Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ілияс мінген қарагер

Қазақ даласының әр қиырынан келген өңшең саңлақ, кіл жүйрік Емілдегі Тасөткелге жеткенде шырқ иірілді. Ат жіберуге келісілген мәре осы тұс болатын. Тұрықтысы мен шоқтықтысы, сидаңы мен жатағаны бар үш жүз сәйгүлікті ат айдаушылар тырна қатар жасап, тізіп тастады. Жарысқа түсерін сезген сақа жүйріктер тыпыршып, жер тарпиды. Тізгін сүзіп, ауыздығын қарш-қарш шайнайды. Бәйге аттарына мінген өңкей ықшам киімді, қағылез балалар қашан белгі берілер екен деп, жалтақ-жалтақ етіседі. Ат айдаушы қолындағы ақ жалауды аспандата көтеріп, дайындалуға белгі берді де, дереу түсіріп, «Шап! Шап!» деп айқай салды.

Сол сол-ақ екен жүйріктер мәреден оқша атылып шығып, тасұр-тұсыр шаба жөнелісті. Болат тұяқтарға ілесе көтерілген құм-қиыршықтар тасборандай борап, бытыраша жауды. Аламан жарыстың қыр-сырына қанық балақайлар аттың жалына жабыса жатып алып, ұрандасып, қиқуласып барады. Айнала әп сәтте айқай-сүреңге толып, аспанға будақ-будақ шаң көтерілді. Сонау көз ұшындағы көлденең көсілген Тарбағатай жақтан саумал самал еседі. Анда-санда қыр арқаға шыққанда сол қапталдағы Алакөл айнадай жалт етіп, қайта жоқ болады. Алдыңғы жақтан Арқалды қыраттары мен мұндалап, қол бұлғайды.

Осы қалың нөпір арасында сылаң қаққан Қарагерге мінген Жансүгірдің Ілиясы да бар еді. Кәдімгі атасы Берсүгірді:

Сен туғанда қуанды кәрі-жасым...
Мұз қабақ, жота мұрын Ілиясым!—

деп тебірендірген сүйікті немересі.

Биыл Ілияс он үшке аяқ басты. Әуелде ол атасы мен әжесінің ғана баласы болатын. Анасы дүние салғанда әкесін жағалай бастады. Орайлы сәті келген соң Жансүгір ұлының сауатын ашып, қолөнерге баулыды. Бала зергерлікке онша құмартпаса да, оқу-жазуға алғыр, зерек болып шықты. Оның үстіне тілге жүйрік, шаруаға епті. Ал енді бәйге ат десе, ішкен асын жерге қояды. Осы атқұмарлығының арқасында жеті-сегіз жасынан бәйгеге шауып, барлық бала «шіркін-ай, бір мініп алып құйғыта шабар ма еді» деп қызығатын небір дүлділ, сәйгүлікті тақымына басты. Ас-той болса, төңіректегі атбегілер әкесіне «балаңды бере тұр» деп, жата кеп жабысады. Өйткені тақымы құтты, шапқан сайын бәйге алады. Келе-келе ырымшыл атбегілер Ілиясқа таласып қалатынды шығарды.

Енді, міне, айнала төңіректі қойып, сонау Қарағаштағы Тұрысбек қажының өзі кісісін жіберіп, Алакөлдің арғы бетіндегі Сүлейменнің асына апара жатыр. Бұл жолы Жансүгір баласын ит арқасы қиянға жібергісі келмеген. Бірақ Тұрысбек қажының қара тілді, пысық жігіті Тілеу ел намысы, қажының меселі дегендерді алға салып, тақымдап отырып алды. Сол екі ортада Ілиястың өзі де сөзге араласып: «Әке, жіберіңізші! Қатардағы қаймана біреу емес, атақты Қабанбай батырдың ұрпақтарымен жүздесем, бұрын көрмеген жерді көрем! Жібере көр, әкетай!» — деп қиылды. Осыдан соң әкесінің көнбеске шарасы да қалмап еді.

Қапал бойындағы Қарағаш қаласы — Жетісудағы Матайлардың орысқа телмірмей, өз қолымен тұрғызған мәдениеті мен білімінің ошағы. Әуелі Маман байдың Тұрысбек бастаған үш ұлы осыдан он шақты жыл бұрын жан-жақтан шеберлер алдыртып, оқтай түзу көшелері, ақ шаңқан үйлері бар қала салды. Соңыра мұнаралы мешіт пен кең сарайдай мектептің іргесін көтерді. Надан байлар «ойбай, шоқынып кетеді» деп, бала-шағасын қырға ала қашқанда, бұлар ұлды қойып, қыздарының өзін мектепке берді. Өздерін ғана жарылқап қоймай,  талапты жастардың түу сонау Петерборға дейін барып оқу оқытып, білім алуына көмектесті. Енді Үпе мен Қазанның үлгі-нұсқаларымен медіресе соқтырып, жан-жақтан білімді ұстаздар алдыруда.

Сол бақ қонып, құт дарыған әулеттің қазіргі тізгінұстары Маманұлы Тұрысбек бастаған көш-керуен осыдан бір апта бұрын жолға шығып еді. Қара нарға қалы кілем жауып, бірнеше атанға саба-саба қымыз артып, жібек қоржынға тоғыз-тоғыздан қара жамбы, жанат ішік бастатқан сиыт салдырып, сойысқа деп үйірлі жылқы айдатып, артынып-тартынып келе жатқан. Әнші, ақын, күйші, атбегі, сыншы, мерген, балуан, мешкей сынды аста елдің намысын жібермес өнерпаздары, күтуші, ас пісіруші қыз-келіншектері қосылғанда бір қауым ел болады екен. Сойыс малдары арықтап, бәйге аттары болдырып қалмас үшін аспай-саспай, араға бірер қонып барды. Әуелі жол-жөнекей орыс стансыларын айналып, Сарқан мен Лепсіні басып өтіп, толқыны жағаны ұрған Алакөлге жетті. Көлді жағалай отырып, Жалаңашкөл мен екі ортадағы қысаңмен қиялап, Барлық, Еміл болыстарына қарасты Байжігіттердің қонысына келді. Енді бір ет асымдай уақытта Еміл мен Шағантоғай өзендерін артқа тастап, Бұғыбай маңындағы Сабаздың сазына тура тартты. Бұрын мұндайды көрмеген Ілиясқа осы келістің өзі керемет сейіл-серуендей болып, көңілі ашылып, серпіліп, сергіп қалды.

Сүлеймен бидің есімі Ілиясқа Сара ақынның жыр жолдары арқылы жақсы таныс болатын. Ақын Сара нағашыларын сөз қылғанда:

Кім жетер Қабанбайға дуа қонған,
Батырлық тұқымына қуа қонған.
Қожақұл, Әлі, Жақас, Ер Әділбек —
Сүлеймен оның ұлы шықты соңнан,—

демеуші ме еді?! Осындағы Қожақұлы — алпыс жылдай аттан түспей ел қорғаған атақты Қабанбай батырдың әкесі болса, Әлі әулие — Қабекеңнің қара шаңырағын ұстап қалған кенжесі, Жақас бай — немересі, Ер Әділбек — шөбересі, ал Сүлеймен би — шөпшегі. Жеті атасынан бері батырлық пен билік кетпеген Сүлеймен де өз заманында барша Мәмбетті ғана аузына қаратып қоймай, төрт-бес дуан қазақтың бірлескен сиязында бірнеше рет төбебасы сайланып, уағдасы мықты, опалы би атанды. Осынау бақ-берекелі әулеттің қазіргі бас көтерері — Сүлеймендей әкесіне ас беріп жатқан Қанағат болыс.

...Астындағы Қарагері ауық-ауық пыр-пыр етіп қойып, көсіле шауып келеді. Жануардан әлі бір тамшы да тер шыққан жоқ. Әлгінде Ілияс жүйріктің мойнын қағып көрген, құп-құрғақ. Құлағының түбі енді-енді терлей бастаған шығар-ау деп, алдыңғы жаққа көз жүгіртті. Мана бір төбенің басына шыққанда байқаған, алдында кемі отыз-қырықтай ат бары анық. Олар да алғашқыдай ұйлығыспай, ұбақ-шұбақ кетіп барады. Шаң да манағыдай алды-артын орамай, ұзыннан-ұзақ шұбатылды. Ілияс жел алдан болғанымен, шаң-тозаңның Арқалды тауларына ойыспай, қарсы беттегі ойға кетіп жатқанын байқап, үнемі тау жақты ала салдыртып келеді.

 Қарагер — құнан жарыста бір-ақ рет оза шауып, Жетісудағы аламан бәйгелерде бұған дейін бас жүлдеге ілікпей, бағы ашылмай жүрген жүйрік екен. Былтыр Ілияс мініп шапқанда алғашында алпыстай, екіншісінде жүзге тарта аттың арасынан бірде-бірін шаңына ілестірмей, қара үзіп, жеке-дара келді. Содан кейін-ақ Тұрысбек қажының пейілі түсіп: «Айналайын-ай, сен болмасаң, бәйгемнің бағы ашылмай-ақ кетер ме еді, қайтер еді?! Бұдан әрі Қарагерге тек сен мініп шабарсың»,— деп, риза болып, бурыл тай мінгізген. Енді шалғайдағы Сүлейменнің асына қолқалап әкелуінің де себебі сол. Ал мынадай үш жүз ат қосқан алпыс шақырымдық аламанға Қарагердің алғаш түсуі.

...Бұлар Сабаздың сазына тақау бір белге шыққанда үлкендер аттың басын ірікті. Осы белден айналадағының бәрі алақандағыдай ап-анық көрініп тұр. Сабаздың сазы дегені — ар жақ, бер жағы ат шаптырымдай, көк майсалы кең жазиралы ойпат екен. Өңкей ақ шаңқан үйлерді қаладайын қатарлап, әлденеше көше жасап, тізіп тастапты. Шетінен аршыған жұмыртқадай аппақ. Қазақтың бүкіл ақ боз үйін осында жинап алған ба дерсің. Сәлден соң алдарынан арнайы сайланған жігіттер шығып, қошаметтеп қарсы алды. Ілияс бала болса да, астың сән-салтанатын сонадайдан-ақ байқап, бақылап келеді. Бұған дейін көріп жүрген ас-тойларының ішіндегі ең салтанаттысы да, салмақтысы да осы. Үй сайын тікесінен тік тұрып қызмет еткен бозбала мен бойжеткеннің өзі жарасымды, қонымды бірыңғай киініпті. Бала-шаға бірнеше жерден құрып тастаған алтыбақандарға таласа мінісіп мәз-мейрам. Құтты қонақтардың ішінде өңшең ақбоз ат мінгендер де, шымқай қара күлік мінгендер де бар. Шамасы құмырсқадай құжынаған халықтың арасынан бір-бірін тез табу үшін жасаған айла-амалдары болса керек. Өзеннің арғы бетінен қатар-қатар жерошақ қаздырып, ет астырып жатыр. Мына бір тұсқа ұзыннан ұзақ қалқайма тұрғызып, жәрмеңке жасап қойыпты. Орыс пен сарт, қытай мен дүңген саудагерлері қызылды-жасылды тауарларын жайып тастап, тақау барған қазақты майлы ішекше айналдыруда. Сонау бір төбе басына ас өткізуге жауапты адамдар шығып алып, алыстан топ-тобымен келіп жатқан сыйлы қонақтарды көзеп, соларға әлекедей жаланған пысық жігіттерді жіберіп тұр. Енді бір жерге ағаштан биік мұнара жасатып қойыпты. Оған да шығып-түсушілер бар...

Әлгі өңшең ақ шаңқан үйлердің ең төр жағына, басқа үйлерден оқшауырақ төбешікке Сүлеймен бидің ақ ордасы тігіліп, қаралы найза орнатылыпты. Ол жақтан марқұмның әйелдері мен қыздарының жоқтау айтқан зарлы дауыстары шығады. Былтыр хабар айттырғанда топырақ салып, құран оқыта алмаған алыс ауыл, шалғай жерден келген ағайындар сонадайдан дауыс салып келіп, көрісіп жатыр. Тұрысбек қажы бастаған топ та сол қаралы үйге кіріп, көңіл айтып шықты. «Бата жасарға» əкелген дүние-мүлік, саба-саба қымызын, айғыр үйірлі жылқысын ас иелеріне табыстап, малшы-қосшылар иықтарынан жүк түскендей жеңілдеп қалысты.

Қаралы үйдің қасындағы атағашта ер-тұрманы күміспен күптелген, үстіне қара шұға жабылған марқұмның боз жорғасы байлаулы тұр. Жал-құйрығын күзеп, ноқта-жүгенін сыпырып, бір жыл бойы бос жіберген жануар жұнттай болып семіріпті. Тұрысбек қажы боз жорғаға: «Жануарым-ай, Шүкемнің өзі болмаса да, көзі ғой»,— деп, елжірей қарап қойды. Күтушілер бұларды үш-төрт үйге бөліп түсірді. Ілияс атшы-қосшы және өзі сықылды шабандоз балалармен бірге бір отауға түсті. Түстеніп, шөл қандырып алған соң-ақ Ілияс Сатай мен Қосайды ертіп, сыртқа шықты:

— Жүріңдер, қызық көріп қайтайық. Әлгінде келгенімізде «Әсет ән салып жатыр» деп еді, сонда барайық!— деді. Сатай мен Қосай — Тұрысбектің Сейітбаттал мен Есенқұл деген інілерінің аттарына мініп шабатын балалар еді. Мінезі ауырлау Қосай:

— Байсал аға іздеп қалса қайтеміз?!— деген қауіп айтып, есінеп қойды.

— Неге іздесін?! Жаңа ғана өзі «Кешкі салқында аттарды бір желдетіп қайтамыз. Оған дейін тынықсын! Екіндіге дейін боссыңдар!» деген жоқ па?! Айтшы, Сатай!

— Иә, иә, дәл солай,— деді Сатай да. Содан соң Қосайға дүрсе қоя берді. — Өй, сен де естідің ғой, Қосай! Өтірік керең бола қалғанша, әлгі майлы ет буыныма түсіп, «ұйқым кеп тұр» деп, шыныңды айтпайсың ба, маубасым-ау!

Үшеуі жарыса күлісіп алып, ән шыққан жаққа жүгірісе  жөнелісті.

...Әсет отырған ақ орданың маңы ығы-жығы халық. Әншінің үні алты қырдың астына жетіп жатса да, жүзін жақыннан бір көрсем, ауызба-ауыз тілдессем деп ентелеген халық түрулі ірге мен сықырлауыққа сыймай, киіз үйдің көлеңке жақ сүйегін тұтастай жалаңаштап тастапты. Соның өзінде иін тірескен көптің арасынан әншінің жүзін көрердей бір саңылау таппайсың. Ән тоқтаған сәтте таяққа сүйенген ақсақал жөткірініп алып:

— Ау, шырағым, Әсет! Мен — өзіңнің даусыңа ынтызар ән құмар қарияның бірімін. Естіп тұрмысың?— деп дауыстады неше қабат үймелескен жұрттың сыртынан.

— Естіп тұрмын, қария!— деді ар жақтан саңқылдаған ашық үн.

— Естісең, мына халқың жүзіңді бір көруге ынтық. Ел астыңа қанаты жайылған арба, үстіңе күннен қалқа болар шатыр тігіп қойды. Соған келіп ән салуыңды сұрайды!

— О-о, бәрекелді! Міне, шықтым,— деді әлгі саңқылдаған үн.

Сол сәтте сықырлауыққа ентелеген халық ешкім ештеңе демей-ақ, дереу кейін серпілді. Бір сәттік тым-тырыс үнсіздік орнады. Есік ептеп ашылып, орта бойлы, дөңгелек жүзді, қара мұртты, шоқша сақалды қырықтар шамасындағы жігіт ағасы шығып:

— Ассалаумағалейкүм, ән құмар қария! — деп әлгінде сырттай тілдескен ақсақалдың қолын алды. Содан соң жалпыға ортақ сәлем берді:

— Армысың, анталаған ардақты елім!

Таяу тұрғандар қошаметпен қауқалақтап қол берісті. Алашқа аты шыққан Әсет ақынды алғаш көріп тұрған қазақ даласының қиыр-қиырынан келген халық арбалып қалғандай әншіден көз айырар емес. Ілияс та түстеп танып алайыншы дегендей, бақырайыпты да қалыпты. Нөпірдің арасынан анадайдан-ақ көріп тұр, Әсет ақ-қарасы айқын, аялы, дөңес көзді, ашық қабақты, қыр мұрынды, етжеңділеу кісі екен. Үстіне омырауы ашық ақ көйлектің сыртынан көк мауыты бешпет киіпті. Басына маңдайын бастыра ақ шыт тартып алған.

Әсет ақынды Ілияс алғаш рет былтыр күзде Қарағаш маңындағы Сейітбатталдың тойында көрген. Сонда осы Қарагерді қара жарысқа қосты ма, әлде сейілдетуге шығарды ма, әйтеуір, ат баптау қамымен жүріп, ән тыңдай алмай қалған. Соның сәті бүгін түскендей. Естуінше Әсет те Қабанбай еліне жиен екен. Ұлы Қанағатпен қарайлас әрі жүйрік ақын болған соң Сүлеймен би Әсетті баласындай көріп, он алты жасынан қанатының астына алып, осы елдің Тәтежан есімді бір қызын әперіпті.

Халық әншіні алаңқайға қойылған, үстінде күнқағар шатыры бар арбаға қарай бастап апарды. Арбаның бір шетіне еменнен шабылған кең шара қойып, сыңқылдаған сылқым қыз қымыз сапыра бастады. Әсет малдас құрып отырып, білегін түрінді. Көп бапталмай-ақ қайда жүрсе де қасынан тастамайтын шолақ домбырасын қағып-қағып жіберіп, «А-а-о-оу!» деп даусын созып, «Қысмет», «Інжу-маржан» әндерін қатарынан төгіп-төгіп жіберді:

Арғынмын, атым Әсет қара шордан,
Сұрасаң нәсілімді оу, шықтым молдан.
Басында қазіретке шәкірт едім,
Осы өлең адастырды орта жолдан...

Шаршы топ: «Өй, дүлділім-ай!», «Сал! Шырқа!», «Соқтырт!» деп қошеметтесіп, көтермелеп қояды. Әнші де «Мынау мынадай ән еді...» деп, атын атап, түсін түстеп жатпай-ақ, бірінен соң бірін аңыратып, ағындатып салып жатыр. Ілияс қойнынан қарындаш, кітапшасын алып, үлгергенінше жазып ала бастады. Оған атасы мен әкесінің қисса-дастандарға, ескі жырларға құмарлығы жастайынан дарып еді. Әсіресе, бармағынан бал тамған зергер ғана емес, ән мен күйге, өлең-жырға құмар әкесінің Махамбет, Сүйінбай, Абай, Ақан, Біржан мен Сара жырларын жинастырып, қағазға жазып жүретін құнттылығы қонған болатын. Бала әкесінің сол жиып-тергенінің бәрін өз кітапшасына көшіріп алып еді. Енді соған ел арасынан естіген жаңа өлең-жырларды қосып жазып қойып жүр. Әр шумақтың алғашқы екі жолын бұл, соңғы екі жолын сөзге пысық Сатай жаттап қалып, айтып тұрды.

Әсеттің даусы құлпырып, құйқылжи түсті:

Ән салсаң, өзімдей сал аңыратып,
Орман, тоғай, өзенді жамыратып.
Арқыратып, ағызып ән нөсерін
Толқынымен жүректі жадыратып...

 «Пах, шіркін! Ақын деген осындай-ақ болсын. Неткен көркем сөз, кестелі тіл!» деп, іштей тұщынып, тамсанып қойды Ілияс. Ол әншімен бірге тебіреніп, әнмен бірге толғанып, бір сәтте мың түрлі күйге еніп, бір ысынып, бір суынып тұрды. Қараптан-қарап, жон арқасын бойлап тер ақты. Зерек бала ауыл арасының айтыскерлерін де, суырыпсалма төкпелерін де бұрын талай көрген. Бірақ ән шіркіннің дәл мынадай көз жетпес көкке самғап ұшып, қияндағыны көзі шалған қыранша шүйлігіп, сорғалауын көрмепті. Әнді де үнемі мамырлатып, баяулата бермей, не шалқытып, шалықтата бермей, жүгіртіп, жүрдектетіп, жорғалатуға да болатынын аңдамапты. Тіпті, табиғаттың тылсым күштерінің мінезіне салып бірде дауылдатып, нөсерлетіп, бірде құтыртып, аңқылдатып, ағындатуға да болатынын білмепті. Сол құйқылжыған сан салалы, тоқсан тараулы әнге үйлесіп, жымдаса кеткен сөзді айтсаңшы. Мәнді, әрлі сөз болмаса, қанша құйқылжытсаң да, халық тұщынып тыңдай ма?!

 Өсе келе мен де осы Әсеттей ақын бола алар ма екенмін, әлде ондай киелі өнерді жаратқан маңдайыма жазбаған ба?! ...Баланың ішкі ойы екіге жарылып, өзара арпалысқа түсті... Неге болмасқа, боламын?! Анасынан ешкім де бұлбұлша сайраған әнші, тіл безеген ақын болып тумаған шығар. Бұл кісі де бір кезде мына тұрған Бақтыда медіресе шәкірті болыпты ғой. Сонда дәл мына мен сияқты өлеңге, әнге құмартып, қисса-дастандарды көпке оқып беріп, кей жерін жатқа соғып жүрген шығар-ау. Қазіргі өзім оқитын «Мамания» мектебін бітіріп, медресесін тәмамдасам, мен де әжептәуір білім жимаймын ба?! Сонда жаңа өріс ашып, тың өнер шығармасыма кім кепіл?! «Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз. Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз...» деп Абай ағамыз да соқырға таяқ ұстатқандай төте жол сілтеп тұрған жоқ па... Осылайша әсершіл бала ән тыңдай тұрып көкірек сарайының бұрын тарс бекітулі жатқан қоймалары сырт-сырт ашылғанын анық сезді. Бұрын-соңды өзі аяқ баспаған соқпақтың сорабын аңдап, соны өріс тапқанын байыптады.  

Ілияс нағыз әншілердің ән салуы төбелеске бергісіз деп естуші еді. Айтса, айтқандай-ақ екен. Әсет ән бұлағын ағызып, бір ет асым уақыттай үздіксіз шырқады. Ара-арасында бір тостаған қымызды төңкеріп тастайды. Бешпетінің қалтасынан етектей беторамал алып, маңдайы мен самайын, мойны мен желкесін сүртіп қояды. Дереу қайта домбырасын қолға алып, толғап-толғап жіберіп, жаңа әнін шырқап қоя береді. Ол ән салды дегенше, самай-самайынан тер сорғалап, пора-пора болып ағады. Бірақ ырғағын бұзбайын, тыңдаушыны алаңдатпайын дей ме, әуен аяқталғанша орамалға қол созбайды екен. Ақыры ащы терінен арылған саңлақтай бабына келген әнші таңға шейін шырқаса да шаршамастай ширығып, ширап алып, ән дегенді бірінен соң бірін боратты. Енді қымызды да алғашқыдай сімірмей, ұрттап қана отырды. Бұлар сөйтіп әннің қызығына әбден батқанда, азаншы екінтінің азанын шақырды. Сөйтсе, манағы ағаштан соғылған биік мұнара тек қарауыл қарайтын орын емес, бес уақыт намазды хабарлайтын азаншының да мекені екен. Қасындағы екі-үш отауды намазханаға бөліпті. Оған симаған жамағатқа төбесіне күнқағар қалқайма орнатып, астына кілем төсеп қойыпты. Әсет:

—  Ау, халайық! Осыған разы болыңдар! Ендігісін Алла жазса, құптанды оқыған соң тыңдарсыздар,— деп, қоштасты елмен. Халық разылығын айтысып, тарай бастады. Осы сәтте Ілияс лып етіп қасына жетіп келіп:

—  Ассалаумағалейкүм, Әсет аға!— деп, даусын соза түсіп қол беріп амандасты.

—  Уағалейкүмәссалам! Қай баласың?— Ілияс жөнін айтып, әлгінде шыр-қалған өлеңдердің жазып үлгермеген тұстарын түсіріп алғысы келетінін айтты.

—  Өй, айналайын! Талабыңа нұр жаусын!— деп, Әсет шәкіртке батасын жаудыра отырып, сұрағанын айтып жатты. Ақыры әнші-ақынмен балалар қимай қоштасып, өз отауларына беттеді. Әсіресе, ақынжанды Ілияс қатты толқып, тебіреніп келеді. «Басында қазіретке шәкірт едім, Осы өлең адастырды орта жолдан...» дегені несі?! Өлең де адамды адастыра ма екен?» деп таңырқап қояды бір пәс...

 ...Кеше кешкісін жетіп, Қуандықтың жазығында таң асқан үш жүз ат күн ұясынан жаңа көтерілгенде мәреден шығып еді. Арқан бойы ұзағанда Қарагер шабысын үдете түсті. Ілияс жүйріктің мойнын қағып көріп еді, аздап бусанғанын сезді. Дереу қамшы сабына байланған шүберекпен аттың көзін сүртті. Бұл өзі бірден алға шығандап шықпай, ұтылап, қыза шабатын ат еді. Сондықтан Ілияс салған жерден алға озбадың деп қинамай, тізгінді тартыңқырап отырған болатын. Ат та ауыздықпен арпалыспай, соған сүйеніп шауып келе жатқан. Енді бүйірі қыза келе тізгін сүзіп, алға ұмтылды. Ұмтылғанда анау-мынау емес, жануардың бауыры жерге тиер-тиместей көсілді. Алдағы аттар жол-жөнекей бірінен соң бірі қалып бара жатыр. Көңілі көтерілген бала: «Бөрібай! Бөрібай!» деп ұрандап, айқайға басты. Иесінің айқайы күш берген Қарагер шабысын одан сайын үдетті. Ілиястың делебесі қозып, «Қобыландыдағы» Тайбурылдың шабысын екпіндете соқты:

...Әйт, жануар, шүу! — деді,
Құбылып бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді...
Төрт аяқты сермеді,
Құлақтың түбі терледі,
Тер шыққан соң өрледі...

Мұны айтқанда есіне өзінің Тайбурылы түсті. Ілияс былтыр Тұрысбек қажы мінгізген бурыл тайын көктем шыға әбден үйретіп, көндіктіріп алып еді. Әкесі де дереу ат әбзелдерін сайлап берген. Тобылғыдан сап кесіп, дайын таспадан Ілиястың өзі қамшы өріп алған. Бұған дейін атбегілердің айтқанымен ғана жүрсе, енді солардан естігені мен көргенін істеп, өз бетімен баптап-жаратуға кірісті. Алла жазса, биыл ауыл арасындағы құнан жарысқа қосып көрмек. Жібек жалды, күлте құйрық Тайбурыл кісі қызығарлықтай сұлу да сүйкімді болып өсіп келеді. Мұны көрсе болды анадайдан кісінеп қоя береді. Әбден бауыр басып алған. Бір жаққа кетіп бара жатқанда өрісте жүрмей, қорада байлаулы тұрса, бірден сезіп, оқыранып, жер тарпиды. «Мені қайда тастап бара жатырсың? Ұмытып кеткен жоқпысың» деп, ескерткені сияқты.

...Қарагер алдағы аттарды бірінен соң бірін басып озған сайын Ілияс Сатай мен Қосайды іздеп келеді. Әзірге ешқайсысы көзіне шалынған жоқ. Әлгінде Дастардан өткен соң-ақ болдырып, шетке шығып қалған, жығылған аттар кездесе бастады. Дастар — жарым жолдың межесі. Кеше кешкісін ат айдаушының екеуі осындағы бастаудың басында қалған. Соның бірі жығылған аттың астында аяғы қалған балаға көмектесіп жатыр. Бейшара бала шыр-шыр етеді. Ілияс жаны ашып тоқтай жаздап, Байсал атбегінің сөзі есіне түсіп, тез қатайды: «Байқаймын, балам, жүрегің жұмсақтау. Мұндай үлкен аламанда он ойласаң, түсіңе кірмейтін сан түрлі оқыс оқиға кезігеді. Есіңде болсын! Жол-жөнекей әркімге алаңдап, тоқтаушы болма! Аттың шабу қарқынын бұзасың, екпінін тежейсің. Оларға көмектесетін ат айдаушылар бар!»,— деп, мықтап шегелеген еді.

Ілияс көп ұзамай атын жетелеп келе жатқан Сатайға кезікті.

— Не болды, Сатай?— деді бұл сонадайдан тізгінді тартыңқырай түсіп.

— Тышқанның ініне аяғын сұғып алып, омақаса құладық.

— Аяғы сынғаннан аман ба?

— Аман сияқты... бірақ ақсап тұр... Ірікпе, атыңның басын! Әне, анау күрең ат басып озды. Шап! Шап!

— Ой, ол күреңді қазір-ақ қуып жетем... Қосайды көрмедің бе?

— Артта шығар... Шап! Шап! Тым болмаса, біреуміз жүлдеге ілігейік!

— Ат айдаушы мына қырдың астында. Ал, қайыр-хош!

Қарагер Ақирек тауының тұсына жетті. Бір сәтке алдыңғы аттардан қара үзіп қалды. Соңындағы аттар да көрінбейді. Еңістен құлдилай бергенде көлденең сайда тағы да сұлап жатқан атты көрді. Жануар бір қырымен құлаған бойы төрт аяғын бірдей сермеп, жанталасып жатыр. Жан тәсілім беруге шақ қалса да әлі шауып бара жатырмын деп ойлай ма, кім білген. Тани кетті бәйгенің алдын бермес Қызкүрең екен. Кеше түс ауа Бәйгетөбеден ат айдарда асаба өзін жер-көкке сиғызбай, әбден мақтап еді. Соның тілі тиді ме, не болды? Осы маңдағы барлық жүйрікті тыйып жүрген саңлаққа не көрінді екен?! Әлде Құлагерге қастық қылған суық қол мұнда да бар ма?! Қой, олай бола қоймас, Құлагердің әңгімесі мүлде бөлек қой.

Ақсудағы ауыл ақсақалдары Ақан серінің Құлагерінің оқиғасын жыр қылып айтатын. «Арқада «Ерейментау» деген жерде Сағынайдың асы болыпты. Сол асқа Ақан сері Көкшетауда бәйгенің алдын бермейтін атақты Құлагерін әкеліпті. Бір жақтан Барақбай деген бай да Ереймендегі бәйге біткеннің перісі Көктұйғынын қосады. Аламан басталмай-ақ қос жүйріктің иелерінің арасында егес болып, Ақан сері «Атым бәйгеден келмесе, саған-ақ беріп кетейін» деп салады Барақбайға. Көңілі күпті болған Барақбай жендетін жұмсап, Құлагердің түбіне жетіпті. Байғұс Ақан сол аста жан серігінен айырылып, қан жұтып қайтыпты» деуші еді қамыққан әңгімеші...

Ілияс «Құлагер» әнін тыңдағанда тұлпарды тұяғынан таныған, аспанға ән қалықтатқан Ақандай сегіз қырлы, бір сырлы жанның көкіректі қарс айырған күрсінісін естігендей болып еді. Жүйріктердің жалында есейіп келе жатқан атқұмар бала төл атыңнан айырылу дегеннің азабын да тартып көрген. Өзі өз болып, алғашқы мінген қасқа тайы қолды болып кеткенде бірнеше күн тынымсыз іздеп, әбден күдер үзген соң нәр татпай жатып алып еді-ау. Одан соң да қанша уақыт ештеңеге зауқы соқпай, сүле-сопа жүрген де қойған. Тек кезекті бәйгеге шабуға шақырғанда ғана дүр сілкінген... Қасқа тайын жоғалтқанда бұл осынша қайғырса, өмірлік жан серігіне айналған Құлагердей дүлділінен айырылғанда Ақан сері қандай халде болды екен десеңізші...

Белге шыққанда алдыңғы бір түйдек ат недәуір ұзап кеткенін байқады. Ұзын ырғасы он шақты саңлақ бар сияқты. Шұбатылған сұйықтау шаңы зорға көрінеді. Әлгінде еңістен түскенде тізгінді қаттырақ тартып, тым ұзатып алдым ба деген Ілияс енді аттың басын жіберіп, «шүу, жануар!» деп тебініп қойды. Қарагер құлашын жазып, көсіле түсті. Сонау көз ұшында бәйгетөбенің де сұлбасы қарауытқандай көрінді. Қарагер алдында бара жатқан Бәйге күреңге құлағын қайшылай қарады да, ерекше бір сілкінгендей шабысты үдетті. Ілияс тағы да «Бөрібайлап» қойды. Айқайы күш берген Қарагер шабысына шабыс қосып, аш күзенше бүктетілді. Сол-ақ екен, әп-сәтте алдағы атты қуып жетті. Үстіндегі бала қайта-қайта қамшы басты. Бірақ бәйге күреңнің шабысы қоюлап, қимылы сылбырап қалыпты. Қатарласа беріп, күрең аттың көзіне көзі түсіп кетіп еді, жанарын ащы тер басып, содан жасаурап келе жатқанын байқады. «Қамшылай бергенше, көзін сүртсеңші байғұстың» деп қалды шыдамай. Қарагер осылайша тағы бір-екі жүйрікті басып озғанда Бәйгетөбе ап-айқын көрінді. Алдыда бар-жоғы төрт-ақ ат қалды.

Үш жүзден бар-жоғы төрт-ақ ат. Бірақ сол төртеуі бір-бірімен құйрық тістесе шауып бара жатыр еді. Бұдан недәуір қашық, қозы көштей жерде  кетіп

барады. Арғы жағындағы көмбе де сол шамалас. Алдыңғы аттарды тым-тым ұзатып алғанын сезген бала атына қамшыны басып-басып жіберді. Қарагер «онсыз да барымды салып келем ғой» дегендей, пысқырынып алып, құлашын жаза түсті. Жарықтық жануардың бауыры жерге тиер-тиместей көсілді. Бір-ақ пәсте алдыңғы аттармен арақашықтық екі еседей қысқарды. Қарагердің қосамжар тынысы ашылғандай шабысты үдете түскеніне Ілияс шынымен таңырқап та, шаттанып та келеді. Бұрын-соңды алпыс шақырымдық аламанға шауып көрмеген атына Ілиястың әуелде онша сеніңкіремегені де рас. Ал Дастарға жеткен соң-ақ шетке шығып қалған, жығылған аттарды көргенде сол күдігі ұлғая түскен. Айтты-айтпады, былтырғы шапқан бәйгелері қырық- қырық бес шақырымнан аспаушы еді. Ал мынасы алпыс емес, жетпіс шақырымдай, тым-тым қашық болып көрінді. Оның үстіне сан түрлі аламанды көріп, әбден ысылған сақа жүйрік емес, Қарагер биыл енді ғана бестіге шығып еді. Ендеше қарлығып, жол ортада қалғанша, көмбеге жеткенім олжа емес пе деп, тізгінді жиі тартыңқырап отырған. Әттең, дәл мынадай қосамжар тынысы ашыларын білгенде, жарым жолды күтпей-ақ аттың басын емін-еркін жіберер еді-ау бір. Енді өкіндің не, өкінбедің не?!

Жарықтық жануар бар екпінімен құйғытып-ақ келеді. Манағыдай емес, ышқынған сайын қара терге түсті. Ілияс тағы да қамшы сабына байланған шүберекпен көзін сүртті. Тер басқан мойны жалт-жұлт етіп, күнге шағылысып, көз қарықтырады. Міне, көзді ашып-жұмғанша Бәйгетөбеге де жетіп-ақ келді. «Шын жүйрік өрге салсаң, өршеленер» дегендей, төбеге көтеріле бере ақ бозды басып озды. Ал қарақшыға таяқ тастам қалғанда жиренді артқа тастады. Қалған екеуін қуып жетуге қас-қағым сәт қана жетпей қалды. Көмбеден алғашқы болып, Қанағат болыстың Қаракөгі өтті. Үстіндегі бала да, тұрғандар да «Қабанбайлап» Бәйгетөбені басына көтерді. Екінші болып Қоңыр төренің Қоңыраты келді. Оның үстіндегі баланың даусын да, аз ғана төре мен төлеңгіттің үнін де «Қабанбайлаған» көптің даусы жұтып қойды. Солармен құйрық тістесе Ілияс мінген Қарагер де көмбеден өтті...

Ең кереметі арындап келген Қарагерді екі жақтан екі жігіт шаужайлап, әудем жерге қатарласа шауып барып, зорға тоқтатты. Соңынан жеткен Байсал атбегі: «Айналайын, Қарагерім-ай, ұзаққа талмай шабатын өрен жүйрік екенсің-ау. Мұныңды білгенде тізгінді тежемей, бірден еркіңе жіберер едік қой, қайдан білейік»,— деп, айналып-толғана берді.

Сүлейменнің асында Әсеттің өнеріне құмартқан Ілияс «Бұлбұлға», «Әншіге», «Әсет» сияқты тырнақалды туындыларын жазды. Ал осы аста көріп, көңіліне түйгендерін дүлділ ақын кейінірек өнері кемеліне келген шақта  әйгілі «Құлагердей» кең тынысты поэмаға айналдырды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама