Air Force
- 04 сәу. 2026 07:30
- 26
Иран АҚШ әскери ұшағын екінші рет атып құлатты
Иранның әуе қорғаныс жүйесі Ормуз бұғазы маңында америкалық A-10 Thunderbolt II шабуылдаушы ұшағын атып түсірді. Бұл туралы Иран әскерилері жұма күні, 3 сәуірде хабарлады.
IRIB мемлекеттік телерадиокомпаниясының мәліметінше, «Америкалық A-10 ұшағы әскердің зениттік-зымырандық кешендерімен атып құлатылып, Парсы шығанағы суына құлады».
Бұған дейін «The New York Times» газеті екі американ шенеунігіне сілтеме жасап, АҚШ әуе күштерінің A-10 Thunderbolt II шабуылдаушы ұшағы Парсы шығанағы маңында апатқа ұшырағанын жазған болатын. Басылымның сұхбат берушілерінің айтуынша, ұшақ Ормуз бұғазы маңына құлаған, ұшқышты құтқару мүмкін болған.
Екінші ұшақ жойылды
Бұл шабуылдаушы ұшақ Таяу Шығыста соңғы 24 сағат ішінде жойылған АҚШ әуе күштерінің екінші ұшағы болуы мүмкін. Бұған дейін жұма күні Ислам революциясы сарбаздары корпусы (КСИР) да ирандық әуе қорғаныс күштерінің американдық F-35 истребителін атып түсіргенін мәлімдеген еді. Бастапқыда ирандық тарап F-35 туралы айтқанымен, сарапшылар қирандылардың суреттерін зерттеп, бұл F-15E екенін анықтады.
АҚШ әкімшілігі әскери ұшақтың жоғалғанын растады. Ұшқыштарды екі тарап та іздестіруге кірісті. АҚШ БАҚ-тың мәліметінше, экипаждың екі мүшесінің бірі құтқарылған, екінші ұшқыштың тағдыры белгісіз болып отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп NBC News медиа компаниясына әскери ұшақтардың жоғалғаны туралы пікір білдіріп, бұл Иранмен келіссөздерге әсер етпейтінін мәлімдеді.
«Жоқ, мүлдем жоқ. Бұл соғыс», - деді ол.
Трамп екінші экипаж мүшесінің тұтқынға алынғаны немесе жараланғаны анықталса, не істеуге ниетті екені туралы сұраққа жауап бермеді.
«Бұл туралы мен пікір білдіре алмаймын, себебі біз мұндай болмайды деп үміттенеміз», - деді Трамп.
Иранның Tasnim агенттігі ирандық әскерилер ирандық әуе қорғаныс жүйелері ұшақты атып құлатқаннан кейін катапультпен секірген американдық ұшқышты тұтқынға алуы мүмкін екенін хабарлады.