- 04 қаң. 2020 00:00
- 190
Ақшолпан (ІІ нұсқа)
Бірде Мәмен күйші жолаушылап келе жатып, Шолпан атты қыздың ұзатылу тойына тап болады. Шолпан атына заты сай, төңірегіне ақыл көркімен ұнаған аяулы ару болса керек.
Сонсоң да ел-жұртқа еркін, ерке болып бой жетіп еді дейді. Той үстінде, бір жағы сол еркелігі бар, бір жағы қимастық сезімі бар, Шолпан қыз төңірегіндегі құрбы-құрдастарына бір базына айтады: «Қадірлі көз көрген құрбы-құрдастарым, қыз дәурені қызғалдақтай келте екен, бауыр басып, бой жеткен ел-жұртымды қимай, көңілім алабұртып отыр. Менің осы бір көңіл-күйімді күй тілінде сөйлетер кім бар?!» — депті.
Ойын-тойдың өнерпазсыз болмайтыны қашанғы әдеті емес пе, сол жерде аққу мойын домбыра қолдан-қолға көшіп, небір әсем күй күмбірлей тартылады. Бірақ бұл күйлердің ешқайсысы Шолпанның көңілінен шықпайды. Бәрі де бұрын талай тартылып, талай естіліп жүрген күй болса керек. Шолпанның нәзік жүрегі жаңа саз, тың сарын тілеп, қазіргі көңіл-күйіне үндесер күй іздейді.
Осы кезде домбыраға Мәмен қол созады. Отырғандар алғашқыда көлденеңді көк аттының үйреншікті қонақкәдесі болар деп мән бере қоймайды. Бірақ Мәмен домбыраны баптап алып, лекіте қағып жөнелгенде үйдің іші сілтідей тынады. Күй сұлу сазына қоса мұңды сырымен жан тербейді. Сол қалпында қызуы басылмастан лекілдеп келіп тынады. Шолпан қыздың жанарына таңғы шықтай мөлдіреп жас іркіледі. Ризашылығының белгісіндей, Шолпан орнынан тұрып, өз қолымен Мәменнің иығына шапан жабады.
Осы жолы тартылған күй ел ішіне «Ақшолпан» деген атпен тараған екен.