Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 14 сағат бұрын)
Октябрь төңкерісінің құрбандары

Дүние жаратылғаннан бері тарих жүзінде болмаған кең құлашты Октябрь төңкерісі біздің қазақ халқының еңбекші, нашарлар тобына тегін түскен тәрізді көрінеді. Октябрь төңкерісін жасаған, ескілікті қиратып, жаңа тәртіп орнатқан орыстың жұмыскерлер, еңбекшілер табы (пролетариаты) неше жыл белдесіп, байлар, төрелер табымен күресіп, өлшеусіз қан төгіп, мың-миллиондап ер-азаматтарын құрбан қылып, сансыз ғажап михнат тартып, қазіргі дәрежеге жетіп отыр.

Орыс халқының жұмыскер нашарлар табының Октябрь 11 төңкерісінің жолында қылған құрбанының қасында біздің қазақ халқының нашарлар табы ешнәрсе қылған жоқ, қылатын да болған жоқ, даяр асқа ортақ болған тәрізді болып отыр.

Өйткенмен, дарияның қасында түкіріктей болса да қазақ халқының нашарлар табының Октябрь төңкерісінің жолында аз болса да қылған еңбегі, тартқан михнат азабы, қылған құрбандары бар. Әр жердегі әр әскерде жүріп шәйіт болған қазақ нашарларының ұлдары былай тұрсын, әр қалада қазақтың нашар табының ұранын салып, туын көтеріп шыққан біраз азаматтар Октябрь төңкерісінің жолында құрбан болды.

Мәселен: 1) 1918 жылы большевиктердің желтоқсандағы белгілі көтерілісінде Шаймерденді әм басқа жолдастарды түрмеден большевиктер шығарып жіберді. Шаймерден Омбыдан шығып, қашып кетіп бара жатқан жерінен, 150 шақырымдай жерден, біздің қазақтың «мырзалары» ұстап Колчакқа әкеп берді. Ақмола губерниясында, Омбыда абақтыда он айдан аса жатқан Шаймерден Әлжанұлын Колчак атты.

Шаймерден дәрігерлік школасын бітірген, Омбыдағы жастардың белгілі «Бірлік» деген ұйымын ашатын мұрындықшының бірі, жігіттің арыстаны еді.

2) Ақмоланың уездік Совдепінің төрағасының орынбасары Бәкен Серікбайұлы абақтыдан абақты айдалып жүріп, 12 ай адам баласы көрмеген азапты көріп, 1919 жылда жаздыкүні Колчактың қолында Омбы қамауында аштықтан өлді. Бәкен орысша общий начальныйды бітірген нашар табының азаматы еді.

3) Қызылжарда кеңес тарапынан құрылған уездік комиссар Ысқақ Көбекұлы алғашқы кеңес үкіметіне қарсы көтеріліс болғанда кеңес үкіметін қорғап майданға шығып, қолға түсіп атылды. Дәрігерлік оқуын оқыған нашардың ері еді.

4) Атбасарда уездік «Совдептің» мүшесі Әділбек Майкөтұлын абақтыға бір салып, бір шығарып жүріп Колчак атты. Әділбек дәрігерлік школды бітірген, төмен таптың жігерлі жігіті еді.

5) Ақмолада учитель Нұрғайын Бекмұхаметұлын абақтыда 12 ай ұстап, Колчактың қулары атты. Нашардың жігерлі, білгіш азаматы еді.

6) Қызылжарда Хакім Маназарұлын өлтірді. Бұ да нашар табының оттан, судан қайтпайтын ері еді.

7) Семейде Нұрғали Құлжанұлын Колчактың қулары өлтірді. Нұрғали учитель мүддесі үшін жауыздарға қарсы тұрған азамат еді.

8) Торғайда Аманкелді Иманұлын өлтірді. Аманкелді 1916 жылы патшаға қарсы топ жасаған. Кеңес үкіметінің Торғайда уездік әскери комиссары болған қажырлы азамат, қайтпас ер еді.

Бұлардан басқа да талай нашардың ұлдары Октябрь төңкерісінің жолында құрбан болды. Менің мына көрсетіп отырған адамдарым жұртқа белгілі алдыңғы қатарда нашар табының ұранын салып, туын көтерген ерлер.

Міне, бұлар қазақ халқының нашарлар табының Октябрь төңкерісінің жолындағы, нашарлар табының теңдігі, бақыты үшін жандарын құрбан қылған ұлдары. Бұлар қасиетті тілектің құрбандықтары! Бұлар ана сүтін ақтаған шын азаматтар!

Бәкеннің алғашқы Ақмолада түрмеде отырғанда айтқан бір сөзі есімнен кетпейді. «Бес, алты кісі ертең атылады екен» деп хабар келгенде, менің қасыма келіп отырып, беті-жүзі шатынап күлім, мені құшақтап айтты: «Біз өлсек те, сен тірі қалсаң жақсы болар еді. Сен газетке, кітапқа жазып, біздің не үшін, кім үшін өлгенімізді жұртқа айтар едің...» —деді!

Және Шаймерденнің бір сөзі есімде. Орынборға қазақ жиылысына кетіп бара жатып маған хат жазды. Хатында жазыпты: «орыстың қорлық көрген, езілген халыққа теңдік, бостандық әперетін партиясының өлген жерінде өлу керек», — депті. Міне, ерлердің сөздері. Ардақты, естен кетпес жолдастар! Сендердің өздерің өлсеңдер де қасиетті есімдерің өлмес! Қасиетті тілектерің өлмес! Топырақтарың жеңіл болсын бауырларым!.. Ендігі тірі жүрген жолдастардың міндеті — осы айтылған шаһиттердің есімдерін ұмытылмайтын қылу. Ол үшін Қазақстанда кейбір школаға, мектеп, медреселерге, оқуханаларға, көшелерге осы айтылған ерлердің есімдерін қою керек.

Бұған күллі Қазақстандағы жолдастар кірісу керек. Сөйтсек біздің мойнымыздағы борыш, жолдастық ақы ақталады.

1922 жыл, қараша. Орынбор


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама