Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 16 сағат бұрын)
Есіңе мені алғайсың
Сабақтың тақырыбы: Есіңе мені алғайсың

Мақсаты:
әдеби-музыкалық кештің мақсаты ақын өмірімен, шығармашылығынан мәлімет бере отырып, қазақтың қара өлеңінің құдіреті болғанын таныстыру.Оқушыларды Отанын, елін, жерін сүюге, өлеңді бағалауға, қадірлеуге және музыканың әсем құдіретілігімен тәрбиелеу.

Көрнекілігі:
ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған видеоролик, ақынға арналан кітап көрмесі,ақынға арналған папка, портреті

І.Жүргізуші.
Армысыздар құрметті қонақтар,ұстаздар және оқушылар!
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Есіңе мені алғайсың»
атты әдеби-музыкалық кешіне қош келдіңіздер!

ІІ.жүргізуші. Вальс «Есіңе мені алғайсың» сөзін жазған М.Мақатаев

І.Жүргізуші.
Жайлап жатыр ақырын,
Зал толы жырдың достары
Тыңдамақ абзал ақыны,
Ардақты оның ел-жұрты
Ақын ше? Ақын келмеді.
Бос күтті төрде бір орын
Күмбірлеп залды кернеді
Сөз алып сонда жыры оның
ІІ.Жүргізуші.
Бұл ақынның ақын туралы толғанысы еді.Арамызда ақын жоқ, бірақ жыры, шығармалары қалды, жыр сүйгіш ұрпақтары қалды.Енді сөз кезегін соларға берейік.
1-оқушы. Ораз
Қара өлең
Қалқам,
Мен Лермонтов,Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.

Жат жерді жастанғанда жазатайым,
Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.
...Қасиетіңнен, қара өлең , айналайын,
Қазақтың дәл өзіндей қарапайым.

Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
...Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын...
ІІ.Жүргізуші.
Мұқағалиді ақын еткен де, мәртебесін биіктеткен де, ақындық ғарышқа самғатқан да- осы қазақтың қара өлеңі.Ақын осы қара өлеңді бағалайды, бас иеді, тағзым жасайды.

І.Жүргізуші.
Аламан бәйге оза шауып, өлең-жырда шашасына шаң жутпайтын ерен жүйрік, талантты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрман.
ІІ.жүргізуші.
«Шын поэзия жасырынып тұрған дүние сұлулығының шымылдығын сыпырып тастайды» деген еді француз ойшылы Шелли. Қане, ақынның поэзиямен қалай сырласқанын тыңдап көрелік.

2-оқушы Мадина

Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе,
Неге іздедің?
Алауратқан таулардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Сені іздедім кездескен адамдардан.
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.

Сені іздедім досымнан, қасымнан да,
Ақша бұлттан іздедім, жасынан да,
Сен де дедім ақ нөсер ашылғанда,
Қызыл-жасыл шұғыла шашылғанда,
Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.

Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттерден іздедім, сағаттан да,
Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?

ІІ.Жүргізуші.
Табиғат!
Жанымды алсаң, алшы менің
Бір үзік жерге түскен тамшың едім.
Мұқағали жоғалса не істер дейсің,
Артымда қалсын елім, қалсын жерім.
Осынау қарапайым қара өлеңде қанша құндылық, қанша ұлылық жатыр десеңші. Сірә, ақын «Елім, маған не берді деп емес, мен еліме не бердім» деп өмір сүрген сияқты.
І.Жүргізуші.

Мұқағали қойнауына талай сыр бүккен сайын далаға, оның сылдырап аққан суына, самал желіне, мақпал түніне бала кезден-ақ ғашық болып өссе керек.Алдарыңызда ақынның жеріне деген өлеңдерінен үзінді.

3-оқушы. Асылжан
Мен таулықпын
Тау дейтін алып жүрек Ана туған
Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Киіктің сүтін еміп ержеткенмін,
Қуат алып қыранның қанатынан.

Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Бұлт бүркеніп, жай отын ала туғам.
Күн алғашқы сәулесін маған шашып,
Маған келіп түнейді қара тұман.

Мен-таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Тау деген Ана туған дара тұлғам.
...Тауға барып,
Көкке ұшып кетсем бе екен,
Ұстап алып қыранның қанатынан.

4-оқушы. Әлия
Сүйемін ,өскен Отаным!
Сүйемін мен жерімнің
Топырағын, тасын да.
Сүйемін думанды елімнің,
Кәрісін және жасын да.

Бұлтсыз, айсыз , жылы леп,
Сүйемін салқын кештерін.
Бетті аймалап уілдеп,
Толассыз соққан ескегін.

Сүйемін гүлге нәр берген
Нөсерді жауған сіркіреп.
Жарқ-жұрқ етіп әр жерден
Сілкінсе аспан күркіреп.

Сүйемін, өскен Отаным,
Жылысып өткен жылыңды.
Қарыздармын сондықтан
Беремін талай жырымды.

І.Жүргізуші.
Шын зергерлік өнермен өлшенетін ақындық жолында жүрекпен құлаш ұрған Мұқағали Мақатаев та өшпес мәңгілік тақырып махаббатқа қалам тартқан.

Махаббат диалогы
Сара мен Бексұлтан

- Құс боп ұшып жоғалсам , не етер едің?
- Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
- Отқа түсіп өртенсем,не етер едің?
- Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
- Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
- Жел боп қуып,ақыры жетер едім.
- Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
- Қойшы , сәулем, бәрін де көтеремін.

ІІ. Жүргізуші. Ән «Көнеміз ғой» сөзін жазған М.Мақатаев

I.Жүргізуші.
Бір иығына – құдай, бір иығына өзі өмір сүрген ХХ ғасырдың салмағы бар қуаныш-қайғысымен, кесір - кесапатымен қонған ақынның кезінде өзіне қаншама тірлік кешу қиындықтарын тудырғанымен, ондаған ғасырлық бай мұрасы бар ұлттық поэзиямызға орасан олжа болып қосылғанын да ақын өмірден өткен соң аңғарып, мойындай бастадық.

5-оқушы. Назым
Отыздан асып барамын

Сұқтанып тұрып жанарың,
Сұрыма неге қарадың?
Солайда - солай, қарағым.
Отыздан асып барамын.

Шашымның санап әр ағын,
Таңырқай берме, қарағым.
Санаулы басқан әр адым,
Отыздан асып барамын.

Әзілің қайда, қарағым,
Әжімге несін қарадың?
Артымда қалып аларым,
Отыздан асып барамын.

Солайда - солай, қарағым,
Көңілдің таппай қалауын.
Жастықтың жықпай жалауын,
Отыздан асып барамын.

6-оқушы.Ерсін
Арыз жазып кетейін
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қоғаны-ай.

Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау – шапан,
Мынау – атың, мін» демей.

...Тойланбаса тойланбасын,
Не етейін,
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін...

7-оқушы.Махаббат
Сергей Есенинге
Әй,Сергей!
Сергей,Сергей,Сергей,Сергей
Түстім-ау сергелдеңге мен де сендей.
Аулаққа,тым аулаққа кеттім білем,
Жаны ашып ақыл берген елге сенбей.
Мен-дағы сол жақтанмын,
Ауылданмын,
Ауылдың ауруымен ауырғанмын.
Өзіңді Мәскеу қалай қабылдаса,
Алматы мені солай қабылдаса,
Алматы мені солай қабылдады.

Атқа міндім,алысып,теппедім доп.
Мен-дағы малды сүйдім,итті сүйдім,
Інімнің маңдайынан шерткенім жоқ.

Әй,Сергей!
Сергей,Сергей,Сергей,Сергей!
Бір ауылдан екенбіз мен де,сен де.
Басым сынып барады, басым сынып,
Жөндесем деболмайды,емдесем де.

8-оқушы. Келбет
Фаризаға

Фариза!
Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге.
Фаризажан, сен соны білісің бе?..
Фариза,Фаризажан, Фариза қыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
Подвалдағы архивтен табылармыз...

І.Жүргізуші.
Өлсе өлер Мүқағали Мақатаев
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, -деп ақын жырлағандай, иә өлең өлмейді.

ІІ.Жүргізуші.
Ақынның тамаша шығармашылығы оның ірі ақын –М.Мақатаев екенін пайымдатты.

І.Жүргізуші.
«Қалың елі-қазағының» өлшеусіз махаббатына бөленген, тамырын оқырман ойы мен сансына, халқының жүрегі мен жанына, елінің көкірегі мен жадына-уақыт желі, заманалар дауылы шайқай аламас тереңге жіберген бақытты да армансыз ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр.

ІІ.Жүргізуші.
Қазақ жыры әр уақытта, қазақ өлеңін оқитын ел әр уақытта « өз өмірінен өлең өрген ақынды », сыры мен сиқыры мол ғаламды өзінің құндағына алып тербетер құдіретті жырдың да халқымен бірге, ұлы Тауларымен бірге, ұлы Даласымен бірге өмір сүреді, ғұмыр кешері ақиқат.

І.Жүргізуші. Хор «Сарыжайлау» сөзін жазған М.Мақатаев
ІІ.Жүргізуші.
Құрметті қонақтар,ұстаздар мен оқушылар!
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевқа арналған «Есіңе мені алғайсың» атты әдеби-музыкалық кешін осымен аяқтаймыз.
Екеуі бірге: Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рақмет.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама