Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Бүркеншіктегі бүкпесіз ой

Шерағаңның шекпені
Тентектіде сыйлаған,
Теліні де сыйлаған.
Таланты егер бар болса,
Тепкілеуге қимаған!

(Журналистік фольклордан)

 

​​Өр Алтай табиғатының ұлы жыршысы, заңғар жазушы – Оралхан Бөкей баспасөздің шебері мен шерісі Шерағаңның шекпенінде еркін көсіліп, Кербұғыдай керіле жазған басылымдағы алғашқы қадамдары жұртшылық танданысын бірден тудырды. Бозбаланы сол кездегі Республикалық «Лениншіл жас» газеті ширатып, қыранға айдалдырды. Шыңғыстайдың топырағында жүріп-ақ аудандық «Арай» газетінде кәсіби жолын бастады. Нәтижесінде Шерхан Мұртазаның назарына ілікті. 1967 жылдан бастап ағалы-інілі қарым-қатынастары өрбіді. Кейіннен қыр баласы студент шағында зор жауапкершілікке ие бола білді. Мақала, очерктерінде әдеби сарыннан бөлек әлеуметтік-саяси мәселеде қозғалды. Бүркеншік есімдерді пайдаланып, қарашы халықтың тұрмысын ашына жеткізді. Жалпы, 1960-1967 жылдар аралығында 6 мақаласы «Исақанов, Орал-Ахметхан, Абдул-Хамитов» бүркеншіктермен жарияланған.

Таптым жүзік қонысынан бабамның,
Таттанған.
«Сан аяқтар» таптаған.
Қайғысындай ғаламның,
Жүзікте мәңгі сақталған

– деп, алғаш рет  «Орал-Ахметхан» есімімен «Жүзік» өлеңі «Еңбек туы» аудандық газетінде «Большенарым баспаханасынан» басылып шықты. Шумақтары ұлтымыздың басына түскен нәубатты суреттейді. Тарихымыздағы Жоңғар шапқыншылығы, 1930 жылдағы геноцид, зиялыларға тағылған «ұлтшыл» жаласы тармақтардың әр сөзінен анық байқалады. Біраз жылдан соң «Бәрі де майдан» повесі жарық көрді. Туынды коммунисттік идеологияның кемшіл тұстарын, қазақ басындағы трагедияны әсерлі бейнелейді. Осы «Жүзіктің» жалғасы:

Өмірге келдім мен,
Атам кетті.
Кәрілер шетінен
Дана боп туса нетті
– деп алдынғы буын өкілдеріне наласын білдіре отырып:
О, жас ұрпақ жетілген,
Талпынайық тегінде,
Адалдыққа әзірден

– деген жолдармен түйіндейді. Сол заманда таптық көзқарастың залалынан екінің бірі сауат аша алмады. Күн көрістің қамымен адамдық пен адалдықтан аттап, ұрлық-қарлықпен тұрмысын түзеп, өмірін теріс жолға бұрғандар да аз емес. Сондықтан келешегіміз – білімділердің қолында екенін жанашыр әуелден сезіп, ұғындыруға ұмтылды. Кейіннен тағы аудандық газеттің бетінде «Онаша ойлар» атауымен қысқа өлеңдері берілді:

Бейбіт күнде кемірсең тас та жақсы,
Бейбіт күнде қанжарлы қас та жақсы.
Тыныштықтың ауасын жұта тұрып,
Бейбіт күнде жыласаң жас та жақсы.

Бүгінде біз еңсесі биік, алпауыттармен терезесі тең, зайырлы, ең бастысы – Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүреміз. Жетпіс жыл жәутең қағып, дініміз бен тілімізді өз дәрежесінде қолдана алмай, отаршылдықтың езгісінде күн кештік. Рас, кешегі күндері өзге мемлекеттерде соғыс басталып, халық босып кетті. Үйлерін тастап, бас сауғалар жер таппай, аурухана мен арнайы мекемелердегі анасын іздеп, көзі құрғамаған сәбилер болашақта «азаттықтың» бағасын білері анық. Соғыстың зардабы – діни догмалар, тұмшалған және талқыға түскен тағдыр, босқындық, аштық. Бейбітшілік пен бітімгерліктің аспаны – ашық, халқы – еркін.

Жылайсың несіне,
«Өткінші» өтті ғой.
Көктемнің кешінде,
«Жыл құсың» кепті ғой.
Жылынсаң келетін,
Мұздасаң кететін,
«Аққуың» артық па?
Бірде бар, бірде жоқ,
Осы да бақыт па?
Ез болған қысы-жазы адамдарға,
Болсамда өкінбеймін қара қарға

– дейді «Орал-Ахметханның» бір өлеңі. Оралхан өз туындыларында табиғат сұлулығын тамсана жырлаумен бірге, адамның сезім буырқанысын сол табиғатпен астастыра суреттеудің шебері. Құбылыс пен адам жанын егіздей көріп, бір-бірінен бөлектемей сезінеді. Бірде журналист «Менің шығармаларымның қай жері біреуге артық-ауыс көрінсе, дәл сол жерде Мен бармын» депті. Осы сәтте Дидахмет Әшімханұлының: «… ойлап кетсе – дана, ойнай қалса – бала мінезімен өмір сүрді»деген естелігі еске түседі. Бұл сөзден тұлғаның талантынан бөлек, ешкімге ұқсамайтын болмысы мен мінезін байқауға болады.​

О, өмір ана кешір мені
Игере алмай жүрмін ғой,
Сен берген несібені

– депті, 1965 жылы «Шумақтар» туындысында. Оралхан табиғатты суреттеуден өзге өмір шындығын өнер шындығына айналдырды. Жазушылық дарынын даралаған да, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған да, суреткерлік өнерін танытқан да – осы шындығы. Балалығы мен арманы астасып, алып шаһарға шыңдалып, әдебиеттің қазанында қайнаймын деп келгендегі үзілген үміті баяндалған – «Бұл да бір сыры еді» дегені ақиқатты нұсқайды. Еңсені түсіріп, жаныңа қаяу салатын – әділетсіздік. Алматы талайдың жұлдызын жақса, енді біреулердің тілегін аяқасты етті. Қаламы қолынан түспеген, екі жылдық «трактор» куәлігі бар Оралхан Шыңғыстайдың баурайынан Алатаудың етегіне келеді. Университеттердің қара шаңырағы – КазГУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсуге ниетті еді. Қулық пен сұмдықтан ада ауыл баласы тәтесі берген сом ақшаны керекте етпеген. Жеме-жемге келгенде Мұрат деген абитурент досы қызығын көреді. Үйде өскен бұзау түзде өгіз болмасы анық. Екі сағат іздеп, Ректортты әрен тауып, имене басып, қарашаңырақтың табалдырығын аттайды. Чайковский жатақханасында жатып, екі апта әдеттегідей кітап мүжіп, көзі қаруытса да, тесіле оқып, емтиханға дайындалды. Әсте, 14 күндік еңбек текке кетпеді. Тапсырушылардың арасында үздіктер қатарынан көрінді. Арқасынан ауыр жүк түсіп, болашақ журналист тақтаға қарай ұмтылды. Тізімнің басынан аяғына дейін қарап, қанша оқыса да, «Оралхан Бөкей» деген жазуды көрмеді. Мұңы мен наласы астасып, жастық эмоциясы қосылып, факультеттің қабылдаушысына барғанымен, талапты тұлғаның бақылаушы иығынан итерді. Салы суға кетіп, екі жеті таныс, өзінен аз ұпай жинаған Мұрат досына келсе, ол оқуға түсіпті. Өзегі өртеніп, әділетсіздіктің құрбаны болып, шыңдығы тапталған Оралхан Шығысқа кетеді. Міне, осы әділетсіздік оқиғасы аталған туынды жарыққа шығады.  Кейіннен Көк-Төбе оны өзі қайта шақырады. 

​Туған мекенінде жүріп, бүргеншік есімдермен шеңділерді аяусыз сынады. 20 жастан енді асқан «Исақановтың» очерктеріне озбыр басшы, пайдасыз әкім кейіпкер болды. «Асуда» еңбегі «Еңбек туы» мерзімді басылымында 1967 жылы басылды. Очеркте «Қоғам деп ұран тастай тұрып, «өзім» десе езеуреп тұрады. Иә, ол әлгі «қоғам» деген сөзді «өзім» деген сөздің игілігі үшін пайдаланды» дейді. Осындайда «өзім дегенде өгіздей күшім бар» деген мақал еске түседі. ХХІ ғасырда да Оралхан суреттеген басшы әр ауылда яки қалада кездеседі. Ұрымтал сәтте қалтасын қампайтып, ішкі есебіне ғана түгелденіп, пайдасы үшін парақор болудан арланбайтындар қасымызда да бар. Осы жүйені түп тамырымен жоюға кейде қазақи босандығымыз бен кенпейілдігіміз, кейбірде селқостығымыз әсер етеді. 

​«Абул-Хамитов» бүргеншік есімімен Оралхан Бөкей 1967 жылдың 7 қыркүйегі күні «Он «тұңғышқа» он ауыз сөзден» мақаласын жариялайды. Таланттардың: Оразбай Байбақов «Таңғы шық», Қабдеш Жұмаділов «Жас дәурен», Сейіт Кенжеахметов «Кәрі шеңгел», Сейсен Мұхтарұлы «Бүлдіршін», Бақтыбек Қозыкеев «Түнгі бақ», Әбубәкір Нілбаев «Таңғы тыныс», Мешітбай Құттықов «Құс жолы», Кеңесжан Шалқаров «Шуақ», Нұрхан Жанаев «Құстар ұшып келеді», Садықбек Хангелдин «Пернелер» еңбегіне аз-маз пікір білдіріп, «сынаудан бұрын қолдау маңызды» деп жазады. Иә, ініге «Орекең» болған публицист оғландарды назардан тыс қалдырмады. Кейіннен замандастары асып түспесе, кем қалмады. 

Тұр әне, Ұлы Ленин қолын сермеп,
Халқы да әлдилейді ұлын тербеп,
Өзек етіп жырыма әрбір сөзін
Қуат алам, жырыма шабыт кернеп.

70 жылдық бодандығымыз табынушылыққа алып келді. Егемендікке дейін туып, ес білген әр қазақ «Ленин біздің атамыз» деп ұрандатты. Өз атасынан артық көрмесе, кем көрмеді. Тіпті сәуірдің соңғы аптасында сенбіліктер ұйымдастырылып, жаппай науқандар өтті. Алғашқыда «Туғанда Ұлы Ленин көктем еді» өлеңінің шумағынан табынушылықтың ескегі есіп тұруы мүмкін. Бірақ «Алданған ұрпақпен» таныс әрбір адам бұлай ойламаса керек. «Сталиннің өлімі дүйім Республиканы қара жамылтуы қажет» деген саяси реформаны ажуалап, астарлап берілген шығарма 1950 жылдарда жазылса, жоғарыдағы өлең 1962 жылы қалың жұртшылыққа ұсынылды. Осы себепті бойұсынудан алыс, сарказм мен иронияға бағытталған болуы да ғажап емес.

Оның газет  беттерінде жарияланған кез келген очерктері мен проблемалық мақалаларынан жүрек лүпілі, көңіл таразысы, сезім арпалысы анық байқалады. Кейіннен мәселелі мақалалары: «Өзі сүйген өнерге ұлын баулуда» (1960), «Жемшөп бар, мал арық...» (1965), «Жаңалық келеді»(1965), «Жұлдыздар сөнбейді: Ауылда абзал адам бар» (1967) газеттерде басылды.

​​Әдебиет пен журналистиканы тең ұстап, 25 жыл қолынан қаламы түспей, қарымды ойларымен Оралхан жазушылар ортасынан да қалыс қалмады. Бір сұхбатында шәкіртінің мерзімді басылымдардағы қызметінен бөлек, жазушылық қабілетін тұншықтырмағанын Шерағаң «Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресін, жер көресін, сан түрлі адамдармен кездесесін. Шығармаға жем табылады.  Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойында жүрген, көкірегінді кернеген дүниені алансыз отырып жаза алмайсың. Ал Оралхан қарбалас жұмысты істей жүріп, «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң – осындай жаз» деп мақтан тұтады. Қапыда үзілген қысқа ғұмырында Алтай баласының есімін иісі қазақ қастер тұтар киелінің біріне айналды. Уәдесінде тұрып, «халқың қалқан қылмай», өзі ұлтына қалқан болды. Жазбалары арқылы елдің аяғына үзеңгі болып, еңсесін көтерді. Ұлы істерді үндемей тыңдырып, кейіпкерлерінің бейнесімен жұртының жағдайын жеткізді. Кесек тұлғаның мезгілсіз қазасы – әсем өнерді бағалайтын әр жанның қабырғасын қайыстырып, көңіліне қаяу салды. Оның жаны шыңдық жолында безек қағып, тазалығы мен ізденімпаздығы – биікке жеткізді.

Ахина Нұрилла Елеусізқызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,Журналистика факультеті, Баспа ісі, 4-курс


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама