- 30 қар. 2019 00:00
- 217
Еркеатан күйі (І нұсқа)
Баяғыда бір шал мен кемпір болған екен. Олардың Еркетай деген жалғыз қызы бар екен. Еркетайдың ботасынан өзі ақ ірімшік беріп, еркелетіп, үйретіп асыраған тайлағы бар екен. Еркетай оған Еркеатан деп ат қойған екен. Еркетай Еркеатанның шудасына маржан тізіп, айдарына, екі өркешіне үкі тағып, басына сылдырмақты ноқта кигізіп, жібектен өріп бұйда таққан екен. Қыз оны көзінен таса қылмай бағып жүреді екен. Еркетай Еркеатанымен ойнап, ермек етеді екен. Шал мен кемпір елсізде отырады екен. Бір күні қыз үйінде кесте тігіп, алданып
отырып қалыпты. Әлден уақытта Еркетайдың Еркеатаны есіне түсіп, далаға шықса, көз көрімде Еркеатан көрінбейді. Қыз қарап таба алмай, жез өкшелі кебісін қолына алып, алдындағы таудың басына жүгіріп шығады. Сол кезде суға жығылып жатқан Еркеатанын көріп қасына келеді. Бірақ батбаққа батып қалған Еркеатанды қыз тұрғыза алмайды. Қайта жүгіріп тауға шығып, әкесіне: «Еркеатан суға жығылды, арқан әкел, әке-ке!» — деп, қыз айғайлайды. Алыстағы әкесі ести қоймайды. Сөйтіп тұрғанда қыздың көзіне қара атты, торы атты екі жолаушы түседі. Енді қыз соларға: «Қара атты мен торы атты, тоқта, тоқта!»— деп айғайлайды. Міне, қыздың осы айғайлап айтқанын домбырашылар күй етіп тартады. Мұны «Еркеатан күйі» дейді.