Ғасырға жол
(АЙБЕРГЕНОВ туралы ойлар)
Қазақ поэзиясының қасиетті топырағында өлең-жырдың құдіретті өкілдері мен ғұмырлы адамдары бар. Олардың ғұмыры уақытпен, замана екпінімен өлшенбейді. Олар әр ұрпақпен, әр кезеңмен бірге жасайды. Бірге қайғырады, бірге қуанады. Әр кезеңнің ұрпағы сол ғұмырлылар қалдырып кеткен жүрек үні — жыр жолдарына үңіледі. Сырласады. Алмағайып заманның шытырман сәттерінде тұйыққа тірелсе, шешімін таба алмаған құпиялардан басы қатса, соның бәріне сезімді шумақтардан жауап іздейді. Сол өткен ақпа-төкпе жырдың үндестігіне таңданады; таңдана отырып, жауынсыз жаздағы топырақтай кебіртек тарта бастаға рухани болмысына нәр алады. Қуаттанады. Сондай ғұмырлылардың бірі — Төлеген Айбергенов. Ана-жырдың талай жыл толғақтан кейін өмірге әкелген, кешең күздің бұлыңғыр аспанындағы жарқылымен дүниені елең еткізер жалқы найзағайдай перзенті ол.
Шын ақын қартаймайды: өз топырағында ұрпақтар алмасқан сайын ол да қайта жаңғырып жасарады, әр көктемде бүр атқан аққайыңдай, жасыл жапырағын қайта жаяды — осылайша Жер үстінде уақытпен бірге ғұмыр кешер тұлғалар ғасырлар жүрегіне жол шегеді.
1937 жылы Қарақалпақ автономиялық республикасының Қоңырат ауданы, «Қоңырат» совхозының Чкалов бөлімшесінде өмір есігін ашқан Төлеген Ташкент қаласында жоғары білім алғаннан кейін қарақалпақ топырағында еңбек етіп, ақыры:
«Бүгін ғой жаңбырлатып жақын келдім,
Ұзасам, таңдайыма татыр демің.
Қағылез қара бала болғаныммен,
Жүрегім кәдімгідей ақын менің!
Қалайша арман саған елтімесін,
даусын қазды аспанның келтіресің.
Кетпесем болмас енді Алматыма,
Сен мені өртей-өртей өлтірерсің!» —
деп қарақалпақ жұртының сұлуларымен қош айтысып, қазақтың атышулы өнер дүлдүлдері бас қосқан астанасына келмесе, жыр керуенінен қалып қоярдай, шиеттей сәбилерін кеудесіне басып,
«Дүниені нұрлы кірпігің
қамастырғанда мені ойла,
талдарға көктем бүртігін
жаңа аштырғанда мені ойла», —
деп қосылған жары Үрнисасын қолтықтап, жиырма жеті жасында көкірегі толы күмбір жырларын қоңыраулатып Алматыға келгенде, астананың әсем көшелерінің о шеті мен бұл шетіне көктемгі бұлттай сабылып жүргенде, Қаскелеңнің тастары табанында жарқылдап, жақұт-жыр дегенде жүрегімен елеңдеген әр жанға көкірегінен бұрқыраған бұла шумақтарды көшеде тұра қалып оқып жүргенде, талғампаз орта таңдай қаға қалған жоқ. Ол алқалы жиындардың салтанатты президиумдарында отырып та үлгерген емес. Қара шаңырақ театрлардың самала залдарында авторлық кеш өткізуге де шамасы келмеді. Кейбіреулер «сенің жауың — менің жауым» дейтіндей, Төлеген әдеби ортада біреулерді жек көріп те үлгерген жоқ.
Топырақ қызуының құдіретін алғаш сезіндірген туған жер, аққу мойын аруанасы боздаса, омырауды шерге толтырар, бұл дүниеде сағыныш пен аңсаудың аңсарың ауған құштарлығын ең алғаш таттырған ортадан үдере көшіп қош айтысу — адам баласы үшін қасіреттей қиын. Ал ақын үшін тіпті оңай емес. Бірақ қазақ жырының дүбірлі бәйге алаңындай көрінетін Алматы ақынның жан әлеміне атой салуын қоймайды.
«Алысты барам арман қып,
Ауырың болса, арт, өмір!
Жолына жырдың құрбан қып
Басымды тіктім, әйтеуір!
Сенімге мені бөлеген
жандардың мынау алдында,
қадірмен дос ең, о өлең,
ұятқа мені қалдырма!» —
деп, қимай қиналып, теңселген ақжарма көңілмен, қазақ әдебиетінің көңілі жітік, қылаң еткен жүйрік болса мүлт жібермей көзі шалатын зиялы қауымы алдынан күтіп тұрғандай, аялы алақандардың қызуы шабытын шарықтатардай сезіммен астанаға келіп еді. Үлкен қаланың хикметке толы тірлік қаракеті үлкенді үгіп, кішіні көміп жіберетін аждаһаның аузындай өмірінде қағілез қара баланың лапылдаған болмысы әлдебір күнделікті құбылыстай көрінген де қойған. Әуелі пәтер іздеп, одан жұмыс іздеп сабылған Төлеген, сонда да мұңаймай, Алматысының тауы мен тасы да оның жырларын ұғатындай қуанды, көшесінде тұра қалып, өлеңдерін жатқа оқыды.
Ақын жанына жаратылыстың ұлы күші басшылық етеді. Төлеген Айбергеновті де Қазақстанға бастап келген сол күш. Олай дейтінім осында Төлеген ақынның жаңа шырқау кезеңі басталды. Оған бірінші себеп болған композитор, сол жылдары дала қазағы да, қала қазағы да бастары қосыла кетсе, әндерін шырқап шаттанатын Шәмші Қалдаяқовпен бірге Гурьев, Маңғыстау аймақтарына сапарға шығуы еді. Сол сапар қазақ поэзиясына екпіні тың, өрнегі ерек жырлар легін әкелді.
«Кезім менің!
Жатырсың жырақты ашып,
Қызыл гүлді барады қыр ап қашып.
Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда
Мұнаралар басына шырақ тасып!»
Заман жайлы, кезең мен адамзаттың ержүрек ұрпағының қуаты жайлы Төлегенге дейін не кейін мұндай екпін, мұндай өрнекпен ешкім жырлаған жоқ. Қызыл гүлді қырлар қашықтап барады деп тек қуатты да батыл ақын айта алады.
«Кім көрген бұрын табиғат тартқан бұл сыйды,
Арман да мұндай болады екен-ау ақ заңғар!
Мына бір күйден сыңсиды
жүрегі меруерт вокзалдар.
Алдыңнан сенің қалалар өтіп жатады
тізіліп ағып қаз-қатар.
Құрманғазы мен жез бармақ Дина Отаны
көре білмеген көзге тар!» —
деп, даңқ пен дакпыртқа елеңдей бермейтін, салмақты сезімін жүрегіне жасырып, елең-желеңге бой ұруды ұят санайтын еңбекқор, бейнетқор елдің, өнерге ғана табынар елдің, қасиет-қадіріне бас иген ақын өлеңнің тың арнасын ашып, қазақ жырын бір түлетіп еді.
Айбергенов өлеңдеріндегі арнасынан лықси төгілген сезім көз алдыңа көлбеңдеп тұра қалатын суреттермен алмасып, кейде тосын естілетін тың ырғақтар жиырмасыншы ғасырдың деміндей екпінімен жасқандырып келді. Ақын жүрек арманын іздеп, Мойнақ жақтан сұңқылдап ұшқан қасқалдақтардай шарқ ұрады, «мұратым емес тоқтығым, сондықтан менде жоқ тыным» деп, көзіне сыйса да, сөзіне сыймаған дүниенің биіктеріне қанат қағады. Сол арман-жолдың бойында өзі кешкен сезім селін, өмір селін адамдарға өлеңмен жеткізгенше асығады.
«Ей, адамдар, айналайын туғандар,
Жалғыз минут тыңдаңдар!
Мен сендерге, көп болды, сыр шертпедім,
Қазір түгел көкірегім өрт менің!
Шартарапқа жүрегіммен жүз аттап,
Бұрын мұндай көрмеп едім ұзақтап.
Бір сағыныш мәңгі-бақи дос еткен
Қазір мені жұлып алды төсектен»,
Немесе мына суреттерге көз салыңызшы:
«Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік,
төртеуміз бір әкенің баласы едік.
Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын
Өстік біз бір омыраудан таласа еміп.
Кеттіңдер біздің үйден ұзатылып,
қатыгез қимастықты қыз аты қып.
Сан түндер сағынышым ұйқы бермей
Жүгіріп сыртқа шықты жүз атылып.
Деді әкем: қиын болды-ау, қарағым-ай,
Жан көкем, жадыратшы қабағыңды-ай.
Мен үйде жалғыз қалдым, мергендердің
Қосына тастап кеткен қарауылдай», —
деген жолдарды оқып, сонау бір бала шақтың жайлаудағы аулында өзің бастан кешірген сезімге тағы бір сүңгігендей толқисың. Жат босағаның қамын ойлауға бет бұрған қыз-тағдырдың үй-іші — ата-ана, бауырластар үшін қимас бір аялы сезімі жүрегіңнен тағы да сол баяғыдай жалаң аяқ жүгіріп өтеді.
«Газиктер жайлаудың сахнасын бай
жаңғыртып, дөңнен өріп,
қыздардың үкілі тақиясындай
дүние дөңгеленіп.
Тұр кештің қойнында күндізгі бақ
бас шұлғып желге сирек.
Бағандар келеді жұлдыз құлақ
аспанды жерге сүйреп».
Төлеген суретті осылай салды. Ол көкірегін өрт еткен арманын күнгейлерден іздеді. Жиырма бестен жаңа асқан жігіт көлеңкелерде қалтырап, өзегін өксіткен өткелдерде өлімсіресе, ол романтик ақын болмас еді.
«Бұл қазақта жігіттер бар мәрт, батыр,
Жалаңаш батыр көбі оның.
Аударып тастар сен үшін,
Алтын бар десең астында анау төбенің!
Солардың аппақ ниетімен,
Ақ қарға жаққан отымен
Лапылдап мен де келемін», —
дегенде, сол аз ғана ғұмырында осынау даладан жасықтар мен жалтақтарды, жұрттың бәріне жақсы болып көрінуге әдейі тырысатын «жалпақ шешейлерді» кездестірмеді деймісіз!
Ақын — өзінің ешкімге ұқсамайтындығымен ақын. Төлеген қазақ поэзиясына жаңа ырғақ, тегеурінді екпін, жанына тыным бермеген ағыл-тегіл сезімінің иірімдерін әкелді. Поэзия әлемін тосыннан дүбірлетіп, атой салып оята келді, поэзияның өрлеу жылдамдығын тездетті. Қазақ топырағының қыруар жас ақыны өз өлең-бұлақтарының қайнар көзін Төлегеннің нөсерлеген жырлары арқылы ашты.
«Жанымның отын маздатып,
түнде де дамыл көрмеймін.
Қалғыма, әлем,
мен саған
бәрібір тыным бермеймін!»
Бұл — мәңгілік революция ұрпағының жан-дүниесі марғау тірліктен безініп, алай-дүлей дауылды тілеген жүрек сөзі.
Айбергенов поэзияға заман суретін, өз дәуірінің алапат екпінін, тынысын әкелді. Өз дәуірінің, өз қоғамының тыныс-тіршілігінің, дәм-тұзының дәмі түгілі, иісі шықпайтын, белгілі топырағы — тұрақ-мекені жоқ, ай-күні жоқ көркем шығарма ғұмырсыз, әйнектің астында өскен көк шөптей нәрсіз, әрсіз.
«...Абзал жар, ару ақ залдар,
Ақ залдар, аппақ вокзалдар.
Тілеулес жерге аттандым —
Тілеңдер маған ақ жолдар!»
Туған жер, Отан туралы жазылған өлең-жырлар көп-ақ. Бірақ Төлегенге ғана тән сағынышпен, алапат алау екпінді сезіммен жазылған мына шумақтарды:
«Қызғалдақ қамал қырларымдасың,
Сырларындасың атаның.
Жанымның барлық ырғағындасың,
Аяулы менің Отаным!» —
ешкімнің қолтаңбасымен шатастырмайсың.
«Сағындым сені болғанмен алшақ аралар,
Даусын маған дара тыңдатқан далалар.
Көңілімде менің жарқылдап қалып жүрсің сен
Аэропландардың қанатында аққан қалалар!»
Шаңқай түсте тас төбеден шатырлап, нөсер төгіп жатқан Төлеген заманының аласапыран ғасырлары екенін бірден ұғасың. Өзің де сол ғаламат жасампаз жандардың, қартаюды білмес мәңгі жас ұрпақтың дүбіріне ілесе кетердейсің.
«Шақтарда да азынап оқ бораған,
Бұл дарияның шабысы тоқтамаған.
Мен өтемін жолдардан әлі талай
Жүрегімнен дүңкілдеп ақ барабан!»
Ана топырақ — туған жерсіз, тіреуінсіз, сүйеуінсіз самғау, шырқаулардың мүмкін еместігін батылдыққа балқып, қайратқа қайнаған Төлеген геройының өзі де мойындайды және мойындатады.
«Қоса гөр қолдан ұшқан ерге тілек,
Майса бел, мақпал қырат келбеті көк.
Алысқа ұзап кете алмаспын мен
Ақпасам табанымды жерге тіреп.
Балбырап бақтар қалды ырғатылып,
Қалтырап қақтар жатыр қырда тұнып.
Жанымда аласапыран жасты ойнатып
Мен барам жанарымды нұрға тігіп.
Мен сенің нұрларыңмен таласамын,
Мың жұлдыз артқа тастап әрі асамын.
Кемемде келе жатыр кемеңгер Жер,
Жетектеп қызыл тулы болашағын».
Міне, Төлеген өмірге, жасампаз өмірге құштарлық дегенді осылай сезіндірді.
Иә, Төлегеннің өзін көріп, тәкаббарсыған жанарлар тоқтамағанмен, оның жүрек жарды жырын түйсіне алатындардың
«Тұрар еді сен түгіл, тас та лаулап,
Көзінде жатар еді
Жұлдызды аспан аунап...»
Төлеген Айбергенов жырларынан кейін қазақ әдебиетіне ағыл-тегіл сезімді екпін, жаңа ырғақ, көз жауын алған қанық бояулы сурет келді. Оларды әкелген Төлегеннен бастау алған бұлақтар — Нұрлан Оразалин, Жарасқан Әбдірашев, Тынышбай Рахимов, Серік Ақсұңқарұлы сынды талантты жігіттер.
Ақынға не керек? Әрине, найзағайдай жарқ етіп отыз жасында өлең отына өртеніп өлгеннен кейін жоқтаудай егіл-тегіл еңіреген арнау өлеңдер емес; пәлен жерде бірге жүргенбіз, пәлен көшеде кездескенбіз деген естеліктердің де бағасы тиынмен есептеледі. Ақынға рухани нәр керек. Әлем елдерінің ешқандай есеп өлшемімен теңгерілмес ол нәр — өз заман, өз ортасында оның жырларының мойындалуы, әділетті, лайықты бағалануы. Ақын — сезім толқындарының жиынтығы. Оның қысымын көтеру мен түсіру тек жел екпіні мен ауаның ыстық-суығына ғана байланысты емес.
Тіршілік ақиқатының барометрі — ақын жанының көрінісі мен болмысы халық жүрегінің лүпілімен бағдарланады. Көкірегінен жүз тұлпарды жүз тарапқа ағызған ақынның туған жер, туған халқына:
«Ай маңдай алуан дарынның
Тері боп тамшылайсың сен.
Сан жүйрік армандарының
Тұлпарын қамшылайсың сен!» —
деуі сондықтан болса керек. Төлеген — тәкаббар ақын.
«Бір жетсе менің ажалым жетеді
Найзағай оттарынан,
Сатқындар оқтарынан,
Адам қолы жасаған ұяттардан
Қалыңдығы осынау сияқты орман.
Әйтпесе пасықтыққа пысқырмайды
Мендегі қуатты арман».
Бұл — күңкілшіл, қиянатшыл пасық тобырлардан шырқау тұрған, биік адамгершілік пен сұлу сезім, жан-дүние тазалығын таптатпас тәкаббарлық.
Төлеген Айбергенов 1967 жылы өзі туып-өскен Қарақалпақ бауырластарының қасиетті жерінде, командировкаға барып жүріп, аяқ астынан ауырып қайтыс болды. Оның сүйегі сол топырақта — өзі ең алғаш қызуын өз бойына сіңірген аялы жерде Нүкіс қаласының шетіндегі зиратта қалды.
Бас-аяғы отыз жаста қазақ жырының бәйгесіне қосылып, сала құлаш сәйгүлігінің бауыры енді-енді жазыла бергенде, құйғытып келе жатқан шабандоз жігітті ажал садағы мұрттай ұшырды.
Шын дарын жаспен өлшенбейді. Нағыз поэзия иесінің том-том кітаптарының қалыңдығымен, немесе санының көптігімен бағаланбайды.
Елуге келмесе, елемейтін әдеттің қасаң заңдылығын Төлеген де өлгесін бұзды, таласып-тартыспай, жағынып-жалбарынбай, бұғалыққа көнбес буырқанған жырларымен бұзды. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағы оған өзі дүние салғаннаы кейін берілді. Бұл баға — біздің ұрпақтың ақынға деген тағзымы. Бұл тағзым ұрпақ жаңарған сайын қайталанады. Өйткені Төлеген Айбергеновтің жалын жырлары оны тоқталмас өмір сапарындағы әр жолаушыға серік етеді, жанам деген жүрекке от берер асау арман лықсыған Төлеген поэзиясы біздің дәуіріміздің шындығындай, арыны асау армандарға бастап, болашақпен жалғаса береді. Оған ақынның жырлары куә. Жыр бағасын жүрегімен салмақтар талғамды оқырман куә. Ол өзінің «Бір тойым бар» деген өлеңінде:
«Бір тойым болатыны сөзсіз менің.
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ... Бірақ...
Ешкімді де билетпей қайтармаймын.
Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,
Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.
Кім білсін, талай күнгі тілегім ед —
мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның!» —
деп еді.
Сезімінен ақылы мен айласы басым боп бара жатқан ғаламда осындай тілек тілеудің өзі ірілік!
Әр түрлі гүлзарларымен, даланың самалымен, жусанның иісі, таудың бұлағымен — өзімен-өзі тыныш жатқан қазақ поэзиясының қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай, ағысты екпінмен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтерді.
Талантын тағзым тұтып, кейінгі ұрпақтарға ұлағат ету халықтық қасиет болса керек. Төлеген Айбергенов есімді көше не аллея Алматыда да, Нүкісте де жоқ. Нүкістегі бауырлар оны «қазақ ақыны» деп қарайды, ал біздің өрен кеткен өз талантымыздың тағдырын ойлауға уақытымыз болмай келеді.
Алматыда, Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы шағын бақта, «Ақындар аллеясын» ашса, оған сонау Бұхар жыраудан бастап сөз жүйріктерінің мүсінін қойып, қысқаша өмірлерін қашап жазса, сол қасиетті орынның бір шетінен Төлеген Айбергенов те өз орнын алар еді.
Төлеген армандап өткен қазақ жырының адамзат жүрегіне қуаныш нәрін шашар торқалы тойы мәңгілік тарқамағай!..
1987