- 20 қар. 2019 00:00
- 284
Домалақ ана (І нұсқа)
«Алып та, дана да анадан туады» деп халық бекер айтпаған ғой. Ертеде Сыр бойында Бәйдібек деген бай өмір сүрген көрінеді. Оның екі әйелі болыпты. Тоқалының бойы аласа, өзі толық болғандықтан жұрт оны «Домалақ» деп атап кеткен, шын аты Бүбіжар екен. Бүбіжарды бертін келе ақыл-парасатына қарай ел құрметтеп «Домалақ ене» атандырған.
Бәйбіше тұрғанда кіші әйелге күн бар ма? Үлкен әйел күндестігін жасайды. Бәйбіше түнде Домалақтың үйіне түйе болып келіп сүйкенеді. Сонда бәйбіше екенін біліп, Домалақ ене жатқан жерінен тұрмай:
— Атшу-атшу, жануар, түйемісің, мыңға жеткін, қастық еткен адам болсаң, жаман ниетің өзіңді атсын! — дейді екен.
Бір күні ауыл көшеді. Бәйдібек бай балаларын ертіп, ертерек қонатын жұрт таңдауға кетеді. Сары бәйбіше Домалақты үйіме жұртқа тастайды. Біраз уақыт өткенде ауылды шабуға келе жатқан жаудың қарасы көрінеді. Жұртта жалғыз қалған Домалақтан әлгілер жөн сұрайды. Ол шапқыншыларға жөнін айтпаса да, жау көштің ізіне түсіп, ауылды шауып, барлық жылқыларын айдап әкетеді.
Қайтарда ескі жұрттың қасынан өтеді. Көңілі тасыған жаудың басшысы Домалаққа аяушылық білдіріп:
— Мына олжа жылқыдан қалағаныңызды алыңыз, — деп ұсыныс жасайды.
Сонда Домалақ ене:
— Ендеше, ана жал-құйрығы ұйысқан кәрі арық, сары биені желіге байлап кетіңдер, басқасының керегі жоқ, — дейді.
Шапқыншылар сол екеуін қалдырып кетеді. Сол күні түс ауа Бәйдібек ұлдарымен жаудың артынан қуып келеді. Домалақтан жөн сұрайды.
— Сендер жауды қумаңдар, олар көп, босқа мерт боласыңдар! Мына сары бие тұрғанда жылқы ешқайда кетпейді. Өздері кешке қарай қайтып келеді, — дейді.
Бұлар Домалақтың айтқанын тыңдамай, жаудың соңынан қуып барып, ұрыста бірқатары қаза табады. Ал жылқылар жаудың айдауына көнбей, тым-тырақай қашып, сол күні кешке сары биеге келіп шұрқырай жиналады.
Міне, осындай көптеген тапқыр да ақылды істері арқасында Домалақ халық арасында аңызға айналып, үлкен беделге, сый-құрметке ие болыпты.