Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 8 минут бұрын)
Еліміздегі автобус қатынасы цифрландырылады: жолаушылар электронды құжаттармен тексеріледі

Елімізде қалааралық және облысаралық автобус қатынастарындағы ережелер өзгереді. Билеттер, бағыттар, лицензиялар мен тасымалдаушыларға берілетін субсидиялар енді цифрлық жүйеде басқарылады. Бұл туралы Orda.kz хабарлайды.

Негізгі жаңалық – көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе жолаушылар тасымалына қатысты құжаттарды тіркеу, есепке алу және сақтау қызметін атқарады. Жүйе мемлекеттік органдар мен тасымалдау процесіне қатысушыларға деректерді жіберіп отырады.

Сонымен қатар, жол жүру ақысын төлеу ережелері де өзгереді. Халықаралық, қалааралық, облысаралық және ауданаралық автобус бағыттарында жолаушылар билеттерді автовокзал кассаларынан ғана емес, цифрлық төлем жүйелері мен электронды билет сату агенттері арқылы да сатып ала алады.

Жолаушыларды отырғызу билет пен жеке куәліктің негізінде жүзеге асырылады. Түпнұсқа құжатты да, оның электронды нұсқасын да пайдалануға болады.

Тасымалдаушыларға арналған өзгерістер

Тасымалдаушылар үшін де жаңалықтар бар. Олар әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша субсидия алуға өтініштерді «цифрлық үкімет» порталы арқылы бере алады. Бұл қалалық, ауылдық, қала маңындағы, аудан ішіндегі және ауданаралық тасымалдарға қатысты.

Регулярлы қалалық, ауылдық, қала маңындағы және аудан ішіндегі тасымалдардың бағыттары мен кестелері де электронды жүйе арқылы бекітіледі. Ол үшін тасымалдаушы бағыт сызбасын және кестесін ұсынуы тиіс.

Автобустар мен шағын автобустармен жүзеге асырылатын ретсіз халықаралық, облысаралық, ауданаралық тасымалдарға арналған лицензиялар да портал арқылы рәсімделетін болады. Лицензияны алу бес жұмыс күні, қайта ресімдеу үш жұмыс күні, ал дубликат алу екі жұмыс күні уақыт алады.

Бұл нормалар 2026 жылдың 12 шілдесінен бастап толық күшіне енеді.

Жаңалықтар

Жарнама