Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын арттыру
Функционалдық сауаттылық – менің ойымша, балаларға сапалы білім беру, яғни алған білімін қоршаған ортада қолдана білу. Бүгінде функционалдық сауаттылыққа арналған байланысты жазылған мақалалар, пікірлер өте көп. Заманауи кадр болу үшін, үнемі жаңалықтан хабардар болып отыру керек. Сондықтан, білім саласында жаңа қандай әдіс-тәсіл енгізілсе, соны меңгеруге, тек меңгеріп қана қоймай, тәжірибе жүзінде қолдануға тырысамын.
Құрылысшы үй салады, үй салар алдында оның фундаментін құяды, ол қаншама мықты болса, үй соншама кез келген жер сілкінісі, немесе басқа да табиғи апаттарға төзімді келеді. Бүлдіршіндерге білім беру де солай болмақ, яғни білімнің негізі – бастауыш сыныптан басталады. Мектеп табалдырығын алғаш аттап, қолына бірінші рет қалам алып, әліппемен танысып келе жатқан баланың ертеңгі болашағы бастауыш сынып мұғаліміне көбірек байланысты. Сондықтан, алдыма қойылған үлкен міндетті абыроймен атқару керек. Ертең шәкірттерімнің жүздерінде қуаныш көру – мен үшін үлкен бақыт.
Ең алдымен тақтадан бастадым. Күнді, тақырыпты жаза отырып, әрбір санның қасиетін, апта атауларының бір-бірінен ерекшелігін, бір-біріне ұқсамайтындығын, ай аттарының мағынасын, шығу тарихы мен олар туралы аңыздарды әр сабақ барысында қысқаша айтып, сұрақ-жауап арқылы қаншалықты түсінгендерін біліп отырдым.
Екіншіден, әдебиеттік оқу, дүниетану сабақтарында берілген тақырып бойынша эссе, ой толғау жазғызып отырдым. Балалар қандай қажетті мәлімет алғанын, оның өз өмірімен нендей байланысы бар екендігін талқылауға үйренді. Тақырып бойынша алған мәліметін қай кезде және қандай жағдайда пайдалануға болатындығын ортаға салып ой бөлісуге дағдыланып келеді. Болашақта әділ, еңбексүйгіш, отансүйгіш, ұлтжанды азамат болуға тырысады. Олар жас та болса, оқыған шығармалары арқылы, өмірдің кей асу белестерінің қиындығымен таныса алады, пікір таласуға да жаттығады. Пікір таласа алу, өз пікірін орынды айтып, дәлелдей білу – адамның басты құндылықтарының бірі болғандықтан, шәкірттерімді осы құндылықтарды берік ұстауға үйретіп келемін.
Үшіншіден, жоғарыда айтылған эссе жазу барысында, грамматикалық қателіктеріне баса назар аударып отырамын. Жазған жазба жұмыстарын алдымен өзі, одан әрі бірін-бірі тексеріп, қатесін табуға, ол қателіктерді келесі шығармада жібермеуге, дәптерді таза ұстауға, тазалық адамзаттың негізгі парызы екендігін санасына құйып келемін. Осылайша, оқушылар таза, сауатты, көркем жазуға үйренеді. Және де олар бірін-бірі тексергенде, ең маңызды мәселеге, яғни құрбысының немесе құрдасының жазу стиліне, көркемдігіне аса қатты көңіл бөледі, себебі әр сабақ барысында олардың санасына «дәптер – оқушының айнасы, оны таза, көркем ұста» деген ұғым сіңдірілген. Өз жұмысы үшін әділ бағаланған оқушылар, өздерін басқа қырынан көре алады. Өзін «жеті қырлы, бір сырлы» сияқты сезіне алады. Төмен бағаланған оқушылар, келесі сабақты асыға тосып, қатесін түзетуге, жақсы баға алуға тырысады.
Ақпараттық коммуникативтік технологияларды қолдану арқылы да сабақ барысында функционалдық сауаттылығын арттыруға арналған жұмыстар жасалады. Яғни, аудио, бейне жазбалардың көмегімен ауызша әдеби, мәдени сөйлеуге, бір сөздің бірнеше баламасын пайдалануға үйретемін. Көргені мен естігенін әңгімелеп, пікірін нақты жеткізе алады.
Осылайша оқу мен жазуда қатар ала жүріп, бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылықын арттыруға септігімізді тигізу керек. Бүгінгі бүлдіршін, ертеңгі жастар, яғни мемлекетімізді басқарушы азаматтар бололмауына кім кепіл?! Олай болса, ертең бармағымызті тістеп, тілімізді шайнап қалмау үшін, кішкентай кездерінен сауаттылыққа үйрету керек.
Кемел болашақ құру үшін білімді ұрпақ тәрбиелеу керектігін бүгінде барша ақпарат беттерінен оқып жатырмыз, теледидар мен радиолардан тыңдап, қажетті мәлімет алып отырамыз. Осы тұста аты әлемге әйгілі ғалым, ғұлама Ибн Синаға бір кісі 6 айлық баласын алып келіп, өз баласын қалай дұрыс тәрбилеуге болатын сұрағанда, оған 6 ай кешіккендігін айтқандығы туралы аңыз есіме түсіп отыр. Ендеше, балаға тәрбие беруде, білімін жақсылап бекітуде бастауыш сыныптағы оқытудың маңызы зор.
Өткен ғасырда пайда болып, бүгінде қолданыста жүрген функционалдық сауаттылық туралы әр педагог әр түрлі ой қорытып жүр. Балаға берген білімі мен тәрбиесін ой елегінен өткізіп, тұжырымдап, белгілі бағдармен жұмыс жасауда. Алға қойған мақсатқа жетіп, міндеттерін орындауға септігін тигізуде. Теория жүзінда алған білімдерін тәжіребе жүзінде қолдануға үйретуде. Үздіксіз ізденуде.
Қарағанды қаласы
№10 жалпы білім беретін орта мектептің
Бастауыш сынып мұғалімі
Искакова Гульжан Габиденовна