Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Дайрабай (ІІ нұсқа)

Дайрабай мен Көбен деген жамағайын байдың арасы жақсы болмапты дейді. Мұндай қырбайлыққа себепші Көбеннің шолжың болып өскен жалғыз баласы болса керек. Көбен бай өзімен иықтас Қанжығалы байының Ажар дейтін қызын баласына алып берген. Қыз аларда болатын жөн-жоралғыда Дайрабай күйеу жолдас болып барады. Көбен байдың бос белбеу, болбыр ұлындай емес, еті тірі Дайрабайдың Ажар қызбен әзіл-қалжыңы жарасса керек. оның үстіне Ажар өнерге іңкәр, сезімтал қыз екен. Дайрабайдың әсем сазды күйлеріне ынтығып, жанынан шықпай қояды. Кейін, келін болып түскен соң да, Дайрабайды аузынан тастамай, орайы келсе, арнайы шақыртып, өнерін тамашалап жүреді.

Осының бәріне Көбен байдың баласы іштей қызғаныш жасап жүреді екен, бір күні Дайрабайдың көзінше Ажарды таяққа жығады. Мұндайға шыдайтын Дайрабай ма, әрі-бері ара түсіп, басу айтқан екен, болмаған соң мытып-мытып жібереді ғой. Бұған қорланған бай баласы байбалам салып, «өз үйімде сабап кетті» деп даурығып, онымен қоймай, «Ажар мен Дайрабай ашына екен» дегендей қауесет таратады.

Көбен бай баласының жайын біледі. Бірақ өз қолын өзі кессін бе, ашу үстінде заң орындарына жүгініп, іс жүргізіп, қаттатып-шоттатып дегендей, ұлықтарға малын шашып, Дайрабайды Ақмоланың түрмесіне түсіреді. Мұнымен де тынбайды, Дайрабайдың өзі баптап, құлын кезінен бауыр басқан жүйрік көк аты болады екен, Көбен бай оны да иемденеді. Дайрабайдың інісі Шақабай ағасының көк атына таласып, қарсылық көрсеткен екен, Көбен бай кеудемен қағып, жеңістік бермейді. «Айыбын жуып, түрмеден шыққан соң, өз қолымнан алады» дейді.

Сөйтіп жүргенде Нұра бойында үш жүздің басы қосылған бір әйдіңгер ас болып, Дайрабайдың көк аты бірінші келеді. Бірақ Дайрабайдың есімі ауызға алынбайды. Жұрт «Бәйгеден Көбеннің көк аты келді» деп біледі. Шақабай «жарайды, атағы ауылға ортақ қой» деп, дау шығармайды. Мұның қадірін білетін Көбен бай бар ма, көк аттың бәйгесіне алған қыруар сый-сияпаттан Шақабайға сабақты жіп бұйырмайды.

Міне, осы оқиғаның бәрі жіп-шырғасы шықпастан түрмедегі Дайрабайға жетіп жатады. Дайрабай болса ызаға булығып, шыдай алмай, ақыры есебін тауып түрмеден қашып шығады. Сол бетінде бой тасалап інісі Шақабайдың үйіне жетеді. Сонсоң, ес жиып, өзіне-өзі келіп алған соң, Көбен байдың иелігіне айналған көк атын түнделетіп ұрланып барып мінеді де, Тоқырауын бойында Тобықты Құбылтай деген үлкен нағашысы /Дайрабайдың әкесінің нағашы жұрты/ болады екен, солай қарай тартып отырады ғой. Жолай қалың Қаракесекке қоныс болған Қызылтаудың сай-саласын қуалап жүріп отырып, бір бұлақты алқапқа келгенде тізгін тартады. Сол жерде Қызылтаудың қалың қыртыс сай-саласында жол баққан ұрыларға тап болып, Дайрабай аяулы көк атынан айырылады. Содан шыбын жанын олжа көріп, жүдеп-жадап, нағашысы Құбылтайдың ауылына жетеді.

Нағашы жұрттың көңілінде көлеңке бола ма, бейнет шегіп, қорлық көріп жеткен Дайрабайды алақандарына салып қарсы алады. Есін жиып, өзіне-өзі келген Дайрабай кешікпей-ақ өнерімен төңірегіне жағып, Тоқырауын бойындағы елдің қадірлі қонағына айналады. Оның үстіне бұл өңірдегі Қыздарбек, Итаяқ бастаған дәулескер күйшілермен танысып, небір шер тарқатар сұлу сұхбаттар құрады. Қанатты өнерлерін ортаға салып, күйқұмар қауымның құлақ құрышын қандырады.

Осындай бір, шабытқа тұғыр болған бас қосуда Дайрабай өзінің арттағы өмірін есіне алып, іштей шамырқана толғанып бір күй тартады. Бұрын естімеген, әсем сазды тың сарынға елең еткен тыңдаушы жұрт «Бұл не күй?» дегенде, Дайрабай: «Бұл менің басымдағы гәп қой, күйдің атын «Дайрабай» десе де болар», — депті.

Тоқырауынның құйма құлақ домбырашылары сол жерде «Дайрабай» күйін қағып алып, қолдан-қолға тарата тартып кетіп еді дейді.

Дайрабай осы жолы Тобықты ішіндегі Кәмшат деген қобызшы қызбен көңіл жарастырып, бас құрайды. Содан ауылы іргелес жатқан Көбен байдан сескеніп, бой тасалау үшін оңтүстікке қарай кеткен. Дайрабайдың қалған өмірінің Қаратау өңірінде, Шу алабы мен Сыр бойына өтуінің себебі осы еді дейді көне көз қарттар.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама