- 16 қаз. 2019 00:00
- 312
Бөбекке (сәбиге) арналған тілек
Сен арқылы айналды өмір жұмаққа
Былдырлаған кіп-кішкене балақан,
Жүрегімнен саған шуақ таратам.
Саған деген махабатты мендегі
Сезіне алмас бұл дүниеде жан адам.
Саған ермек бесіктегі сылдырмақ,
Маған өзің жыр оқисың былдырлап.
Мынау өмір айналды ма жұмаққа
Сыр айтады құс тілінде күмбір бақ.
Менің орта көңілімді толтырдың,
Менің орта өмірімді толтырдың.
Қайда кеткен бұл күндері таң қалам
Бір кездегі көңілдегі мол кірдің?
Сен арқылы айналды өмір жұмаққа,
Сенен балам, кете алмаймын жыраққа.
Сезінемін қайда жүрсем деміңді
Былдыр үнің естіледі құлаққа.
Содан кейін үйге қарай ұшамын,
Қуаныш пен шаттық толып құшағым.
Сен арқылы ғашық қылған дүниеге
Шүкір айтып Жаратқанға, құшамын.
*** *** *** ***
Сәби ұзақ ғұмырлы болсын,
Өмірі көркем көңілді болсын.
Ата-анасына мейірлі болсын,
Ағайын жұртқа пейілді болсын.
Бөбегіңе Фарабидің басын бергей,
Әміренің әнін бергей.
Сәкеннің сәнін бергей,
Жүсіптің дидарын бергей,
Мұхамбеттің иманын бергей.
Ләйім Қыдырдың назарында,
Бақыттың базарында жүрсін!
*** *** *** ***
Отбасымыздың тәп-тәтті бүлдіршіні, көз қуанышымызды өмір есігін ашқан күнімен құттықтаймыз. Қыран болып самғап, алыстарды көздеп, биіктерді бағындыратын үлкен азамат бол, жаным. Өмір жолы сені ешқашан адастырмай, әр басқан қадамыңа Алланың нұры жаусын.
*** *** *** ***
Күнім, гүлім, айымсың,
Көктемдегі қайыңсың.
Тәй-тәй басып үлгермей,
Папа деуге дайынсың.
Алтын қызым – батырым,
Биік болсын шатырың.
Асыл қызым – Нұргүлім,
Айналайын, ақ гүлім!