Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Елдік, ерлік идеясы – Сүйінбайдың өлеңдері мен жыр-дастандарының, айтыстарын өн бойына тартылған өзекті идеясы

«Менің пірім Сүйінбай,Сөз сөйлемен сиынбай!»-деген Жамбыл.Туған елінің ары мен ұжданы, бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен, момын шаруаның мүддесін корғаған, халыктардың достығы мен туысқандығын жырлаған азамат ақын Сүйінбайдыд импровизаторлың күші — оныц халыктык сипатында. Ол карапайым, еңбекші халықтың арасынан шыққан сол ұяны жанындай жақсы көрді, бар ғұмырын, өнерін соларға арнады.

Халықты тілмен қорғадым,

Сөз шындыққа келгенде,

 Бас кессе де болмадым.

Құтылып жарлы кеткенше,

Зорларды сөзбен торладым,—

дейді Сүйінбай. Бұл азамат, күрескер ақындардың айтатын саналы, сертті сөзі. Асылы, ақынның да акыны бар: баз біреулер болыстар мен билерді дәріптеп, оларды ай мен күнге теңеп, солардың тасасында, көлеңкесінде күн көрген, ақындықты қорлаған; ал Сүйінбай болса, еш уақытта шындықтың шолпан жүлдызынан жаңылмаған, елінің мүддесін ұмытпаған, жыласа жұбатқан, жасыса қайрат берген.

   Сүйінбай Аронұлы Алатаудың аса сұлу бетбауыр бөктеріндегі Алматыға тиіп тұрған Қарақыстақ ауылының Бұлақ деген жерінде 1815 жылы туып, 1898 жылы 83 жасында дүние салған. Болашақ даңқты жырау жасында жоқшылық тауқыметін көп тартқан. Жастай жетім қалып, байдың малын бағып, тамағын асыраған. Ол туралы өлеңдерінде ақынның өзі де айтады. Ал ақын Кожахмет Тұрлыбайұлы бір өлеңінде:

 Сүйінбай он жасында қалды жетім,

Жылаумен секпіл басқан екі бетін.    

Жетімді жетілдіріп, жүйрік еткен          

  Алланың көрмеймісің құдіретін, –деп, Сүйінбайдың бала кезі туралы нақты дерек келтіре отырып, жетім баланың ақындық өнердің шыңына шырқағандығына таңданады. Белгілі бір адамның бойындағы басқаларда жоқ ерекше қасиеттері, соның ішінде ақындық өнері туралы да, халық: "тұқымында бар", "өлең (ақындық) қонған" дейді. Мұның мәнісі: тегінде – аталары немесе нағашыларында бар ақындық түптің-түбінде ұл-қыздарының біріне көшеді дегенді білдіреді. Сүйінбайдың 13-14 жасында шығарған "Түс" деген өлеңінде осындай ойға бастайтын құбылыс жайында сөз болады. Шүйбек деген байдың қойын бағып жүргенде, бір күні түс көріп, ұйқысынан өлеңдетіп оянғанын ол қожайынына былайша баяндайды:     

 Атыңнан айналайын Қызыр бабам,           

Түсімде таңға жуық келді маған.

Білмеймін "өлең" – деді,"көген" –деді,

Сайрауық құстар келіп төнді маған.

Менің тұр қолды-аяққа тұрғым келмей,

Қойды ғой қойыңа да қырғын келмей!

Аузымнан түйдек-түйдек шыққан сөзді

Не дейін сөз кестесі – өлең демей?!              

Сен маған ұлықсат бер, Шүйбек байым,

Әйтеуір, тегін емес Сүйінбайың.

Жын соқты ма, білмеймін, таңертеңнен

Көңілім ұйқы-тұйқы құйындайын...

 Түс көріп, ақын немесе сазгер, т.б. болып ояну секілді жағдайлар болашақ өнер иелерінің өмірінде кездесе береді. Сүйінбайдың рухына табынумен өткен ұлы шәкірті – Жамбыл да:

 Өлең кірген түсіне            

Жөргегінде мен болам.

Қинама, әке, қинама,

Болмас енді зорлаған, –демей ме?! Тұла бойын өлең кернеп тұрған соң осылай деген де.

Ал шыққан тегі жағынан келгенде, жыраудың арғы атасы Күсеп әрі ақын, әрі қобызшы болса, нағашысы Қабан Жетісудағы ақындық, жыраулық өнердің ірі өкілі болған. Сүйінбай бозбала кезінде жеті тәулік бойы сол нағашы атасының кешінен қалмай, ілесіп жүріп, батасын алыпты.

Сөйтіп, Сүйінбай 13-15 жасынан ақындық жолын қуады. Баяғының неше алуан жыр-дастандарын, аңыз-қиссаларын жиын-тойларда жатқа айтып, өз жанынан да шығарады.

Қаршадайынан қолына домбыра алып, өлеңді өмір серік еткен жыраудың 60 жылдан астам уақыт бойы тоқтаусыз шығарған жыр мұрасы ұшан-теңіз болған. "Соққан желдей, аққан селдей" өрен жүйріктің ақындармен айтыстары, ел қорғаған ерлерге арнаған ұзақ жырлары, арнау, сықақ-сын, мінездеме, қағытпа өлеңдері, өмір туралы толғаныстары өте көп болған. Өкініштісі, соның бәрі біздің дәуірімізге түгел жетпеген. Ал бізге жеткен туындылары Сүйінбайдың табан астында тауып айтатын ғажайып тапқыр, сөздің реті келгенде "ешкімнің атағына бас ұрмайтын, басынан құс асырмайтын" әділ де турашыл, даңғыл да дана ақын болғанын көрсетеді. Сүйекеңді қазақ өлеңінің ғана емес, қырғыз елінің де атақты ақындары дара талант ретінде бағалаған. XIX ғасырдың екінші жартысында Жетісу жерінің өлең туын аспандатқан Жамбыл бастаған саңлақ таланттары Сүйекеңнің шәкіртіміз деп, ұлы ақынды пір тұтқан. Жамбылдың:

 Бата берген Сүйінбай, –

Жырдың тіккен туындай...

Ақындардың ақыны,

Айдын көлдей ақылы, –деп ардақтауы сондықтан.

 Елдігіміздің аса маңызды нышаны – тұңғыш теңгемізде Сүйекең бейнесінің болғаны халықтың қадірменді ақынына деген зор сүйіспеншілігін танытса керек. Сүйінбай – XIX ғасырдың 30-жылдарынан 80-жылдардың соңына дейін алпыс жылдан астам іркіліссіз жырлаған, айтыста жеңіліп көрмеген аса көрнекті ақын-жырау екеніне күмәніміз жоқ.

Сапарбаева Айжан Маханбетжанқызы

Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама