Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Сақ Шырақ

Бес көріністі қойылым

Қатысушылар:

Байсал — рубасы, көсем

Абақ — абыз

Басбұқа — бас қолбасшы, батыр

Байбарыс — Байсалдың інісі, батыр

Шырақ — бозбала, жасы 17-де

Айару — Шырақтың қалыңдығы, жасы 14-те

І Дарий — парсы патшасы

Ранасбат — парсы қолбасшысы

Сақшы, жасауыл, әскерлер, т.б.

 

Бірінші көрініс

Көктеудегі көктем. Шырақ пен Айару тау етегіндегі бұлақ басында.

 Шырақ. Айару! Бері қарашы! Анау зеңгір аспан мен көз ұшын-дағы көкжиек, мына көк майса көгал мен мөлдір бұлақ қандай ғажап! Бүгін айнала төңірек неге сонша құлпырып кеткен?! Аспан шайдай ашық, тау қол созымда, аңғардан ескен саумал самал... әттең, әттең, сипаттауға тіл шорқақ!

Айару. Рас айтасыз. Бүгін көктем жарықтық қыс ызғарын қуып тастап, той тойлап, ән салып жатқандай!

Шырақ. Міне, міне, тура солай. Көктем той тойлап, ән салып жатыр.

Айару. Бірақ (сыңғыр етіп күледі) бұл көктемнен Сіздің көкі-регіңіздегі көктемнің бұлқынысы күшті ме деп қалдым, жас жігіт! Бүгін ерекше тебіреніп, ақын болып кеткендейсіз.

Шырақ. Оның рас, Айару. Мынадай әсем табиғат пен өзіңдей сұлу бойжеткеннің қасында кісінің көңілі тасымай, ақын болмай тұра ма!.. Әттең, осындай керемет сәттердің ғұмыры неге келте болады екен?Мынадай сыры мол сиқырлы әлеммен қас-қағымда қоштасу деген...

Айару. Иә, иә? Неге кідірдіңіз? Сөзіңіздің соңын жұтпаңыз.

Шырақ. Жоқ, а! Сөз дейтін сөз емес, сандырақ қой әншейін...

Айару. Сізге бүгін не болған? Лезде жадырап, лезде қынжыла-сыз. Бірдеңені айта алмай, орағытып тұрғандайсыз? Әлденеге алаңдайтын сияқтысыз. Жасырмай, ашығын айтыңызшы!

Шырақ. Жо-жоқ, қалқам! (Қыздың қолынан ұстайды) Алаңдайтын дәнеңе жоқ. Қорқып-үрікпе, елігім. (Көрерменге қарап) Мені не қара басты? Талайдан бергі жанымды жеген әрекетке тәуекел етіп алып, енді келіп қалыңдығымнан жансауға сұра-ғаным ба? Қой, Шырақ! Мұныңды Айару тұрғай, анаң да сезбесін. Тәуекел ет те, тас жұт. Еркек болсаң, есіркеп, мүсіркеу тілеме.

Айару. Е, бәсе, солай деcеңізші, жарығым-ау. Солай болсыншы әманда. (Көрерменге қарап) Апырай, кешеден бері жүрек шіркін атқақтай беретіні несі екен? Әлденеден сезік алып, секемдене ме, немене?

Шырақ. Әйтсе де қауіп барын жасыра алман. Ел шетіне жау кірді, ертең түс ауа осында келіп қалуы да ғажап емес.

Айару. Не дейсіз? Рас па? Онда әлгіден бері неге айтпай тұрсыз?

Шырақ. Рас, әлгінде жол-жөнекей естідім... Бірден айтпаға-ным — екеуміз алаңсыз сырласайық дегем. Бірақ болмайды екен, мен кетейін. Ендігі игі жақсылар бас қосып, кеңесіп жатқан да шығар. Тәңірім қолдап, елді жаудан азат етсек, жаз жайлауда той жасап, оңаша отау тігерміз. Қош, Айым!

Айару (сасқалақтап). Япырау, осынша тұтқиыл боларын кім ойлаған... Сәл аялдаңызшы. Тәңірімнен тілек тілейін. (Аспанға қарап) О, Көк Тәңірі! Арысымның алтын басын, талайлы тағ-дырын бір өзіңнің құзырыңа тапсырдым! Оған оң қабағыңмен қарағайсың, мейіріміңді төгіп, шапағатыңа бөлегейсің!

Шырақ. Айтқаның келсін, Айаруым! Сені де, еңселі елімді де әуелі Көк Тәңіріне, сосын сан ғасырлар әлдилеп-мәпелеген қасиетті Сақ даласының тауы мен тасына, сайы мен саласына тапсырдым. Ал, қалқам, қайыр, қош.

Айару. Қош, батырым, қош арысым! Қош! Қош!

 

Екінші көрініс

Сыр бойындағы рубасы Байсалдың 12 қанатты, алтын босағалы ақ ордасы. Рубасы, абыз, батырлар бастаған игі жақсылардың кеңесі. Қабақтары қатулы, жүздері сұсты.

Сахна сыртындағы дауыс. Азия менЕуропаның талай елін қан қақсатқан парсы патшасы І Дарийдің жер қайысқан қалың қолы б.д.д. 518 жылы бейқам жатқан Сақ даласына баса-көктеп кірді. Қол қусырып қарсы алғандарды қолдап, қарсылық көрсеткендердің күлін көкке ұшырып, ажал мен үрей ұрығын сеуіп келе жатқан патшаның атақ-даңқы дүркіреп тұр еді.Осыған дейін он шақты елді өз құзырына қаратқан І Дарийдің сол кезеңдегі әскерініңсаны 600 кемелік теңіз флотын қоспағанда жеті жүз мыңға жетіп жығылатын...

Байсал. Күнгейдегі қандастарымыздан суық хабар жетті. Парсы патшасы қалың қолмен ел шетіне еніпті. Ертең осында келмек. Сақ ұлысының көсемі мен қоңсылас рубасыларға жеке-жеке жаушы аттанды. Алайда жалпақ ел құлақтанып, қалың қол жиналғанша екі-үш күн қажет. Не істемек керек? Қандай ақыл қосасыздар?

Абақ абыз. Е, елдің елдігі сыналар сәт туды де. Тұтқиыл екені рас. Алайда кешегі кісі менсінбейтін Кир патшаның да кегжиген басын кескен халықпыз! Кесіп қана қоймай, Томаша ханым Тәңірі алдындағы сертін орындап, бес биенің сабасына қан толтыртып, қанқұмар неменің басын сол қанға мелдекдете тойдырды емес пе?

Отырғандар (жарыса, қуана үн қатып).

— Ой-хой, шіркін! О да бір сақ баласының алапасы асып, мейманасы тасыған заман еді-ау.

Сол кезде туған ұл қазір ат жалын тартып мінуге жарады. Несі бар?! Көк Тәңірім қолдаса, әлі-ақ Дарийдің да мұздай құрсанған қалың қолының күлпарасын шығарып, торғайдай тоздырармыз...

— Жөн сөз! Сәтін салса, ертең-ақ жаудың қыл мойнына ырғай сапты найзаны ырғай-ырғай салармыз!

Байсал. Аузыңа май, ағайын! Шүкір, сақ баласы жеңістен кенде емес. Енді ертең де сол жеңіске жетудің жолын көрсет, қалың қол келгенше жасанған жауға төтеп берудің амалын айт...

Байбарыс. Парсылар бізді бетпе-бет шайқаста ала алмаған соң үнемі айла-амалға жүгінуде. Кир патшаның қулығы мұнікінің қасында астар болмай қалды дей ме, немене?

Байсал. Дарийдің қулығына құрық бойламасы рас көрінеді. Әуелі күнгейдегі қандастарымыздың жасағын тып-типыл етіпті де, өз ғаскерінің алдыңғы шебіне солардың киімін кигізіп, бейбіт кейіпте байқатпай келіп жайбарақат жатқан тағы бір қауым елді қанға бөктіріпті (Отырғандар таңданысады, жаға-сын ұстасады.) Осынау алпыс екі айлалы жауға қарсы қандай амал бар?

Басбұқа. Әуелі жау жолындағы елді үдере көшіру керек. Оған арнайы жаушы аттансын...

Байсал. Алдыңғылармен бірге оларға да жаушы аттанды.

Басбұқа. Онда қару ұстауға жарайтынның бәрі атқа қонсын!

Байбарыс. Қарсы шабу — қауіп. Біздің бір сарбазға — жаудың жүз жасағы. Ендеше, қалың қол келгенше қашқан болып, айналып келіп, өкпе тұстан соғып, амалдай тұрайық.

Басбұқа. Қашқан жауға — қатын би. Бейберекет қаша берсек, жау өкше ізімізге түсіп, бәріміздің түбімізге жетпесіне кім кепіл.

Байбарыс. Басқа амалың болса, айт өзің! Самсаған қалың қолға қалай қарсы тұрмақсың?

Басбұқа. Әуелі жау шебіне садақшылар жасағынан тосқауыл қояйық.

Байсал. Садақшылар мыңдығын түгел жібер деймісің?

Басбұқа. Жоқ. Екі жүздік сайлауыт мергендер мен үш жүздік қатардағы садақшылар. Екі топ екі белге бекінеді. Әуелі жау жасағын сайлауыт мергендер қарсы алады. Алдыңғы қатарын жусата бастағанда жау андағайлап ат қояды. Сонда мергендер етекке жүгіріп түсіп, аттарына міне салып, тұмсық айналып барып, үшінші белге бекінеді. Сол екі арада алдыңғы белге шауып шыққан жауды келесі садақшылар жебелерін қарша боратып қарсы алады. Жау қатары тағы сирейді. Осылайша алмасып отырады.

Байсал. Бәрекелді! Ал жауың орай шапса ше?

Басбұқа. Онда екі қанатқа тағы екі мыңдық аламанды сайлап қоямыз. Қалған екі мың жасақ тасада тұрады. Жау қай қанатқа ұмтылса, сонда саламыз.

Байсал. Х-о-ош! Табылған ақыл. Алайда бір түменге толар-толмас жасақпен бәрібір ұзаққа бармаспыз. Асылы, бүгін кешке үйлерді жығып, бәріміз Арқаны бетке аламыз. Қашып-пыс-паймыз. Үдере көшеміз. Екі мыңдық екі қапталда, ал көш соңы-нан қалған қол мен садақшылар мыңдығы еріп отырады. Ең соңында — ертауыл жүздік. Осылайша, жаудан недәуір алыстап, Ұлыс қосынына мейлінше жақындай түсеміз. Жау қуып жетсе, көш тоқтаусыз жүре береді, біз Басбұқа айтқан тәсілмен қарсы аламыз... Бұған не дейсіңдер?

 Жұрт бір сәт үнсіз қалады. Осы кезде есіктен сақшы кіреді.

 Сақшы. Мұнда бір жас жігіт кеңесшілерге айтарарзу тілегім бар деп, кіруге рұқсат сұрайды. Бөгет жасама десем, кетер емес.

Байсал. Кірсін! Жібер!

Ішке Шырақ кіреді.

Шырақ. Армысыздар, аталар! Бармысыздар, жақсылар мен жайсаңдар!

Отырғандар (жамыраса). Бар бол, балам! Көсегең көгерсін!

Шырақ. «Қой асығы деп қомсынба, қолайыңа жақса, құлжа қой» деген бабамыз. Сіздерге айтар арзу тілегім бар.

Байсал. Арзуың болса, айт оғланым.

Шырақ. Айтпағым — жаудың қарасы мол, екпіні қатты көрінеді. Қашсақ, соңымыздан өкшелей қуып, тас-талқанымызды шығаруы бек мүмкін. Ендеше бекер қырылғанша, айлакер парсы патшасының өзіне қарсы айла-амал қолдансақ...

Байсал. Ол қандай айла? Кідірмей айта бер.

Шырақ. Жаудың алдынан шығып, қалың қолды Бетпақтағы жеті күндік шөл далаға бұрып әкететін жанынан кешкен бір жанкешті жіберсек...

Байсал. Ондай жанкешті табыла қойса, қанеки? Көздеген кісің бар ма?

Шырақ. Мен бармын. Көкем Байрақ батырдың жау қолынан қапияда қаза табуы жатсам-тұрсам ойымнан кетпей қойды. Көптен бері осынау қанды кектің қарымтасын қайтсем қайтарам деп қиялдап жүріп, тәуекел етуге тас түйін бекігем. Бүге-шігесіне дейін ойластырып, пысықтап қойғам. Олай-бұлай боп кетсем, соңымда өкше ізімді басқан інілерім Орақ, Ораз бар. Парсы тілінен де аз-маз хабардармын. Шешем — парсы қызы. Ендеше, менен қолайлы жан бар ма? Бетімнен қақпай, баталарыңызды беріңіздер.

 

Үшінші көрініс 

Алтын босағалы Ақ орданың алдындағы атшаптырым алаң. Халық ығы-жығы. Екі жендет Шырақты екі қолынан ұстап, сүйрелеп әкеп, дүре ағашына етпетінен жатқызып, қайыс баулармен білезігінен мықтап байлайды д дүрелей бастайды.

Жаршы. Уа, халайық! Байрақтың парсы әйелінен туған баласы Шырақ жаудың жансызы болып шықты. Біздің қайда, қашан көшіп-қонғанымызды жауға ұдайы хабарлап тұрыпты. Уа, ха-лайық!Байрақтың парсы әйелінен туған Шырақ жаудың жансызы болып шықты...

Алаңға жиналған көпшілік (қайран қалып, үдірейісіп).

— Не дейді-ау, мынау? Ау, мұнысы бекер болар...

— Мүмкін емес, мен сенбеймін.

— Кім білген? Адам аласы ішінде деген...

— Әй, не тантып тұрсың?! Кешегі есіл ердің баласы бүгін сатқын шығыпты дегенге итім сене ме...

Сол мезет алқын-жұлқын жүгіріп Айару жетеді. Бірақ иық тіресіп, қолдасып тұрған жасауылдар оны Шыраққа жібермейді.

 Айару(ышқына дауыстап). Жіберіңіздер! Қоя беріңізші оны! Ол — сатқын емес... Жүзбасы, Сізге айтам, бұл — жала!

Жасауыл. Оны жүзбасына емес, Көсемге айт! Ақ ордада отырған игі жақсылар кеңесіне айт!

Айару. Айтам! Оларға да айтам. Бірақ Сіздер мен барып келгенше, Шырақты дүрелетпей қоя тұрыңыздаршы.

Жасауыл. Өйтуге хақымыз жоқ. Бар, одан да тезірек Ақ ордаға бар!

Айару(ышқына дауыстап). Шырақ! Сәл шыдай тұр, мен қазір келем. Естимісің, Шырақ? Қазір келем.

Осы сәт әлдеқайдан пайда болған қыздар жасағы Айаруды тік көтеріп, аяқ-қолын жерге тигізбей ала жөнеледі. Біреуі аузына шүберек тыға қояды.

 

Төртінші көрініс

Парсы патшасы І Дарийдің жорық ордасының алды. Бет-аузы домбыққан, киімі алба-жұлба Шырақты әкеледі. Патшаның оң жағында — бас қолбасшы Ранасбат. Айнала сап түзеген қалың әскер. Патша иек қағады.

Ранасбат. Ей, міскін! Қане, айт жөніңді патша ағзамға!

Шырақ. О, патша ағзам! Қайғы-налама құлақ сал!

Ранасбат. Тоқтат, нақұрыс! Саған әлгінде әр сөзіңді: «Көктегі Құдайдың жердегі Елшісі, Сайыпқыран Сардар, Ұлы мәртебелі патша ағзам!» деп бастау керектігін үйретпедік пе...

Шырақ. Иә, үйреттіңіздер, бас қолбасшы Ранасбат мырза! Бірақ мен әскери тәртіпке көндікпеген пақырмын. Он жасыма дейін шалғай түкпірді мекен еттім. Сосын, міне, жеті жыл бойы көрме-ген қорлығым жоқ. Қазіргі халім мынау... Ендеше бар білгенімді баяндауға рұқсат етіңіз.

Ранасбат патшаға қарайды. Патша «мейлі, айта берсін» дегендей, ишара жасап, бас изейді.

Ранасбат. Рұқсат! Тек уақыт тығыз. Созбақтамай, жылдам айт!

Шырақ. Айтсам, тегім — парсы. Сіздердің келе жатқаныңызды естіп, қашып шығып едім, қолға түсіп, мынадай күйге тап болдым. Содан өздері дүрлігіп жүргенде орайын тауып қайта сытылып шығып, осында өліп-талып зорға жеттім. Патша ағзамға жаудың бас сауғалаған жерін көрсетіп, сақтардан ата кегімді алсам деп едім...

І Дарий. Жаудың қайда тығылғанын сен қайдан білесің?

Шырақ. О, мәртебелі падишах! Мен екі жылдан бері шошақ бөріктілердің көсемі Байсалдың жылқысын бағыстым. Былтырғы қуаңшылықта Бетпақтағы жан баласы таба алмас Салқын Сабатты сағалаған едік. Кеше түнде үдере көшкен сақтардың сонда бет алмақ ниеті барын Байсалдың өз аузынан естідім.

І Дарий. Байсал деймісің?!

Шырақ. Дәл солай, падишаһ!

І Дарий. Оның құлға сыр шашқаны қай сасқаны?

Шырақ. Жоқ, маған айтайын деп айтқан жоқ, кездейсоқ есті-дім. Мені әбден дүрелетіп, оңаша үйге қамап қойып, өздері дереу жолға жиналды. Үйлерін жығып, түйеге артты. Мен бәрін естіп жаттым. Сосын іргеден сығаладым. Ақ орданы жығарда түгел сыртқа шықты. Байсал Ұлыс көсеміне қайта жаушы жөнелтті. Біреу-міреу естіп қалмасын деді ме, жаушыны берірек, мен жатқан үйдің сыртына оңашалап әкеліп, «Қалың қол келгенше біз Салқын Сабатты паналаймыз. Одан ешқайда аттап баспаймыз» дегенін өз құлағыммен естідім.

І Дарий. Ранасбат, сен не дейсің?

Ранасбат. Шолғыншылар тобы шошақ бөріктілердің жұрты жатыр, өздері жоқ, беталыстары Бетпақдала деп келіп еді ғой. Солардың айтқаны мұнікімен дөп келеді.

І Дарий. Өзіңнің жансыз емес екеніңе қандай айғағың бар?

Шырақ. О, падишах! Менің бар айғағым мына бейшара түрімде тұрған жоқ па?! Ол аз десеңіз... мінекей...

Шырақ өрім-өрім жейдесін сыпырып, тілім-тілім арқасын көрсетеді де, қайта кие алмай, гүрс етіп құлап түседі.

 

Бесінші көрініс

Арада бір апта өткен еді... Таңсәрі. Көз аштырмайтын құмды дауыл. Сахнада жол бастаушы Шырақ пен оны күзеткен он сарбаз. Соңдарынан «Тоқта!» деп айғайлап шабарман қуып жетеді. Іле-шала нөкерлерін ерткен Ранасбат та келеді.

Ранасбат (ақырып). Қане, сенің ауылың? Қане, Салқын Саба-тың? Айт, сілімтік неме!

Шырақ (масайрап). Мен сендерді әдейі адастырып, айналасы жеті күншілік сусыз шөлге әкелдім. Төрт тарабың түгел — шөл дала. Енді бәрің қырыласыңдар!

Ызалы жасауылдар тұс-тұстан тарпа бас салады.

Дауыстар.

— Көзін ойып, басын шабу керек иттің!

— Шыбын жанын шырқыратып, бақайынан бастап басына дейін турайық!

— Найзаның ұшына түйреп, іліп қояйық!

— Ат құйрығына байлап, сүйретіп өлтірейік сұмырайды.

Шырақ (жайбарақат мысқылдап). Мен ерекше бақыттымын! Өлсем — қаным туған жерімнің топырағына төгілер, сүйегім өз жерімде көмілер. Елімді сендердей басқыншылардан аман сақтап, арманыма жеттім! Енді қолдарыңнан келгенін істей беріңдер!

Тыңшы. Жоқ! Бұл неге тез өлу керек? Бұл пәле тез өлгісі келіп тұр! Мұның қол-аяғын тас қылып байлап, өлімші етіп сабап, мына қу тақырға тастап кету керек. Кеудесінен жаны шықпай жатып-ақ құрт-құмырсқаға жем болып, әбден қиналып, ит өліммен өлсін!

Бір топ жасақ Шырақтың қол-аяғын байлап, тепкілей жөнелгенде қалғандары құтылардың түбін сарқып, бір тамшы суға таласып, бір-бірімен жұдырықтаса бастайды. Шырақты тепкілеп жүргендер де оны тастай беріп, жанжалға араласып кетеді.

Ранасбат (ақырып). Тоқтатыңдар бассыздықты! Жасауыл, қайдасыңдар түге! Сал тәртіпке! (Қаны қарайған өз жасауыл-дарының бірі Ранасбаттың ту сыртынан шоқпармен бір ұрып, мұрттай ұшырады.)

Сахна сыртындағы дауыс. Осы жорықтан І Дарий жер қайысқан қалың әскерінің тең жартысынан айрылып, парсы жерінеарып-ашып зорға жетті. Ал туған жерін, Отанын жанынан артық жақсы көріп, өз елінің еркіндігі мен азаттығы үшін құрбан болған Сақ Шырақтың ерлігі ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа ауыс-ты. Көп ұзамай оның өнегелі ісі мен қасиетті есімі тарих бетіне мәңгі бақи өшпестей етіп қашалып жазылды.

Соңы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама