- 31 қаң. 2020 00:00
- 247
Ғылыми жобаларды қаржыландыру конкурсы жыл сайын өтетін болады — Асхат Аймағамбетов
Бұдан былай ғылыми жобалар мен бағдарламаларды гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы жыл сайын өткізілетін болады. Бұл туралы «Қазақстан ғылымын дамытудың өзекті мәселелері» секциясында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Бұрын әлдебір ғалымның ғылыми жобасы өзекті емес және тағы да басқа себептермен конкурстан өтпей қалса, қайтадан қорғау үшін үш жыл күтетін. Бұдан былай ғылыми жобалар мен бағдарламаларды гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы жыл сайын өткізілетін болады. Сондай-ақ, енді дәстүрлі гранттардан басқа шағын гранттар, жедел гранттар, коллабарацияға арналған гранттар енгізіледі. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру нақты нәтижелері бар ғылыми-техникалық міндеттер негізінде ғана бөлінетін болады. Сонымен қатар, жас ғалымдарға арналған конкурстар жыл сайын өткізілетін болады», - дейді Асхат Аймағамбетов.
Ол өткен жылы қаржы бөлудің ашықтығын арттыру үшін нормативтік салада көптеген жұмыстар атқарылғанын айтты.
«Мысалы, жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру туралы шешім қабылдайтын, олардың іске асырылуына мониторинг жүргізетін ұлттық ғылыми кеңестер туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Енді үміткерлерді іріктеудің басты талабы - олардың ғылыми жарияланымдарының сапасы. Өткен жылдың ортасында ұлттық ғылыми кеңес құрамдары жартылай жаңартылды. Ашық дауыс беру және отырыстардың онлайн-трансляциясы енгізілді», - дейді ол.