Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Еркін сабақ

АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ

повесть

Дәліздің арғы бетінен Сәбет аға қылт етіп көрініп, бері қарай делбеңдеп ұшты. Қатырма қара плащының етегі қаудырлап, қоңыр галстугінің құйрығы батпырауықтай бұлғалаңдайды. Көтере таралған қалың қара шашы желп-желп етеді. Үлкен де қиық көзі — иә, иә, ағайдың көзі, қызық болғанда, әрі үлкен, әрі қиық — дәу де болса түк көрмейді. Жайшылықта жүзінен шуақ төгіліп, құшағын жаза бізді күргейлей тықсырып: "Айналайындар, айналайындар, қоңырау соғылды, класқа кіріңдер, қоңырау соғылды!" дейтін. Осы жолы шуақ та жоқ, "айналайын" да жоқ:

— Балалар, балалар! — деп, екі иығынан демалып ентікті. Қарап тұрмай Алмат атты баланы плащының етегіне орап алды. — Тәртіп керек, тәртіп!

Апам да аң-таң, біз де аң-таңбыз. Дәл осы жерде тәртіп бұза қояйын деп құлшынып тұрған ешкім жоқ секілді. Ендеше, мұғалім неге шыбын-шіркей болып, зыр жүгіріп жүр?

Әдебиет пәнінің мұғалімі Алматтың арқасынан орай құшақтап, мұғалімдер бөлмесіне қарай ұшыртты. Алматтың көзі қара сулықтың әр жерінен жылт етіп, тамып түседі.

Біз де қарап тұрмай:

— Класс мына жақта, аға!

— Қазір әдебиет сабағы, — деп жан-жақтан жамырадық.

— Ә? — деді Сәбет аға бізге жалт қарап. Бірақ өзі мұнда болса, ойы басқа екені бесенеден белгілі болып тұр. Онда да екі-ақ секунд ойланды. Шапшаң сөйлеп, төпелей жөнелді. — Әдебиет сабағы болмайды. Оның орнына кездесу! Акт залына! Акт залына жиналыңдар!

— Қай кездесу?

— Ақын-жазушылармен кездесу!

...Сонымен, кездесу! Үлкен де жарық акт залы балаларға лық толы. Демді ішке жұтып, алғы жаққа көз саламыз. Сахнаға үстел, ал оның үстіне шоқ-шоқ гүл қойылған. Төрт адам үстел жағалап, тәртіп сақтап монтиып отыр. Оның екеуі құрметті қонақтар — ақын-жазушылар. Қалған екеуі Сәбет ағай және мектеп директоры Арслан Ардақаевич. Жазушының біреуі алпысты алқымдап қалған ақ бас адам. Оң көзін сәл қысыңқырап, жағын таянып, жантайыңқырап отыр. Екіншісі — көп болса менен мүшел жас үлкен. Жап-жас түріне қарап, жазушы деуге әрең қиясың. Оны өзі де іштей біліп қуыстана ма, екі шынтағын үстелге тіреп, қабағын түйіп, тігінен тік қазықша шаншылып отыр.

Арслан Ардақаевич орнынан найқалып ауыр түрегелді. Оң қолының алақанын тақтайдай ғып жазып, жоғары көтерді.

— Жолдастар!

Залдағы ыбыр-жыбыр, сыбыр су сепкендей басылды.

— Балалар! — деді мектеп директоры қою үнмен. — Балалар, бүгін бізге сонау алыс астанадан ақын-жазушы ағаларың келіп отыр. Иә... — Неге екені белгісіз, екі қонаққа кезегімен бұрылып, ежірейіп қарады. Әлденеден кеңілі қалғандай астыңғы ерні салбырап тұрды, тұрды да, басын қалт көтерді, қасын қайшылап, қабағын түйіп алды. — Ең қадірлі, ең үлкен қонағымыз, әрине, Сейіт ақсақал. Ол кісіні қазақ совет поэзиясының полковнигі, е-е... генералы десе де болады. — Ақсақал жазушыға тағы арнайы бұрылып: "Қалай, енді ризасыз ғой?" дегендей масаттанып, астам көз тастады.

Ақын ағаның жүзіне лып етіп жұқа қан тепті, полковник пе, генерал ма, әйтеуір, осынау бір ұлағатты лауазымға лайық болайын деді ме, бойын түзеп, жөнделіп отырды.

— Бұл кісінің басты-басты еңбектері мынау...

Ары қарай Арслан Ардақаевич даусын қоңырлатып, әр кітапты атаған сайын арасын бөліп-бөліп, сала құлаш тізім оқыды. Сейіт аға кітап жағын қатырған екен, тізім жуық арада бітіп болмады.

Директор ақыры жас жазушыға мойын бұрып, иегін самарқау қақты.

— Ал, мынау Төстік інішек балаларға арнап жазады... е-е; — деп кекештеніп, "Кітаптары қалай аталушы еді өзі, ұмытып тұрғаным, аузыма салып жібермейсің бе?" дегендей Төстік ағаға төніңкіреп, қасын керіп-керіп қалды.

Төстік ағай төмен қарап тұқшиып:

— Соны қайтесіз! — деп күңк етті.

Директор да бірдеңені ұғып қалды ма, Төстік ағаны одан әрі қинамады.

— Енді қадірлі қонақтардың творчествосы туралы әдебиет пәнінің мұғалімі Сәбет Сағитов жолдас баяндама жасайды. Тыныш отырып, құлақ салыңыздар!

Сәбет аға манадан бері екі көзі шырадай жанып, қос жазушыға ерекше ынтызарлықпен ыстық-ыстық қарап отырған. Сол сезімнің дөңгелек айналған иірімінен шыға алмай қалды ма, есі-дерті қонақтарға ауып отыра берді.

— Сәбет! — Қатқыл үн жеткенде барып түсінен шошып оянғандай:

— Ә! — деп, басын жұлып алды.

Директор бір езулеп қана мөлшермен ызбарлы жымиды — бүкіл мектепте, мектебіңіз не, бүткіл ауылда Арслан Ардақаевич қана өстіп жымия алатын — қасын керіп, мінбені оң шекесімен нұсқады.

— Сізден баяндама жасау сұралады...

— Қазір, Арслан Ардақаевич, осы қазір... Ойбай-ау, баяндама ма, баяндаманы тас қыламыз.

Мұғалім орнынан лып етіп атып түрегелді, көзді ашып-жұмғанша ұшып барып, ағаш мінбеге қаршығадайын қонып алды.

— Айналайындар, мен айтайын...

Зал ду күлді. Оған ол пысқырмады, қашып кетердей мінбенің екі жақтауынан мықтап ұстап алып, ал саңқылдап сөйлеп берсін. Ара-тұра қалың қара шашын артқа сілкіп тастайды. Осының бәрі өзіне және бек жарасып тұр. Енді ше! Сәбет аға анау-мынау емес, әдебиет пәнінің мұғалімі ғой!

Алдымен Сейіт ағаның аяғын жерге тигізбей мықтап мақтады. "Ақындардың ағасы", "социализм құрылысына зор даусымен үн қосқан дүлдүл", оған қоса "немере, шөбере сүйіп отырған ардақты ата"... Сәкен, әсіресе, "жиырма шақты немере, шөберенің" тұсында шынымен толқып кетті, әдебиет пәнінің мұғаліміне алыстан сүйсініп:

— Өйдөйт дерсің! Соқтырт, аяма! — деді қызара күліп.

Төстік аға да жас болғанымен дөй екен. Балалар өмірін қақтай сауып, сан алуан повесть, әңгімелер жазыпты. Өзі институт бітіргесін мектепте біраз жыл мұғалім болып істесе керек. Соның пайдасы жазуда мықтап тиіп жүрген көрінеді. Әдебиет пәні мұғалімінің айтуынша, ол кісінің бүгінгісінен гөрі болашағы тіптен зор.

Төстік аға, қызық болғанда, бұған аса тебіренбеді. Бір жері ауыра ма, тас құдайша мелшиіп, қарсы алдына безере қарап отыр. Әлде ақсақал "генерал" атанып, өзі ондай лауазымнан құр алақан қалғанына өкпелі ме екен?

Баяндаманың соңында әдебиет пәнінің мұғалімі Сейіт ағаға жылы ұшырай қарап:

— Сен қазақтың жанартауы атылмаған,

Ғасырдың шежіресі айтылмаған.

Тұлпардайын мінездім, Төстік қарғам.

Әйтеуір, бір полюсің жақын маған... —

деп соқтыртып келіп, кенет, орта жолда кілт тоқтады, сәтке ойланды, шекесін алақанымен шарт еткізді.

— Қап, Сәбет Сағитович, бүлдірдің, бүлдірдің! — Президиумға жалт қарады. — Сейіт аға, мен айтайын, айналайын, тоқтай тұрыңыз...

Ақсақал сүйкімді сылқ-сылқ күлді.

— Тоқтадық, сен айтқан соң тоқтамағанда қайтеміз, Сәбет інішек!

— Рақмет! Рақмет! — Алақанын кеудесіне басып, басын сәнмен иіп тастады. — Кешіріңіз, Сейіт аға, бұл тақпағымды Төстік інішекке арнаппын, сізге арнаған өлеңім де бар, сол екеуін апаш-құпашта ауыстырып алыппын.

Президиумы бар, залы бар, қырғын күлкі... Күлмеген тек Арслан Ардақаевич. Орнынан тұрып, қалың қабағын қағып тастап қолын көтеріп еді, балалар жым болды. Сейіт аға екі-үш ұмтылып, ырғалып орнынан тұрды, мұғалімнің қасына барып, арқасынан қақты.

— Қарағым, еш қысылма! Ақын-жазушыларға деген ниетің түзу екен, соған бек ризамын. Жақында алпыс жасқа толғанмын. Сонда құттықтау мен арнау өлеңдердің не түрлі көкесін естідім. Кәне, содан шыққан мүйізіміз? Мақтасаң мына Төстікті мақта, әдебиетіміздің болашақ көкжиегі осылар...

Содан соң "ақын аға туысқан партиямыз бен үкіметімізге, қайта құру, жариялылық заманына арналған өлеңдерін шабытпен оқыды" (аудандық газетте кейін жарияланған есептен).

Төстік ағаға сөз берілді. Ол кісі өз творчествосын өзі менсінбей ме, оған тоқталмады. Есесіне мектеп программасын, оның ішінде әдебиет пәнін оқыту ісін қатты сынады.

Яғни әдебиет оқулығының көптеген тараулары олақ жазылған, "өлі" тілмен жазылған. "Өлі тіл" деген не, алғашында дым ұқпай, құлағымыз қалқиып отырып қалдық. Сөйтсе, бала ұғымына ауыр, қасаң, сіреспе тіл екен.

Жазушы ағай сары мұқабалы кітапты бізге қаратып, аспандата жоғары көтерді.

— Мынау 10-класқа арналған "Әдебиет оқу кітабы..." Соның Сәкен Сейфуллинге арналған бөлімін көрелік. Біздің пікірімізше, Сәкен — от өмір революционер аға, поэзияның қызыл тұлпарын ерттеп мінген ақын, "Жер қазғандарды" жазған шебер прозаик... Тас төбеге көтеріле бергенде өзіміз атып түсірген жарық жұлдыз... Осынау сан қырлы лағыл тағдырды мынау кітап қалай сипаттайды? Міне... "Сәкен Сейфуллин — қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі". Хош. Оның әр бетінен оқ-дәрі исі аңқып тұратын "Тар жол, тайғақ кешу" романы туралы не деппіз? "Бұл роман революция жолында жан кешкен күрескерлер бейнесін казак совет әдебиетінде дәл бейнелеген толық қанды шығарма..." — Өстіп, өстіп күзгі жабырқау күңдей көңілсіз үнмен ары қарай да созып кете барды. Киноларда Бұхара мен Самарқандтың молдалары сөйтіп құран оқитын. Төстік аға солардан аусайшы. Әлде әдейі сөйте ме, кім білсін.

Сәбет ағай жерден жеті қоян тапқандай:

— Е, Төстік айналайын, айтқаның түп-түгел алтын... Балалар түгіл, менің өзім де "Әдебиет оқу кітабының" кейбір жерін ұқпай қаламын, — деп жіберді төмен бұғып.

Біз, амал жоқ, мырс-мырс күлдік.

Арслан Ардақаевич саспады, қолын көтерді. Күлкі пышақ кесті тыйылды. Жалпы, мектеп директоры күлкіні жаратпайды. Ол кісі жүрген жерден күлкі қашады. Сәбет аға ғана бүгін сол "жазылмаған заңды" бұзып, әлсін-әлсін күлдіріп отыр.

Директор балалар жазушысына қасын кере мәнмен қарап:

— Сол сапасыз оқулықты, мәселен, сіз қалай жазған болар едіңіз? Сыр бөлісе отырайық... — деді тіс арасынан сыздықтата сыпайы сөйлеп. — Өзіңіз айтқандай, қызықты да мағыналы, ұғынықты дегендей...

Төстік аға кідірмеді.

— Оқулық жазсам, жазушы емес, ғалым болар едім. Бір нәрсеге көзім анық жетеді: "Әдебиет оқу кітабын" бүйтіп ағаш тілмен жазу, бәрін алғанда, оқушылардың сау басын саудаға салу, ары алғанда, күнә!

— Сөз деп осыны айт! Айналайын-а... — Сәбет аға тағы да қопаңдап атып түрегеп, орнынан ұшып кете жаздады.

Біз әңкі-тәңкіміз. Не боп барады өзі? Кімдікі дұрыс — Төстік ағай ма, жоқ әлде әдебиет оқулығын жазған ғалым ағайлар ма?

Арслан Ардақаевич қолын көтерді. Зал іштен тынып, үнсіз отырса да көтерді — сасыңқырап тұр. Мектеп директорының шындап абыржығанын алғаш көруім. Ол кісі Төстік ағаға бүткіл тұлғасымен бұрылды да, сыздықтата сөйледі.

— Өз творчествоңызға қарай ауыссаңыз... Төке! — Мұның астарында: "Оқулық үшін, Сәкен Сейфуллин үшін қиналып қайтесіз? Жөнге көшейік..." деген ызбар жатқан.

Жазушы аға суық жымиып, директорға қарады.

— Әзірге творчеством мына биік мінбеден мақтанатындай халде емес. Не жаздым, не қойдым, оны мына залдағы қаракөздерден сұраңыз, — деп айбат шеккенімен, мына әңгіме өзіне де оңайға түсіп тұрмаса керек. Жан қалтасынан орамал суырып, маңдайына басты. — "Әдебиет оқу кітабы" туралы бір-екі ауыз сөз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, отызыншы жылдардағы коллективизация — Владимир Ильич Лениннің көрегендік НЭП саясатын Сталиннің бұрмалауы болып шықты. Ішкі Ресейде ең шаруашыл халық "кулак" деген сылтаумен Сібірге, Беломорканалға айдалса, қалғаны колхоз, совхоз секілді зорлық қамытты мойнына ілді. Қазақ халқының бастан кешкен зобалаңы бұдан да қиын. Қыруар малы кәнпескеленіп, ашаршылыққа, сұмдық қырғынға ұшырады. Басқа түскен осы нәубетті біз қалай жырлап, қалай жазып келдік? Жасасын коллективизация, жасасын колхоз, совхоз! Сонау отызыншы жылдан бері естіп аузымызды жаппай әндетіп келеміз. Жамбыл ата екеш Жәкеңнің де сондай өлеңдері бар...

— Төке! Төке! Біздің мектеп Жамбыл атамыздың атында, тым болмаса соны ұмытпайық. — Гүр ете қалды Арслан Ардақаевич. Үстелді автоқаламының дүмімен тық-тық нұқиды. Шамасы, алдында мұғалім яки оқушы емес, жазушы тұрғанын есінен шығарып алса керек. Өзі күйген кірпіштейін күп-күрең.

Төстік аға да алған бетінен қайтпады.

— Мен Жамбыл атаны бір қазақтай қадірлеп, төбеме көтеріп өтемін. Ол кісі сол заманның пафосы, шындығы, керек десе, айнасы. Өз бетің қисық болса, айнаға өкпелеме деген. Жамбыл ата қисық емес, сол аумалы-төкпелі заман қисық!

Зал ұясынан үріккен арадай қым-қуыт гуледі. Арслан Ардақаевич бұл жолы әдеттегідей қолын көтермек түгіл, орнынан қозғала алмады.

Есесіне поэзия генералы басын қалт көтерді. Мәңгіріп отырды - отырды да, мән-жайды әрең ұқты-ау ақыры:

— Төстік қарағым, байқасай... Аудитория басқа ғой, аудитория! — деп, басу айтты.

— Қисық емей немене! — Төстекең бүгіндікке бой беретін емес, тағы кері шалқыды. — Қалың елді тоз-тоз етіп, аштыққа ұшыратқан коллективизацияны кейінгі ұрпаққа неге үлгі етеміз? Барып тұрған мәңгүрттік бұл! Ондай сырты бүтін, іші түтін шығармаларды тудырған сол кездегі сталиндік заман! Ақын-жазушылардың көбі дәріптеді колхоз-совхозды. Оның кесір-кесапатын өздері де жете түсінбей, білмей кетті. Тіптен репрессияға ұшыраған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер де... Арыстай сол үш ағамыз туралы мына "Әдебиет оқу кітабы" жылымшылатып, "1937 — 38 жылдары қайтыс болды" дейді. "Адамның туған және өлген күнін жасыру күнә" дейді ерте дүние данышпандары. Ендеше, біз неге үш ағаның қазасын жасырамыз, неден қарадан қарап шошимыз? Қыл аяғы осыны алты алашқа жария етіп, айта алмасақ, несіне жер басып жүрміз? — Төстік аға мінбеге жалпағынан жатып алып, қолын жайқай сермеп тастайды. Өңі күйіп піскен күрең бауырсақтай, селкеу-селкеу шашы маңдайына шашырап түсіпті. — Осыны шет жағалап болсын, жас өскін оқушыларға түсіндіріп жүрген жан бар ма?

Арслан Ардақаевич көтеріп, алақанын жайды.

— Біз бәрін де тек оқулық бойынша түсіндіреміз. Программадан бұра тартуға болмайды. — Даусы көпе-көрінеу бұзылып, қарлығып шықты. Қасын керіп қалып, шашын желкесіне қарай көтере сылап тастайтын әдетін ұмытыпты. Бұрынғы нығыз, тығыз директор емес, әбден сасқан, абыржыған Арслан Ардақаевич...

Төстекең еңіске салып, өрге озды.

— Коллективизация, репрессия сияқты апатты барлық газет, журнал жарыса шулап жазып жатыр. Сол мың-мың мақала мен естелікті неге пайдаланбасқа? Тоқырау жылы жазылған, әбден үстіріктелген жылымшы, жылмақай оқулықтар кімге керек? Жариялылық, демократия, қайта құру, шындық дейді. Мына отырған көген көздер де шындықты тілейді, шындыққа шөліркеп отыр...

Зал ішін тартып, тұнып қалған. Қарақат көздер кең ашылып, президиум мен ағаш мінбені үнсіз ішіп-жейді. Сәбет аға тік түрегеп кеткен. Директорға бір, Төстік ағаға екі қарап, шашына бес саусағын қатар салып ұйпалақтай береді. Сөз шіркін көмейіне взвод-взводымен кептеліп қышап-ақ тұр, әттең, әттең...

Абырой бергенде, дәліздегі қоңырау қолды-аяққа тұрмай шырылдап қоя берді.

— Мен біттім! Ықыластарыңызға рақмет!

Төстік аға мінбеден түсті, аяғын сүйрете басып өз орнына бет түзеді.

Сол мұң екен, әдебиет пәнінің мұғалімі буын-буынындағы ең керекті винттерді суырып алып-алып тастағандай сылқ түсті. Басын қос қолдап қысып, төмен қарап отыр. "Генерал" аға сол мәңгірген күйі әлі мәңгіру... Арслан Ардақаевич зор денесімен сахнаны көлеңкелеп:

— Балалар, тыныш! Тыныш! — деп, үстел шетін темір сызғышпен шыпылдатып соғады.

Зал онсыз да тыныш еді. Бір ызың әр тұстан бір өлеусіреп естіледі. Көктемнің алғашқы шыбыны! Шапағатты күннің тілше сәулесі ішке қиялап түсіп тұр.

ДИРЕКТОР ҚАРҚЫЛДАП КҮЛДІ

Бәрі де бұрынғыдай, бәрі де қаз-қалпынша...

Европа, Азияны табанға салып қырып-жойып, Үндістанға семсер ала жүгірген Александр Македонскийдің жеке басынын тәртібін талқылаймыз; бұл — тарих сабағы; революцияға дейін жартылай жабайы өмір кешіп, көшпенді болыппыз (халықтың екі-ақ проценті сауатты!); бүл — "Қазақ ССР-ның тарихы"; оны аз десеңіз Африканың бақырауық жүн-жүн маймылдарымен арғы тегіміз бір туыс екенбіз (мәссаған, сонда Әбунасыр әл Фараби, Пушкин, Абай секілді аталар да маймылдың ұрпағы ма?); бұл — зоология, ілік, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктері — казак тілі, екі катеттің қосындысы әрқашан да гипотенузаға тең болмақ — геометрия! Сабақ үстінде оқытушының көзін ала бере есінейміз, құсынаймыз, тоқ етері, сабақтан басқаның бәрін сарылып ойлаймыз. Онда да мұғалімге емес, терезеге қарап ойланамыз, өйткені сыртта көктем құлпырып тұр. Көктем әйнектің сыртынан көгілдір қолын бұлғап бізді сыртқа, кең дүниеге шақырады. Бірақ оған бәрі де жан-тәнімен қарсы: мұғалімдер де, мектеп-интернаттағы тәрбиешілер де, үлкендер де... "Оқы, оқы және оқы!" дейді кезінде өздері ойнамағандай, талдан таяқ мініп, жалаң аяқ жүгірмегендей... Ел жатарда, ұйықтар алдында құм ішінде мал бағып жатқан әке-шеше, ата-апа, түймеш көз іні-қарындастарымызды ойлап, сағына сарғаямыз — қысқасы, бәрі де бұрынғыдай, бәрі де қаз-қалпынша...

Бәрі де бұрынғыдай... Арслан Ардақаевич дәу қолын артына ұстап, бізді алыстан сермеп, жақыннан тербеп, маңғаз басып, дәлізді бойлап өтеді. Ол кісі ешкімге ұрыспайды, кейбір мұғалімдердей кабинетіне де ертіп апармайды, әйткенмен бізге осы жай басып өткенінің өзі жетіп жатыр. Қысқасы, кабагымен жасқайды. Ол кісіні көрсек болды, оқуда үлгілі, дәлізде тәртіпті болу керек екенін ұға қоямыз. Онда да қас қағымдық сәтке ғана. Мектеп директоры кабинетіне кіріп кетісімен үлгірім де, тәртіп те аяқ асты қалып, қолма-қол ойын соғып кетеміз.

Өзгерген тек Сәбет аға... Ол кісі қазір дәліз қуалап, қатырма қара плащының етегі су-су етіп ұшып етпейді. Бәрімізге жекелеп те, жалпылап та құшағын жая күргейлей қаумалап: "Айналайындар, класқа кіріңдер, класқа кіріңдер!" демейді. Ұмытып барады екем, Сәбет ағаның "Айналайын аға" деген лақап аты бар. Ол үшін класс, мектеп, бүкіл ауыл, әлем — бәрі де шетінен кіл айналайындар... Егерәки деймін де, ол кісі көшеде кәндек ит ыр етіп, алда-жалда балағынан ала түссе: "Өй, айналайын, оның не? Бұл саған жараспайды, кәне, бері келе қойшы, басыңнан сипап жіберейін" дер еді. Өз балаларына дейін "көке" демейді, "айналайын" дейді. "Мен айтайын!" — деп, кеудесін көгершіндей үшкірейтіп, алға аты шығатын қызық мінезі және бар. Осының бәрі өзіне және әйбат жарасады.

Әттең, әдебиет пәнінің мұғалімі әнеугүнгі кездесуден кейін "айналайын", "мен айтайын-ды" таза қойып алды. Бұрын үзіліс сайын сөйлеп дәліздің ана басынан бір, мына басынан бір саңқылдап, мектеп радиосымен жарыса сөйлеп жүретін. Бұл күнде өйтпейді, томаға-тұйық. Ең қызығы, өз-өзіне мүлдем өз-өзіне мүлдем ұқсамай қалды. Сабақты біреу зорлап желкелеп тұрғандай сараң түсіндіреді. Басқа, бөтен мұғалім сабақ беріп жүргендей. Біз де бұрынғы әдебиет пәні мұғалімінің орнына ол кісіні өгейсінетін сияқтымыз.

Мектеп директоры екеуі кезінде көрші совхозда бірге жұмыс істепті. Арслан Ардақаевич бізге ауысқан кезде, Сәбет ағаны өзімен бірге ерте келген. Бұл ауысу әдебиет пәнінің мұғаліміне жақты, биыл оқу ісіне меңгеруші болып жоғарылады. Мұғалімдер қалжыңы ма, шыны ма, "Арслан оңашада ойлайды. Сәбет соны педсоветте сөйлейді", — дейтін көрінеді. Ол рас та секілді. Директор қайда жұмсаса, сонда құс болып ұша жөнеледі. Екеуі араларынан қыл өтпейтін дос.

Ол ол ма, кейінгі кезде шәргез, ашуланшақ. "Айналайын", "мен айтайын" жайына қалды. Мәселен, кеше...

Иә, кеше түстен кейін жеңешем алыстағы малды ауылдан артынып-тартынып келе қалмасы бар ма. Үлкен ағаның отын жағып, түтінін түтетіп отырған ақылды жеңешем ғой баяғысында. Бір қоржын құрт-майының аузын шешіп: "Кино, дискотеңнан қалма!" — деп алақанына он сом қыстырды. Көңілді өстіп әбден демдеп алғасын сыртқа шығып, ұзын орындық үстінде үңкіл-шүңкіл әңгімелесіп отырғанбыз. Ағаның үйінде Майра, Сайра, Алуа сынды әрі кішкене, әрі сондай, сондай сүйкімді қарындастарым бар, жеңешем солардың қызық қылықтарын жіпке тізеді. Оң құлағымды о кісіге, сол құлағымды көкектің уілдеген үніне тосып қойып, көктем шуағына екі шекемді кезегімен рақаттана тосамын... Қарын тоқ, көңіл мас. Рақат, жанның рақаты!

— Ағаң биыл саулықтың әр жүзінен жүз елу қозы аламын дейді. Өтірігі ме, шыны ма, кім білсін. Әй, шыны шығар. "Как штыкпын, айтқанымнан қайтпан!" — деп, дүр-дүр етеді. Күзде шопандардың жиналысында қыза-қыза келе, сөйтемін де бүйтемін деп салыпты ғой.

Көзімді қанша ашып отыруға тырыссам да, өз-өзінен жұмылып кете барады; жаңа іште асаған құрт-майлар буыныма түсіп, балқытып барады.

— Аға молодец! Сіз де... — дей саламын түк толғанбай, түк тебіренбей.

Бұл жеңгейге май сылауындай тиіп, таза елжіреп қалды.

— Төре бала, ағаң былай деп дұғай-дұғай сәлем айтты: " Мен мына жақта жүзінен жүз елу қозы алып жатқанда, Бектас ол жақта "бестерді" қойдай қаптатсын. Бектасжан үшін биылғы социалистік міндеттеме — "бес" пен "төрт!". Осынау діттеген жерден шыға білсе, аккордный-премиальныйыма мопед сатып әперемін..."

Бұтаққа қонып ап, әлденеге мәз болып, қарқылдап отырған бір кәрі қарғаға нәумез қарап отыр ем, "мопед" дегенде денем тоқ соққандай дір ете қалдым.

— Мопед?

— Ағаң айтпайды, айтса қайтпайды... Сол тұста Сәбет аға қалбаңдап мүйісті айналып, бері шыға келмесі бар ма. Ол кісі бүгін мектеп-интернат бойынша кезекші, яғни біздің жүріс-тұрыс, тәртібімізді қадағалайды, "көшенің қайбір жаман балаларына" еріп кетпеуімізді бақылайды. Одан қорқып тұрған мен жоқ. Жеңешем жаңа айтқандай, "Бектас биыл бұзылмауға тиіс, Бектас "төрт" пен "бес" алуға тиіс". Бұл орындалса, жыл аяғында су жаңа мопед астыда дей бер. Сол себепті бұзылу-сұзылуды әзірге қоя тұру керек. Әуелі әлгі мопедті қолға түсіріп алайық, бұзыламыз ба, жоқ па, ары қарай көре жатармыз.

Әдебиет пәнінің мұғалімі аяғының басына қарап, тұсымыздан өте берді. Қатал да қазымыр әлдекім тап осы әзірде жерден алып, жерге салып, сөгіп жібергендей сұлқ, көңілсіз. Жеңешеме түк көрмес көзбен қарады, обалы не керек, амандасты, бірақ аялдаған жоқ, баспалдаққа қарай жөнеді.

Мен байқаған нәрсені жеңешем де аңдап қалды ма, оқытушыға көзінің астымен қарап:

— Мына кісі кім? — деді жайлап.

Мен ауыз ашқанша, оқытушы жеңешемді естіп қойғандай өкшесінен шыр айналып, кілт бері бұрылды. Тебітіп келді де, жаңа көргендей бетіме шүңірейе қарап тұр. Несіне сасайын — тәртіп түзу, үлгірім жаман емес, тек тиісіп көрсін. Әйтсе де мұғалімнің қадала қарағаны бір түрлі екен, өткен айда, өткен жылы жасаған әлдебір "қылмыстарым" еске түсіп, қарадан қарап қипақтай бастадым. Содан-ақ әдебиет мұғалімі өзіне керекті бірдеңелерді ұғып қалды ма, жеңешеме бұрылды.

— Кешіріңіз! — Мен тап бір жаны бар пенде емес, маған қарап салынған олақ карикатурадай шекесімен немкетті нұсқады. — Сіз мына баланың жақын-жұрағаты боласыз ба?

Жеңешем әуелі орнынан тұрып, өңірін түзеді. Күн қақты жүзі сәл қошқылданды.

— Иә, жеңгесі боламын.

— Өте жақсы, өт-те жақсы! — Мұғалім алақандарын бір-біріне құшырлана ысқылады. — Мен әдебиет пәнінен сабақ беремін. Сәбет Сағитов! — Екі алақанының саусақтарын біріктіре үшкірейтіп жеңгейге ұсынды.

Жеңешем ызылып-сызылмады, мұғалімге сәл шалқая шекелей сынап қарап, қолын әдеппен созды.

— Сәния Калиакбаровна!

Мұғалім тез өзгерді:

— Сіз Бектастың үлгірімі, жеке басының тәртібі қандай, соны білесіз бе? — деп, шақ ете түсті.

Жеңешем ол дөң айбаттан ықпады:

— Соны сізден білейік деп ек, — деп, мұғалімнің астына сыздықтатып су жіберді. Оны да әдейі істеп тұр, жайшылықта оқытушы-соқытушыда шаруасы жоқ, үлгірімді де, тәртібімді де өзімнен сұрап алатын. Маған қатты сенеді. Ал, езіңе біреу сондай сенім артып тұрғанда, қалай өтірікті шындай, ақсақты тыңдай ғып айтасың?

— Әне, әне! — деп, саусағын жоғары шошайтты мұғалім. — Алыстан дорбалап құрт-май тасимыз, оны баланың алды-артына қойып, аузына тықпалаймыз, ал класс жетекшісіне барып, үлгірім, тәртібін сұрауды білмейміз.

Жеңешем бір көрмеге жуас, әйтпесе жатып атардың нақ өзі. Жамбыл атындағы орта мектепті кезінде мақтау грамотасымен бітірген, қашан барсаң да қазандық қасында сықсиып, газет-журнал оқып отырады. Бар жазығы — қойшы жігітке, менің ағама күйеуге қашып кеткені.

— Сізден дәл қазір Төре баланың үлгірім, тәртібін сұрап тұрмаймын ба? — деп, қаптың аузын шымшып қана шешіп қойды.

Мұғалім мұны күтпеді ме, аузының түтіні қисық шығып, кері шалқып сөйледі.

— Бұл бала... биыл нашар. Алгебра, химия, қонбайды менің миыма дейтін көрінеді. Мұғалімдерінен жалобы көп. Ауызша , сабақ болмаса, қалғаны... — Қолын мықтап бір сілтеді. — Қып-қызыл махаббатпен айналысады. То есть сондай әңгіме, повестер оқиды. Жастығының астынан "Мөлдір махаббат", "Ғашықтар", "Женщина в камелиях" сияқты. романдар шығады ылғи.

Мұғалім бүлдірді, осы тұрғанда жердің жарығы болса күп беріп түсіп кетер ем. Бір грамм ой жоқ басымда, әңкі-тәңкімін.

Мына кісі бұрыс па, дұрыс па бүгін өзі? Жалғыз мен бе екем "Ғашықтарды" оқитын? Бүкіл интернат болып кезектесіп оқығанбыз. Әуелі десе бастауыш кластың екі-үш баласына дейін оқыды! Онда да асыққа айырбастап, пұлдап әрең бергеміз. Енді жатпай-тұрмай "Мың бір түнді" қалай, қай жерден қолға түсіреміз деп аласұрып жүрміз.

Жеңешем іштен оқып туған ғой;

— Е, махаббатты оқыса, оның несі жаман? — деп, оқытушының дәсірдей ғып тұрған мәселесін жай, болмашы нәрсеге айналдыра салды.

Әдебиет пәнінің мұғалімі аузына мия түсіп кеткендей тыржың-тыржың етті.

— Несі жаман, несі жаман!

Жеңешем мырс етті.

— Он үште отау иесі деген атам казак. Ондай кітаптарды біз де оқығамыз... кезінде. Сол оқудың арқасында оныншы класты бітіре сала күйеуге қашып кеттік. Шүкір, шалымызбен жақсы тұрамыз. Алты бірдей үйелмелі-сүйелмелі кішкенеміз бар. Бірінен бірі өткен пысық.

— Ә-ә... — деді мұғалім тынысы тоқтап қала жаздап. Менің төбем көкке екі-ақ елі жетпеді әлгі жерде. Енді ше! Сәбет аға оңдырмай мат алды! Шоқ, шоқ, өзіңізге де сол керек! Желіп келе жатқанда, түсіп кеттім апанға деген осы! Алдыңызға келген адамның бәрін айпап-жайпап, жаман үйренгесіз әбден!

О ғажап! Ту сыртымыздан әлдекім зор дауыспен қарқылдап күлді. Жалт қарасақ, Арслан Ардақаевич төбесімен көк, аяғымен жер тіреп, бүткіл кеудесімен селкілдеп күліп тұр. Әжін-күжінмен қашан қасымызға келгенін байқамай қалыппыз. Мен айран-асыр, аң-таңмын. Бұл не жұмбақ? Бәріміз де өз-өзімізге ұқсамаймыз — рольдерімізді ауыстырып алған артистер секілдіміз. Айналайын аға қазымыр, жоқтан өзгеге ашуланшақ... Былай кезде жүрген жерін ойып түсетін маңғаз директор біреу қытықтап тұрғандай кеудесі селкілдеп қарқылдап күледі... Мейірбан, қолы ашық жеңешем де қазір қызық — қолынан келсе мұғалімді аяйын деп тұрған жоқ. Осының бәрі неге көрініп тұр өзі?

Сәбет аға аяқ астынан жез қармақтай майысып, қайысты.

— Апырым, бұл сіз бе едіңіз? — Дос адамдар да бір біріне "сіз" деп сызыла ма? — Өйтіп-бүйтіп тәрбие жұмысын жүргізіп дегендей... Мына айналайын Бектастың... — Маған жалт қарады. Көзі майлы бояумен салғандай жылтырап, ыза, ызғар шашады. Ал, сөзі оған мүлдем керісінше. — Ие, Бектасжанның ауылдан жеңешесі келіп...

Директор қиюы қашқан баспалдақты боздата жылатып жерге түсті. Ту сыртымнан орай құшақтап өзіне тартып еді, біреу түйе жүн шекпенді иығыма жаба қойғандай жылынып қалдым.

— Сәбет, сен баланы тұқырта берме. Мына құрбым дұрыс айтып тұр. — Жеңешемді тап бір тұңғышындай марқайтып, арқасынан қақты. — Бектастың жасында бәріміздің де басымызды махаббат мәселесі біраз ауыртқан. Ойбай-ау, бұлар деген күн, сағат санап ер жетіп келе жатқан Алпамыстар ғой шетінен. Махаббат деген не? Адам сезімінің ен биік шыңы, от пен судың арасы. Махабатты оқисың деп жазғырасың. Бектас махаббатты өзгенің аузынан емес, ақыл-ойдың қазынасы — көркем әдебиеттен оқып білгісі келіп, құлшынып тұр емес пе. Көктен тілегеніміз жерден табылды деген осы! Осыған дейін балаларды сүйе білуге тәрбиелей алмадық. Кластас құрбысын, ата-анасын, туған жерін, Отанын, қала берді бүкіл әлемді сүюге баули алмадық. Бұл біздің бетімізге, тіпті ата-аналардың бетіне, біле білген адамға үлкен салық! Солай ма, жарандар?

Сәбет аға да, жеңешем де бастарын асығыс изеді. Бәтеңкемнің көктем шыға допты тебе-тебе тозып кеткен ақ жем басына қарап мен тұрмын. Ішімде жып-жылы әлденелер еріп барады... Арслан аға даңғайыр кең, ақылға кең екен! Ол кісіні бұған дейін тек мектеп директоры, қатал Арслан Ардақаевич деп келіппіз. Сөйтсек, өзіміздің Арслан аға екен!

Директор әдебиет пәні мұғалімінің иығына қолын салды. Бұл: "Сәбе, жүнжіме, еңсеңді көтер! Тәрбие жұмысы оңай емес, ә?" деген жұбанышы әрі наградасы болу керек. Сәбет аға басын изегіштеп, қолын артына ұстап төмен қарап, тәртіппен шүңкиіп тұр.

— Жүр, Сәбе, екі адамның арасында есі кеткен тұрады, бөгет болмайық. Мына кісі қалың құмның ішінен ат шаршатып арнайы келіпті, шер тарқатсын. Кеше: "Әдебиет сабағын жаңаша оқытамын, еркін сабақ жүргіземін" деп ең, жүре ақылдасайық.

Бір нән, бір кішкене екі аға сондай жарасып, ұзай берді. Сәбет аға қолын тынымсыз сермелейді: дәу де болса еркін сабақтың жайын түсіндіріп барады. Арслан аға басын әлсін-әлі артқа тастап жіберіп, қарқ-қарқ күледі. Мектеп директоры, сөз жоқ, өстіп күлуге тиіс... Бұған дейін мұндай тамаша күлкісін қалай естімегеміз?

Жеңешем қобыраған қолаң шашын орамалының жиегіне тықпыштап тұрып, екі ұстаздың соңынан жылы ұшырай қарады. Маған бұрылды.

— Ағаңа төре баланың тәртібі дұрыс, оқуы жақсы деп барамын. Қапа болма!

Мен жымиып қойдым. Неге қапа боламын? Сәуірдің самалы жылы демін бетіме әлсін-әлсін үрлеп, кекілімді аялай сипап тұрса, қайдан қапа болайын, жан жеңешем! Арслан, Сәбит ағалардай жақсы мұғалімдері бар бала ешқашан да, ешқашан да қапа болмайды!

БӘТИМА БОЗДАП ЖЫЛАДЫ

Әдебиет пәнінің мұғалімі сахнаға шыққан артистей ішке екпіндей басып кіріп келді.

Біз, шыны керек, өз көзімізге өзіміз сенбей әр жерде состиып - состиып тұрмыз. Мәссаған, қарап қой. Сәбит аға кем легенде он жылға жасарып кетіпті...

Көк костюм, көкшіл галстук... Шашы аумаған Пьер Безухов! "Соғыс және бейбітшілік" фильміндегі Пьер ағай! Ағай, әлгі Безухов шашын әлсін-әлі жалғыз қимылмен сілкіп, артқа серпіп тастайды. Екі иығын қомдап, құнтың - құнтың етеді.

Қолын кеңінен жайқап:

— Сөйтіңдер, отыра қойыңдар, айналайындар, — деді.

Жұдырықтай жүрегіміз лүп етіп, елең еттік. Ақын-жазушылармен әнеугүнгі кездесуден кейін Сәбит ағай "айналайынды" алғаш рет аузына алды! Алып еді, әдебиет пәнінің мұғалімінен кәдімгі өзіміздің ағайға оп-оңай айнала салды.

Соңынан төсін шалқақ тастап, Арслан ағай маң-маң басып кірді.

Ол кісі де бізді кірмей жатып жарылқап тастады.

— Отыра беріңіздер, отыра беріңдер, тұрмай-ақ қойыңдар! — деді қоңыр - барқын даусын қаңғырлатып. Біздің оған дейін "тұрып - отырып қойғанымызды" қайдан білсін.

Ең соңғы партаның қасына барды, мол денесімен нығындап, бетімен бет қып бірдеңе толтырды. Парта кішкене, директор дәу, Арслан аға бөбектер шомылатын шылапшынға байқаусызда омп етіп отыра кеткен жас балаға ұқсады да қалды. Директор оған қыңбады, сансыз қалтасынан блокнот, қағаз, қалам алып, парта үстіне сөреге күрт жайғандай рет-ретімен жайғастыра бастады.

Ашық жарқын үн саңқ етті.

— Айналайындар, мен айтайын!

Жапырылып алға қарадық. Сәбит аға сап алдындағы қолбасыдай тігінен тік қаздиып түр. Қиық көздері ерекше шабытпен ұшқын атады.

— Айналайындар! — деп және самғады мұғалім.

— Бүгін еркін сабақ. — Бір, бір жарым, әлде екі сағат па, қанша сөйлеймін десеңдер, сонша сөйлеңіздер, ауыздан қақпаймыз. — "Сіз" мына мен, сен бе, ей?" дегендей ежірейіп, бір-бірімізге қарадық. Мұғалім қолтығы сөгілген үстіне сөгіліп, қыза шапты. — Бұл мектеп тарихындағы тұңғыш еркін сабақ! Солай емес пе, жолдас Арслан Ардақаевич?

Директор қасын керіп, алдындағы қойын дәптеріне үңілген күйі басын болар-болмас изеді. Соның өзінен-ақ ғаламат күш алды ма, Сәбит Сағитович сұқ саусағын шолтаң еткізіп, жоғары көтерді.

— Ал, басталық еркін сабақты!

Мектеп директоры әдебиет мұғаліміне көзінің астымен қарады, кекесіндеу езу тартты. Сол сол-ақ, Сәбит аға сұқ саусағын жоғары көтерген күйі үнсіз тұрды да қалды. Кең ашылған көздерін директордан екі елі айырсашы. Тақта алдында сабақ білмей, оған қоса партадағы дос суфлер балаға: "Айтып жібер, кәне, ымдап жіберші" деп, қасы - көзін қайшылап, әрі қиналған, әрі жалынған оқушыны көр де, қазіргі Сәбит ағаны көр, екеуі де құйып қойған қорғасындай.

Арслан Ардақаевич қолын алға немкетті түрде сілтей салды.

— Жалғастыра бер, тоқталма, Сәбит!

Ағайдың сұқ саусағы сылқ төмен түсті, пенжағының жоғары түймесін орнына салды, қалтасынан орамал алып, сыпайылап "тыңқ-тыңқ" сіңбірінді, өңіріне ақ жіп жабысыпты, соны саусағының ұшымен қағып түсірді. Көзіндегі манағы от сөніп, жаңағы жігері көпе-көрінеу құм болып барады.

— Балалар! — деді өшкен үнмен Сәбит Сағитович. — Қазір бүкіл елімізде мектеп реформасы жүруде. Бір жерде тез, екінші жерде жай... Бізге, мұғалімдер коллективіне, оның ішінде әдебиет, тіл пәнінің мұғалімдеріне өмірден қол үзбеңдер, жергілікті жердің жағдайына барынша жақындай түсіңдер деген талап қойылуда.

"Жүруде... қойылуда..." Баяғы жартас сол жартас... Сәбит ағай кітаби сөйлесе бітті, біртін-біртін жансызданып, сөйлейтін қуыршаққа айнала береді. Біле ме екен соны? Білсе, бүйтіп сөйлемес еді-ау.

Сәбит аға соқтыртып тұр...

— Алпыс жыл ішінде еліміз сан зобалаңды бастан кешті. Табыс та бар, ірі-ірі кемшіліктерді де жіберіппіз. "Бәрін жасырмаңдар, жаппаңдар, оқушыларға түсіндіріп айтыңдар, болашақта ол бізге үлкен сабақ" деп отыр партия мен үкіметіміз. Әнеугүні жазушы Төстік ағаларың да сой деді.

Арт жақтан директор тамағын бүкіл класс еститіндей ғып ұзағырақ қырнады. Сәбит аға тағы да алыстан талып жеткен күн күркіріне құлақ салғандай қыбыр етпей тың тыңдап тұр.

— Сөйлей, сөйлей бер, Сәбит!

— Бүгінгі еркін сабақтың тақырыбы — көрнекті жазушы Ғабиден Мұстафиннің "Миллионер" повесі. Апта бұрын "Оқыңдар, не түйген ойларың бар, еркін сабақта ашық та тура айтыңдар" дегеніміз. Айналайындар, бір өтінішім, кітап беттерімен коньки тепкендей сырғи бермей, ақ жүректен сөйлеңдер. Кемшілігі не, жетістігі не, жасырмаңдар. Баға қойылмайды бұл сабаққа. "Баланың аузымен періште сөйлейді" депті ертеде бір философ...

— Сократ, — деді директор келсаптай дүңк етіп.

— Кәне, кім сөйлейді?

Тоқаш бет Бәтила ең алда ернін жымқырып, екі қолын парта үстіне салып отырған. Үздік оқушы. Әне, шынтағын I

партаға әдемілеп тіреді де, алақанын түп-түзу ғып жазып, қолын жып етіп көтере қойды.

— Иә, Қыдырмолдаева?

Бәтила серіппелі ойыншықтай лып түрегелді. Ылғи да кезеріп, шөліркеп жүретін құрғақ ернін — мүмкін, мұғалімдер айтпақтайын, "білім бұлағына" сусап жүруі — құрғақ ернін жалап - жалап алды да, сондай таза, ашық үнмен сақылдай жөнелді.

— Ғабиден Мұстафин өзінің "Миллионер" повесінде социалистік колхоздың соғыстан кейінгі жаңаша даму жолын, бақытты өмірін суреттейді... "Миллионер" еліміздегі колхоз құрылысының жеңісін, совет адамдарының коммунизмге қарай ілгері баса беру жолындағы ұлы істерін, еңбек поэзиясын көрсететін талантты кітап... Автор казак халқының колхозды өмір көрінісін, табиғат суретін, даладағы еңбекті жарқын суреттейді.

Басын шалқайтып тастап, көзін тас төбеге тіреп алып, аузы-аузына жұқпай сайрады. Өз үніне, ез білгіштігіне шала ма. Сәбит аға Бәтила "колхоз құрылысы әкелген бақытты өмірді" өліп - өшіп суреттеген сайын төмен қарап, арлы-берлі кезіп, жүре бастады. Қара шашы маңдайына түйдек - түйдегімен құлапты.

— Ендігі арман — коммунизмге жету. Ендігі міндет те, іс те соған орайласуға тиіс... "Миллионер" повесінде осы жайлар романтикалық сипатта бейнеленеді.

Біз қыстыға мырс-мырс күліп, партаға жатып алып, бір - бірімізге қолтық астынан көз қысамыз. Белгілі жағдай! Мынау Бәтиланың өз сөзі емес. Әр сөйлем, сөз, үтір, нүктесіне дейін кітаптан қидай сыпырып жаттап алған. Бәтила солай — қай сабақты болсын, кітаптан сөзбе сөз жаттап алып, мүдірмей айтып береді. Он қолға да, сол қолға да бірдей. Бір оқып шықса бітті, түн ішіңде шырт ұйқыдан оятып алсаңыз да, жатқа соғады. Тұрған бойы тұлымды ЭВМ! Есте ұстау қабілеті сұмдық! Кез келген сабақтан өстіп "бесті" алады да, былай қайқайып шыға береді. Сәбит аға оны біле ме, білмей ме, әй, білмейді - ау, біздің мектепке өткен күзде ғана келді, қайдан білсін.

Тұлымды ЭВМ-ді біз жақтырмаймыз; "бестіктен "бестікті қақшып қоймайтын қу қызды қалай жақтырасың. Екіншіден, ол бестіктер — еңбексіз келген "бестіктер!" Біз секілді күш - туш көзімен қағаз тесіп, бейнетпен алса бір сәрі. Бір оқиды да, ала береді, ала береді... Осындайда тарих мұғалімі Эра Екпініч күйіп кетіп: "Қыдырмолдаева, бар ғой, тарих сабағы сенің жан дүниеңді қозғамайды. Қыдырмолдаева, сен баяғыда-ақ не естісе соны механикалық түрде қайталайтын тотықұссың! Сен табиғат ана есеп-қисапсыз сыйлай салған есте ұстағыштығың аркасында баяғыда-ақ рухани арамтамаққа айналғансың. Отыр! "Өте жақсы" бағаң. Жаттап келіпсің. Ал, өз сөзіңмен айта білмейтінің үшін ол "бесті, міне, әдемілеп тұрып "үшке түзетеміз"... дейтін.

Бәтила тағы да беті бүлк етпей "Әдебиет оқу кітабынан" жатқа соғып тұр.

— "Правда" газеті кезінде "Миллионер" повесін "белсенді колхозшылардың батыл бастамалары мен қажымас күрестерін жырлайтын, жаңалық сезімдерін бойына сіңіре алған шығарма" деп бағалады. — Сәл ойланды да, — 1949 жыл, 12 июль күнгі саны, — деп қосты. — Повесть неміс, испан, поляк, болгар, чех, венгр, қытай тілдеріне аударылды. Сөйтіп "Миллионер" кітабы арқылы Ғабиден Мұстафин қазақ даласындағы колхоз құрылысының жеңісін үлкен реалистікпен суреттейді, — деп, сөз аяғын екпіндете бітірді.

Балалар қолдарын парта үстіне қойып, әдепті түрде меңірейіп - меңірейіп отыр. Бірдеңе ұғып отыр ма, жоқ, жай отыр ма? Сәбит аға сол тұқырайған қалпы. Шым-шытырық ауыр түс көріп, содан жана оянғандай басын сілкіп-сілкіп жіберіп, Бәтилаға түк көрмес мұнар көзбен қарады.

— Болдың ба?

Бәтила басын изеді.

Қыз бала сәл қызарды.

— Иә.

— Ал, повесті оқып шықтың ба?

Бәтила да тұлымын селтең еткізіп, артқа серпіп лақтырып тастады.

Сәбит Сағитович алдындағы "Әдебиет оқу кітабын" бір ызамен оң жағына лақтыра салды.

— Оқысаң, айналайын, сол повестен не түсіндің, соны айта қойшы. Тек өз сөзіңмен, өз сөзіңмен... Кітаптан жаттағаның керек жоқ бізге.

Бәтила ернін жалады. Көмек күткендей бізге жаутаңдап қарады. Жаутаңдаған өзіне жарасады екен, көз шарасы жасқа толып, әдеміленіп сала берді. Іштей аяй бастағандаймын. Кей - кейде танауын көтеріп, бәлсінетіні болмаса, жақсы қыз былайынша. Ондай кемшілік кімде жоқ. Мен Бәтиладай күнде-күнде портфелімді "беске" толтырып алып қайтып жүрсем, бәлсінгеннің көкесін көрсетер ем. Әйбат бала Бәтила! Бар кінәсы — жатқа соғатыны, еш мүдірмейтіні, бәрімізден жақсы оқитыны. Әйтпесе бұл да ойнайды, секіреді, күледі, жылайды.

Осыны ойлап отырып:

— Ахметтен баста, Ахмет колхозшыдан... Шошқа бағатын Ахмет ше! — деп, сыбырлап жібергенімді байқамай қалыппын. — Өзің секілді пысық колхозшы...

Бәтила мені ала көзімен бір атып тастады, кекжиіп ары қарады. Сұп-сұр, сазарып алған. Намыс, намыс, одан басқа түк емес. Ол сыбыр - жыбыр, суфлерлікті менсінбейді. Ол — одан жоғары. Ол бәрін де жатқа соғатын тұлымды ЭВМ!

Обалы не керек:

— Мен... мен өз сөзіммен айта білмеймін, — деп салды жарылардай қып-қызыл болып. Ары қарай сөзі божырап, қиюы көпе-көрінеу қаша бастады. — Біз өйтіп үйренген жоқпыз. Біз бірінші кластан жаттап келеміз. Бәрін де... Тақпақты, есепті, ережені.

Сәбит ағай білінер-білінбес күрсінді.

— Отыр, айналайын! — Класс терезесіне түйіле қарап, үн - түнсіз отыр. Әйнектеніп кеткен көзінде пышақ жүзі сары уайым кілкиді. Ұсақ балалар сыртта асық ойнап шу-шу. Ауыл сыртынан қой-ешкі жарыса барқырап маңырайды. Сауысқан, торғай шықылықтайды, карға қарқылдайды, ауыл желкесіндегі ескі бейіттен бәбісек өз атын өзі шақырады. Көктем!..

Ағай бетін бермен бей-жай бұрды. Кем дегенде бір жасқа қартайыпты: ұрты, көз алды қалта - қалта.

— Тағы кім сөйлейді? — Үні тарғыл - тарғыл.

Ешкім қол көтермеді. Кенет мұғалім маған, тек маған тесіле қарап, "Кәне, сөйлеп жібер, үміт сенде, Бектас, аянба!" деп, ымдап тұрғандай көрінді. Парта бетін тырнағыммен арлы-берлі соққылап, сызғылай беремін. Повесті мен де оқығанмын. Қалай еді? Көйлек көк, тамақ ток, бақытты өмір... Сонда қырық жыл бұрын колхозшылар бізден жақсы тұрған ба? Қазір ауыл дүкеніне сары май айына бір түседі. Мамаларым кір сабын сатып алу үшін көш құлаш кезекке тұрады...

Не түлен түрткенін өзім де білмеймін, бір уақта қарасам, қолымды көтеріп отыр екенмін, енді бір уақта лапылдап сөйлеп тұрмын, сөйлеп тұрмын...

— Ғабиден атаның бір қателігін таптым, — дедім әңгірлеп. Дедім де, шошып кеттім. Не сандалып тұрмын осы? Ғабидендей жазушы ата қате жібере ме? Оны менен кім сұрады? Еһ, мейлі! Шешінген судан тайынбас...

— "Миллионер" повесінде Ахмет. ұста шошқа бағады. Мұндай болмайды. Казак шошқа баға ма? Жосалыда ешкім шошқа бақпайды. Шошқаны "Красный Октябрь" совхозындағы орыстар бағады. Петьканың, Сережаның әке-шешелері... Шынында да, қалай бағасың шошқаны? Сасық! Біз түгіл, Петька, Сережалардың өзі ойнамайды ол маңда. Ғабиден ата, ендеше, неге бүйтіп жазған? Түсінбеймін...

"Әдебиет оқу кітабын" партаға тіреп, бүге беремін, илей беремін. Сәбит аға тақта алдын ерсілі-қарсылы адымдап өлшеп, кезіп жүр. Қиық көзі ұшқындап, оқта-текте жылы ұшырай қарайды. Өкшесінен шыр айналып, бері таман, қарама-қарсы келіп:

— Айналайын! — деді жан жүрегінің терең түкпірінен шыққан ерекше бір жылы үнмен.

Бетім ду етті. Ағаның "айналайыны" көп... Бірақ мынау басқаша, емешегі үзіле еміреніп тұрған ерекше "айналайын!" Мұғалім отыруға рұқсат берді ме, жоқ па, онда шаруам шамалы, орныма сылқ етіп отыра кеттім.

Сәбит ағай өз орнына беттеді. Оң қолымен үстел тіреп бері бұрылды.

— Мінe! Бектастың білмейтіні әлі де көп. Бірақ ол түсініп, ұғып оқуға. талпынады. Көрдіңдер ме, повестің әлсіз тұсын дөп ұстады. Өстіп тұшынып оқу керек қашан да. Жаттап алу бүл күңде өнер емес.

Бәтила көзін прожекторша жарқыратып, маған тағы бір жеккөрінішпен қарады. Мейлі, қарай берсін. Көз өзінікі, бәрібір Бәтила әдемі - ақ осы минутта! Қарақаттай көзі домалап-домалап түседі. Екі беті алмадайын қып-қызыл... "Менің кінәм не?" Иығымды қопаңдатып көтеріп ем, тілін шығарды да, ары айналды. Қысқа күнде қырық құбылған бұл неткен қырсық қыз?

— Енді мен айтайын... — деген анық та қанық үн естілгенде барып ес жиып, түзеліп отырдық. Сәбит ағаның даусы толқыныстан ба, жарықшақтанып естіледі. — Жаңа сендердің қояндай қорқып бұғып - бұғып отырған түрлеріңе қарап, бетім күйді, айналайындар! Бірің ер жеткен, екіншің бой жеткен қарақтарсыңдар, ал әлдеқашан хрестоматияға айналған повесть туралы дені дұрыс пікір білдіре алмадыңдар... Оған кім кінәлы? Ең алдымен, сонау бірінші кластан: "Жатта! Жатта!" деп, көздеріңді байлап, тұмылдырықтап тастаған біз, мұғалімдер, кінәлы. Кешіріңдер, айналайындар!

Мұнымның ең нәзік жері дың ете түсті. Басымды қос қолдап ұстай алып, төмен қарай қойдым. Бүгін бір пәлеге ұшырамасақ игі! О заманда бұ заман мұғалім оқушыдан кешірім сұрай ма? Мұғалім бол дегенде өстіп үлкен басын кішірейтіп бола ма?

Басқа балалар да көздері бақырайып, ойсыз отыр. Естері шығып кеткендігі сондай, ой ойлауға мұршалары келмепті.

Арт жақтан:

— Сәбит, кешірім-сешірімді қоя тұр, повеске, повеске қарай аттың басын бұр! — деген қою үн күркіреді.

О тоба! Еркін сабақтың қызық-шыжығымен отырып, директор тірі ме, өлі ме, ұмытып кетіппіз. Арслан Ардақаевич өзін ұмыттырмады. Екі қолын қусырып, кеудесіне салып, партаны арқасымен жаншып, шалқалап жатыр. Бір езуінің ұшына жымысқы сұйық күлкі ұялапты. Балалар еркінірек кетіп қалған қол-аяқтарын парта астына жиыстырып, дереу түзеліп отырды.

Арслан Ардақаевич тағы да тісінің арасынан:

— Программадан ауытқыма, жолдас Сәбит! — деп сыздықтатты.

Мұғалім бұл жолы тайсалмады, қарсы шапты.

— Арсеке, менің өз программам бар. Еркін сабақтың программасы... Сабақты өз жоспарыммен жүргіземін. Кемшілік, жетістігімізді кейін айта жатарсыз.

Директор аз-кемге есі ауып қалды ма, қасы керіліп, көзі ежірейіп, ерні шүршие дөңгеленіп, мыңқиып отыр.

Нокдаун, анық нокдаун! Жарадың, Сәбит аға!

Мұғалім, әне, шымыр да шақар сөйлеп тұр.

— Ғабиден ата алды совет, қалды қазақ совет әдебиетінің аса көрнекті өкілі... "Шығанақ", "Қарағанды", "Дауылдан кейін", "Көз көрген" романдары... Творчество адамы робот емес. Ғабеңнің де шаршап-шалдыққан кездері бар. Мәселен, "Миллионер" повесі... — Үстел үстінде ашық жатқан кітапқа анадайдан оқшырая қарады. — Сталиндік заманның жалаң үгітіне ерген шығарма...

Құлақ шыңылдайтын өлі тыныштық... Бір дәу қара шыбын вертолеттейін дырылдап, төбені айналып ұшады.

Басым ба, шекем бе, өзім де ұқпаймын, дың-дың... Мұғалімнің бір сөзі құлағыма жетеді, екіншісі жетпейді.

— Отызыншы жылдардағы коллективизация — социализмнің өңін айналдырып бұрмалау. Орыс шаруасы жерден, қазақ төрт түлік малдан айырылды. Қолынан іс келетін еті тірі шаруа "құлақ", "бай-манап" деген жаптым жала, жақтым күйемен Сібір айдалды. Малдан айырылған елге 32 — 33 жылдары жұт тап беріп, халық шыбындай қырылды... Күні бүгінге дейін өз-өзімізді асырай алмай, екі қолды танауға тығып отырмыз. Ауылдағы азық-түлік дүкеніне барып көріңіз... Балық, бақа консервісінен басқа дым жоқ. Жер шарының алтыдан бір бөлегіне иеміз, ал, астықты АҚШ, Канададан сатып аламыз. "Миллионерге" сенсек, бәрі керісінше, тіпті қырық жыл бұрын уайым жоқ, қайғы жоқ, торт құбыламыз тең болыпты. Ұлы Отан соғысынан кейінгі аш-жалаңаш жылдары... колхозшылардың ауыздарынан ақ май ағызып қойған. Бұған кім сенеді?

Мен тымпиып үнсіз отырмын. Дұрысы, отырғансимын. Ішім болса, екі бастан іріп барады. Ағай кімге қарсы сонда? Ғабиден атаға ма? "Әдебиет оқу кітабына" ма әлде?

— Хо-ош... Сонда... сіз бүгін "Миллионердей" шығарманы күресінге лақтырып таста дейсіз бе?

Арслан Ардақаевич жауырыны күдірейе дүңкиіп, алға қарай кірпігіне кар қатып, түйіле қарайды. Қалың қабағы салбырап, кезін жауып кетіпті.

Сәбит Сағитович әр сөзін шегемен қаққандай ғып:

— Ғабиден аға "Миллионерді" сталиндік заманда жазды. Сталиндік система коллективизацияны ең басты табысымыз, жетістігіміз деп марапаттаған. Ақын-жазушыларды да іскектеп отырып мақтатқан. Ғабеңе, кім біледі, жоғарғы жақтан: "Жаз, жазбасаң оңдырмаймыз" деген нық білдірілуі... Әйтпесе сөз дүлдүлі Ғабең Ахметке өлсе шошқа бақтыра ма?

Сәбит аға сары мұқабалы кітапты ашып, жоғары көтерді.

— Мынау оныншы класқа арналған "Әдебиет оқу кітабы". Әлгі шошқа баққыш Ахмет ұстаға осы кітапта мынадай баға беріліпті: "Ахмет ұста — еңбек адамы. Ол мәдениетті тұруға, қала мәдениетінің тәртібін колхозға кіргізуге ұмтылады. Жеке меншігіндегі малдарды күтіп бағуды азап көріп, оны колхозға өткізуді, сөйтіп өзіне керекті азық-түлікті колхоз қоймасынан алып тұруды ұсынады... Ахметті бұл идеяға білімі емес, дәулеті өсіп, молшылыққа кенелген колхоз тәжірибесі жетектеп отыр. Повесте Ахметтің образынан революциялық идеяны танимыз..." Көрдіңіздер ме! Революциялық идея! Меншік малын күтіп-бағуды азап көрген Ахмет революциялық идеяшыл екен! Жалқаулық, бойкүйездік, еріншектікті революциялық идея дейміз. — Кітапты үстел үстіне ырғытып тастады. — Кімді алдаймыз? Оқушыны ма? Жоқ, өз-өзімізді!

Есік айқара ашылып, еңсегей келген ақсақал табалдырық аттады. Қара елтірі бөрігін алшысынан киіпті, мауыты шапанының өңірі ашық, аяғында — мәсілі құрым етік. Басқан сайын сықыр-сықыр етеді. Оңа бастаған қоңыр френчінің өңірінен екі-үш медаль тамшыдай жылтылдайды. Кәдімгі Атанбай ата! Атай қайдан адасып кіріп келді?

Бәріміз өре түрегелдік. Атай ол сый-сияпатты көзіне ілмеді, қолындағы таяғын немкетті сілтей салды — "Отырыңдар, сәлемдерің қабыл!" Ағай жылдам-жылдам басып, ақсақалды қарсы алды.

— Қош келдіңіз, ата! — Атекеңнің қолының үстіне қолын салып, жүзіне мейір төге қарап біраз тұрып қалды.

Атай нақ бір ауданнан тексере келген инспектордай орындықты ойып, нымғыз отырды. Арслан аға жай басып келіп, өз бой-тұрқының соно-ау биігінен:

— Ата, жол болсын! — деп қоңыраулатып еді, ақсақал қолын бұлғады.

— Бері кел, бала!

Директор амалсыз еңкейіп, "бері келді".

— Мына Сәбет шақырып қоймады. Сабақ бересің, әңгіме, ән айтасың дейді. — Ерні жібіп, сәл жымиды. Қуышкештеніп әзілдегені. — Солай ма, мұғалім бала?

Күліп жібере жаздап, зордың күшімен әрең қалдым — әдебиет пәнінің мұғалімі "бала" болса, біз кімбіз сонда? Шағамыз ба?

— Түсінікті... Ендеше, бөгет болмайық. — Мектеп директоры ырғала басып өз орнына беттеді. Басқан сайын еден солқылдап, зар жылайды. Екшеліп оқшау тұрған оқытушыға: — Жалғастыра бер! — деді.

Әдебиет пәнінің мұғалімі қаршығадай құнтиып, қолма-қол ортаға шықты.

— Айналайындар, мен айтайын... Тыныш! Атанбай ақсақалды бәрің білесіңдер.

Ауылдағы аталардың ең көрнектісін білмей жын ұрып па, шу еттік.

— Жылқышы Атанбай ата!

— Қазір пенсияда.

Әдебиет пәнінің мұғалімі бек риза.

— Жақсы, өт-те жақсы, айналайындар! Біледі екенсіңдер. Ақсақалды еркін сабаққа мен шақырғанмын. Аткең Совет өкіметімен құрдас, сонау от-жалында 1917 жылы шыр етіп дүниеге келген...

Балбал тастай құж-құж Аткеңе үрдегейлене қарадық. "Шыр етіп дүниеге келген" дейді. Аткең де сонда қол-аяғы тырбаңдаған, бақырауық бөбек болған ба? Бізге салса, атай осы мауыты шапаны, мәсілі етігі, қара елтірі бөрігін алшысынан киіп туа қалған сияқты.

— Еліміз 1917 жылдан бері нені басынан өткерсе, соның бәріне Аткең куә. Соған орай ақсақал бүгін сіздерге өзі, өзгелер туралы азды-көпті әңгіме айтып береді. Тиыш отырып, құлақ салыңдар! — Атайға бұрылды. — Ал, айналайын, сөз сізге беріледі.

Ақсақал мұғалімге бір шекелеп одырая қарады. "Атасы" кім, "айналайыны" кім, осыны ұқпай дал. Сонсоң бүкіл класс еститіндей ғып тамағын қырнап өз-өзін қайрап, күш берді.

— Қарақтарым, ата-анадан он бес ұрпақ болып тарап ек. Жанқабылдың он бес бәйтерегі дейтін бізді ертеректе. Сол он бес бәйтеректен қу басым сопиып, міне, жалғыз өзім қалталақтап қалдым...

... Үш үлкен ағасы мал-жанға күтімді еңбекқор, бейнетқор екен. НЭП заманында адал еңбектің аркасында қоң жинап қалған үшеуді "байсың, қанаушысың" деп, Ібір-Сібірге жер аударыпты. Үшеуі сол жоқтан әлі жоқ...

Жұт жеті ағайынды. Малдан айрылған елді 32 — 33-жылдары сақылдаған сары аяз бен ат құлағы көрінбейтін ақ боран қысып берсін. Қалың ел тілін тістеп, сонау Сарыарқадан түстікке қарай шұбап қашады. Саз бет Бетпақдаланы басып өтерде өндірдей бес бірдей іні-қарындасын аяз бен аштық жалмайды...

— Осы Жосалыға жүз шақырым қалғанда жан анамыз жүруден қалып, айдаладағы ескі моланың түбіне шөкелеп отыра кетті: "Ал, Жанқабыл, уақ-түйек шүрегейлер менің қасымда, кеудемде жаным болса бөрі мен боранға бермеспін, сен өл, тіріл, Жосалыға жет, онда да ел бар, жер бар, аяқ артар көлік сұра. Аттан бөгелмей, екі көзіміз сенің жолыңда!" Әкеміз марқұм жуастау адам еді, сақалынан суы мен жасы сорғалап, сенделектеп кете барды. Шешеміз аяз алап-жалап бара жатқасын көйлегінің өңірін қақ айырып жіберіп, екі жасар Амантайды жып-жылы омырауына салып жіберді де, қалған үрегей мен шүрегейді кең-мол шапанының етегімен орап-қымтап, ұябасар тауықтай қалғып-мүлгіп отыра беріпті. Екі күннен кейін шаналы егізді мұрындықтан жетелеп, "Бармысыңдар, Бибіжан, тірімісіңдер, қошақандарым!" — деп, ебіл-дебіл жылап, әкей жарықтық та жетті-ау. Шешейдің шапанының етегін қымқырып ұстап отыр ем, қос саусағымды әлекедей жаланған аяз алып түсіпті... — Атай алақанын жазып еді, екі саусағы шынымен молақ екен.

...Жанқабылдар әулеті Жосалы жерінде етек жауып, ес жия бергенде, Ұлы Отан соғысы бүрк етсін. Төрт ағасы сол сұрапылдан қайтпады. Бір ағасын Орал тауларында, еңбек армиясында жүргенде терең шахтада тас басып қалыпты. Екінші ағасы соғыс бітіп, азап-ғазаптан ада-күде құтылдым ба деп үйге келсе, "сатқынсың" деген айып тағылып, Түмен жерінде көз жұмыпты.

— Қарақтарым, осындай сан сарсаңды дүрбелең мен топалаңды бастан өткіздік. Күні бүгін он төрт ағайым жап-жас күйі сәмбі талдай солқылдап қол ұстасып келіп, түсіме кіреді. "Бізден бөлініп, берекесіз бұ дүниеде жападан жалғыз қалып қойдың-ау!" — деп, он төрті бірдей анау жерден мұңая қарап тұрады... — Атай бешпетінің қалтасынан орамал алып, көзіне апарды. Әдебиет пәнінің мұғалімі құрақ ұшты.

— Аға, аға (Сәбет ағаға да аға табылады екен-ау)! Босамаңыз, берік болыңыз! Балалар, балалар отыр мына жерде. Қапаланбаңыз! Қаншама немере-шөбереңіз жүгіріп жүр... Он төрттің орнын толтырмады ма солар?

— Бармыз, шүкір, жоқ емес, баймыз... Әттең, он төрті жер басып жүргенде, Жанқабыловтар әулеті бір ауыл болып, байрағымыздың балағы жалпылдап тұратын еді! Қыршынынан қиылған сол он төрттің обал-сауабы кімде, жетпей желкесі үзілетіндей қандай кінәсы бар еді?

Сәбет аға босап бара жатқан атайдың алдын орады.

— Ата, соғыстан кейін ел қалай күнелтті, соны айтып беріңізші бізге.

Қария орамалын төрт бүктеп, жан қалтасына салып қойды. Аса таяғын тіреніп, терезеге қарап біраз отырды. Әне, он төрт ағасы қаздай тізіліп, көктемнің жібектей жұқа көгілдір ауасына үн-түнсіз сіңіп, ұзап бара жатыр... Әлде сүт кенжесі қойнында, қалған үрегей-шүрегейі кең-мол шапанының астында, жан анасы қалқиған моланың ығынан мына дүниеге кәрі көзі талғанша үңіліп қарап отыр ма?

— Е, оның несін айтасың, Сәбет шырақ! — Ауыр қозғалып еді, астындағы орындықтың кәрі сүйегі сықырлап, бебеу қақты. — Жоқты барға жалғап, қалт-құлт етіп әрең күнелттік. Қойды қақтап сауып, көк сүтін аш бала-шағаның аузына тосамыз, кілегейін мемлекетке өткіземіз. Жыл ішінде сиырдың әр емшегіне торт келіден сары май салық. Кәрима дейтін әйел аш балаларына талғажу болсын деп масақ ұрлап, бес жылға сотталып кетіп еді...

Сәбет аға атайды мінбелеп, екілене түсті.

— Ғабиден аға Мұстафиннің "Миллионерін" оқуыңыз бар ма? Міне, мына повесті...

Атай үстел үстінде жатқан кітапқа бос ауаға қарағандай құлықсыз көз салды.

— Не?

Сәбет аға кітаптың мұқабасын саусағының сыртымен шыдамсыздана барабандатып соқты.

— "Миллионерді" естуіңіз бар ма? То есть кітапты. Ғабиден аға Мұстафиндікі.

Атай орындық арқалығына шалқайды.

— Мұстафаның баласын білеміз, неге білмейміз. Оқығамыз елуінші жылдары. Уәкілдер зікір салып жүріп оқытқан.

— Сіз жаңа соғыстан кейін масақ теріп, көк сүт ішіп күнелттік дедіңіз. Мына кітапта ғой қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, қағанағы қарқ, сағанасы сарқ заман. Қайсыңыздікі дұрыс сонда? Ғабиден ата ма, сіз бе?

Аткең саспады:

— Менікі дұрыс! — деп, ағынан жарылды.

Парта, парта арасына гуіл жүгірді. Атай тым төте кеткенін сезді ме:

— Ғабең жаман жазбаған, тегінде... Ат тұяғы сүрінбей тұра ма. Ол заманда кім қателеспеді, жаза баспады, — деп емексітті.

Ақшам кезі... Сырт та, іш те бұлың-бұлың буалдыр дүние... Аузымды ашып, әлдене десем болды, көктемнің лас ауасы қолма-қол тұтанып, бұрқ етіп жарылып, кластың күлін көкке ұшыратындай.

Қара кеште әлдекім ышқына өксіп-өксіп жылады. Класс орнынан тік түрегеп кете жаздады.

Партаға бетін төсеген Бәтиланың қозы жауырыны бүлк-бүлк етеді.

— Айналайын Бәтилажан! Қыдырмолдаева! — Ағай қалтақтай жүгіре басып, қыздың қасына апалақтап жетіп барды. Жетіп барғанымен, жұбатудың жөнін білмей ме, құр әншейін бәйек. Қыздың шолтиған бұрымына қолын апара беріп, тез тартып алды. — Не болды, айтшы, кәне? Кім жәбірледі?

Кластың ең үздік, ең өткір, ең әдемі, ең, ең... қызы партадан басын жұлып алды. Қарақат көз домбығып, ісіп кетіпті, беті ақ, қызыл, теңбіл-теңбіл.

— Сіз, сіз жәбірлеген! — деді екі иығынан демалып. — Сіз кінәлы бәріне!

Ағай сасқанынан ба, жапон солдатындай өкшесін өкшесіне сарт ұрып, оқтау жұтқандай қақиып тұр. Үрпе-түрпе. Шашы құлағын жауып кетіпті.

— Ойбу, жазығым не? Күні-түні ойлайтыным сендер... Жүректеріңе гүл егемін деп...

Қыз ерегісе түсті.

— Гүл, гүл! Қайдағы гүл? Тікен егіп жүрсіз... Мен... мен Ғабиден атаны, Ғабиден атаның творчествосын жақсы көремін. "Миллионерді" жақсы көремін! Алма апай қандай! Жанат апай қандай қайырымды! Сіз, сіз... бәр-рін өтірікке шығардыңыз! Сіз... — Бәтила тұтығып, өз сөзіне өзі қақалып қалды. — Мұғалім болсам деп ем... Енді ол жоқ! Бәрі өтірік, өтірік!

Көз жасы буып бара ма, Бәтила бетін басып, теріс айналды.

— Тоқтап тұр, айналайын, мен айтайын... — Ағай ары тарт та, бері тарт мүшкіл жағдайдан үстелі құтқаратындай солай қарай жүгірді. Жалпы, мұғалімдер үстелге жақындаса бітті, күшейіп сала береді. Себебі үстел үстінде бес жарағы — қағаз, қарындаш, кітап, дәптер, ең бастысы, класс журналы жатады. Бүкіл класты көгендеп ұстап уысынан шығармайтын сиқырлы журнал... Кластағы жиырма бес көген көз — біз класс журналы парақтарының арасында күндіз-түні жаншылып, қамалып жатамыз. Онда кім қалай оқыды, бағасы, тәртібі қандай, бәрі тіркеулі. Сабақтан қашан қалдық, ол да сонда. Сондықтан ба, мұғалімдер класс журналына кіршік жуыттырмайды. Сыртын ақ қатырма қағазбен әдемілеп қаптап қояды. Оқушылардың қолына ғұмыры сеніп ұстатқан емес. Есесіне біз ол журналды сондай, сондай жек көреміз.

Сәбет аға журналдан өзін қашықтау ұстайтын. Сасқаны ма, ақыры о кісі де журналға жүгінді. Үстел қасына барып, қатырма мұқабаның сыртын сипап еді, о керемет, ес жиды, бетіне қан жүгірді, бері бұрылды.

— Мен айтайын...

— Жоқ, сен тоқтап тұр, бұл жолы мен айтамын, айналайын Сәбет Сағитович!

ТАСС хабарын оқыған диктордың даусындай әмсе қуатты, әмсе қою үн...

— Мен айтамын... — Арслан Ардақаевич зор денесін тік көтеріп, түрегеліп тұр. Қалың қасы салбырап, иегі кірпіштей бұрыштанып кетіпті. Аяғын анда бір, мында бір тастап, ілгері шықты. Бері бұрылды. Сәбет аға өз-өзінен ысырылып, анау шетте бүрісіп тұр. Тақта алдын директордың зор денесі көлегейледі. — Балалар! Қайда, қалай жүрсеңдер де мынаны естен екі елі шығармаңдар: қазақ совет әдебиеті біздің қоғамға, туған партия мен үкіметімізге әрқашан да адал. Алда да адал бола береді. Ғабеңнің, Ғабиден Мұстафин жолдастың творчестволық жолы соған айқын дәлел. Жазушы атамыздың роман, повестерінен тұрған алтын сарайының бір кірпіші де құламайды. Құлатпаймыз, құлаттырмаймыз. Сен, мен, ол болып... Ал, жариялылық пен демократизмді перде тұтқан мынау еркін сабақ не өзі, оны кең отырып, талқылаймыз. Педагогикалық, — дегенде директор әдетте тойған мысықтай жұмып жүретін көзін жарқ еткізіп ашып алды, — иә, педагогикалық советте талқылаймыз. — Атанбай ақсақал еркін сабаққа қатыссыз әлдене ойға батып отыр еді, сол кісінің иығына қолын салды. — Сізге көптен көп рақмет, Атке! Келіп қалған екенсіз, оған өкпе жоқ. Бұдан былай да білім үясы — мектеппен, ұстаздар коллективімен байланысыңызды үзбеңіз. — Деміне дем қоспай, бізге бұрылды. — Сау болыңдар!

Арслан Ардақаевич ұзаққа созылған овациядан кейін сахнадан жүзіп шыға жөнелетін артистей класты тастап шыға берді.

Біз болсақ, көктемгі тасқын жағаға шығарып тастаған арық балықтай мең-зеңбіз. Әркім өз ойымен әуре. Бәтила кішкене алақанына жағын сүйеп, қарсы алдына бедірейе қарап отыр. Көз жасы құрғаған.

— Япыр-ай, қып-қызыл даудың ортасында қалдым-ау, Сәбет шырақ? Орталарыңа шала тастап, шырықтарыңды бұздым ба, немене?

Атанбай атай орындықтың арқалығынан мытып ұстап, орнынан әрең тұрып жатыр...

БӘРІ ДЕ БҰРЫНҒЫДАЙ

Бәрі де бұрынғыдай, бәрі де қаз-қалпынша...

Кейде қырық бес минуттік сабақ бізге қырық бес күнге созылғандай көрінеді. Өткен сабақ бүгінгісінен, бүгінгі ертеңгісінен кеп айырылмайды. "Әдебиет оқу кітабы" кіл социалистік реализм шеберлерін марапаттап, аспанға көтере дәріптейді. Анау да шебер, мынау да қас шебер, үшіншісі тіпті тізгін үзген тарланның нақ өзі... Қысқасы, шетінен құлпырып тұр.

Сабақ біте салысымен көшеге тарс еткен тығындай атып шығамыз. Ал асыр салып, ойынның көкесін таныт! Мөлшер қайда, біз қайда! Социалистік реализм де, асқан шеберлерде ұмыт болады. Оқытушылардың: "Ойнаңдар, бірақ ертең болатын сабақ жайын ойлаңдар!" деген ақылдары далаға қалады. Тоқ етері, мұғалімдердің дейтіні басқа, алып-ұшқан өмірдің дейтіні мүлдем басқа...

Күнде-күнде дәлізбен асқақ та өр Арслан Ардақаевич маң-маң басып етеді. Ешкімге ұрыспайды, жекімейді, ауыз сөз айтпайды, маңайында кім бар, кім жоқ, ол кісіге бәрібір, керек десеңіз көз құйрығын да салмайды. Бізге бірақ соның өзі әбден жеткілікті. Ол кісі дәліздің анау басынан зорайып көрінсе бітті, бет-бетімізге шулау, арлы-берлі жүгіру бұрыс та, ақырын сөйлеп, анық басу дұрыс екенін ұға қоямыз. Кезімізбен директорды ішіп-жеп, екі қолымызды түсіріп, сыптай бола қаламыз. Арслан Ардақаевич солай — үндемей сөйлейтін адам. Директор сөйлемейді, тек қана ойлайды. Сонсоң кабинетінде әр түрлі қағаздарға қол қояды.

Сәбет аға да өзгерген...

Бұл күнде ол кісі қатырма қара плащының етегі қаудырлап, дәлізбен ұшып өтуді қойған. Жуықта педагогикалық кеңес болып өткен, содан бері ұшпайды. Таңертең ылғи қасымыздан қанат-құйрығын қырқып тастаған қарғадай шоқақтай басып өтеді. Жаппай жамырап, сәлем береміз. Кейде алады, кейде алмайды. Алса, ернін күр жыбыр еткізеді. Бір түрлі түрегеп, ұйқтап жүрген адам тәрізді. "Айналайын", "мен айтайынды" таза тоқтатқан. Анда-санда ғана аузына алады. Онда да күші, қызуы жоқ, көшпенді "айналайын", "мен айтайын"...

Ал педагогикалық кеңес туралы алып қашты сөз — пішен.

...Бірен-саран жас ұстаздарды санамағанда, жасамыс оқытушылар директордың алдына: "Не Сәбет, не біз!" — деп, буынсыз жерге пышақ ұрыпты. — Екеуіңіз тонның ішкі бауындай доссыздар. Қызметке достық жүрмейді. Демократия, жариялылық заманы достық, мастық, бармақ басты, көз қыстыны көтермейді. Сәбет еркін сабағын тоқтатсын, балаларды бұзбай, жайына тыныш жүрсін. "Әдебиет оқу кітабын" кіл дөкей академик, докторлар жазған. Қай жазушы қалай жазады, ол жағын сіз бен бізден гөрі олар жақсы біледі. Егер Сәбет сүттей ұйыған коллективті ала тайдай бүлдіргенін қоймаса, жоғары жаққа жазамыз!"

Арслан Ардақаевич Сәбет ағайды шама-шарқы келгенше қорғап бағыпты. Зордың күшімен тәк-тәктеп, екі жақты әрең бітістіріпті. Бізге бұл күнде еркін сабақтан гөрі бұлт жуық.

Қазір барлық сабақ тек мектеп программасы бойынша өтеді...

Бәтила әдебиет сабағынан бұрынғыдай қолын шошаңдатып көтермейді. Алдына тіке қарап, "бадырақ көз, сен тимесең, мен тимен" кейіпте безеріп отырады. Неге бүйтіп тістенеді, кімге кектенеді — ұқсам бұйырмасын.

...Көктем шіркін бұл бырт-шыртты қайтсін, лепіріп тұр-ау, лепіріп тұр. Көктем шіркін алтын буға қызып алып, ауыл көшелерінде анаған бір, мынаған бір тиісіп, қаңғалақтап жүр. Жапырақтары елбіреген әрбір ағаш — бір-бір "Красная Москва" иіс майы дерсің. Бөктер-бөктер атаулы шәйі жібек орамалдай дірілдеп көгереді. Ит атаулы шеттерінен әулекі. Тұмсықтары түлкідейін үшкірейіп кеткен. Түні бойы көше кезіп, тынымсыз жортақтайды. Мияу-мияу мысықтар да ит секілді қас жауларынан өлсе қалыса ма, түн әлетінде көздерінде бір-бір шам орнатып алып, ұзара түсіп бүлкектеп, ана бұрышта, мына бұрышта ізденіп жүреді. Екеуара кездеспесін де, егерәки кездесе қалса, құйын болып бір-бірін қуады. Алыстан қарасаң, кімді кім қуып барады, кім жеңді, кім жеңілді, ұғып болмайсың, әйтеуір, тіс пен тырнақтан тұратын домалақ пәле. Мысық сүт ішеді, тышқан аулайды, ит сүйек-саяқ мүжиді. Бөле де, өле де ішетіндей түгі жоқ. Ендеше, бір-біріне неге өлгендей өш? Бұл да дүниенің бір жұмбағы. Иә, көктем шіркін көкірегін керіп, буы бұрқырап, ауыл-ауылды кыдырып жүр.

Біз де — мектеп-интернаттың пәлекеттері, құлдыраңдап, қолды-аяққа тұрмаймыз. Сабақты шала-шарпы жүрдемелетіп қарап тастап, қара кешті санамыз сарғайып кеп тосамыз. Әне, қара шашын дүниенің төрт бұрышына түгел жайып жіберіп, бейуақ кеш жер құшып жатып алады. Көктем түні май тоңғысыз жылы. Тәрбиеші апай тура сағат он нөл-нөлде келіп, тәртібімізді тексереді. Көктем кезінде ол кісі де оншама қатал, қазымыр емес. Біз де сағат он нөл-нөлде шамды сөндіріп, тас бүркеніп "пырдай болып ұйқтап жатамыз". Тіпті қорылдағансып, мұрнынан ысқырыңқырап жіберетін "өнерлі" балалар да бар. Тәрбиеші есікті жабысымен құдайымыз береді, атып түрегеп, әскердегідей сарт-сұрт киініп аламыз. Ұрыста тұрыс жоқ, терезені екі жаққа шалқасынан айқара ашамыз. Көктемнің неше түрлі иісмай ауасы демде танау жарып, бас айналдырады. Ойқой дүние, терезенің қырына атып шығамыз, атып шығамыз да, абалаған ит, мияулаған мысық, сылқ-сылқ күлкі, сыбыр-сыбыр сөз дейсіз бе, жүрексіз, жасқаншақ сыбырлаған тал, терек дейсіз бе, тоқ етері, көктем атты көгілдір көлге жейде, шалбармен қойып-қойып кетеміз. Сағат он екі, бір, қызып кетсек, түн ортасына дейін ал келіп кеп, соқ ойынды! Көктем — көлдің айдынында армансыз құлаш сілтеп, құмар қанғанша жүземіз-ай, шіркін!

Әбден шаршап, дал-дұл болған соң барып көктем — көлдің жағасына қол іліктіреміз, судан шыққан күшіктейін қыңсылап терезеге асылып, ішке домалап түсеміз, басымыз іртік-іртік мақта жастыққа тиюі мұң екен, қор ете қаламыз.

Сондай бір түнгі жорықтан шаршап-шалдығып, салып ұрып қайтып келе жатқамын. Кенет ту сыртымнан:

— Бектас-ай! — деген үн барлығып жетті.

Бір шетке ырғып түсіп, кәрімді тігіп, оқшырая қарап ем, бір жазған мүйісте желдиірменнің қанатындай бұлғалаңдап әрең тұр.

— Кімсің?! — Суырдың айғырындай шақ еткеніммен, негізінде қорқыңқырап тұрмын.

Жаңағы жынды сүрей, о ғажап, Сәбет ағайдың даусымен:

— Бері кел, Бектас! — дегені.

Сақтық керек, санап басып қасына жақындадым.

— Өй, айналайын!

Шынымен, Сәбет аға! Көктемгі жаңбыр езіп кеткен қарала, торала қабырғаны құлап кетпесін дегендей оң қолымен тіреп тұр. Басын сұлқ төмен тастап жіберіпті. Жүгіріп барып, пенжағының жеңінен ұстай алдым.

— Не болды, аға? Ауырып тұрсыз ба?

Мұғалім мені орай құшақтап, басымды қолтығына қысты. Бойын тіктеді. Көзі кіртиіп, ұрты салбырап, бір түнде қартайып кетіпті.

— Иә, ағаң ауырып жүр, — деді сөзінің арасын бөліп-бөліп. — Мен ауырғалы қашан... Ағай ауырады? Және көптен бері?

Әдебиет пәнінің мұғалімі қарадай үркіп тұрған түріме қарап, сиықсыздау жымиды.

— Жо-жоқ. — Көкірегінің сол жағын сипады. — Жүрегім... жаным ауырады.

— Жан ауырады? Ол қалай? — деппін атқалақтап. Мына кісі бұрын біз көрмеген, мен түсінбейтін бөтен адам... Біз білетін Айналайын аға басқа, мүлдем басқа...

Әдебиет пәнінің мұғалімі мені екінші рет орай құшақтап, маңдайымнан иіскеп еді, баяғы жақсы білетін, жақсы көретін Айналайын ағайға ұқсай бастады.

— Айналайын, мен айтайын, сендер бізден гөрі бақытты ұрпақсыңдар... Біз не? — Қолын құшырлана сілтеп, тісін қышырлатып қайрады. — Кім қалай тартса, солай созылдық. Күштілер бәтеңкесінің табанына салып, балшықтай иледі... — Тұрды, тұрды да, менің қолымды ұстады. Алақаны ыстық екен. — Үлкен басымды иіп тұрып, сенен кешірім сұраймын, Бектасжан!

Шошып кеттім жалма-жан. Оқушыдан мұғалім кешірім сұрай ма? Бұл болмайды. Сәбет аға расымен ауырып жүр... Жаны, жүрегі — қайсысы, ол жағын білмеймін, әйтеуір, ауырады.

— Ағай, сіз ауырып тұрсыз... Жүріңіз, үйге! — Қолтығына кіріп, көшеге қарай икемдедім.

Бір адым алға, екі адым кейін апыл-тапыл басып келеміз.

— Мен айтайын, тоқтап түр... Әнеугүні жеңешең бе, әпкең бе, бір айналып кетейін қасыңда тұр екен. Сол жерде саған бекер ұрыстым. Қатты өкіндім кейін. Өз-өзімнен тұншығып, қаным қарайып жүрген-тін... Қолыма түсіп қалдың. Арслан Ардақаевич еркін сабаққа келіспей, ары тарт та бері тарт едік.

Әуеде көздің жасындай жұлдыздар жылтылдайды. Қара-күңгірт тау жақтан салқын самал лекілдеп еседі. Қылдырықтай кемиек ай бозғылт бұлттың ар жағынан қорғалап қарайды.

— Мына аспандағы кіп-кішкентай жұлдыздар сендерсіңдер ғой, айналайындар! — Сәбет ағай сергіп, қунап қалыпты, даусы ап-айқын. — Әрқайсың өздеріңше бір-бір әлем... Егер жақындап барсаң, сол бір кішкене жұлдыздар Күннен де үлкен, Күннен де асқан от-жалынды, миллиард градус ыстық дейді. Сендер де солайсыңдар... Мұны кез келген адам біле бермейді. Тек жан жүректеріне саусағын созып жақындап барған, миллиард градус ыстықтарына күйіп қалудан қорықпайтын адам біледі.

"Әнеугүнгі еркін сабақта Айналайын аға бізге соншалықты, соншалықты тақап келді. Бірақ оңбай күйіп қалды... — деп ойладым қарадай тітіркене тоңып. — Енді қайтып жақын келе ме, жоқ па?"

— Еркін сабақ енді... болмай ма? — дедім көктемнің қоймалжың ауасынан бір ұрттап алып.

Мұғалім тіс жармады. Жүрісін де түзеп алыпты. Жарыққа шыққан сайын қадаң-қадаң басып, секунд санап серги түсті. Танауын жас баладай қос-қосынан тартып қойды.

— Болмайтын шығар... Социалистік реализм, колхоз, совхоз, коммунизм... Миымыз тас болып қатып қалған. Балғалап бұза алмайсың. — Естілер-естілмес күрсінді. — Жамандық үйге шыбын болып кіріп, соңыра піл болып шықпайды... Арслан ағаңның үйінен келемін. "Балаларды бұзып жатыр, классиктерді ит жеме қылды" деп, жоғары жаққа домалақ арыз түсіпті.

Оның да, менің де үстімнен. "Шыда, әзірге шыда, жуықта сең бұзылады, соған дейін сыр берме" дейді Арсекең.

— Шыдамасаңыз ше? — Өз батылдығымнан өзім қорқып кетіп, аузымды жиып ала қойдым.

— Басқа мектепке ауысуға тура келеді. Не мұғалімдікпен қош айтысамын.

Май топыраққа белшесінен батып жатқан бір бюрократ тасты теуіп жіберіп ем, бақайымнан басталған ток зырылдағаннан зырылдап миымды бір-ақ ұрды.

— Іһң-ң... — Бәтеңкемнің басын ұстап, сыңар аяқтай секектеп жүгіре жөнелдім.

Сәбет аға күлді.

— Тасты баспен ұрсаң, тас емес, бас жарылады. — Плащының жағасын тік көтеріп, қусырынып алды. — Менің басым сөйтіп жарылды. Тасты айналып өту керек еді. Оған ар, ұятым жібермеді.

— Енді қайтесіз?

— Қайтуші ем? Үйде күнде-күнде жолыма қарап отырған бес бірдей көген көз бар. Елуге жақындаған жасым бар. Арсекең де ежелден дос-жаран. Бәрі кеш... Қайран, жалындаған жиырма бес! Қазір кеш!

Айналайын аға қою мақпал түнге қара тастай батып сіңіп барады. Қатырма плащының етегі делдиіп, жер сызады. Құйрық, канатын қырқып тастаған қарғадан аусашы. Шоқақ-шоқақ етеді.

* * *

...Бүйірімнен біреу түртіп қалғандай болған соң, оянып кеттім. Қапырық көрпе бір жаққа қашып кетердей тас құшақтап алған екен, аяқ жаққа теуіп ысырып тастадым. Әлдеқайдан ит керенау маңқылдап үреді. Балалардың біреуі арық қабырғасын тыр-тыр қасып, ұйқысырап былдырлайды. Қойлы ауылдағы торлама бет, қара домалақ іні-қарындастары түсіне кіруі. Әлдеқайдан әтеш талмаусыратып сыбызғылатты. Таң жақын...

Екі қолымды тарақтай желкеме жастап, тас төбеге тесілемін. Терезеден ішке ақбоз саусақтарын созып, қабырғаларды сыпайы сипалайды.

— Мен айтайын, Айналайын аға! — деп сыбырладым төсектен аяғымды салбыратып. Қырқай түскен бәтеңкелерге шалына-малына жан дәрмен дегенде есікке жеттім. Есікті шалқасынан тастап, сыртқа шықтым. Көктем палуан күндізгі мазасыз тірліктен шаршаған ба, қайың, теректердің діңіне басын сүйеп, жүрелей қалғып отыр. Әуеде ай көрінбейді, көкжиекті асып, басы ауған жаққа қаңғып кетіпті. Жұлдыздар шаңытып тұр. Ит үрмейді. Әтеш шақырмайды. Мысықтардың қарасын қайда жоғалтқаны беймәлім. Бүткіл дүние тынысын тоқтатып, демін ішіне тартып тың тыңдайды.

Баспалдақ үстінде майкішең, трусишең тұрған күйі екі алақанымды аузыма тосып, бар даусыммен айқай салдым.

Кім бар, ей?! Барсыңдар ма, жоқсыңдар ма, еһе-һей, айналайын адамдар!

"Ай-на-лай-ын-нн!" Ащы айқайдың жаңғырығы санын сабалап, көше-көшені аралап, көз көрмеске кетіп жатыр, кетіп жатыр...

1986 жыл.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама