- 28 қыр. 2021 00:00
- 191
Доңыз
Доңыз, қабан — сүтқоректілер класынын жұптұяқтылар отрядына жататын жабайы шошқа. Доңыздың үш түрі, ал Қазақстанда бір ғана түр тармағы бар. Қазақстанның барлық жерінде таралған. Негізінен, Еділ-Жайық атырабында, Каспий теңізінің жағалауында, Сыр бойында кездеседі. Қамыс-құрақты қопалар мен батпақты жерлерді мекендейді. Бірақ доңыз орманды-бұталы, шөлейт аймақтардағы өзен-көл маңынан да кездесе береді. Олардың саны ауа-райының қолайлылығы мен аулану мөлшеріне байланысты жылма-жыл өзгеріп отырады.
Қазақстандағы доңыздардың саны шамамен 12-15 мыңдай. Қабандарының дене тұрқы 125-175 см, шоқтығының биіктігі 80-100 см, салмағы 95-200 кг. Мегежіндері кішілеу келеді. Имек келген азу тістері сыртқа шығып тұрады. Доңыз корек талғамайды. Әр түрлі өсімдіктермен, жәндіктермен қоректене береді, өлексені де жейді. Мегежіндері наурыз айы мен маусым аралығында торайлайды. Олар төрт-он торай туады. Доңыз — кәсіптік аң, еті, терісі, қылы пайдаланылады. Орта есеппен әр доңыз 50 кг ет, 10 кг май, 250 дм2 тері және 0,5 кг қыл береді.