгірген бойымен өз атын орап қайырмалап, наганды кезеді. Банды таяна алмай жалт беріп, кейін шаба жөнелді. Ілезде орман тасасына кіріп, жоқ болды.

Хамит жан ұшырып жүгіріп, атын қайырмалап жүріп, ағашқа қамап ұстап мініп алды. Жан-жағына біраз алақтап тұрып, жүгіріп киімдеріне келіп аттан түсе қалып, шапшаң шала-пұла киініп, атына мініп те алды.

Қолында наган, жан-жаққа жалтақтап қарайды. Бандының анадай жерде жатқан құлақшынын көріп жетіп келді. Тез түсе қалып бөрікті алды.

Күн салбырап еңкейген. Күзге салымғы жылы күн азырақ салқын тартқан. Аламыш, иірім-иірім орман ағаштарының шалғырттанған, сарғайған және қызарған жапырақтары еңкейген Қызыл күннің құлпырып шашыраған алтын шұғыласымен шағылысады. Маңайда Хамиттен басқа адам жоқ. Ормандарда да, далаларда да үн жоқ. Кең байтақта екі жаудың күні бойы жан таласып, шайнасқанына тек ормандар, далалар, барлық жер мен аспан үндемей қарап қана тұрған тәрізді.

Бандының құлақшын-бөркін қойнына тығып алып, наганды даярлап бір қолына ұстап, жан-жағына дамылсыз тесіле қаранып, иірім-иірім ормандардың алаңдарымен банағы бетінен бұрыла жүріп, жүгіртіп Хамит келе жатты. Хамиттің бетінде бес- алты шақырымдай жерде, анықтап сұрап жазып алған Борлыкөл елінің 2-ауылдық кеңсесі тұрған ауыл бар еді...

Хамит жүгіртіп келе жатып, ішінен: апырай, Кудря жауыз осы екен ғой!.. Өзі балуан деуші еді.Ұзын бойлы, жауырынды қара деуші еді ғой!.. Политбюрода иттің суретінің жоқтығынан танымадым-ау!.. А-ай, сонда да үлкен аңқаулық қылдым-ау!.. Мұндай ақымақ болармын ба! — деді.

Дабыстап: — Қап! — деді.

Құбақан ат пысқырып тастап, жұлқына жортып келе жатты. Хамит қолдарының қанын Құбақан аттың жалына сүртті. Жан-жағына қаранып, алысқан жауын қиялымен көз алдына әкелді... Өзіне-өзі ызаланды.

Ішінен: "Япырмай, тіктесіп алысқан бір кісіге әлі келмеген қорлық екен ғой!" — деді.

— Күшім басым болса, әлгі итті былай қылып буындырып езіп өлтірмес пе едім?.. — деп қан-қан болған, тырналған сіңірлі жұдырығын түйіп құшырланды. Сол кезде Хамиттің түрпі жұдырықтары қасқырға түсіп алысып, қырқысып шыққан бүркіттің болат шеңгелдеріндей еді.

Хамиттің есіне балуан Қажымұқанның жер дүниедегі атақты балуандармен Омбы қаласында күрескені түсті..

Мартынов, Поддубный, Ганс Гаван, Қазыбек тау... Бәрін де Қажымұқан жығып жүрді-ау, деді ішінен Хамит.

Дабыстап: — А-ай, Қажымұқан-ай! — деп жан-жағына қарады...

1927


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама