Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Ынтымақ түбі- береке
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Ынтымақ түбі-береке»
Тәрбие сағатының мақсаты: оқушылардың ұйымшылдық, береке-бірлік, татулық туралы түсініктерін кеңейту.
Тәрбие сағатының міндеттері: оқушыларға ынтымақ ұғымы туралы түсінік беру;
оқушылардың жағымды қарым-қатынастарын, сүйіспеншіліктерін дамытуға ықпал ету;
оқушыларды татулыққа, ауызбірлікке, достыққа тәрбиелеу.

Әңгімелесу:
«Ойланайық, пікірлесейік» айдарында төмендегі сұрақтарға жауап алынады.
1. Ынтымақты дегенді қалай түсінесіңдер?
2. Ынтымақ түбі-береке деп айтуда қандай мән бар?

Оқушылардың шешендер айтқан ынтымақ туралы сөздеріне кезек беру.
Алтау ала болса, ауыздағы кетеді.
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
Ынтымақ түбі-игілік.
Тірлік, тірлік түбі-бірлік.
Ынтымақ істі бітірер.
Ақылдассаң шешерсің,
Ақылдаспасаң, кем кесерсің.
Мұғалім: Адамдар арасындағы береке-бірлік ынтымақ туғызады. Ынтымақ бар жерде адамдар өзара бірлікке келіп, бірлесіп әрекет етеді, татулық орнайды.
Мәтінмен жұмыс. Әнет баба айтыпты.
Әнет баба әңгімесі
Алдына сәлем бере және елді ынтымақтастыру жөнінде келген Төле биге Әнет баба садақтың алты оғын біртіндеп сындырып, екі бүктеп он екі шыбық етіп, ортасынан буып:
- Міне, енді сындырып көрші,- дейді.
Төле бірден бір бума шыбықты қайдан сындырсын. Шыбықтарды Әнет бабаға қайтарып:
- Айып етпеңіз, бұл жұмбағыңызды түсінбедім, Әнет баба,- депті. Сонда Әнет баба былай деп өсиет айтыпты.
- Төлежан, ешқашан да өзімшіл болма, көптің айтқанын тыңда. Көптің айтқанын тыңдасаң, көп те сенің айтқаныңды орындайды. Көп болсаңдар, өзара ынтымақта болсаңдар, сендердің белдеріңді де ешкім сындыра алмайды. Ал әрқайсың жеке-дара болып, ынтымақтарың жараспайтын болса, мына жеке шыбықтарды сындырған секілді әркім бірліктеріңді бұзып, берекелеріңді кетіреді – деді Әнет баба.
Сұрақ-жауап: Баба өсиетінен не ұқтыңдар?
Баба өсиетінен қандай қорытынды шығаруға болады?
Дәйексөз: Игілік басы-ынтымақ, ынтымақты елде күншуақ.
Халық мақалы
Көзқарас: Ынтымақты елде береке, бірлік, молшылық болады.
Себебі ынтымақ бар жерде адамдар арасында ауызбірлік, татулық болып игілікке жетеді.
Тапсырма: 1. Татулық, достық, бірлік, ынтымақтастық
Мұғалім: Жер бетінде жанға жайлы бір ел бар деседі. Ол елдің адамдары шат-шадыман, бір-бірін ренжітпей аялап, мейіріммен қарайды екен. Адамдар мұң мен жауласу дегенді білмейді, бір-біріне бауырмал болып өмір сүріп жатыр. Сондықтан да сол елде бәрі бақытты, бәрі тату, дос. Бұл ел қай ел деп ойлайсыңдар?
Бұл-қазақ елі.
Отанымыз Қазақстан-әр адамның құт мекені.
Құт мекен
М. Мақатаев
Ақ жарқын қауым
Бірінің қамын бірі ойлап.
Жарандар,
Неткен ынтымақты еді бұл аймақ!
Тамаша ауыл,
Тап-таза көңіл, таза аспан
Тұрса екен өстіп,
Кетпесе екен лайлап.
Құтты мекенге қанатын көктен жайған күн,
Осынау жерге кіндігімменен байландым.
Байырғы қазақ бастарыңа кеп бақ қонған,
Мерекелеріңнен, берекелеріңнен айналдым.
Қарттарын сыйлап, жастарын баулып түлеткен,
Қаласын сүйген, даласын сүйген жүрекпен.
Айналдым сенен, аяулы мекен, дарқан ел!
Туған елінің тасына-дағы гүл еккен.
Оқушылардың өз елі, құт мекені – Қазақстан туралы ойларын тыңдау.
Түйіндеме: Бірлігі берік, ынтымақтығы жарасқан елдің болашағы баянды.
Қорытынды: Берекелі ел болу үшін ынтымақ, бірлік қажет. Әнет баба айтқандай ынтымақта болсаңдар еш жау ала алмайды. Ертеде Бақтан біреу:
Бақ, қайда барып қонасың?- деп сұрапты. Сонда Бақ:
«Ынтымағы мен бірлігі жарасқан елге барып қонамын»- деп жауап беріпті.
«Ынтымақтан биік, ынтымақтан күшті ештеңе жоқ»
Ел ұраны мәңгі анық,
Әр жүректе жатталады.
Қолға алса барлық халық,
Бәрі: Ынтымақ, бірлік сақталады.
Хор: Күн дидарлы Қазақстан.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама