Елімізде мұғалімдерді қолдаудың қандай тетіктері бар
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, педагогтердің лауазымдық жалақысы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын 25 пайызға өсті. Осылайша педагогтердің жалақысы 2020-2023 жылдары 100 пайызға өсті. Ал биыл 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің жалақысы 30 пайызға көтерілді.
Республика бойынша орта білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтер саны 388 200-ге жетті. Сондай-ақ, 772 ТжКБ оқу орны жұмыс істеп тұр, оның 446-сы мемлекеттік, 326-сы жекеменшік. Қазір бұл жүйеде 40 мыңға жуық мұғалім жұмыс істеп жатыр. Республикамыздағы 11 мыңнан астам мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда 97 407 педагог қызмет етіп жүр. Жалпы, мемлекет жағынан мұғалімдердің мансаптық өсуіне қатысты қандай жағдай жасалған? Ротация бойынша қандай нәтиже бар? Осы орайда педагогтерді қолдау қадамдарына қатысты жиі қойылатын сұрақтар бойынша тиісті мәліметтерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.
1000 көшбасшы
«Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 15 тамыздағы № 259 және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 16 тамыздағы №343 бірлескен бұйрығы бекітілді. Биыл аталған жоба пилоттық режимде іске қосылды. «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы бойынша іріктеу бес кезеңде жүргізіледі: І кезең – құзыреттілікті бағалауға арналған тестілеу, ІІ кезең – кадр резервіне үміткерлерді оқыту, III кезең – тағылымдамадан өткізу, IV кезең – қорытынды бағалау, V кезең – Министрлік жанындағы комиссия мүшелері үміткерлерді қабылдайды.
Сынақтан сәтті өткендер 2023 жылы 11 желтоқсанда сертификат алып, кадр резервінің республикалық базасына енгізіледі. Сондай-ақ, кадр резервіне енгендер конкурстық рәсімдерді өтпей, мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшысы лауазымына тағайындалады. Қызметке тағайындалғаннан кейін, оларды бір жыл бойы сүйемелдеу кезеңі жоспарланған.
Қазір еліміздің ұстаздары үш жылда бір реттен кем емес мерзімде біліктілігін арттырудан өтеді. Осыған байланысты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы білім беру бағдарламалары модульдерінің мазмұнын қайта қарады. Біліктілікті арттыру курстарынан өткен мұғалімдер пәндік білімдерін жүйелейді және тереңдетеді, оқытудың тиімді әдістерін пайдалануды жетілдіреді, заманауи ақпараттық технологиялар мен онлайн-ресурстарды пайдалануды үйренеді. 2023 жылы мұғалімдерді біліктілікті арттыру курстарынан өткізудің жалпы жоспарында 110 мыңнан астам адам ескерілген, қазір оның 55 мыңы курстан өтті
Техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде типтік ұйымдардың басшылары мен педагогтерінің біліктілігін арттыру курстарын өткізу аясында 2022 жылы 20 өңірден 300 басшы және 4900 педагог оқытылды. Барлығы 5200 педагог оқытылды (2019 жылы - 5200 адам).
Мұнымен қоса, министрлік ТжКБ жүйесінде 2021 жылдан бастап біліктілікті арттырудың тәжірибелік бағдарланған курстарын енгізді, оның барысында оқытушылар заманауи жабдықтарда жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Курстарды өткізу аясында 4 мыңнан астам педагог кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтті.
Биыл ақпан айынан бастап республикамыздағы 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйымның 20 390 педагогі біліктілікті арттыру курсынан өтіп жатыр.
Бір мемлекеттік білім беру ұйымында 7 жыл бірінші басшы лауазымында болғандар ротациялауға жатады.
2022 жылы 514 мектеп директоры, ал 2023 жылы 227 мектеп директоры ротацияланды. Сонымен қатар, ТжКБ жүйесінде Колледж басшыларының ротациясы да іске асырылады. 2022 жылы 12 басшы ротациядан өтсе, осы жылы 28 басшыны ротациялау жоспарланған.
Әл еуметтік қолдау
Ауылды жерге кәсіптік қызметін жүзеге асыру және тұру үшін келген мұғалімге жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу бағытында әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның 12-бабына сәйкес, жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қала жағдайында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің ставкаларымен салыстырғанда, жалақы мен тарифтік ставкалар кемінде жиырма бес пайызға жоғары белгіленетін болса, 12-баптың 5-тармағы 2)-тармақшасына сәйкес жергілікті өкілді органдар бекіткен тәртіппен және мөлшерде бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 12-баптың 3-тармағына сәйкес мұғалімнің балаларына тұрғылықты жері бойынша балабақшадан орындарды жергілікті атқарушы органдар бірінші кезектегі тәртіппен береді.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес мұғалімдерге келесі кепілдіктер қарастырылған:
Педагогтерге 12-баптың 1-тармағына сәйкес ұзақтығы күнтізбелік 56 күн жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы, сондай-ақ кезекті еңбек демалысы берілген кезде күнтізбелік жылда бір рет кемінде лауазымдық жалақы сомасында сауықтыруға арналған жәрдемақыға кепілдік беріледі.
Сонымен бірге, 12-баптың 7-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар мұғалімге тұрғынжайды жалға алу үшін және коммуналдық көрсетілетін қызметтерге өтемақы төлемдерін, санаторийлік-курорттық емделуге әрі демалуға жолдама сатып алу үшін толық немесе ішінара төлемдерді, педагогті әлеуметтік қолдауға бағытталған өзге де жеңілдіктер белгілеуге құқылы.
Мұғалімдерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында заңнама аясында қызметтік тұрғынжайға, жатақханаға және жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне кепілдік беріледі. Ауылдарда кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басымдық тәртіппен жүзеге асырылады.
Мұғалімдерді ынталандыру қадамдары
Ынталандыру мен қаржылай қолдау, сондай-ақ сіңірген айрықша еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік наградалар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. Бұл атақты алған педагог 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы алады. Қазіргі кезде республикамызда 28 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған. 2012 жылдан бастап жыл сайын республикалық «Үздік педагог» конкурсы ұйымдастырылып келеді. Конкурс нәтижесінде 624 педагог «Үздік педагог» атанып, 1000 айлық есептік көрсеткіш сомасында сыйақы алды. Сонымен қатар, оқушылар арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорт жарыстарының жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған мұғалімге үш лауазымдық жалақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған мұғалімге «Білім туралы» Заңына сәйкес бюджет қаражаты есебінен біржолғы сыйақы беріледі.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңы қабылданғаннан кейін келесі шаралар жүзеге асырылып отыр:
- 2020 жылдан бастап жыл сайын педагогтердің жалақысы 25 пайызға өсті;
- педагогикалық шеберлігі үшін 30 пайыздан 50 пайызға дейінгі мөлшерде қосымша ақы көзделген;
- білім беру ұйымдары басшылары мен басшылары орынбасарларының біліктілік санаты үшін лауазымдық жалақының 30 пайыздан 100 пайызына дейін қосымша ақы;
- тәлімгерлік, магистр дәрежесі, сынып жетекшілігі, дәптерлерді тексеру үшін қосымша ақылар;
- мемлекеттік тапсырыс алатын барлық мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің жалақысы 30 пайызға өсті.
Мұғалімдер тапшы өңірлерге 58 педагог барды
Елімізде мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама қолға алынды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, мұғалімдер тапшылығы мәселесі Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облысына қатысты болып отыр. Аталған аймақтарда математика, физика, химия және шетел тілі мұғалімдері жетіспейді.
Жалпы, арнаулы бағдарламада «Мемлекеттік ұйымдар педагогтерінің жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» 2020 жылғы 11 мамырдағы №191 бұйрыққа сәйкес нақты жүктемені ескере отырып, республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен педагогтерге 150% ынталандыру қосымша ақысын төлеу және жергілікті бюджеттен 100% мөлшерінде жалақы қарастырылған.
2022 – 2023 оқу жылында тиісті өңірлерге барлығы 58 педагог жұмысқа орналастырылды (Алматы – 27, Атырау – 8, Маңғыстау – 9, Түркістан облысы – 14).
Арнаулы бағдарлама бойынша жұмысқа қабылданған педагогтерді 2023 жылы аттестаттау рәсімінен өткізбестен, бір саты жоғары біліктілік санаттары берілді.
Педагогикалық білім
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне қарағанда, қазір педагогикалық кадрларды даярлауды 49 жоғары оқу орны жүзеге асырып отыр. Онда 186 мыңнан астам студент оқиды. Соның 26 пайызы грант бойынша білім алып жатыр. Жыл сайын шамамен 50 мың түлек бітіріп шығады. Министрлік жағынан педагогикалық білім сапасын арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылданды.
Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» жобасы аясында мұғалімдерді даярлауға екпін қойылып отыр. Жоба аясында жыл сайын педагогикалық бағыттар бойынша кемінде 7 мың грант бөлу жоспарланған.
Сонымен қатар, білім беру саласындағы менеджмент жүйесін жақсартуға мән беру және осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту міндеті қойылды. Осыған орай, «Жайлы мектеп» жобасы үшін жаңа формациядағы мектептерге бірегей көзқарасы бар топ-менеджерлерді даярлау жоспарланған.
Былтыр Педагогикалық білім беруді жаңғырту тұжырымдамасы бекітілді. Оның негізгі бағыттары:
- педагогикалық білімнің мазмұнын кешенді жаңарту арқылы біріңғай білім беру кеңістігін құру;
- педагогикалық ғылымды дамыту;
- оқытушылардың кәсіби дамуын қамтамасыз ету.
Қазір осы бағыттарда тиісті жұмыстар басталды.