- 22 қар. 2019 00:00
- 274
Домалақ ана туралы (ІІ нұсқа)
Бір күні Мақтым Ағзам софы түс көріпті. Түсінде Қожа Ахмет Яссауи бабасы аян беріпті: «Жалғыз немере қызыңа әулиелік дарып, бақ қонады. Оның білегінен кім ұстаса, сол адамға некесін қиып қос! Үбірлі, шүбірлі бақытты болады», — депті. Ояна кетсе, түсі екен. «Иә, Құдая, осы түсімді Пайғамбар жорып, Нұрила қызымды бақытты қыла гөр, аумин!» деп бата қылыпты.
Бұл кезде Нұрила сегіз жаста, мешітте дәріс оқып жүреді. Жылдар өтеді. Нұриланың жасы он төртке толғанда мынадай оқиға болады: бір күні Нұрила құдықтан су алуға барады. Ол кезде суды түйе мойнақ қауғамен тартатын. Нұрила шығырды ағытып, қауғаны құдыққа түсіреді. Шығырдың тұтқасын шиқылдатып айналдырып, су тола түйе мойнақты өзіне қарай тарта бергенде, шығыр ағытылып кетіп, қауға- мауғасымен қыз терең құдықтың түбіне күмп етеді. Оны жолда ойнап жүрген балалар сыртынан көріп, ауылға хабарлайды. Елден бұрын Бәйдібек жүгіріп жетіп құдық түбіне еңкейіп қараса, қыз қауғадан ұстаған күйі су бетінде қалқып тұр дейді.
— Нұрила, қауғадан мықтап ұста, мен тартып шығарайын, — деп айқайлайды да, шығырды бұрайды. Қыз құдық аузына жеткенде, Бәйдібек оның білегінен ұстап шығарып алады. Құдықтың мұздай суына тоңып, дірдектеп тұрған қызды шапанына орап, балаша көтеріп, атасының үйіне апарады. Зұхра әжесі жігіжапар болып, оған ыстық сүт беріп, жылытып алады.
Ертеңіне Түркістаннан Мақтым атасы келеді.
— Шырағым, құдықтан сені Бәйдібек батыр қайтіп алып шықты? — деп сұрайды.
— «Қауғадан мықтап ұста!» — деді. Мен ұстадым. Құдықтың аузына жақындай бергенімде білегімнен ұстап, шығарып алды. Шапанына орап үйге алып келді.
— Ендеше, сені сол батырға ұзатамыз. Өзіңе айтып ем ғой, мен түс көргемін. Түсімде Қожа Ахмет бабам: «Немереңнің білегінен кім ұстаса, соған бер, балалы-шағалы бақытты болады» — деп.
Сол әулие-баба аян бергендей, келесі жылы Нұрила Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Той бірнеше күнге созылады.