- 03 қаң. 2020 00:00
- 256
Бір тамшы ой...
Әйгілі қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" туындысымен көпшілігіңіз таныс боларсыз.Адам бойына асыл құндылықтарды құятын шығарманың әрбір бөлігі сиқырмен бедерленгендей.Жүректі жаулаған қос кейіпкердің қилы тағдыры оқырман жүрегіне жол тарта білді.Ал, Ерболдың сүйген жары -Меңтайдың асыл анасының мәнге толы жүрекжарды нақылдарын назарларыңызға ұсынбақпын:
"Ел билеген жақсы адамның өмірдің күнделікті күйбеңімен кетіп, ертеңгі ұрпаққа мұра боларлық өз атынан ештеңе қалдырмауы өкінішті.Абай атамыздың өзгелерден артықшылығы да осында-артына тастап кеткен асыл кітабында ғой"
"Біреуді пәленше көп біледі деп мақтайды.Көп білген адам көп тындырса, мақтауға болар еді.Көп біліп түк тындырмайтындар да бар.Мұндай іске пайдасыз білгіштікті білдім деудің қажеті жоқ.Ондай "білгіштен" аз біліп, көп тындыратын қоңырқай адамның өзі артық"
"Ауыз шешендік әркімде болады.Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп, көп сөйлемегені абзал.Өйткені қыздың күлкісі, жымиюы, бас изеуі, көзқарасы, жүріс-тұрысы-бәрі де сайрап тұрған сөз.Сондықтан да аз сөйлеп, айналасына ақылмен танылғаны дұрыс"
"Шошаңдаған қыз шешенің атына кір келтіреді"
"Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді.Маскүнем жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді"
"Жаман туыс тістеуік, жақсы жолдас үйірсек.Жақсы дос жаман әкеден артық"
"Ақ көңіл мен адал ниеттен туған іс әсем болмаса да сүйкімді.Айла мен арамдықтан туған іс, әдемі болса да-жиіркенішті"
"Кей адам кілт етпе келеді.Бірақ ол мінез жас балаға, сұлу әйелге және ұлы адамға ғана жарасады.Бұл үшеуінен басқаға біткен қыңырлық-қырсықпен тең"
"Тірі адамның бар бақыты, бар қызығы жер бетінде.Оған көкке ұмтылудың немесе о дүниеден үміт етудің қажеті жоқ.Сол себепті бар терді төгіп, барша ой мен ақылды жұмсап жер бетін, тұрған үйіңді жұмақ ете біл"
"Досты сырттан іздеме, жақыннан ізде, өзіңнің ішіңнен, ішкі дүниеңнен ізде.Жаның жақсы, жүрегің жылы, ақылың парасатты болса-іздеген досың алыстан үйіріліп өзі келеді"
"Ешқашан да ешкімді жамандама.Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады"
"Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағаңды жоясың"
"Жазғы салқыннан жаныңды аяма"