Photo: Bayar Bayar (https://www.pexels.com/@bayar-bayar-631990811) / Pexels
- 14 мам. 2026 12:00
- 25
Алматыдағы ресейлік қыздың видеосы: «Өзімді Ресейдегі өзбек сияқты сезіндім» деген сөзі желіні шулатты
Алматыға келген ресейлік азаматшаның ЦОН мен банктердің жұмысына қатысты айтқан шағымы әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр.
Желіде тараған видеода бойжеткен банк картасын ашу үшін бірнеше күн бойы ЦОН мен банк аралап жүргенін айтып, ашуға булығыпты. Оның айтуынша, банк қызметкерлері алдымен Қазақстанда жеке сәйкестендіру нөмірін (ИИН) рәсімдеу қажеттігін түсіндірген.
Видеода ол эмоцияға беріліп, бейәдеп сөздер қолданғанымен, көпшіліктің назарын аударғаны – «Өзімді Ресейдегі өзбек сияқты сезіндім» деген сөзі болды.
Бұл пікірді желі қолданушылары басқа ұлт өкілдерін кемсіту, өзін өзгелерден жоғары қою ретінде қабылдады. Көптеген қазақстандықтар шетел азаматтарына арналған талаптардың барлығы заң аясында жүзеге асатынын, ИИН рәсімдеу – қалыпты процедура екенін атап өтті.
Кейбір пікір білдірушілер мұны шетелде бюрократияға тап болған адамның эмоциясы деп түсінсе, енді бірі мұндай сөздер мен қарым-қатынас мәдениетке және қоғамға деген құрметсіздік екенін айтуда.
Айта кетейік, Қазақстанда шетел азаматтарына банк картасын рәсімдеу үшін ИИН алу – міндетті талаптардың бірі.